30Ноя

Тарихта алғаш рет: бүкір киттің туған сәті таспаға түсірілді

2021 жылы Хауаи штатының Лахайна жағалауында түсірілген осынау көріністі National Geographic-тің «Таңғажайып жануар саяхаттары» атты жаңа телехикаясынан тамашалай аласыз.

Хауаидегі Лахайна маңындағы суларда анасымен жүзіп жүрген сәби кит

2021 жылдың 5 наурызында Хауаи көкжиегінен күн батысымен, ғалымдар мен National Geographic кинорежиссерлері бұрын-соңды адамзат баласы көрмеген көріністің – бүкір киттің дүниеге келуінің куәсі болды.

«Осы сәтті күтіп жүргенімізге 25 жыл болды. Мұны юұған дейін ешкім көрген емес», – дейді Кейки Кохола жобасының кит зерттеушісі Рейчел Картрайт. Бұл бейкоммерциялық ұйым Мауи аралындағы аналық бүкір киттер мен олардың төлдерін қорғаумен айналысады.

Жыл сайын көптеген аналық кит төлдеуге қолайлы, жыртқыштар жүрмейтін жылы су іздеп Хауаи араларына жүзіп келеді. Картрайт сияқты ғалымдар бұл жануарларды құйрықтарының астындағы ерекше өрнектерінен танып, жақыннан зерттейді. (Әлемнің жартысын жүзіп өткен Фродо есімді бүкір кит туралы оқыңыз.)

Алайда аналықтың туған сәтін зерттеушілер бақылай алмай жүрген еді. Мауиде ғана емес, әлемнің өзге жерлерінде де ғалымдар бірнеше аналықтан төлінің (ағылшын тілінде бұзауы дейді – ред) құйрық қанаттары шығып тұрғанын ғана көрген болатын. Бұл – туыт басталғандығының белгісі, яғни әлі толық тумағанын білдіреді. Сондықтан да 2021 жылғы оқиғаның орны бөлек – ғалымдар бүкір киттің туу процесіне алғаш рет басынан аяғына дейін толықтай куә болды.

«Осы кезге дейін киттің туғанын көрдім деп, қанша адам қоңырау шалғанын білсеңіз ғой, – дейді Мауидегі Тынық  Мұхит киттері қорының бас зерттеуші биологі Стефани Стек. – Біз көбіне сол жаңалықтарды тексере келе, жалған хабар екеніне көз жеткізетінбіз. Әдетте олардың меңзегені жай ғана демалып жатқан не бұзауымен бірге жүзіп жүрген киттер болып шығады. Сондықтан мына кадрларды көргенде қатты таңдандым. Бұл нағыз керемет!»

Киттің дүниеге келуі

Бәрі күндізгі үштің шамасында басталды. Картрайттың зерттеу қайықтарының бірі аталық «бүкірлер» үйірі бір киттің маңайына топтасқанын байқап, ұрғашымен жұптаспақ шығар деп топшылады. «Мұндай жағдайлар Хауаиде жиі болып тұрады», – дейді ол.

Біраздан кейін экипаж мүшесі жануарларды таспаға түсіру үшін суға түскен сәтте аналықтың құрсағынан шығып келе жатқан кішкене құйрықты байқап қалды.

«Сол кезде барып қазір көз алдымызда бүкір кит дүниеге келуі мүмкін екенін түсіндік», – дейді жағалаудан алыстағы әріптесіне кейінірек қосылған Картрайт. Бірақ қыстың соңында Хауаиде күн айтарлықтай қысқаратындықтан, ол уақыттың таяп қалғанын аңғарды.

«Адамдарымыз күн батқанға дейін су астында болды. Бірақ күн батып, кеш түскеннен кейін жаңа бір нәрсе табамыз деп ойламадық», – дейді ол.  (Камераға түсірілген кашалоттың өте сирек туу процесін тамашалаңыз.)

Картрайт зерттеу дронын жібергенде алғаш рет бүкір киттің тууын бастан аяқ түсіретінін білмеген еді. «Ол кезде ойымызда тек дронды суға түсіріп алмай, таспаға қол жеткізу болды», – дейді күліп. Ол жад картасын компьютерге қосқанда ғана мұның қаншалықты маңызды екенін толық түсінгенін айтты.

Картрайт: «Алғашында бейнежазбадан бұрқ еткен қанды байқадық. Екі секундтан соң бұзау да көзге түсті», – дейді.  Содан кейін сүңгуірлер жарығы аз камераларымен жаңа туған бұзаудың бейнесін жақыннан түсіріп алу үшін қайта суға түсті.

 «Осынау айрықша сәтті түсірудің мүмкіндігі туа бермейтінін білгендіктен, видеоға жазып алуға үлгеру үшін бүкіл топпен бар күшімізді салдық», – дейді режиссер Пол Сатчелл электронды хатында.

Стек Америка Құрама Штаттарының кез келген жерінде киттермен жүзудің заңсыз екенін, ал мұны істеп жүрген ғалымдар мен деректі фильм режиссерлері арнайы рұқсат алып, қатаң ережелерді сақтауы керек екенін ескертті.

Аналықтар үшін арнайы спа процедуралары

Сол күнгі киттің туу сәтінен бөлек, басқа да жайттар ғалымдар әлі де зерттеуге тиіс біршама ақпарат берді. «Аналықтың айналасына аталық киттердің жиналу себебі біз үшін әлі жұмбақ. Бұл біз болжағаннан мүлдем басқа нәрсе», – дейді Картрайт. (Тақырыпқа қатысты: «Киттердің өзіндік мәдениеті бар ма? Бүкір киттердің мінез-құлқы.»)

«Бейнежазбадан байқалған әдемі бір эпизодта бұзаудың құйрығы шығып келе жатқанда аналық құйрығын көтереді, ал аталық киттер олардың астынан көпіршіктер шығарып жүзіп өтеді», – дейді Картрайт.

Киттер көпіршіктер тізбегін стратегиялық мақсатта, яғни жем аулағанда не ұрғашының көңілін аудару үшін шығарады екен. Сондай-ақ мұндай көпіршіктердің арқасында оларда окситоцин сияқты жағымды гормондар да бөлінеді. (Назарларыңызға: «Таңғажайып көрініс: киттердің топтасып көпіршік шығару арқылы жем аулауы»)

Картрайт: «Көпіршіктердің арасында жүзіп жүрген аналық кішігірім спа немесе массаж алғандай болады. Шынымен таң қалдырарлық», – дейді.

Біз ойлағаннан да нәзік

Өткен ғасырда ғана, 1970-1980 жылдар аралығында жаппай аулау салдарынан бүкір киттер жойылуға шақ қалды.  1985 жылы коммерциялық мақсатта кит аулауға жаһандық мораторий жарияланған соң, олардың саны қазіргі таңда айтарлықтай артты. Бұл табиғат қорғау тарихындағы ең тиімді мораторийлердің бірі болып саналады. (Қатысты ақпарат: «Үлкен балық: кит аулаудың қысқаша тарихы.»)

Соған қарамастан, «жағдай біз ойлағандай тұрақты емес», – дейді Картрайт.

Мысалы, Аляска шығанағының үстінде қалықтап, содан кейін алты жыл бойы Тынық мұхиты жағалауымен төмен қарай жылжып келе жатқан орасан зор жылы су ағысы бүкір киттер қоректенетін шаянтәрізді – криллдің көп бөлігін жайпап өтті (Қатысты ақпарат: «Жұмбақ мұхит ағысы киттердің азаюына әсер етуі мүмкін.»)

Сол сияқты, киттің туғанын тіркеген аймақ 2023 жылдың жазында штат тарихындағы ең қауіпті орман өрттері болған Лахайна маңында орналасқан. Ғалымдар қайықтарын суға түсірген Лахайна айлағы енді жоқ. Тазарту жұмыстарының нәтижесінде мұхитқа түсетін күл мен қоқыстың мөлшері азайғанымен, Картрайт қысқы жаңбыр басталғанда бүкір китттің аналықтары мен бұзаулары зардап шегуі мүмкін деп қауіптенеді.

«Олардың саулығын тілеп жүрміз. Аралға киттер оралар болса, бәрінің рухы бір көтеріліп қалар деп ойлаймын», – дейді ол.

Автор: ДжейсонБиттел