2023 жыл қазақстандық диқандар үшін климат жағдайы тұрғысынан ең сәтсіз маусымдардың бірі ретінде есте қалады. Сол жылы көктемнен бастап жауын-шашын аз түсті, ал жазғы аптап пен қуаңшылықта егіс алқаптары қурап кетті. Ол аздай, астық оратын кезде фермерлерді табиғаттың тағы бір сынағы күтіп тұрған еді. Жаз бойы жаумаған жауын тамыздың екінші жартысы мен қыркүйекте толассыз құйып, астық жинайтын сәтте жағдай тіпті ушыға түсті. Әуелі құрғақшылық, артынша тоқтамай жауған астықтың пісіп-жетілуіне, уақытында жиналуына да кесірін тигізді. Орташа өнімділік гектарына 10 центнерден (2024 жылы орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер) айналды.

Ауа райының бұлай шектен шығуын тек маусымдық құбылыс деп бағалау жеткіліксіз. Табиғаттың 2023 жылғы тосын мінезіне жаһандық деңгейдегі екі фактор тікелей ықпал етті: бірі – Тынық мұхитында басталып, бүкіл әлемге әсерін тигізетін Эль-Ниньо құбылысы болса, екіншісі – атмосферадағы парник газдарының артуынан жүріп жатқан климаттың жылыну процесі. Эль-Ниньо – талай ғасырдан жалғасып келген тұрақты құбылыс десек, ал климаттың жылынуы – адам баласының әрекетінен тек кейінгі жүзжылдықта қарқын ала бастады.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD зерттеуші Людмила Зотоваға Қазақстанның дәнді дақыл өсетін аймақтарының климаты бұрыннан таныс. Оның айтуынша, Қазақстан географиялық тұрғыдан құрғақшылыққа бейім аймақта орналасқан. Көктемгі құрғақшылық, көктем-жаз немесе мамыр-маусым айларындағы қуаңшылық Қазақстанның солтүстік өңірлері үшін қалыпты құбылыс. «Құрғақшылықтың түрлері, комбинациялары өте көп. Дегенмен кейінгі жылдары анық байқалатын бір нәрсе – қуаңшылық бұрын әр бес жылда қайталанса, қазір жыл сайын құрғақшылықтың әйтеуір бір түрі көрініс тауып жатады», – дейді Людмила Зотова.
Болжамдар көңіл көншітпейді
Дереккөз: «Қазгидромет» РМК
Қазгидрометтің дерегінше, кейінгі 30 жылда Қазақстанда орташа жылдық температура +1°C өскен. Салалық ғылыми қызмет 2050 жылға дейін бұл көрсеткіш +2,4°C-ға жетуі мүмкін деп болжайды.
Жуырда Nature журналына жарияланған зерттеуде айтылғандай, климаттың өзгеруі әлемдегі дәнді және майлы дақылдардың өнімділігіне кері әсерін тигізбек. Мәселен Қазақстандағы бидай өсетін негізгі алқаптарда алдағы уақытта өнімділік 15-25 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Бұрынырақтағы зерттеуге сәйкес, орташа температураның бір Цельсийге көтерілуі әлемдегі бидай өнімділігін алты пайызға нашарлатады.
Редиң университетінің қызметкері, қоршаған орта ғылымы бойынша PhD ғалым Зарина Сайдалиева жаһандық жылымық Орталық Азияның ауыл шаруашылығына ауыр зардабын тигізгелі тұр деп пайымдайды. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде қазірдің өзінде қуаңшылық жиілей түскен әрі ұзаққа созылатын болып жүр. Соның кесірінен жер шөлейттеніп, топырақ тозады. Ал егіншілігі негізінен жауын-шашынға тәуелді Қазақстанның солтүстік облыстарында топырақ құнарсыздана бастаған. «Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында таудағы мұздықтардың көз ілеспес жылдамдықпен еріп бітуінің салдарынан келешекте су ресурстарына түсетін қысым қатты ұлғаяды. Сонымен қатар, ауа райының тұрақсыздығы артып, фермерлер қазірдің өзінде егіс пен орақ уақытын жоспарлаудан қалды», – дейді климат зерттеушісі.
Құрғақшылыққа төзімді тұқым түрлері неліктен маңызды?
Людмила Зотова жиырма жылдан бері өсімдік селекциясымен айналысып келеді. Ол ғылыми диссертация жұмысында жұмсақ бидайдың құрғақшылыққа төзімділігіне жауап беретін геномын зерттеген. Қазір Людмиланың зерттеу тобы жаздық жұмсақ бидайды түрлі белгілері бойынша молекулярлық таңбалаумен айналысып жүр. Былтыр ғана олар ірі дәнді, қысқа сабақты бидайды таңбалау жобасын әзірлеу ісін аяқтады. «Молекулалық-генетикалық және биотехнологиялық тәсілдің болашағы зор. Ол дәстүрлі селекцияны толықтырып, соның ішінде қуаңшылыққа төзімді бидай сорттарын шығаруға жол ашады», – дейді Зотова.
2023 жылғы жағдай фермерлерге құнды сабақ беріп, аграрлық білімін толықтыруға үлес қосты. Осы астық маусымында бидайдың импорттық тұқымдарына қарағанда, жергілікті сорттары қуаңшылық пен жауын-шашынға анағұрлым төзімді екені анықталды. Бұл – бұрынғы заңдылықтарға еш бағынбайтын, мінезі күрт құбылатын климат шарттарына бейімделсем дейтін фермерлер үшін маңызды ишара.
«Климат өзгеріп, ауа температурасы көтеріліп жатқан кезеңде, бізге құрғақшылыққа төзімділік сияқты күрделі полиморфты қасиетке байланысты гендердің ең сәтті комбинациясы негізінде алынған жаңа сорттар көмектеседі», – дейді зерттеуші. Дегенмен Зотова бидайдың әр сортына бөлек күтім, бөлек агротехнология керек екенін ескертеді. Көп жағдайда фермерлер өсімдікті баптау талаптарын сақтай бермей, артынша «сорт нашар, мына тұқымның өнімділігі төмен» деп шағымданады екен. Оған қоса жарнама мен маркетингтің әлсіздігі, сенімнің төмендігі фермерлер арасында жергілікті тұқымдардың кең тарауына кедергі болып отыр.
Бұған қоса, Зотова сапалы өнім шығарып оны айналымға енгізуге кедергі болып отырған бір фактор ретінде зерттеу жүргізуге берілетін уақыттың аз екенін айтады. «Кейінгі жылдары селекция саласын дамытуға, гранттық жобаларды іске асыруға көбірек қаржы бөліне бастады. Бірақ бір гранттық жобаны іске асыруға берілетін мерзім – үш-ақ жыл. Жобаны қаржыландыру мерзімі ұзарса, анағұрлым терең нәтижеге қол жеткізіп, оны селекциялық айналымға енгізуге мүмкіндік алар едік», – дейді селекционер-ғалым.
Фермерлердің агротехнологияға көңіл бөле бермеуіне не себеп?
Селекция климат өзгерісіне бейімделуде маңызды рөл атқарады, дегенмен ең мықты деген тұқым түрлерінің өзі мол өнім алуға жеткіліксіз. Сапалы тұқымнан бөлек, сауатты агротехнология керек. Людмила Зотова фермерлерді таптаурын болған әдіс-тәсілден бас тартуға шақырады. Бұдан былай агротехнология барынша икемді болуға тиіс. Мәселен, нақты агроландшафтқа, дәл қазіргі жылдың климат аухуалына, топырақтың жай-күйіне, қай тұқым түрі себілетініне назар аударып, осыған орай ең дұрыс сорттық технологияны таңдап алуы керек.
– Сонымен қатар, – дейді Людмила Зотова, – әр шаруашылықта бидайдың бірнеше сорты болуы қажет. Бірі көктемгі құрғақшылыққа төзімді келсе, екіншісі ерте пісіп-жетіліп, астық оратын кездегі жүктемені азайтуға көмектеседі. Бір ескере кететін жайт, селекция тарапынан қиындықтар кері корреляциялық тәуелділіктен көрініс табады. Мұндай кері байланыс құрғақшылыққа төзімділік пен өнімділік, өнімділік пен сапа арасында байқалады, яғни сорттарды таңдау кезінде икемділігі жоғары түрлерін алған жөн. Олардың өнімділігі орташа, бірақ қуаңшылық кезінде құр қол қалдырмай, жылдар бойы тұрақты нәтиже бере алады.
Агротехнологияның маңызы жиі айтылса да, фермерлер білім-инновацияға жаппай жүгіне бермейді. 2023 жылы Берлиндегі Қоршаған орта мәселелері бойынша тәуелсіз институттың зерттеушісі Сами Челкитоғлу бастаған топ Қазақстандағы фермерлердің климат өзгерісіне көзқарасы мен бейімделуін зерттеді. Ғалымдардың байқағаны, Қазақстанда климат өзгерісінен хабардар фермерлердің үлесі артып келеді. Бірақ білім деңгейі, жас көрсеткіші, қай өңірде тұратыны және шаруашылық көлеміне қарай фермерлердің климат өзгерісіне қатысты ұстанымы айтарлықтай ерекшеленеді.
Сауалнамаға қатысқан фермерлердің 82%-ы климат өзгеріп жатқанынан хабардар болса, 13%-ы бұл туралы мүлде естімеген, ал 5%-ы жауап беруге қиналатынын айтқан. 64 жастан асқан фермерлердің 96%-ы бұл мәселеден мүлде бейхабар болып шықты. Ал керісінше жоғары білімі бар фермерлердің 80%-ына табиғи жағдай өзгеріп жатқаны белгілі. Зерттеу барысында Қазақстанның солтүстік облыстарындағы шаруалар оңтүстіктегі әріптестеріне қарағанда климат өзгерісін көбірек түйсініп, жаңа шарттарға бейімделуге әрекет қылып жатқаны байқалған.
Мұндай ерекшелікті Редиң университетінің қызметкері, климат зерттеушісі, PhD ғалым Зарина Сайдалиева да растайды. «Кейбір фермерлер құрғақшылыққа төзімді дақылдарға көшу, тиімді суару жүйелеріне инвестиция салу және топырақты басқарудың жақсы тәжірибесін қабылдау арқылы бейімделіп жатыр. Дегенмен бейімделу қарқыны біркелкі емес. Ірі агрокәсіпорындардың қолында инвестиция құюға мүмкіндік бар, ал шағын фермерлерде мұндай мүмкіндік жоқ», – дейді Сайдалиева. Әдетте оңтүстік облыстардағы фермерлердің шаруашылығы шағын болып келеді әрі экономикалық тұрғыдан әлсіздеу, сондықтан дайындығы да нашар.
Шынайы ауа райы деректері ауадай қажет
Эколог-ғалым Зарина Сайдалиева үшін климатты зерттеу – ғылыми қызығушылық қана емес, ол сонымен қатар зерттеушінің туған өлкедегі су тапшылығы мен қоршаған орта мәселелеріне шешім тапсам дейтін талпынысы. Зерттеуші Алматы облысында туып-өскен. Бұл жақтың ауыл шаруашылығы мұздықтардан нәр алатын өзен суына тікелей тәуелді. Заринаның су мен климат арасындағы күрделі байланысты түсінуге деген қызығушылығы ерте жастан оянды. Ол мамандығы бойынша гидрометеоролог, қазіргі сәтте Орталық Азиядағы климат өзгерісі, мұздықтардың еруі жөніндегі пәнаралық зерттеулермен айналысып жүр. Ғалым ЮНЕСКО-ның Орталық Азия аймақтық гляциология орталығы мен Редиң университетіндегі Уолкер институтында бірнеше ғылыми жобаны іске асырып келеді. Оның зерттеулері Орталық Азиядағы климатқа бейімделу стратегияларын жетілдіру, су ресурстарын тиімді басқару және ауыл шаруашылығы саласында дәлелге негізделген шешім қабылдауға бағытталған.
Зарина Сайдалиева фермерлердің климат өзгерісіне бейімделуіндегі негізгі кедергілер қатарына қаржылық шектеулерден бөлек, климат жағдайына қатысты нақты ақпараттың болмауын, тозығы жеткен инфрақұрылымды, оның ішінде әсіресе әбден ескірген суару желілерін және шаруаларға қолдау көрсететін жүйенің нашар дамуын жатқызады. Бұл тұста мемлекет саясаты да маңызды рөл атқарады: климатқа бейімделуге қатысты ұлттық стратегия ауыл шаруашылығының күнделікті жоспарларымен жеткілікті түрде ұштаса бермейді.
– Бүгінгі фермерге ең алдымен нақты, жергілікті ауа райы болжамдары мен ауыл шаруашылығына арналған климаттық кеңестер, цифрлық платформалар қажет, – дейді ғалым, – Мұндай ақпарат шаруаларға алдағы маусымға дайындық жүргізуге, ауа райы қатты құбылған жағдайда дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Қазгидромет бүгінде 128 метеостанция мен 88 агробекеттегі бақылаулар нәтижесінде жиналған агрометеорологиялық деректерді тұрақты ұсынып келеді. Оны agrodata мобильді қосымшасынан және Қазгидрометтің сайтынан көруге болады. Дегенмен Зарина Сайдалиева бұл қызметтің фермерлер арасында танымалдығы төмен екенін айтады. «Одан бөлек, білуімше, мұнда маусымдық болжамдар мен өнімділікті модельдеу қызметі ұсынылмайды», – дейді зерттеуші.
Бейімделу стратегиясы бар, бірақ оның агросекторға ықпалы әлсіз
Қазақстан климат өзгерісіне бейімделуге қатысты ұлттық стратегия қабылдаған, бірақ онда ауыл шаруашылығы нақты және жүйелі түрде қарастырылмаған. «Ауыл шаруашылығы климатқа ең осал салалардың бірі болғанымен, стратегиялық құжаттарда көрсетілген бейімделу шаралары – мысалы, құрғақшылыққа төзімді сорттар мен суаруды тиімді ету – көбіне жалпылама сипатта беріліп, онда нақты жоспар, нақты мерзім мен қаржыландыру көздері көрсетілмейді», – дейді Сайдалиева.
Одан бөлек климат пен агросаясат арасындағы үйлестіру де жеткіліксіз. Мәселен, Экология министрлігі климаттық мақсаттарды әзірлесе, Ауыл шаруашылығы министрлігі көбіне өндірістік және экономикалық міндеттерге басымдық береді. Соның салдарынан бейімделу шаралары субсидия жүйесіне кірмей қалған. Мысалы, фермерлер су үнемдейтін технологиялар немесе бейімделген дақылдар қолданғанына қарамастан, жылдар бойы қолдау бірдей көрсетіліп келді. Солтүстік және орталық өңірлерде жауын-шашын азайып, температура жоғарылап жатса да, дәстүрлі жаздық бидай егу әлі жалғасып жатыр. Ал оңтүстікте арықпен суаруға негізделген жүйе әлі де қолданыста, мұздықтар еріп жатқан шақта бұл үлкен шығынға әкеліп отыр. Сарапшының пікірінше, егжей-тегжейлі ойластырылған стратегия арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады.
– Тағы бір маңызды нәрсе – бейімделу мәселесіне жергілікті қауымдастықтардың да жұмылуы. Бұл іске ғалымдар, халықаралық ұйымдар, тәжірибелі мамандар мен жергілікті тұрғындар тартылуы қажет. Ортақ шешімді бірге қабылдап, ашық жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жеткіземіз, – дейді Зарина Сайдалиева. Зерттеуші Қазақстанның климаттық сын-қатерлермен жалғыз күреспей, көршілес елдермен бірге жұмыс істеуінің маңызы зор екенін де атап өтті. Өйткені климат шекара талғамайды, ал орнықты даму үшін өңірлік ынтымақтастық ауадай қажет.