5Янв

Кобальтсыз күніміз қараң ба?

Күміс-көк түсті металл литий-ионды аккумуляторларды жасау үшін қолданылады. Автомобильдерден бастап, электронды темекіге дейін қуат береді. Өзі тағы улы. Оны өндіру үшін Конгода мыңдаған жұмысшы адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейді.

Кобальт – көк пигмент шығаратын металл.  Ол телефон, компьютер және электромобильдерді қуаттандыратын түрлі аккумулятор жасау үшін қажет. Бірақ оны өндіру адам құқықтарын бұзумен байланысты жүзеге асып жатады. Фото: RHJ, GETTY IMAGES

Көптеген ел жаңғырмалы энергия көздерін тұтынуға өтіп жатқандықтан, бұл батареяларға бұрын-соңды мұндай жоғары сұраныс болмаған. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай кобальтқа деген жаһандық сұраныс электромобильдердің арқасында төрт есеге өседі деп күтілуде.

Алайда басқа технологияларды қуаттандыруға көмектесетін кобальт оны өндіретін Конго Демократиялық Республикасында (КДР) үлкен гуманитарлық мәселе тудырып отыр.

Бұл кеніштер тергеу-тексерулер мен жаңалықтар нысанасына айналды. Жақында TikTok сияқты әлеуметтік медиа платформаларда көпшілік назарына ілікті. Кобальттың қандай жағдайда өндірілетініне алаңдаушылық білдірген TikTok қолданушылары батареяларында аз мөлшерде кобальт кездесетін электронды темекіден бас тартуға уәде берді.

Өткен айда 1,8 миллионнан астам қаралған бейнежазбада автор кобальт өндірісіне бей-жай қарай алмайтындықтан, темекі шегуді тоқтататынын хабарлады. Алайда кобальтқа деген сұранысты шынымен тежегіміз келсе, онда көп нәрседен бас тартуымыз керек.

Ендеше, әмбебап һәм даулы металл туралы мына нәрселерді білгеніңіз жөн.

Кобальт дегеніміз не?  Оны қалай қолданады?

Жылтыр, күміс-көк түсті осы металл батареялардың үлкен көлемде энергия сақтауына және аптап ыстық пен аязда тұрақты температураны ұстауына көмектеседі. Сондықтан, аэроғарыш, қорғаныс және медицина сияқты көптеген саладағы қолданыстар үшін пайдалы әрі таза энергия технологияларының негізгі элементі болып саналады.

Кобальт литий-ионды батареялар жұмысында да маңызды рөл атқарады. Кәдімгі тұрмыстық батареялардан айырмашылығы, литий-ионды батареяларды қайта қуаттауға және ұзақ уақыт пайдалануға болады. Сондықтан көп нәрсеге – портативті құрылғыларды қуаттандырудан бастап, электр желілеріндегі энергияны сақтауға дейін қолданылады. Бірақ осы бір динамикалық материал қымбат, улы әрі оны өндіру мен өңдеу қиын.

Дүние жүзіндегі кобальттың 70%-дан астамы Конгодағы кеніштерге тиесілі. Соның 15-30 пайызын «жабайы шахталарда» күніне бірнеше доллар табу үшін адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейтін ерікті кеншілер өндіреді», – дейді Харвард университеті, Т.Һ. Чан қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің қызметкері Сидхарт Кара ұлттық қоғамдық радиоға берген сұхбатында.

С. Кара заманауи құлдық, адам саудасы және балалар еңбегін жиырма жыл бойы зерттеп келеді. Оның соңғы «Cobalt red» деп аталатын кітабы кобальт «дүрмегі» қалай сансыз өлім-жітімге, су мен топырақтың, ауаның жаппай ластануына әкеліп жатқанын сипаттайды.

Бұған қоса, Конго шахталарында  кобальтпен қатар мыс пен уран да кездеседі.  Ал уранның канцероген екені белгілі.

Шахталардың маңында тұратын адамдарға кобальттың әсері қаншалық күшті болып жатқанын анықтау үшін Бельгиядағы KU Leuven және КДР-дағы Лубумбаши университетінің зерттеушілері Колвези қаласындағы Касуло ауданында зерттеу жүргізді. «Қала Конго минералды кен орындарының қақ ортасында орналасқан. Зерттеушілер мұндағы үйлердің бірінің астынан алғаш рет кобальт кені табылған соң, бүкіл аумақты көп ұзамай-ақ «жабайы шахталар» жұтып қойғанын айтады. Үйлердің арасында жүздеген кенші кобальт өндіретін карьерлер пайда бола бастады. Ал жұрт денсаулық пен техникалық қауіпсіздікке қатысты ешқандай сақтық шараларынсыз жақын жерде тұруын жалғастыра берді.

«Кен өндірісі аумағында тұратын балалардың зәріндегі кобальт басқа жерде тұратын балаларға қарағанда он есе көп болды. Бұл меже біздің еуропалық зауыт жұмысшылары үшін қалыпты дейтін мәннен әлдеқайда жоғары», – дейді зерттеу авторларының бірі және KU Leuven өкпе аурулары жөніндегі маманы Бенуа Немери.

Немеридің айтуынша, кеншілер мен шахталарға жақын жерде тұратын тұрғындар денсаулығына әсер ететін негізгі мәселе – шаң.  Оның құрамында ауада таралатын кобальт пен басқа да металдар, соның ішінде кен өндіру кезінде бөлінетін уран да бар. Кейбір ғалымдар мұндай жағдай өкпе дерті сияқты ұзақ мерзімді аурулар тудыруы мүмкін деп алаңдайды.

«Ураннан сондай-ақ радон деп аталатын газ бөлінеді, ал шахталарда радон деңгейі өте жоғары. Радон – өкпенің қатерлі ісігіне әкелетін канцероген. Бірақ мұнда өкпе ісігінің қаншалықты өскенін білмейміз, өйткені бұл аймаққа медициналық қызмет жеткілікті деңгейде көрсетілмейді», –  дейді Немери.

Кобальтқа балама бар ма?

Кобальттың қоршаған ортаға тигізетін әсері мен адам құқығы мәселелеріне байланысты туралы алаңдаушылыққа жауап ретінде бірнеше ірі компания, соның ішінде Apple мен Tesla кобальт пайдалануды қысқартуға немесе оны жауапкершілігі жоғары өндірушілерден алуға уәде берді. BMW автокөлігін өндіруші өзінің электр көліктері үшін қажетті кобальтты 2020 жылдан бері Марокко мен Аустралиядан сатып алады.

Tesla кобальтты орташа пайдалануды 60%-дан астамға азайтып, қазір өзінің жаңа көлік үлгілерінде кобальтсыз аккумуляторларды қолданып жатқанымен, EV автоөндіруші әлемдегі ең ірі кен өндіруші Glencore компаниясымен ДРК-дан жылына 6000 тонна кобальт жеткізу туралы ұзақмерзімді келісімге қол қойды. Дүниежүзілік экономикалық форумның Конго Демократиялық Республикасындағы кобальттың «жабай өндірісі»  туралы есебіне сәйкес, келісім Конго кобальтының батарея өндірушілері үшін маңызды ресурс болып қала беретінін көрсетеді.

Қайта қуатталатын осы құрылғыларды қайта өңдеу кен өндірісіне деген жаһандық тәуелділікті, сондай-ақ тұтынушылардың шығыны мен электронды қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін азайтудағы негізгі шешімдердің бірі болуы мүмкін.

Tesla-ның бұрынғы техникалық директоры Дж. Б. Штраубел негізін қалаған, аккумуляторлар мен электронды қалдықтарды қайта өңдейтін Redwood Materials компаниясы кобальт сияқты материалдарды қайта өңдеуге маманданған. Компания қолданыстан шыққан литий-ионды аккумуляторларды қабылдап, оларды бөлшектеу арқылы кобальт, литий, мыс және никель сияқты металдарын алып, жаңа батареялар үшін қайта пайдаланады.

Redwood Materials өзінің бағалауынша, 2025 жылға қарай жылына бір миллион электромобиль үшін жеткілікті болатын қайта өңделген материал шығармақ.

Кобальт өндірісі АҚШ-та дау тудыруда

Сирек минералдардың ішкі жеткізілімін кеңейту және кобальттың шетелдік көздеріне толықтай дерлік тәуелділікті азайту үшін АҚШ өзінің ішкі кен өндірісін күшейтті. Бұл материалдар жаңғырмалы қуат көздеріне және «нөлдік эмиссия» көліктеріне көшу жөніндегі ұзақмерзімді ұлттық стратегияның бір бөлігі саналады.

АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметінше, көлік секторы АҚШ-тағы көмірқышқыл газының ең үлкен көзі болып отырғандықтан, электрлі көліктерге көшу парниктік газ шығарындыларын азайтуда маңызды рөл атқарады.

Алайда аккумулятор шикізаттын өндіру үшін керек болатын осы жаңа отандық кеніштер байырғы америкалықтардың жеріне «қол сұғуы» мүмкін. Мәселен, кобальт сияқты бірнеше металл  Байырғы америкалықтар резервациясынан 35 миль қашықтықта табылды. Бұған MSCI ESG Research анықтаған АҚШ-тағы никельдің 97 пайызы, мыстың 89 пайызы, литийдің 79 пайызы және кобальт қорының 68 пайызы кіреді.

Портлендтегі (Орегон штаты) Льюис және Кларк заң мектебінің қауымдастырылған профессоры Лиза Бенджаминнің айтуынша, бұл металдар жаңғырмалы энергия революциясы үшін өте маңызды болғанымен, осы кен орындарының маңында тұратын қауымдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі одан да маңызды.

Бенджамин байырғы халықтарға зиян келтірмеу үшін Жер ресурстарын басқару бюросы қорықтардағы қасиетті жерлерде, мәдени маңызды деп саналатын жақын маңдағы аудандарда пайдалы қазба өндіру жұмыстарына  тыйым салатын қатаң саясат ұстануы және тайпа көсемдерінң келіссөз үстеліндегі орнын қамтамасыз етуі керектігін айтады.

 «Олар мына жобалар алға жылжуы қажет пе деген мәселеде шын мәніндегі дауыс құқығына ие болуы керек. Бірақ дәл қазір олар мұны істеп отырған  жоқ», – дейді Бенджамин.

Автор: Кара Нортон