Бұл кісінің қолынан шыққан тұскиіздерді суретке түсіріп алуды ойлап жүргеніме көп болған. Бірақ өзім кәсіпқой фотограф болмағандықтан, реті келмей, кейінге ысырыла берген еді. Көңіл түкпірінде жүрген сол ойды таяуда National Geographic Qazaqstan фотографы Ерболат Шадраховтың көмегімен жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Зәкия Ақайқызы біздің қолқалауымызбен Астананың маңындағы Қоянды ауылына ақ шаңқан қазақ үйін тігіп, балаларының әрқайсысына атап жасаған тұскиіздерін түгел алдырды.
«Неліктен тұскиіз?» деп сұрарсыз. Иә, қазақ халқының бір ғана киіз үй жабдығы мен оның ішкі-сыртқы интерьерін толықтыратын әрбір деталі қолөнер туындысы екеніне дау жоқ. Бірақ солардың ішіндегі тұскиіздің орны да, өзіндік құны да ерекше. Ол – киіз басу, ою салу және кестелеп тігу секілді үш бірдей өнердің қосындысы. Тұскиіздің, әсіресе алуан айшықты оюының өңін ашып, жалпы дизайнын жарқырата көрсететін де осы соңғысы – кестелеп тігу. Бұл – айрықша ыждағат пен дизайнерлік шеберлікті, сондай-ақ көздің өткірлігін қажет ететін ұзақ процесс. Оны тігу барысында шебер болашақ тұскиіздің ою-өрнегіне өзінің алғаусыз ниеті мен ақ тілегін де сіңіреді. Сондықтан да ол үйдің сәнін кіргізіп, салтанатын асыратын көп бұйымның қадірлісі болды. Сан ұрпақты қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғады. Ұлға – мирас, қызға жасау ретінде берілді. Күні кешеге дейін солай болып келді.
Зәкия Ақайқызы – сол дәстүрді берік ұстанған үлкен әулеттің анасы, осынау ұлттық қолөнердің жанашыры әрі жалғастырушысы. «Ою-өрнек ой айтар» деп аталатын кітаптың авторы.
Міне, Зәкия апай қол жетер жердегі бала-шағасының үйлерінен алдырған, өз қолынан шыққан тұскиіздерді қазақ үйдің керегелеріне түгел ілді. Арасында Алматыда тұратын екі қызына берген тұскиізі ғана жоқ демесеңіз, осындағы барының өзі алты қанат ақ үйді түгел алып тұр.
«Мына тұскиізді ең алғаш 7-сыныпта оқитын кезімде тіктім, – дейді Зәкия апай үйдің қақ төріне ілінген, жіті үңіліп қарамасаң, көнелігі аса біліне қоймайтын тұскиіздің кестелі тігісін қолымен сипап. – Ұзатылған кезімде жасауыммен бірге келген. Содан бері төрімде тұр. Ал мына қасында тұрғаны — отау құрған жан жарым Өкеге арнап тіккен тұскиізім».
Содан беріде Зәкия апа тұла бойы тұңғыш ұлынан бастап, сүт кенжесіне дейінгі ұл-қыздары дүниеге келген сайын әрқайсысына арнайы тұскиіз тіккен. Кейін атаулы дүниесін өзді-өзіне – ұл көтерген отауға, қыз кетердегі жасауына беріп отырған. Енді арада біраз жыл өткенде бұл тұскиіздер Зәкия апаның балаларымен байланысты жылы естеліктерін жаңғыртқан сыңайлы, әрбірінің тарихына тоқталған сайын жүзі нұрланып, әңгімесі жандана түседі. Сол әсерлі әңгіме-баянның жетегінде керегедегі тұскиіздердің ою-өрнегі мен зеріне үңіліп қоямын. Кенет көзім босаға жаққа таяу тұрған тұскиіздің жоғары тұсына ілінген үкілі түймеге түсті.
«Мұны маған шешем аманат еткен», – деді Зәкия апа менің назарым ауғанын байқап. Міне, қызық! Түйменің жасалғанына кемінде 120 жыл болыпты. Оған қоса, зұлматты жылдарға тірелетін өз тарихы да бар екен.
«Шешем деп отырғаны, негізі, өз әжесі, яғни әкесінің анасы. Сол кісінің бауырында өскендіктен, шешем деп айтады», – деп сыбырлады қасымда тұрған ортаншы ұлы Нұрлан (сондықтан оқырманды жаңылдырмас үшін бұдан әрі әжесі деп жаздық).
Апамыз сол бір қайта оралмас күнді есіне алғандай сәл кідіріп, сөзін жалғады. «Әжемнің әкесі Ерқара аймаққа әйгілі, беделі зор молда болған екен. Кәмөнес-
тер (коммунистер) билігі оны жазықсыз тұтқындап, ала жөнеліпті. Содан аман оралмайтынын сезсе керек, атамыз өңіріндегі осы түймені жұлып алып, «көзімдей көріп жүр» деп, қызына лақтырыпты. Содан қайтып әкесін көрмепті. Жарықтық әкесін сағынғанда осы түймені қалтасынан алып, сипалап отыратын. Кейін, 102 жасқа келіп, қайтыс боларының алдында маған аманат етті», – деді Зәкия апа заманында мықты ұстаның, әлде зергердің қолынан шыққан түймені аялай сипап. Зымыраған уақыттың алыс түкпірінде қалған сол оқиға көз алдына келді ме, әлде өзі де әже болған шағында шешеге деген сағынышы оянды ма, сәл мұңайып қалды.
Сол ауанда әңгіме бүгінгі күнге, өзін толғандыратын жайттарға ауысты. Осы қолөнерімізді, ұлттық мұрамызды көбірек жазып-көрсетіп, насихаттау қажет екенін айтты. Бүгінгі жастар кейде тұскиіз, сырмақ, текемет дегеннің не екенін біле бермейтініне жүрегі ауыратынын жеткізді.
«Мына тұскиіздерге шетелдік туристер қатты қызығады, бағасына қарамай сатып алады. Ал өзіміз қадірін білмей жүрміз, – дейді қынжылысын білдірген Зәкия апа. – Мұнда халқымыздың танымы мен бітім-болмысы жатыр ғой!»
Мен тек бас изедім. Бүгінде Қытай мен Моңғолиядан атамекенге оралған отбасыларда ғана болмаса, кеңестік Қазақстанда 80-жылдардан бергі кезеңде туған замандастарымның үйінен тұскиіз көре қоюыңыз екіталай.
Осы ойдың жетегінде тұрып, бұл тақырыпқа өзімді нендей күш жетелегенін түсінген сияқтымын. Зәкия апамен түйдей құрдас менің анамның да қолының ісмерлігі бар. Түрлі құрақ көрпе, Наурыз мейрамына арналған шапан, тақияларымызды өзі тігетін. Біздің үйде де анамызға шешесінен мирас боп қалған көнелеу тұскиіз ілініп тұратын. Анамыз сол тұскиіздің тозыңқыраған тұстарын реттеп, реставрация істеп қоятыны есімде. Кейін, жасы ұлғая келе, көзі нашарлай бастаған соң, іс тігуін қойды. Ал біз сол тұскиізді құнттап, сақтай алмадық. Өкінішті. Бірақ кейінгі кездері елде ұлттық нақыштағы киімдер, түрлі бұйымдар қайта қолданысқа еніп жатыр. Тұскиіз де сол қатардан табылады деген үміт бар.
Сізге мына мақала да қызықты болуы мүмкін: Бостандыққа ұмтылған қазақтар
Автор: Айбын Шағалақ Фото: Ерболат Шадрахов