Құмай (Gyps himalayensis) – қаршыға тұқымдасына жататын ірі денелі, қырағы көзді жыртқыш құс. Олар жердегі өлексені 5 шақырым биіктен байқап, дәл тауып бара алады.
Фото: Ерболат Шадрахов
Халықаралық табиғат қорғау одағының қызыл тізімінде «жойылып кету қаупіне жақын» деген санатта тұр.
Құмайлардың Қазақстандағы саны тұрақсыз, өйткені адам факторы әсер етіп, олардың мекендейтін жерлері тарылып жатыр. Қорегі – тағы тұяқты жануарлар санының азаюы да себеп болуы мүмкін. Сирек кездесетін әрі аз зерттелген түр ретінде «Қызыл кітапқа» IV санатта енгізілген. Еліміздің оңтүстік-шығысындағы тау жоталарында кездеседі.
Құмайлар Орталық Азияда Қазақстаннан Ауғанстанның батысына дейін, батыс Қытайдан Моңғолияның шығысына дейін мекендейді. Олар табиғи экожүйенің тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады: өлекселерді жеп, жұқпалы аурулардың таралуын азайтады. Құмайлардың ас қорыту жүйесі өте ерекше: олардың асқазаны өлекседе болатын қауіпті бактерияларды, соның ішінде күйдіргі мен оба қоздырғыштарын жоя алады. Бұл қасиеті оларды табиғаттың «санитары» етеді. Құмайдың күнделікті қорек мөлшері оның дене салмағына, қорек қолжетімділігіне және мекендеу ортасына байланысты өзгереді. Орташа алғанда, ересек құмай бір күнде шамамен 1-2 кг ет жейді. Егер азық мол болса, олар бір жолғы тамақтану кезінде өз дене салмағының 10%-на дейін (3-4 кг) ет жей алады. Азық аз болған жағдайда құмайлар ұзақ уақыт аштыққа төтеп бере алады — бірнеше күн бойы тамақ жемей-ақ ұшады.
Құмайдың дене ұзындығы 95 см-ден 130 см-ге дейін, қанаттары 3 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл оны қаршыға тұқымдас ең ірі жыртқыш құстардың бірі етеді. Оның денесі ірі, салмағы 8–12 кг, қанатының кең болуы құсқа ұзақ қашықтыққа ұшуға мүмкіндік береді. Құмайдың басында қауырсындар сирек болады, бұл оған өлексемен қоректенгенде бактериялар мен микробтардан қорғануға көмектеседі. Құмай тұмса табиғатта қанша жыл жасайтыны туралы нақты дерек жоқ, ал қолда 20 жылға дейін өмір сүре алады.
Ұяларын 100-ден 200 м-ге дейінгі жартастарда немесе шағын үңгірлерге салады. Бұл балапандарын жыртқыштардан қорғауға көмектеседі. Ағаш бұталарынан жасалған ұялары үлкен әрі берік болады. Кейде сақалтайлардың ұясын басып алып, өздеріне лайықтап жөндеп алады. Әдетте қыста – желтоқсан мен наурыз аралығында жұптасады. Ересек құмайлар балапандарына жартылай қорытылған етті құсып береді. Бұл тамақтандыру әдісі олардың ас қорыту жүйесіне сай. Құмайлар жылына бір немесе сирек жағдайда екі жұмыртқа салады. Жұмыртқаны аналық пен аталық шамамен 54-65 күн кезектесіп басады. Балапан жұмыртқаны жарып шыққан соң, ата-анасы оны 3-4 ай бойы қоректендіреді. Балапанның қанаты қатайған соң, 5-6 айлық жасында оны ұшуға және азық табуға бейімдейді.
Құмайлар топ болып өмір сүреді, жыртқыштармен, басқа да құстармен азық үшін бәсекелесіп, қоректенуге үнемі бірге жиналады. Осылайша сырттан келген қауіптен қорғанады.
Құмайлар таулы, ашық далаларда, жартастарда және тау жоталарында тіршілік етеді. Қазақстанда құмайларды көбінесе таулы аймақтарда кездестіруге болады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандары. Бұл аймақта құмайлар жартасты жерлерде ұя салады.
Алматы облысының шығыс бөлігінде орналасқан Жоңғар Алатауында кең жазықтар мен жартасты тау беткейлерін мекендейді. Іле Алатауында құмайлар көбінесе таудың жоғарғы бөліктерінде және шалғынды жерлерде кездеседі. Тянь-Шань тауларында құмайлар қоректенетін және ұя салатын орындар мол.
Құмайлардың мәдениеттегі орны ерекше. Түркі халықтарында құмай құсы батырлықтың, адалдықтың және тектіліктің нышаны ретінде бағаланады. Құмай құсы — табиғаттың ажырамас бөлігі, сонымен қатар халықтың рухани байлығының бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Тибетте құмайлар «аспандағы тазалық рухы» деп саналып, оларды өлген адамдардың жаны аспанға көтерілу үшін жерлеу рәсімдерінде пайдаланады.
Қазақ мәдениетінде «құмай» тек құстың аты емес, сондай-ақ ең жүйрік және адал аңшы итті «құмай тазы» деп атайды. Бұл атау иттің мінсіз қасиеттерін құмай құсының ерекше тектілігімен салыстырудан шыққан.