Басты бет Табиғат Флора мен фауна Тұмса табиғат–2025: Үздік суреттер хикаясы

Тұмса табиғат–2025: Үздік суреттер хикаясы

Құрлық пен судағы ең үздік фотосуреттерді атап көрсететін «Жылдың үздік тұмса табиғат фотосуретшісі» байқауының биылғы жеңімпаз туындылары анықталды.

Оңтүстікафрикалық фотограф Вим ван ден Хеевер – Лондондағы Жаратылыстану тарихы мұражайы жыл сайын өткізетін «Жылдың үздік тұмса табиғат фотосуретшісі» байқауының биылғы жеңімпазы. Ван ден Хеевердің фотосуреті әлемнің 113 мемлекетінен келген 60 мыңнан астам туындының ішінде үздік атанды. Ол түсірген фотосуретте Намибияның Кольманскоппе қаласындағы бұрынғы алмас кен орнының жанындағы тастанды қалашықта жортып жүрген, көзге түсе бермейтін әрі жойылып кету қаупі төніп тұрған қоңыр қорқау бейнеленген.
Вим ван ден Хеевер, тұмса табиғат бойынша жыл фотосуретшісі 

Автор: Ричард Кемени

Өзінің үздік фотосуретін түсіру үшін Вим ван ден Хееверге он жыл қажет болды. Ол оңтүстік Намибия жағалауындағы кеншілердің тастанды қалашығындағы ізі мен нәжіс қалдықтарын байқап, әлемде ең сирек кездесетін қорқау – қоңыр қорқауды фотоға түсірудің орайы келгенін сезді. Атлант мұхитынан көтерілген тұман ішіне фототұзақ құрды да, күтіп отырды. Ұзақ күтті.

Ван ден Хеевердің сарқылмас сабыры мен табандылығының қайтарымы –түнделете жортып жүрген қоңыр қорқаудың  «мінсіз композицияда» – қаңырап қалған ғимарат қирандысының жанында түсірілген фотосуреті. «Елес қалаға келген қонақ» фотосуретінің арқасында ол Лондондағы Жаратылыстану тарихы мұражайының 61-ші «Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы» деген мәртебелі марапатты иеленді.

«Бұл сурет – тұмса табиғаттың адамзат өркениетін өз иелігіне қайтарып алуының ерекше әрі тылсым көрінісі іспетті, – дейді байқаудың қазылар алқасының мүшесі Аканкша Суд Сиңх баспасөз хабарламасында. – Фотосурет жоғалтудың, төзімділіктің әрі табиғат әлемінің үнсіз жеңісінің көп қырлы тарихын баяндайды. Ол тұмса табиғат пен қоршаған ортаны қорғау саласындағы фотосуреттердің ұмытылмас бөлігіне айналмақ».

Байқауда жалпы жеңімпазбен қатар, түрлі шағын санат бойынша да үздіктер анықталады. Сондай номинациялардың бірі – «Фотожурналистиканың ықпалы» жүлдесі. Бағушысына еріп бара жатқан оңалту орталығындағы жетім құмырсқажегіні фотоға түсірген бразилиялық Фернандо Фациоле биылғы жүлдені жеңіп алды. Фернандо алып құмырсқажегіштер популяциясының күрт азаюына негізгі себептердің бірі – жол-көлік оқиғалары екенін көрсеткісі келді. Бұл балақайдың енесі автокөлік астына түскен. Бағушысы өз бетінше өмір сүруге керек негізгі машықтарды үйреткен соң, күшік тұмса табиғатқа оралады деген үміт бар.
Фернандо Фациоле, «Жылдың тұмса табиғат фотографы»

Биылғы жылдың жеңімпазы фотосуретке қалай түсірді?

Тек түнде әрі саяқ жүретін қоңыр қорқаулар көзге сирек ілігеді, оны фотоға түсіру оңай емес. Дегенмен олардың Намиб шөліндегі жағалауға бара жатқанда жолай алмас өндірушілердің бұрынғы мекені, қазір қирандыға айналған Колманскоп елді мекенінен өтетіні белгілі. Қорқаулар онда түкті итбалықтардың күшіктерін не толқын шайып шығарған өлекселерді іздеп барады.  

Ван ден Хеевер оларды тікелей өзі таспалай алмайтынын түсініп, қашықтан түсіру үшін фототұзақ құрды. Алайда бұл әдіс жарықтың дұрыс түспеуі, аппараттың қателесіп іске қосылып кетуі және шөлден келетін құм дауылдары секілді бірқатар жаңа қиындық тудырды. Ол осы фотосуретті түсіруді ойға алғаннан он жыл өткен соң ғана, сансыз көп сәтсіз талпыныстан кейін ақыры діттегеніне жетті. «Қуанғаннан төбем көкке жеткендей болды, – дейді Ван ден Хивер, –  Бақыттан басым айналып, сәтті кадр шыққанына сене алмадым».

Фотосуретші үшін осы туындыда мынадай қарапайым ғана ой бар: тұмса табиғат бізден бөлек яки алыс емес. «Тіпті біздің қалаларымызда, урбанизацияланған жерлерде де табиғат бізбен қатарласа өмір сүрудің жолын табады. Біз оларды құшақ жая қабылдауға дайын болсақ, бірге өмір сүре аламыз. Жалпы алғанда, айтпағым – осы», – дейді ол.

Photojournalist Story (Фотожурналист хикаясы) сыйлығы испаниялық Хавьер Азнар Гонсалес де Руэдаға бұйырды. Оның жұмысы Америка Құрама Штаттарындағы адам мен сылдырмақты жылан арасындағы күрделі қарым-қатынасты зерттеген. Аңшылар арасында сылдырмақты жыланды көбірек аулау жарысының тарихы 30-жылдардан бастау алады. Бүгінде мұндай жарыстардың тартымдылығы кеміп жатқанымен, кейбір штаттарда жыландарға деген өшпенді көзқарас әлі де басым. Суреттегі жылан өлтіріліп, Сүйтуотердегі волонтер оның терісін сыпырып жатыр. Кейінірек еті мен терісі сатылды. Сылдырмақты жылан жиынын жақтаушылар  сатылымнан түсетін табыс – осындай жарыстарды жалғастырудың себебі деп көрсетеді. Дегенмен кейбір іс-шаралар білім беру бағдарламасына қарай ауысқан, онда келушілер сылдырмақты жыландар туралы тереңірек біліп, оларды қорғаудың маңызын үйренеді.
Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда, тұмса табиғат бойынша жыл фотографы

Жыл сайын Техастағы Сүйтуотерде өтетін сылдырмақты жыландар жиынына келушілер жүздеген батыстық гауһаржон сылдырмақты жыланды қызықтап тұр. Көп бөлігін еті мен терісі үшін өлтіріп, сатылымға шығарады. Жылан жинау науқаны басқа да жан-жануарға зиян тигізуі мүмкін: әдетте жыландарды жартас арасындағы мекенінен жанармай буының көмегімен қуып шығады.
Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда, тұмса табиғат бойынша жыл фотографы
Шығыстық гауһаржон сылдырмақты жыланынан аса қауіпті у тамшыларын сығып алып жатыр. Жылан уы – уытқа қарсы дәрілер өндіруге және созылмалы жүйке ауруы секілді кейбір дертті емдеуде қолданылады.
Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда, тұмса табиғат бойынша жыл фотографы

Байқау жеңімпаздары тұмса табиғатқа төніп тұрған қауіп-қатерге назар аударады

Биыл байқауға қатысушылардың саны рекорд орнатты – 113 мемлекет мен аумақтан 60 636 жұмыс келіп түсті. Бас жүлдеден бөлек, байқауда тұмса табиғатқа арналған қосымша 18 номинация бойынша  жүлде беріледі.

Бразилиялық фотосуретші Фернандо Фациоленің жол апаты салдарынан жетім қалып, оңалту орталығында кешкі тамақтандырудан кейін бағушысының соңынан еріп бара жатқан алып құмырсқажегінің баласын көрсететін  «Жолдағы жетімдер»  фотосуреті биылғы жылдың Impact Award жүлдесін жеңіп алды. Өмір сүруге керек машықтарды меңгергеннен кейін балақай табиғатқа қайта жіберіледі.

«Аулаудың соңы» атты портфолиосында испан фотосуретшісі Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда АҚШ-тағы адам мен жылан арасындағы күрделі қарым-қатынасты көрсетеді. Фотограф адамдар көбіне жек көретін, сонымен бірге озық медицинаның зерттеу нысанына айналған бұл жыландарды қорғауға қоғам назарын аударғысы келеді. Осы фотосуреттер мен ондағы хикая Руэдаға фототілші аталымында жеңіске жеткізді.

Испаниялық Йон А. Хуарес солтүстік ақ мүйізтұмсықты экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы жойылып кетуден құтқарудың ғылыми революциялық жаңалығын көрсеткен фотосуреті үшін фотожурналистика санатында жеңімпаз атанды. Инфекция салдарынан өліп кеткен оңтүстік ақ мүйізтұмсықтың бұл ұрығы – суррогат анаға сәтті трансплантацияланған алғашқы мүйізтұмсық эмбрионы. Бұл ғылыми серпіліс сирек кездесетін солтүстік ақ мүйізтұмсығын жойылып кетуден құтқаруға жол ашпақ, өйткені ғалымдар енді алғашқы солтүстік ақ мүйізтұмсық эмбрионын оңтүстік ақ мүйізтұмсық суррогатына көшіре алады.
Йон А. Хуарес, жылдың үздік тұмса табиғат фотографы 

Байқаудың көптеген номинациясында жүлде бір фотосуретке берілсе, Портфолио жүлдесі фотографтың бірнеше фотосуреттен тұратын ауқымды жұмысына беріледі. Биыл бұл марапат Ресейдің солтүстігі, Сібір мен Азияның шалғай жерлеріндегі таңғажайып көріністерді дрон арқылы түсірген, фотографияны өз бетінше үйренген Алексей Харитоновқа бұйырды. Оның «Мұз мотивтері» мен «Тайгадағы ай» деп аталатын екі фотосуретінде мұз боп қатқан көл мен айналасы мұзбен, қарағаймен және шымтезек мүгімен қоршалған шөптесін төмпешік көрінеді.

Тәжірибелі фотографтардың таңғажайып туындыларын марапаттаумен қатар, бұл байқауда тұмса табиғатты түсіретін жас фотосуретшілерге арналған арнаулы жүлделер де қарастырылған.

18 бен 26 жас аралығындағы жас әрі болашағынан үміт күттіретін фотографтарға берілетін «Жас жұлдыз» аталымының жеңімпазы –германиялық фотограф Лука Лоренц. Лука өз туындысында Германиядағы қала ішіндегі көлде аққулардың арасынан жарқ етіп, назарды өзіне аударған бетпақ мінезді сазқұндызды көрсеткен. Сазқұндыздар алғашында Оңтүстік Америкадан Еуропаға терісі үшін әкелінген, бүгінде олар әлемнің түкпір-түкпіріне кең тараған.

15–17 жас аралығындағы қатысушыларға арналған «Жылдың жас табиғат фотографы» жүлдесін италиялық Андреа Доминитси жеңіп алды. Ол Италиядағы Лепини тауларында ұзынмүйізді қоңыздың тынығып тұрғанын байқап, суретке түсірді. Бұл жерде бұрын шамшат ағаштары кесілген. Қазір қаңырап қалған ауыр техника фонында түсірілген «Қираудан кейін» атты фотосурет табиғи мекеннің жойылуы мәселесін көтереді. 

Осы жылғы жеңімпаз фотосуреттердің көпшілігі тұмса табиғат тіршілікте қалу үшін қалай күресіп жатқанын баяндайды.

Биыл байқау тарихында алғаш рет жеңімпаз суреттер Лондондағы Табиғат тарихы музейінің Биологиялық әралуандықтың сақталу индексімен қатар қойылады. Бұл көрсеткіш белгілі бір аймақта бастапқы биоалуандықтың қаншалықты сақталғанын анықтап, табиғатты қорғау бағытындағы халықаралық прогресті бақылауға мүмкіндік береді. Индекстің көрмеге енгізілуі келушілердің адам әрекеті салдарынан ғаламшар экожүйелерінің қалай өзгеріп жатқанын түсінуіне жол ашады. Түрлердің жойылу қарқыны күшейіп тұрған қазіргі таңда бұл аса өзекті.

Байқау жеңімпаздарының көпшілігі Жердегі биоалуандықтың жойылып кетуін жылдар бойы таспалап, құжаттап келді. Олар осы істі бұдан әрі де жалғастыра бермек. 

Суасты фотографиясы номинациясының жеңімпазы – америкалық фотограф Ральф Пейс. Оның туындысында алып балдырдың түбіне бекітілген уылдырық қапшығы бейнеленген. Пейс қапшықтың артынан жарық түсірді. Соның арқасында қапшық ішіндегі ісінетін акуланың дамып келе жатқан эмбрионы көрінген. Оның желбезек саңылаулары мен сарыуыз қапшығы қараңғы балдыр орманының арасынан айқын байқалады. Ғалымдардың бағалауынша, кейінгі 34 жылда Монтерей шығанағындағы балдыр ормандарының көлемі 95 пайыздан астам кеміген. Ал ісінетін акулалар дәл осы балдырға уылдырық салады. Балдырдың жойылуы оларды ерекше осал түрге айналдырып отыр.
Ральф Пейс, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

14 қазанда өткен марапаттау рәсіміне қатысу үшін фотография жабдықтарын біраз уақыт смокиңге ауыстырған Ван ден Хеевер енді Фолкленд аралдарына жол тартпақ. Бұл жер – әлемнің шалғай әрі табиғаты бұзылмаған аймақтарының бірі. Ол мұнда жаңа кейіпкерлері – пингвиндер, теңіз пілдері, теңіз арыстандары мен қарақас альбатростарды суретке түсіруді көздеп отыр. «Бұл – ең әдемі әрі нағыз еркіндікті сезінуге болатын сирек жерлердің бірі», – дейді ол.

Қытайлық фотосуретші Цинжун Ян құстар  мінез-құлығына арналған санатта жеңімпаз атанды. Ол ең ғажап сәтті дөп басып, құтанның тұмсық астынан жемін жұлып әкеткен ледибалықты суретке түсірген. Цинжун бұл кадрды өз үйінің маңындағы Юньдан көлінде түсірген. Бір кездері табиғи теңіз айлағы болған көл 70-жылдары құрылысқа байланысты теңізден бөлініп қалған еді. Теңіз толқындарынан оқшауланған соң суы ластанып, тоқырай бастаған. Кейін инженерлік жоба аясында көл теңізге қайта жалғанып, су айналымын реттейтін шлюз жүйесі орнатылған.
Цинжун Ян, жылдың үздік тұмса табиғат фотографы

Мұхит тақырыбына арналған номинацияның жеңімпазы – норвегиялық фотограф Аудун Рикардсен. Норвегияның солтүстігінде, қараңғы поляр түнінде Атлант мұхитындағы балық аулау кемесі жаппай қоректеніп жатқан құстардың арасымен жүзіп барады. Шағалалар кеме дыбысын танып алған. Олар ауға түскен майшабақтарды жеңіл олжа көзіне айналдырды. Алайда жыл сайын көптеген құс осындай ауға шырмалып, тұншығып қалады. Осыған байланысты балықшылар мен зерттеушілер түрлі шешімдерді сынақтан өткізіп жатыр. Соның бірі – ауды тезірек суға батырып, құстардың оларға жетуін қиындату тәсілі.
Аудун Рикардсен, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

«Омыртқасыздар» категориясы бойынша аустралиялық Джорджина Стейтлер жеңімпаз болды. Ол эвкалипт жапырағын жейтін жұлдызқұрттың ерекше «бас киімін» көрсеткен. Стейтлер бұл суретті күн батар сәтте, артқы жақтан қосымша жарқыл пайдалана отырып түсірді. Сөйтіп жұлдызқұрттың тірі бас бөлігін айқын көрсеткен. Бұл жәндіктің басындағы ерекше «киім» – әр түлеген сайын сақтап қалатын ескі бас қапшықтарынан құралған. Ғалымдардың пайымдауынша, мұндай «мұнара» жыртқыштардың шабуылынан қорғануға көмектеседі. 
Джорджина Стейтлер, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

«Жануарлар өз ортасында» номинациясының жеңімпазы – канадалық фотограф Шейн Гросс. Суретте құрлықта қалып қойғандай көрінген шұбар мурена өз табиғи ортасында су қайтқан кезде өлекселерді аңдып жүр. Мұндай сирек мінез-құлықты түсірмек болып, Гросс бірнеше апта бойы сан рет әрекет жасаған. Ақыры муреналардың өлі балықтарды іздеп жүргенін байқаған ол сабырмен күтіп, соңында осы үш муренаны бір кадрға іліктіре алған.
Шұбар муреналар толқын соғатын аймаққа жақсы бейімделген: олар өткір иіс сезу және көру қабілеттерін пайдаланып судың үстінде де, астында да қорек аулай алады. Кейде 30 секундтан астам уақытқа су сыртына шығады.
Шейн Гросс, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

Амфибиялар мен бауырымен жорғалаушылардың мінез-құлқын бейнелейтін номинацияның жеңімпазы – франциялық фотограф Куентин Мартинес. Оның суретінде Француз Гуианасындағы Кау тауының баурайында шағылысу маусымына жиналған ұсақ орман бақалары бейнеленген. Мартинес бұл көріністі кең бұрышты объективпен түсірді. Бақаларды мазаламас үшін жұмсақ таралатын жарқыл қолданып, олардың металдай жылтыр терісін ерекше көрсеткен. Еркек бақалар ұрғашыларды қызықтыру үшін шыңылдаған қысқа дыбыс шығарады. Нөсер жаңбырдан кейін басталатын, мыңдаған бақа жиналатын бұл керемет көбею көрінісі небәрі бірнеше сағатқа созылады.
Куентин Мартинес, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

Өсімдіктер мен саңырауқұлақтар әлемін бейнелейтін санатта малайзиялық фотограф Чиен Ли жеңімпаз атанды. Ол ультракүлгін шам арқылы жәндік жейтін етқоректі өсімдіктің табиғи да тылсым жарығын көрсеткен. Жәндіктер ультракүлгін жарықты көре алады, ал адам көзі оны қабылдай алмайды. Сол себепті Чиен бұл бейнені түсіру үшін ұзақ экспозиция әдісін қолданған. Күн батқаннан кейін ол бар болғаны бес минуттай уақыт ішінде суретті түсіріп үлгерген, себебі артқы фонды жарықтандыратын табиғи жарық тез жоғалып кетеді. Етқоректі құмыра өсімдіктер олжасын жапырақтарының түбіндегі асқорыту сұйықтығына қарай еліктіріп әкелу үшін өздерінің  ашық түсін, хош иісі мен тәтті шырынын пайдаланады.
Чиен Ли, Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы

Байқаудың «Жас жұлдыз» сыйлығы Германиядан келген Лука Лоренцке бұйырды. Оның суретінде қаладағы көлде жүзіп жүрген сыбырлақ аққулар мен сол жақта сазқұндыз бейнеленген. Бұл кеміргіш түрі алғашында терісі үшін басқа құрлықтарға әкелінген, кейін тұмса табиғатта көбейіп, көптеген аймақта тұрақтап қалған.
Лука Лоренц, Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы 

Сүтқоректілердің мінез-құлқын көрсететін санатта америкалық Деннис Стогсдилл жеңіске жетті. Ол Танзаниядағы Серенгети ұлттық паркінде жабайы мысық тұқымдасына жататын қарақалдың кішкентай қоқиқазды ұстаған сәтін таспалап үлгерген. Қарақалдар жәндіктерден бастап бөкендерге дейінгі түрлі жануармен қоректенеді. Әрі олар ұшып жүрген құстарды секіріп аулайтын ерекше «өнерімен» танымал. Алайда олардың қоқиқазды аулауы сирек кездеседі.
Деннис Стогсдилл, Жылдың үздік табиғат фотографы 

Байқаудың «Портфолио» сыйлығы белгілі бір стильді немесе тақырыпты терең зерттеген шағын фототоптамаға беріледі. Биыл бұл марапат ресейлік Алексей Харитоновқа бұйырды. Оның кадрында Ресейдің солтүстік-батысындағы Светлячковское батпағының арасындағы көл бейнеленген. Су жаңа түскен қармен көмкеріліп қатып қалған. Сосын кей жерлері еріп, қарсыз шеңберлер бойымен өрмекшінің торындай жарықтар пайда болған.
Алексей Харитонов, Жылдың үздік табиғат фотографы

Харитонов дронды ұсақ көлдер мозаикасының арасындағы тар құрлық жолағынан ұшырған. Ол кадрды мұзбен қоршалған құрғақ шөпті төбе, айнадай мұз бетінде шағылысқан қарағайлар мен мүк жамылған батпақтардың күзгі реңі аясында композициялаған. Фотографтың Солтүстік Ресей, Сібір және Азияның шалғай өңірлерін зерттеуге арналған шығармашылық ізденісі жаздан бірден қысқа көшкен тайга мен арктикалық тундра көріністерін паш етеді.
Алексей Харитонов, Жылдың үздік табиғат фотографы

15–17 жас аралығындағы «Жас табиғат фотографы» аталымында италиялық Андреа Доминици жеңімпаз атанды. Оның суретінде ұзынмүйіз қоңыз өз аумағында пайда болған бөтен нысанды бақылап тұр. Доминици бұл қоңызды Италияның орталығындағы Лепини тауларында серуендеп жүрген кезінде байқап қалған. Бұл аймақ бұрын шамшат ормандары оталған. Фотографтың еңбегі табиғи мекеннің жойылуы туралы әсерлі оқиғаны баяндайды: ұзынмүйіз қоңыздар өлген ағаштардың ішін тесіп, саңырауқұлақтардың ағашқа еніп, оны ыдыратуына жол ашады. Егер олардың мекені жойылса, бұл бүкіл экожүйеге әсер етеді.
Андреа Доминици, Жылдың үздік табиғат фотографы


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.

Exit mobile version