1Авг

БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Биоқауіпсіздік ұғымының мағынасы кең. Жалпылай айтсақ, бұл кез келген елдің биологиялық қауіп-қатерлерге және сонымен байланысты факторларға тиімді жауап беруге дайын екенін білдіреді. Пайда болуы ықтимал негізгі жұқпалы ауруларды алдын алу және бақылау, биологиялық қару шабуылдарына қарсы қорғаныс амалдары, биотерроризмнің алдын алу, биотехнологияның жаңа жетістіктерін дұрыс пайдалана білу, зертханалық биоқауіпсіздікті қорғау, арнайы биологиялық ресурстарды сақтау – осы саладағы негізгі талаптар.

Hyalomma asiaticum кенелері. Сол жағындағы үлкенірегі – ұрғашысы. Фото: Айдын Есжанов

Табиғи індет ошақтары

Қазақстан территория жағынан әлемде 9-орынды алады және шөлді-дала ландшафттарынан бастап, басын мәңгілік қар басқан тауларға дейінгі табиғатының алуан түрлілігімен сипатталады. Еліміз бай табиғи ресурстарымен ерекшеленетіндіктен, аумағында сібір жарасы (қойда – топалаң, сиырда – қараталақ, жылқыда – жамандат, түйеде – ақшелек, адамда – түйнеме немесе күйдіргі), оба, туляремия, геморрагиялық қызба және тағы басқа да аса қауіпті инфекциялардың (АҚИ) табиғи ошақтары болады. Өкінішке қарай осы эндемиялық инфекциялы өңірлерде адамдар мен жануарлардың ауру жұқтыру жағдайлары жыл сайын тіркеледі. Көптеген инфекцияның қоздырғыштары – жәндіктер мен кеміргіштер. Олар тістеп не шаққанда, жануарлар өнімдерін (сүт, ет) тұтынғанда, науқас адаммен байланысқанда адамдар ауру жұқтырады.

Тасбақаның аяғына жармасқан Hyalomma aegiptium кенесі. Фото: Айдын Есжанов

Соның ішінде табиғаттағы көптеген инфекцияның тасымалдаушылары – кенелер. Ең жиі кездесетін аса қауіпті инфекцияларға туляремия жатады, оның пайда болуына инфекцияның тасымалдаушылары мен сақтаушылары – иксод кенелері әсер етеді. Ал бұл инфекцияны адамдармен қатар кеміргіштер де, жануарлар да жұқтырады. Еліміздің өңірлерінде климат жағдайының әртүрлі болуына байланысты туляремия қаупінің деңгейі Қазақстанның әр өңірінде елеулі айырмашылықтарға ие. Урбанизацияланған аумақтардың табиғи фаунасы, тышқан тәрізді ұсақ кеміргіштердің маусымдық көшуі, жәндіктердің (әсіресе, кенелердің) таралуы инфекция ошақтарын тудыруы мүмкін. Қазіргі кезде Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық дамуының қарқын алуы табиғи ландшафттардың өзгеруіне, урбанизацияланған аумақтарда туляремияның табиғи ошақтарының кеңеюіне әкелді.

Сондай-ақ, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГЛ) сияқты тағы бір ерекше қауіпті инфекцияның тууына кенелер себеп болып отыр. Ал КҚГЛ проблемасы Қазақстан үшін өзекті болып қала береді, өйткені еліміздің оңтүстігіндегі төрт өңірде – Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында осы аурудың табиғи ошақтары бар. Ауру қоздырғышы — кене шаққанда, науқастан немесе жануардан бөлінген сұйықтық тигенде беріледі. Бұл өңірлер мал шаруашылығымен айналысатындықтан, халықтың ірі қара және ұсақ малмен күнделікті қарым-қатынасында дерт жұқтыру қаупі жоғары.

Эндемикалық инфекция ошақтары ауқымының кеңеюі де байқалады. Осыған байланысты адамдардың барлық жерде сақтық шараларын есте ұстағаны жөн. Мысалы, табиғатқа шыққан кезде барынша абай болу, жәндіктердің, кеміргіштердің шағуынан қорғайтын киім кию, зертханалық зерттеуден өткен ет және сүт өнімдерін тұтыну, шикі өнімдерді өңдеу сияқты жағымсыз жайттардан сақтайтын басқа да шараларды ескеру керек.

Індет шекарамен шектелмейді немесе сақтықта қорлық жоқ

Жұқпалы аурулардың ұлттық шекаралармен шектелмейтіні баршаға аян. Жаһандық экологиялық ортаның өзгеруі, халықаралық байланыстың күшеюінен жұқпалы аурулардың кенеттен пайда болуы мен таралуы жиі көрініс беруі әбден мүмкін. Қазақстанның ұланғайыр даласы жан-жағынан аса қауіпті әрі қоғам денсаулығын сақтау тұрғысынан халықаралық назарда тұрған инфекциялар бойынша қолайсыз саналатын елдермен (Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы) шектеседі. Яғни, елімізге жұқпалы аурулардың енуі мен таралуы тұрғысынан биологиялық қауіп зор екенін көрсетеді. Мысалы, Қазақстанның батыс бөлігі бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба ошақтары орналасқан Ресей аумақтарымен шектеседі. Біздің елімізде тек екі аймақ (Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары) осы инфекция бойынша қолайсыз аймаққа жатады және инфекцияның қайдан келетіні айқын. Бірақ бұл аумақтардың көрші елдермен шекаралас орналасуы бұрынғымен қоса, жаңадан пайда болатын инфекциялардың Қазақстанға өту ықтималдығын күшейтеді.

Көбінесе адамдар саяхат, жұмыс сапарлары, туыстары мен достарымен жолығуды мақсат етіп, шекара асады. Соңғы уақыттары, халық шетелге, оның ішінде тропикалық елдерге, басқа континенттерге жиі саяхаттауда. Сондықтан өзге елде болған кезде инфекция жұқтырудың қаупі мен сақтану шараларын есте ұстаған маңызды. Инфекциялардың белгілі бір түрлеріне қарсы міндетті вакциналауды қамтитын сақтық шаралары мен ережелерді қатаң сақтау қажет. Өйткені халық арасында инфекцияның таралуына бір адам да себеп болып, көпшіліктің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Биоқауіпсіздік жүйесі мониторинг пен ескертуді, ерте анықтауды, алдын алу мен бақылауды, диагностика мен емдеуді, шұғыл шараларды және басқа да техникалық аспектілерді қамтиды. Технологияны ұтымды пайдалану биологиялық қауіпсіздік жүйесінің негізі болып саналады. Сондықтан биотехнологияны, әсіресе, гендік синтез технологияларын бақылау маңызды. Гендік синтезге қатысты реттеу және заңды қолдану шаралары синтезделген гендерді зиян келтіру мақсатында пайдалануға жол бермейді. Геномды өңдеудің жаңа технологияларымен қатар ең жарқын және көп үміт күттіретін бағыты – синтетикалық биология. Мұны салыстырмалы түрде табиғатта теңдесі жоқ қасиеттері мен функциялары бар биологиялық жүйелерді жобалауға және құруға арналған биологиядағы жаңа ғылыми бағыт деуге болады.

Гені түрлендірілген өнімдер

Гендік-түрлендірілген өнімдерді пайдалану көлемі жылдан жылға артып келеді. Генетикалық түрлендірілген организмдер (ГТО) – генетикалық материалы гендік инженерия технологияларын қолдану арқылы өзгертілген өнімдер. Нәтижесінде өсімдіктер, микроорганизмдер тегіне тән емес жаңа қасиеттерге немесе сипаттамаларға ие болды. Шын мәнінде, ГТО адамзатты аштықтан құтқаруға бағытталған. Алайда гендермен манипуляция жасау өнім құрамында токсиндердің ұлғаюына немесе тағамда жаңа токсиндердің пайда болуына, онкологиялық аурулар мен аллергия туындауына әкеп соқтыруы мүмкін.

(Гендік түрлендірілген өнім туралы толығырақ мына мақаладан оқуға болады: ГМО туралы аңыз бен ақиқат)

Бүгінгі таңда адам ағзасындағы патологиялық жағдайлардың пайда болуына жауап беретін организмдер геномының элементтерін жасанды түрлендіру мүмкіндіктері белсенді зерттеліп жатыр. Адам өміріне өзек болып тұрған гендерді бұзу оларды геномдық қару ретінде қолдану қаупін күшейтеді. Модификацияланған организмдерді пайдалану тәртібі әр елдің нормативтік құқықтық актілерімен реттелуі керек, ал осы өнімдерді тұтынушылар денсаулыққа зиян келтірмейтіндей таңдау жасауға және оларды мақсатына сай пайдалануға жауапты.

Төзімді бактериялардың көбеюі алаңдатады

Кейінгі жылдары көптеген дәріге төтеп бере алатын бактериялар мен төзімді бактериялардың жаңа штамдарының пайда болуы мен қарқынды таралуы адам денсаулығына үлкен қауіп төндіруде. Биоқауіпсіздік саласында антибиотиктерге төзімділік айқын мәселе екені анық. Осы тұстағы ең үлкен жаңсақ түсінік – адам ағзасы микробқа қарсы препараттарға бейімделіп (төзімді) алады деген тұжырым. Шынтуайтында, адамдар емес, микроорганизмдер антибиотиктерге «әсер етпейтін» болып табылады. Мұндай төзімді бактериялардың таралуы емделуі қиын инфекцияларды тудырады. Осылайша бактериялардың микробқа қарсы препараттарға төзімділігі мәселесі әркімге де әсер етуі мүмкін. Дәріге төзімді бактериялар тудыратын инфекциялар ұзақ мерзімді стационарлық емдеуге әкелуі және өлім қаупін күшейтуі ықтимал. Антибиотикке төзімді штамдардан туындаған инфекцияларды емдеу сезімтал штамдардан әлдеқайда қиынға соғады. Дәріге төзімді штамдардың негізінде жатқан механизмдерді зерттеу олардың таралуын тоқтатуда шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар микробқа қарсы препараттар қолданысын бақылауды күшейту – дәріге төзімділіктің одан әрі үдеуі мен аурудың таралуын болдырмаудың жолы. Кейде адамдар «өзін-өзі емдеймін» деп антибиотиктерді бейберекет қолдану арқылы осы мәселенің қармағына ілігеді.

Әр адам өз денсаулығына жауапты, сондықтан инфекция пайда болған кезде емдеу курсын дұрыс таңдайтын, дәрі-дәрмекті өз бетінше қолданудың салдарынан құтқаратын арнайы маманға жүгіну керек.

(Денсаулық туралы мына мақала да сіз үшін пайдалы болуы мүмкін: Алмаз Шарман: Тән және «Мен»)

Климат өзгерісі мен су тасқыны жағдайды ушықтыруы мүмкін

Климаттың өзгеруі де микробтардың түрленуіне, қоздырғыштардың таралуына тікелей әсер етеді, сондықтан оларды дер кезінде анықтаудың маңызы зор. Мысал ретінде бертінде ғана болған Қазақстандағы үлкен мәселенің бірі – су тасқынын келтіруге болады. Бұл – ауқымы жөнінен кейінгі 80 жылда болған ең ірі тасқын. Соның салдарынан аса қауіпті инфекциялардың көбею, жер бетіне шығуы, инфекция қоздырғыштарының көшу қаупі артты. Табиғи апат аймағында су деңгейі бірнеше ай бойы жоғары болды. Үйлер мен қора-қопсыны су шаюы салдарынан ағаш, жануарлар өлекселері және басқа да қалдықтар көбейді. Мұндай кезде қалдық сулар мен кәріз суларының жалпы сумен жабдықтау жүйелеріне қосылып кету ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Бұл халық арасында инфекцияның таралу қаупін бірнеше есе арттырады.

Шын мәнінде, су тасқынының салдары су кеткеннен кейін де қалады, өйткені су басқан аймақтағы топырақта ылғал деңгейі біраз уақытқа дейін сақталады. Осылайша микроорганизмдердің, жәндіктердің, кеміргіштердің таралуы мен көбеюіне қолайлы жағдай туады. Су тасқыны кезінде денсаулық сақтау, ветеринария, төтенше жағдайлар саласындағы барлық мүдделі органдар, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да құзырлы органдардың қызметкерлері зардап шеккендерді құтқаруға, су мен топырақ сынамаларын алуға, тұрғындар мен жануарларды вакциналау сияқты түрлі жұмыстар мен іс-шараларға жұмылды. Сөйтіп, төтенше жағдайдың кесірінен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы органдар мен жергілікті атқарушы органдар инфекция ошақтары мен тасымалдаушыларына қарсы күресті, эпидемияға қарсы жоспарлы профилактикалық іс-шараларды, кенеге қарсы өңдеу мен дератизация мерзімдерін кейінге шегеруге мәжбүр болды. Енді мұның да белгілі бір салдары болуы мүмкін. Атап айтсақ, тиісті іс-шаралар уақытылы өткізілмегендіктен, қоршаған ортаның өзгеруі, жасыл желектің ұлғаюы, аумақтың қоқыстануы сияқты факторлар қауіп-қатерді жою жұмыстарының сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы ахуалды дұрыс бағамдап, кез келген апат пен табиғи құбылысқа, ең бастысы, солардың салдарына дайын болу керек екенін түсінгені маңызды.

Мадина Айткулова, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ