Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.
Сілеусін – lynx lynx isabellinys – сүтқоректілер класы жыртқыштар отрядының мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Түркістан сілеуісіні Қазақстанның 2010 жылы жарық көрген «Қызыл кітабына» ІІІ санатпен сирек түрше ретінде енгізілген. Бізден басқа Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің де «Қызыл кітаптарына» енгізіліп, қорғауға алынса, Халықаралық табиғат қорғау одағы Қызыл тізіміне Near Threatened, яғни жойылуға жақын санаты бойынша тіркеген.
Түркістан сілеусіні – Қазақстанда таралған сілеусіннің үш түршесінің бірі. Еліміздің Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр тауларын мекендейді. Түрлі ғылыми дереккөздері терісі бағалы болғандықтан, ХІХ ғасырда кей жылдары 200-ден аса сілеусін ауланғанын, соның кесірінен ХХ ғасырда саны күрт азайғанын алға тартады. Бүгінде (2010 жылғы «Қызыл кітап») Іле-Алатауында 60-70 сілеусін бар, соның 10-12 дарағы Алматы қорығында, тағы 4-5 сілеусін Ақсу-Жабағылы қорығында тіршілік етеді деп есептеледі.
Сілеусіннің тұрқы кәдімгі үй мысығынан әлдеқайда ірі, сабаншы, мәлін сияқты туыстарынан бойы биік болып келеді. Құлағының ұшында қара қылшықты шашағы бар. Ең басты ерекшелігі – құйрығы басқа мысықтұқымдастардай емес, өте қысқа. Аяқтары жуан әрі мықты. Ұсақ кеміргіштерден бастап, қоян, суыр, елік, тауешкіге дейінгі сүтқоректілерді аулап, азық қылады. Қабан торайларын, кейде құстарды да ұстайды. Жемтігін көбіне тасада не өрмелеп шыққан ағашта бұғып тұрып, тұтқиылдан бас салып ұстайды. Өте сақ, жүргенде жымын білдірмейді. Күндіз көзге түс бермейді. Ақпан-наурызда ұйығып, 67-74 күн аралығында 2-3 інсін (күшік) туады.
Кейінгі жылдары сілеусіндердің еліміздегі ұлттық парктер мен қорықтар аумағындағы фототұзақтарға түсіп қалғаны туралы ақпараттар жиі шығып жүр. Мысалы, 2021 жылы «Бурабай» МҰТП, 2022 жылы «Көлсай көлдері» МҰТП аумағында (https://nationalgeographic.kz/2022/03/30/zhem-izdegen-silewsin/), 2023 жылы Бұғыты тауында, 2024 жылы қаңтарда Ертіс орманында күндіз фото-бейнежазбаға түскен.
Фото: Ерболат Шадрахов
Мына материалды да оқып көріңіз: Сабаншы
Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.