Тұмса табиғаттағы ұстаздар

Ұқсас мақалалар

Биологтердің «оқыту» деген ұғымға берген анықтамасына санаулы ғана тіршілік иесі сәйкес келеді. Солардың қатарында мұхиттың сұсты жыртқышы косатка мен шөл даланың сергек сурикаттары бар. Табиғаттағы «үздік ұстаздардың» бірегей үлгілеріне көз жүгіртелік.

Автор: Брайан Хендуерк

Ересек сурикаттар жас ұрпаққа қауіпті әрі сүйікті асы – улы шаянды ұстау әдісін үйретуге көп уақытын арнайды.
Фотосурет: Томас П. Песчак, Nat Geo Image Collection

Жануарлар небір ғажап нәрселерді істей алады. Бірақ олар мұның бәрін қалай үйренеді? Ғалымдарды осы сауал талайдан бері толғандырып жүр.

Кейбір білім түрі ұрпақтан ұрпаққа қанмен беріледі. Мысалы, монарх көбелектері геніндегі «жол картасын» пайдаланып, Мексикадан Канадаға қоныс аударады. Келесі бір түрлер мінез-құлық пен машықты еліктеу арқылы бойына сіңіреді. Мәселен, бөлтіріктер қасқырдың үйірі бұғыны қалай аулағанын бақылай отырып, аңшылықтың қыр-сырын меңгереді. Ал енді біреулері қателесуден және тәжірибе жасап көруден қаймықпай, тіршілікте қалудың тың әдісін үйренеді. Мұның жарқын үлгісі – Жаңа Каледониядағы қарғалар. Олар құмыраға тас салса, ішіндегі судың деңгейі көтерілетінін аңғарған.

Алайда адамды есепке алмағанда, табиғатта нағыз «ұстаздар», яғни, білгенін үйрете алатын тіршілік иелері санаулы. Олардың қатарына құстың кей түрлері, приматтар мен жәндіктер ғана кіреді.

Ғалымдар жануарлар үйретуге қабілетті дегенге жылдар бойы сенбей келді. Клемсон университетінің мінез-құлық экологі Лиза Рапапорттың айтуынша, үйрету – адамды тіршілік иелерінен ерекшелейтін негізгі қасиеттердің бірі.

Рапапорттың түсіндіруінше, биологтер жануарды «ұстаз» деп атау үшін мынадай талаптар қояды: ұстаз шәкіртінің көзінше өзінің жосығын (behavoir) өзгертуге тиіс. Бұл әрекет оған еш пайда әкелмеуі қажет. Шәкірт жаңа білім немесе машықты меңгергенін дәлелдеуге тиіс.

Ал енді тұмса табиғаттағы нағыз «дәріс берушілерге» үңіліп көрелік.

Азығың өзіңе қарсы шапса ше?

Сахараның оңтүстігіндегі сурикаттар әлеуметтік «тобырларда» өмір сүреді. Мұндай тобырдың мүшелер саны отызға дейін жетеді. Қауымдастықтағы ата-аналардың, өзге де ересек көмекшілердің негізгі міндеттерінің бірі – жас буынға өмірлік дәріс беру.

Сурикаттар мәзірінде шаянның алар орны ерекше. Бірақ оның уы – аса қауіпті. Сондықтан алғашқы «сабақтарда» ата-аналар баласына өлген шаянды таныстырады. Күшіктер өскен сайын «оқу бағдарламасы» күрделене түседі. Мысалы, тірі шаянның уын алып тастап, оны қауіпсіз етеді. Сөйтіп, жас сурикаттардың улы жәндікті аулап, тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.

Күшіктер шаян аулауды үйреніп, батыл бола түскен сайын, ұcтаздары біртіндеп тіршілікке қабілеттірек шаяндарды әкеледі. Ақыры оқушылар уды алып тастап, олжасын залалсыздандыруды үйреніп шығады.

Ересек сурикаттар басқа шаруасын ысырып тастап, жас ұрпақты тәрбиелеуге уақыт арнайды. Бұл олардың өзіне де пайдалы. Өйткені топтағы сурикаттардың көбі бір-біріне жақын туыс болып келеді. Топ мүшелерінің көбірек аман қалғаны тұқымның жалғасуына мүмкіндік береді.

Музыка сабағы

Аустралиядағы әсем құстардың бірі – әдемі әрленген малюр (Malurus cyaneus) балапанын жарық дүниеге келмей тұрып-ақ «тәрбиелей» бастайды. Аналық құс жұмыртқасына сағатына отыз ретке дейін ән салып, әр аналықтың өзіне ғана тән ерекше әуен кодтарын үйретеді. Жұмыртқадан шыққан балапан кейін сол әуенді «аштық дабылы» ретінде қолданады. Тамақ сұрағанда дәл сол әнге салады. Тіпті әкесі де бұл әнді жаттап алады екен.

Әдемі әрленген малюр (Malurus cyaneus) құсының аналығы
Фотосурет: Саймон Беннетт, BIA/Corbis

Аделаидадағы Флиндерс университетінің биологі Соня Клейндорфер мен оның әріптестері бір зерттеуінде ұядағы жұмыртқаны ауыстырып, басқа ұяға салып көрген. Олардың анықтағаны, эмбрион қай аналықтың әнін тыңдаса, сол құстың үнін қайталайды екен. Бұл – бірегей әуеннің қан арқылы емес, үйрену арқылы берілетініне айқын дәлел.

Ән сабағының астарында айлакер қарсыласқа төтеп беру стратегиясы жатыр. Көкек құс басқа қанаттылардың ұясына жұмыртқалайтынын білеміз. Сөйтіп балапан басып шығару мен оны өсіру міндетін басқалардың мойнына артып жіберетіні бар. Ғылым бұл құбылысқа «ұрпақ паразитизмі» деп ат қойған. Дегенмен көкектер кешірек жұмыртқалайтындықтан, олардың ұрпағы «құпия ән кодын» үйреніп үлгермей қалады. Ал малюр құс тек сол әуенді білетін балапанға қамқорлық танытатындықтан, уақытын да, азығын да бөтен балапанға арнаудан сақтанады.

Досына жөн көрсету

Жартас құмырсқасы (Temnothorax albipennis) азық көзін немесе илеу тұрғызуға жайлы орын тапса, «тандемдік жүгіріс» деп аталатын әдісті қолданып, достарын сонда ертіп апарады. Ол жай ғана ертіп жүрмей, барар жолды егжей-тегжей үйретеді. Шәкіртім әр бұрылысты, әр тасты есте сақтап үлгерсін деп, ұстаз-құмырсқа жолда кідіріс жасайды. Арттағы құмырсқа мұртшасымен «ұстазын» жеңіл ғана түртсе, бұл – «түсіндім, жолды жалғастыра бер» деген белгі.

«Мұғалім құмырсқа илеу тұрғызатын орынды ақылдасу үшін басқаларды ертіп әкеледі. Бұл колониядағы бүкіл құмырсқаға пайдалы. Өйткені жайлы илеу құмырсқалардың көбеюіне көмектеседі», – дейді Ұлыбританиядағы Бристоль университетінің биология профессоры Найджел Фрэнкс. Зерттеуші 2006 жылы құмырсқалардың осындай ерекше мінез-құлқын құжаттап, адамнан басқа тіршілік иелері де үйрете алатынын дәлелдеген.

Қазір ғалым робот-құмырсқаларды «мұғалім» ретінде сынақтан өткізіп жүр. Ол осындай тәсілге жүгініп, құмырсқалардың білім беру құпиясын тереңірек түсінгісі келеді.

Судағы қауіпті қимыл

Жыртқыш киттер, яғни косаткалар өмір сүретін ортасына қарай түрліше қоректенеді. Мәселен, Норвегия суларындағы косаткалар майшабақтарды азық етеді. Олар бірлесіп, майшабақтар үйірін тығыз топқа жинайды. Жемтігін құйрығымен қағып, есінен тандырып барып қоректенуге кіріседі. Ал Антарктида суларындағы косаткалар теңіз бетін толқындатып, мұзда жатқан Уэдделл итбалығын (Leptonychotes weddellii) суға құлатады. Су ішінде итбалықты жыртқыштың арандай ашылған аузы тосып алады. Ғалымдардың айтуынша, осындай таңғажайып сәттерде ересек косаткалар ұрпағына аңшылықтың қыр-сырын үйретеді.

Косаткалардың топтаса майшабақ аулаған сәті
Фотосурет: Пол Никлен, Nat Geo Image Collection

Мысалы, Патагониядағы косаткалардың кейбірі теңіз арыстанының күшігін аулау үшін өзін әдейі жағаға лақтырады. Ересек косаткалар жас буынға мұндай қауіпті әрекетті аңшылыққа шықпас бұрын-ақ үйретеді. Шәкірт суға қайта түсе алмай қалса, ұстаз-косатка оны итеріп жіберіп, аман қалуына көмектеседі.

Аляска суларындағы косаткалар жас ұрпақты аңшылыққа кезең-кезеңімен үйреткені байқалған: алдымен ересек кит теңіз құстарын құйрығымен соғып естен тандырады. Артынша жас буын оларды ұстап көруге және құйрығымен қағу әдісін тәжірибеде сынап көруге мүмкіндік алады.

National Geographic зерттеушісі әрі тұмса табиғат фотографы Брайан Скэрридің айтуынша, бұл сабақтар –  оқытудың жарқын үлгісі ғана емес, мәдениеттің де бір көрінісі. Яғни топ әлеуметтік білім жинап, оны келесі ұрпаққа береді.

«Олар өз ұрпағына тірі қалуға қажет машықтарды үйретіп қана қоймай,  ата-баба дәстүрлері мен өздері үшін маңызды нәрселерді де үйретеді», – дейді Скэрри.

Азық іздеудің шеберлік сыныбы

Бразилияның Атлант орманындағы алтын арыстан тамариндер азық іздеуде 150-ден астам түрлі жеміс, жәндік, ағаш бақалары, кесірткелер және басқа да олжаларды қамтитын нағыз шеберлік сыныбынан өтуге тиіс.

Тамариндер арасындағы оқыту мен үйренуді зерттеген ғалым Лиза Рапапорт: «Ормандағы тәжірибесіз жас тіршілік иесі болсаң, бір нәрсе табу үшін қолыңды қапқызбай, шаққызбай қай қуысқа салар едің?» – дейді. 

Сол себепті де, ересектер бүлдіршіндерін  «кел де же» деп, дайын жемге шақырып, кейін бірте-бірте тамақ іздеудің қиынырақ тәсілдеріне машықтандырады. Жемістің түрін ажыратудан бастап, олжаға қол жеткізу үшін ағаш қуысын қазуға дейін үйретеді.

Аталық алтын арыстан тамарин баласын арқалап жүр
Фотосурет: Эрик Геверт, ALAMY

«Ересектер осылай үйреткен кезеңде, жас тамариндердің олжа аулаудағы табыстылығы күрт артқан. Бұл – оқыту әдісінің нәтижелі болғанына жанама дәлел», – дейді Рапапорт.

«Сонымен қатар, ересек тамариндер балаларына жаңа тағамдар ұсынуға бейіл келетінін байқадым, – дейді зерттеуші, – Бұл маған ересектер балаларының нені меңгергенін, нені меңгермегенін жіті бақылайтынын көрсетеді».

Рапапорт ересек тамариндердің тағы бір айрықша қылығын аңғарған. Оның айтуынша, тұмса табиғаттағы ұстаздарға тән ең ғажап қасиет – бойындағы күш-қуатын көмекке ең мұқтаждарына жұмсау.

«Әзірше, олардың баяу үйренетін балаларға арнайы дәріс өтетінін дәлелдейтін әдістемелік базамыз жоқ, дегенмен маған сондай әсер қалдырды. Бұл мәселені алдағы уақытта біреу мұқият зерттегенін қалар едім», – дейді ол.

Осы тақырып бойынша оқи отырыңыз

Comments

Advertismentspot_img

Көп қаралған