22Сәу

Сақалтай

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Қозықұмай, көкжөре, кей жерлерде балтажұтар деп те аталатын, жемін күндіз аулайтын жыртқыш құстардың сұңқартәрізділер отрядының қаршығатәрізділер тұқымдасына жататын ірі құс. Латынша ғылыми атауы –  Gypaetus barbatus.

Қазақстанның «Қызыл кітабына» ІІІ санатта сирек кездесетін түр ретінде енгізілген. Саны көп емес, бірақ тұрақты деп есептеледі.

Сақалтай деген атауы тұмсығының астындағы сақал сияқты бір тұтам түкті қауырсынға бола қойылған. Ал қозықұмай атауы «жаңа туған қозы-лақты іліп әкетеді» дейтін жаңсақ пайымнан туса керек.

 Тұрқы 1,1 метрге, жайған қанаты 2,7 метрге жетеді, қанатының ұзындығы 72–93 см, салмағы 5–7 кг. Басы ақшыл не сарғылт, арқасы қаралау. Шәулісі мен ұябасарын сырттай бір-бірінен ажырату қиын. Арқа тұсы қауырсындарының түсі ұзына бойы ақ теңбілдері бар қара-сұр, басы мен құрсақ жағындағы қауырсындарының түсі – ақсары не жирен.

Таралу аймағы Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тау жоталарын – оңтүстікте Талас Алатауынан солтүстікте Жоңғар Алатауы мен Сауырға дейінгі аумақты қамтиды. Оңтүстік Алтай жоталары мен Бұқтырманың оң жағалауында, Орталық Алтаймен шекаралас жерлерде де кездеседі. Негізінен тұяқты жабайы жануарлар жүретін жартасты, биік таулы жерлерді мекендейді.

2010 жылы жарық көрген «Қызыл кітаптың» мәліметіне сүйенсек, саны белгісіз. Қазақстанда ұялайтын он шақты жұбы болуы мүмкін. Олардың азық іздеп барып тұратын учаскелерінің ауданы 300 шаршы шақырымнан асып, өзге көршісінің аумағымен қосылып кететіндіктен, бұл түрдің орналасу тығыздығын анықтау өте күрделі. Яғни, шынтуайтындағы жағдай қандай екенін тап басып айту қиын.

Санының азаюына тау-тастағы тұяқты жануарлардың азаюы, адамдардың  әдейі улаған жемтіктер тастауы себеп болуы мүмкін. Бірақ бір ескеретін жайт, сақалтай – негізінен өлексемен қоректенетін құс, жемтігін тірідей ауламайды.  Түрлі жан-жануардың өлекселерін, сүйек майын азық қылады. Өте сирек жағдайда қоян, суыр, тасбақа аулауы мүмкін. Тасбақаны іліп әкетіп, биіктен жартасқа тастап жіберіп, сауытын шағады.

Алматы қорығында кемінде 3 жұп, ал Ақсу-Жабағылы қорығында шамамен  5 жұп сақалтай ұя басатыны туралы мәлімет бар.

Биологиялық ерекшеліктерінен отырықшы құс екенін айтуға болады. Шағылысу кезеңі қазан айында басталады. Желтоқсанда 1-2 жұмыртқа салып, 54-58 күн басады. Көбіне жалғыз балапан шығады. Балапанының қанаты 3 айда қатайып, ұша бастайды. Бірақ ұзақ уақыт ата-анасының қамқорлығында болады.

Фото: Ерболат Шадрахов

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды