30Там

Сабаншы

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Сабаншы (Otocolobus (Felis) manul) – жыртқыштар отрядының мысықтәрізділер тұқымдасына жататын жабайы мысықтың бір түрі.

Фото: Салтөре Сапарбаев. Сурет «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында түсірілген.

Қазақстанның Қызыл кітабына III санатпен енген. Алайда 2019 жылғы Ұлттық статистика мәліметі бойынша, елімізде тек 94 бас сабаншы қалған.

Ал әлемдегі санына келер болсақ, Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «қызыл» тізімінде «жойылу қаупіне жақын» деген санатта тұр.

Өте қалың әрі сабалақ жүнді бұл мысықтар климаты қатаң аймақтарда – тасты-шөлейтті қыраттар мен биік тау жоталарын, кеміргіштер көп болатын жазық далаларды мекен етеді. Олар Орталық Азияда, Каспий теңізінен Иран, Ауғанстан, Пәкістан және Солтүстік Үндістаннан Орталық Қытай, Моңғолияға дейін және Ресейдің оңтүстігінде кездеседі.

Қазақстанда сабаншы Үстірт, Қызылқұм, Сарыарқа, ТяньШань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Қалба және Оңтүстік Алтайда таралған. Саны жылдан-жылға қысқарып жатыр.

Фото: Салтөре Сапарбаев. Сурет «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында түсірілген.

Сабаншы көлемі жағынан үй мысығынан сәл үлкен, биіктігі – 30-35 см, дене тұрқының ұзындығы – 50-60 см, ал құйрығы – 21-31 см болып келеді. Салмағы 2 кг-дан 5 кг-ға дейін жетуі мүмкін. Ұзын әрі тығыз жүнінің түсі әдетте ақшыл сұрдан бозғылт қызылға дейін өзгереді. Оған қоса, ұзын ақ қылшықтары бар. Жонында және бүйірлерінде білінер-білінбес қара жолақтары болады.  Құйрығында да 5-7 қара «сақинасы» бар, ұшы толықтай қара. Бастары басқа мысықтарға қарағанда жалпақтау, мойыны қалың, денесімен тұтасып кеткен.  Маңдайында шашыраңқы қара дақтары болады, екі бетінде айқын көрінетін екі қара жолақ орналасқан. Үлкен көздерінің түсі жасыл-сары, ал қарашықтары басқа жабайы мысықтардікі секілді тік сопақ емес, дөңгелек болып келеді. Құлақтары қысқа, бастың төменгі қапталы орналасқан. Сирақтары қысқа, қалың жүнді, табандарының терісі қалың, қатаң климатқа жақсы бейімделген.

Көбею маусымы желтоқсан мен наурызда болып, 2-2,5 айдан кейін, әдетте наурыздың аяғында не мамырда 1-6 марғау туады. Ұзындығы 12 см, салмағы 300 гр болып туатын олар бастапқыда тым әлсіз, көздері жұмулы болады. Жүні қою түсті, бүйірлеріндегі жолақтары ересектерге қарағанда айқынырақ. Алғаш екі айлығында түлейді, бұл кезде олардың салмағы 500-600 грамға жетеді. 4-5 айлығында жас сабаншылар өз бетінше тіршілік ете бастайды да, шамамен сегіз айда ересектердің өлшемі мен салмағына жетеді. Жыныстық жағынан 9-10 айда жетіледі. Орташа өмір сүру ұзақтығы – 12 жыл.

Сабаншы негізінен жалғыз жүретін, түн тағысы. Бірақ кейде кешкілік уақытта да, таңда да белсенді болуы мүмкін. Күндіз жартас жарықтарында, шағын апандарда ұйықтайды. Көбіне суыр, түлкі, борсық секілді кішкентай аңдардың індерін меншіктеп алады.

Жауларынан жасырынуға табиғи түсі көмектеседі. Басқа мысықтардай жүйрік емес, сабаншылар нашар жүгіреді. Сондықтан жауларынан қашудың орнына, жартас, қойтас қуыстарына тығылып құтылуды жақсы меңгерген.

Қолға үйренуі қиын, адамдардан қорықпайды. Айбат шеккендегі дауысы кәдімгі мысықтікіне емес, кішкентай иттің қыңсылына ұқсайды деп сипатталады. Бірақ үй мысығындай пырылдайды.

Сабаншы азығының көп бөлігін қысқы ұйқыға кетпейтін, колониялар құрайтын шағын және орташа сүтқоректілер құрайды. Негізінен шақылдақ (Ochotona) және құмтышқан, тоқалтіс, атжалман, қосаяқ секілді кеміргіштермен қоректенеді. Кейде олар тиіндерді, құстарды, шегіртке, қоян,  жас суырларды да, сондай-ақ кейбір бауырымен жорғалаушыларды да аулайды. Ірі жануарлардың өлекселерін де азық ететін кездері болады.

Сабаншы негізінен аң аулаудың үш әдісін қолданатыны байқалады. Бірі – өсімдіктер не тастарды тасалап, бұқпантайлап, жемтігіне қарай баяу жақындайды да тап береді. Немесе биік шөпті, қалың бұталарды тез аралап, қаннен-қаперсіз жүрген ұсақ сүтқоректілер мен құстардың үстінен түседі. Үшінші тәсілі – шабуыл жасамас бұрын олжасын інінің аузында күтіп жатады. 

Ал сабаншының табиғаттағы басты жаулары – дала қыраны, қасқырлар мен түлкілер. Бірақ оған қауіп тек жыртқыштардан емес, адамдардан да төнеді. Ерекше қорғауға алынбай тұрып, майы мен жүні, терісі үшін аңшылар аяусыз аулайтын болған. Сондай-ақ жаһандық жылымық та сабаншының тіршілік ортасына күтпеген өзгерістер әкеліп жатыр.

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.