13Мау

ОТЫЗ ЖЫЛДА «ОРДА» БҰЗБАҒАН ОЙЫЛ

Ойыл өзені арнасы, 2021 жыл

Ойыл биыл арнасынан асып-тасып жолдарды бұзды, ауылдарға қауіп төндірді. Әрине, судың мол болғаны бәрімізді қуантты. Осы тақырыпты – Ойыл өзені суының тартылу себептерін зерттеп жүрген адам ретінде мен де бұған ерекше қуандым. Өйткені, Ойыл өзені былтырға дейін іс жүзінде табиғи апат алдында тұрды және оның сол жағдайға жетуіне тұрақты түрде үлес қосып келе жатқан бірнеше фактор болды. Бұл факторлар биыл жойылып кете салған жоқ. Әлі де бар. Сондықтан, биылғы мол су алдағы жылдары да болады деп көзсіз сенуге, негізгі проблемаларды елеусіз қалдыруға болмайды деп ойлаймын. Ол қандай мәселелер? Ретімен тоқталайық.

Ойыл өзені Ақтөбе және Атырау облыстарының аралығында орналасқан. Бастауын Мұғалжар тауларынан алады. Жалпы ұзындығы – 800 км. Ақтөбе облысы бойынша – 522 км, Атырау облысы бойынша – 278 км. Өзен туралы дереккөзі аз. Атауы географиялық еңбектерде тек XVIII ғасырдан бастап кездеседі. Алғашқы мәліметтер «Орынбор топографиясы»  еңбегінде жазылған. Өзенге бір кездері Орал тауларының Ақ және Қызыл өзендері келіп құйған. Бірақ өзен трансшекаралық емес.

Ойыл ағынсыз өзендер қатарына жатады және жаз айларында су көлемі азаяды. Су көзі негізінен көктемгі еріген суға тікелей тәуелді. Негізгі салалары: Кенжалы – 64 км, Шығырлықұмды – 71 км. Ұзындығы – 10 км.-ден асатын 15 кіші өзен бар.

Келмеске кеткендей сулы-нулы жылдар

Соңғы 10 жылдықта өзен суы тартылып, экологиялық апат алдында тұрды. Ақтөбе облысы су қоры азайғандықтан, өзімізде қалған суды ұстап қалғымыз келеді десе, Атырау облысы антропогендік факторларға байланысты, соның ішінде бөгеттер салып тастағаны үшін судың келмеуін жоғары жақтан көреді. Судың ең төменгі бөлігі теңіз деңгейінен 20 метрде орналасқан Атырау облысы, Қызылқоға ауданы Қаракөл ауылына келуге тиіс.

Өзеннің көпжылдық су ағыны – 127 млн. м3. 2016 жылғы су көлемі – 360 млн. м3 болса, 2020 жылғы су көлемі – 13.6 млн. м3 құраған.

Өзен арнасында Ақтөбе облысы – «Тамдыкөл лимандық суару жүйесі» және Атырау облысы – «Миялы лимандық суару жүйесі» орналасқан. Аталған екі мекемеден басқа су бөгейтін гидротехникалық құрылыстар жоқ. Өзеннің ең төменгі бөлігі Тайсойған құмдарына барып, жерге сіңіп кетеді. Тайсойған құмдарында, Мұздыбұлақ жер асты тұщы су қоры бар. Ғалымдардың болжауынша тұщы су қоры 35 жылға жетеді. Алайда өзен суы тұрақты түрде келмеген соң, жер асты суларының деңгейі де төмендей түсуде.

Басын Мұғалжар тауларынан алып, кезінде құм жоталарды жарып Жайыққа келіп құйылған Ойылдың биылға дейінгі халі мүшкіл болды. Ұзындығы 800 шақырымдай, су жинау алқабы 35 мың шаршы шақырым. Ащы Ойыл, Қиыл, Қайыңды, Ащықұмды, Шилі, Қандыағаш, Жарлы, Батпақты, Бабатай атты өзендер Ойылға келіп құяды. Негізінен Ойыл 2 салаға – оң жақ саласы, сол жақ саласы болып бөлінеді. Оң жақ саласында, яки Ақтөбе облысы аумағында «Тамдыкөл» су ұстау лимандық жүйесі орналасқан. Өзеннің төменгі бетінде – Атырау облысы бөлігінде Ералы су ұстау қоймасы жұмыс істейді. Басқа гидрологиялық нысандар жоқ.

Өзенде, шортан, табан, мөңке, ақ қайраң, алабұға, жайын, майбалық, қаракөз, көксерке, қызылқанат және жайын ауланады. Ірі өзендерде ғана кездесетін 2 жарым метрлік жайын, Ақшатау жағындағы қарасуларда өсіп, өніп келеді. Ойыл тек қана балыққа қана емес, өсімдіктерге де өте бай. Ақселеу, еркек шөп, жусан, бидайық, қарабас, изен, ебелек, бетеге, саралжын, жекен сияқты 100 деген түрі өседі.

Сонымен қатар өзен бойында, бұлан, сілеусін, қамыс мысығы, қарсақ, күзен, ақбөкен, қарақұйрық көптеп кездеседі. Құстардың безгелдек, дуадақ, жекдуадақ, қызыл жемсау, қарашақаз, балықшы, тарғақ, ақбас тырна секілді түрлері бар.

Императорлық орыс география қоғамының Орынбор бөлігі мүшелерінің 1899 жылғы 8 маусым күнгі жиналысында жасаған баяндамасында осы қоғамның мүшесі К.Чехович 1897 жыне 1898 жылдары Оралда, Пермьде, Тройцкіде, Уфада, Ірбітте және Ойылда жүргізілген метеорологиялық бақылаулардың нәтижелеріне талдау жасады. Соңғысынан, Ойылдың климаты жағынан ерекше ерекшеліктері бар Орта Азия жазықтарында орналасқандығына және ондағы доктор Лавров басқарып барған экспедицияның жұмысына жоғары баға бере келіп К.Чехович: «Доктор Лавров соңғы 7 жылдағы ауа-райы өзгерістерінің толық кестесін келтірген. Мысалы, 1897 жылы Ойылда ыстық + 36,1, аяз – 35,5 градустан аспаған. Ылғалдың түсуі шамадан айтарлықтай ауытқып, яки 15 пайызбен 100 пайыз аралығында өзгеріп отырған. Жазық даласы басым осы өңірде ылғалдың түсуі кей жылдары тіпті Еуропада да болмаған жоғары деңгейге жеткен» деп атап өткен.

Әйгілі тары өсіруші Шығанақ Берсиев осы өзен бойында 102 центнерден тары жинап, әлем рекордын жаңартқан. Шығанақ Берсиев Ақтөбе облысының «Құрман» ұжымшарында звено жетекшісі болып қызмет атқарған.  Сонымен қатар ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында әскери ұшақ жасау үшін мемлекеттік қорғаныс қорына өз табысынан тары өткізіп отырған. Оның ізін қуушылар «Берсиевшілер» қозғалысын құрып, өзен бойында егіншілікпен айналысты. Қозғалыстың негізі 1950 жылдары қаланды. Ақтөбе облысы Ойыл ауданында Берсиев музейі бар. Шығанақ Берсиевтің мүмкіндігі аз жерде көп өнім алғанына қайран қалған жазушы Ғ.Мұстафин «Шығанақ» романын жазса, неміс драматургы Бертольд Брех «Тары өсіруші» дастанын жазған.

Ұзақ жылдар бойы өзен арнасында орналасқан халықты суымен қамтамасыз еткен Ойылдың соңғы жылдары тартылып қалу себебі неде?! Адамдардың кесірінен бе?!

Ойыл өзені, 2021 жыл

Өзен бойында заңсыз 24 бөгет бар

Өзен бойымен өткен арнайы экспедиция нәтижесі оның жоғарғы бөлігінде адам қолымен салынған заңсыз 34-ке жуық бөгеттің бар екенін анықтады. Үш тоған тазартуды қажет етсе, дұрыс салынбаған екі көпір ағысқа тікелей әсер етіп тұр. Осыған орай өзен арнасы тарылуының арнайы картасы да жасалған. Атырау облысының кейбір ауылдарына су 5-6 жылдан бері келмеуде. Өзен тартылған соң оның алабындағы  түлкі, қоян және тағы басқа даланың аң-құсы да азаюда. Өзеннің төменгі бөлігінде 18 000 жуық адам тұрады. 100 000 жуық ірілі-ұсақты мал бар. Барлығының тағдыры өзенге тікелей байланған.

Өзен мәселесі тақырыбын жергілікті белсенділер өте жақсы көтеріп жүр. 2021  жылы сәуір айында ұйымдастырылған экспедиция 2000 км дейін жерді жолсыз жүріп, бөгеттерді анықтады. Нақтырақ айтсақ, Есенбай Нұров, Марат Жалдекенов секілді Атырау облысы азаматтары бөгеттердің арнайы картасын сызып, қолдан соққан бөгеттерді картаға түсірді. Мәселені жергілікті басшылардың жиналыстарында көтерді.  Бірақ жергілікті ұйымдардың құлақ асар түрі байқалмайды. Қазіргі таңда Бекмырза, Асаубай секілді су толған шүңеттер орны кәдімгі Вьетнам еліндегідей батпаққа айналуда.

Ақтөбе облысында ұзындығы 623 км Елек өзені болатын. Адам әсерінен Елек өзенінің суы тартылып, экологиялық апатқа ұшырады. Енді Електің тағдырын Ойыл қайталамауға тиіс.

Суы мол көктем

2022 жыл еліміздің батыс аумақтарында жауынды-шашынды өтті. Қыс бойы қар тұрақты түрде жауып, жерге қалың тоң түскен болатын. Наурыз айларының басынды жауын-шашын деңгейі күрт артты. Мұндай жауын-шашын соңғы рет 20 жыл бұрын ғана түскен. Осыған байланысты өзен суының таситынын және басқа жылдарға қарағанда өте мол болатынын алдын ала күткенбіз.

Ойыл өзені, 2022 жыл

Жайық – Каспий облысаралық бассейндік инспекциясынан алған мәліметке сәйкес, биыл су көлемі – 32 – 48 млн текшеметр. Зерттей келе, су көлемі, соңғы 10 жылдықта аққан су көлемінен 10 есе көп екенін түсіндік, Ақтөбе облысы жауын-шашын мөлшерінің 2000 жылдан бергі кестесіне де үңілдік. 2022 жылы қаңтар айында жауған жауын-шашын мөлшерін, тек 2016 жылғы жоғары көрсеткішті қоспағанда, соңғы 20 жылдықтағы рекордтық деңгей деуге болады. Жоғары жақта тоңның қалыптасуы өзен суының биыл өте мол деңгейде екенін білдіреді. Демек бұл мол су ешқандай бөгетке қарамай өзеннің төменгі бөлігіне еркін жетуі керек деп топшыладым. Солайда болды да. Биыл мол су келіп, Қаракөл, Тайсойған құмдарына дейін барды. Тіпті, Ақтөбе облысының Құрман ауылы және Атырау облысының Миялы және Жангелдин ауылдарының арасындағы жол бұзылды. Әйтпеген жағдайда ауылдың суға кету қаупі тұрды. Қазіргі таңда өзеннің ағысы тұрақты, су жайылмаға шығуда. Әлбетте, судың мол болғаны жақсы. Бізді мазалайтыны – алдағы уақытта да осылай бола ма? Яғни, алдағы жылдары да өзен суы биылғыдай мол болуы мүмкін бе?  Бұлай деп сауал тастауымыздың себебі белгілі: биылғы мол су қыстағы қардың көп түсуінен ғана болып отыр. Демек, келесі жылы да жауын-шашын түсімі көп болатынына, көктемде су мол болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені, соңғы 20 жыл бойындағы тенденция судың азайюы, өзен арнасының тарылуы, қуаңдануы сипатында болып келді.  Бұған жалпы жаһандық жылымық та әсер етіп жатқаны мәлім.

Екінші жағынан, биыл судың мол болып көрінуі, оның арнасынан асып, жолдарды бұзып өтуі алдамшы себептер болуы да мүмкін. Яғни, бірнеше жыл бойына судың аздығынан, табанының лай-батпақтануынан арна тарылды. Соның салдарынан қалыпты көлемдегі судың өзі арнаға сыймай кеткен болса ше? Әрине, бұл болжам ғана болғанымен, жоғарыда айтылған жайттар оның негізсіз еместігін де меңзейді.

Автор: Ақтілек Бисембай,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, ғылыми география мамандығының ІІ курс магистранты