27Июл

Омега-3 май қышқылдары қабынуды қалай басады?

Грек жаңғағындағы, дәндер мен теңіз өнімдерінің кейбір түрлеріндегі қоректік заттар қабынуды басып, өкпе қызметіне оң әсер етеді. Мұны осы саладағы маңызы мен сипаты бөлек жаңа зерттеу айғақтап отыр.

Ақсерке – омега-3 май қышқылдарына ең бай қорек көздерінің бірі. Тунец, скумбрия, сардина және майшабақ сынды өзге теңіз өнімдері де осы қатардан табылады.    
Фото: Эрика ларсен, NAT GEO суреттер коллекциясы

Ауруханалар шамадан тыс толып, жасанды желдету аппараттары жетіспей жатқан пандемия кезінде өкпе ауруларының қаншалықты күйретуші күшке ие екенін көпшілігіміз көрдік.   

Өкінішке қарай, өкпе қызметі COVID-19 секілді респираторлық аурулардан зардап шегіп қана қоймай, жас ұлғайған сайын да нашарлай береді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, аурудың не экологиялық факторлардың,  сондай-ақ қартаюдың салдарынан туындайтын ісіну немесе қабыну тыныс жолдарын тарылтып, ауа ағынын шектеуі мүмкін. Жаңа зерттеуде омега-3 май қышқылы деп аталатын қоректік заттарды пайдалану мұндай қабынуды басып, өкпе қызметінің нашарлауын тежей алатынын көрсетіп отыр. Бұл есеп American Journal of Respiratory and Critical Care Medicine журналындажарияланды.  

«Омега-3 май қышқылы жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектесетіні дәлелденіп қойған, алайда аталған май қышқылдарының басқа да созылмалы ауруларға әсері осы зерттеуге дейін белгісіз болып келген еді», – дейді зерттеуге қатыспаған Аризона штатындағы Майо клиникасының пульмонолог маманы Ана Замора-Мартинес. Ол зерттеу нәтижелері өте маңызды екенін, өйткені бұл омега-3 май қышқылдарының өкпе саулығын сақтаудағы маңыздылығын көрсеткен алғашқы зерттеу болғанын айтады. 

Омега-3 май қышқылдарының ағзадағы маңызы 

Омега-3 май қышқылдары химиялық құрылымы бойынша анықталатын майлы қышқылдар тобына жатады. АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институтының тағам қоспалары жөніндегі басқармасының мәліметтері бойынша, олар ағзаға энергия беретін пайдалы майларға жатады және жүрек пен мидың саулығын арттыруға, қан қысымын азайтуға, гармондар деңгейін көтеруге қатысы бар.   

Омега-3 май қышқылдарының басты үш түрі: альфа-линолендік қышқыл (АЛҚ), эйкозапентаендік қышқыл (ЭПҚ) және докозагексаендік қышқыл (ДГҚ).

«Әр омега-3 химиялық және физиологиялық тұрғыда өзіндік айырмашылыққа ие екенін білу маңызды – дейді вирджиниялық тіркелген диетолог және «Диабет алдындағы ахуал: толық нұсқаулық» кітабының авторы Джилл Вайзенбергер. Біздің ағзамыз омега-3 май қышқылдарын өндіре алмайды, сондықтан оларды теңгерілген диета немесе ас қоспасы ретінде ішіп тұру қажет. 

АЛҚ май қышқылына бай қорек көздеріне грек жаңғағы мен тұқым, байытылған жұмыртқа, соя бұршағы және канола майының құрамында болатын жерүсті өсімдіктерінен алынатын майлар жатады. ДГҚ мен ЭПҚ май қышқылдары ақсерке, тунец, скумбрия, сардина және майшабақтарды қамтитын теңіз өнімдерінен табылады. «Басқа теңіз өнімдерінде де омега-3 май қышқылдары бар, бірақ өте аз мөлшерде», – дейді Вайзенбергер.  

Жерден не судан алынса да, омега-3 май қышқылдары маңызды. Бірақ Массачусетс штатының жалпы бейіндегі ауруханасының дәрігері, азық және өмір салты жөніндегі психиатрия бөлімінің басшысы Ума Найдудың айтуынша, теңіз өнімдерінен алынған май қышқылдары маңыздырақ. Ол вегетариандар немесе балықты ұнатпайтындар алаңдамаса да болатынын айтады. Өйткені омега-3 май қышқылдарын балдырлар мен балық майынан жасалған ас қоспаларынан алуға болады. «Бір қызығы, біз тәуелді болып отырған балықтар ЭПҚ мен ДГҚ май қышқылдарын өндірмейді, оны өздері жейтін балдырлардан алады.  Мұндай балдырларды сіз де жей аласыз», – дейді ол.

Қалай болғанда да, осы бір құнарлы заттарды ішіп тұру өмірлік маңызға ие. Өйткені  осы май қышқылдарын көпшілік адам жеткілікті мөлшерде алып жатқан жоқ. АҚШ Кардиология ассоциациясы осы жетіспеушіліктің орнын толтыру үшін аптасына екі порция балық жеуге кеңес береді. Алайда басқа бір есепте америкалықтардың да омега-3 май қышқылдарын қабылдауы «өте төмен» деңгейде екені айтылады. 

Бірегей зерттеу   

АҚШ Кардиология ассоциациясы жүрек аурулары мен инсульт қатерін төмендету үшін тамақ рационына омега-3 май қышқылдарын қосуды ұсынады. Алайда жоғарыда аталған журнал жүргізген жаңа зерттеу ағзаны оттегімен қамтамасыз етіп, көмірқышқыл газы секілді өңделген газдарды денеден шығаратын, оған қоса иммунитет саулығы үшін маңызды рөл ойнайтын өкпеге омега-3 май қышқылдары неліктен қажеттігін көрсетіп отыр.   

Бұрынғы зерттеулерде, соның ішінде кейбір этностық топтар өкпе ауруларынан басқаларға қарағанда неліктен көбірек зардап шегетіні жөніндегі 2022 жылғы талдауда, сондай-ақ төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары туралы маңызды мәліметтер ұсынатын біріккен зерттеулерде адамдардың өкпе саулығы өлшенді. Басқа зерттеулерде тіпті омега-3 май қышқылдарының жалпы қабынуға қалай әсер ететіні зерделенсе, тағы бір зерттеулер омега-3 май қышқылдары өкпенің бактериялық инфекцияларын азайта алатынын көрсетті.  

Алайда омега-3 май қышқылдарының қабынуға қарсы қасиеттері мен өкпе саулығының жақсаруы арасындағы байланысты көрсететін тыңғылықты зерттеу жұмыстары бүгінге дейін болған жоқ. 

Омега-3 май қышқылдары өкпе саулығын қалай жақсартады? 

Жүргізілген жаңа зерттеуде ғалымдар омега-3 май қышқылдарының қабынуға қарсы қасиеттері мен өкпе саулығының жақсаруы арасындағы байланысты екі жолмен көрсетіп отыр. Алдымен олар 15 000-нан астам америкалықтың қан сынамасына талдау жасады. Бұл адамдардың хал-ахуалы орташа 7 жылдай (кейбіреулері 20 жылға жуық) бақылауда болған еді. Олар түрлі нәсіл өкілдерінен құралды, орташа жасы 56-да және әйелдер үлесі сәл басымырақ болды. Диетолог әрі Корнелл университетінің зерттеушісі, зерттеу авторларының бірі Бонни Патчен зерттеушілер барлық қатысушылардың қан сынамаларын талдай отырып, омега-3 май қышқылдары мен жасқа байланысты өкпе қызметінің нашарлауы арасындағы байланысты анықтай алғанын айтады.   

Зерттеу қорытындыларын растау үшін аталмыш топ жарты миллионнан астам еуропалықтан жиналған Ұлыбритания биобанкінің генетикалық деректерін де талдаудан өткізді. «Осы топтағы қан сынамаларының белгілі бір генетикалық маркерлерін зерттеу арқылы ғалымдар омега-3 май қышқылдарының көбірек деңгейде болуы өкпе саулығы үшін қорғаныш қызметін атқаратынын анықтады», – дейді АҚШ Ұлттық жүрек, өкпе және қан аурулары институтының өкпе аурулары бөлімшесінің директоры Джеймс П.Кили. 

«Біз пайдаланған қосарлы әдіс – нәтижелердің дәлдігін арттыру амалы», – деп толықтырады Корнелл университетінің тамақтану ғылымы кафедрасының басшысы әрі  зерттеу авторларының бірі Патрисия Анн Кассано.

Екі талдаудың да нәтижелері бұрын анықталмаған айқын корреляцияны көрсетті. «Бұл зерттеу омега-3 май қышқылдары мен өкпе саулығы арасындағы байланыс бойынша бүгінге дейінгі ең мықты дәлелді ұсынады әрі омега-3 май қышқылдарын ас рационына қосудың маңыздылығын көрсетеді», – дейді Патчен. 

Кеңінен алғанда, зерттеу қабынуға қарсы қасиеттері бар басқа да тағамдар – қызанақ, шпинат немесе орамжапырақ секілді көкөністер, жаңғақ және қойбүлдірген, шие мен қаражидек секілді жемістер де өкпе саулығын сақтауда пайдалы болуы мүмкіндігін көрсетті.  

Зерттеулер көкжиегі кеңейе береді

«Дәйектері мығым болса да, American Journal зерттеуіне тек дені сау ересектер қатысқандықтан, ол барлық топты қамтымады», – дейді Патчен. Сондықтан ғалымдар тобы денсаулығы нашар, соның ішінде шамадан тыс шылым шегушілер мен созылмалы обструктивті өкпе аурулары бар адамдардың қанындағы омега-3 май қышқылдарының деңгейін зерттеуде. Мұндағы мақсат – қазіргі зерттеуде байқалған жайттардың дұрыстығын тексеру. 

Килидің айтуынша, мұндай зерттеу «созылмалы өкпе ауруы бар адамдарға жекелеген диеталық кеңес беруге» жол ашуы мүмкін.  

Автор: Дарил Остин