25Ноя

Еліміздегі ең көрікті жерлердің үздік бестігі

Алтайдан Атырауға дейін созылған даламызда табиғаттың неше түрлі ғажайыптары бар. 2,7 миллион шаршы шақырымға жуық территорияда қар басқан шыңы көк аспанға тіреу болған алып тау да, айнадай жарқыраған көлдер де, тамшы табылмайтын шөлдер де кездеседі.

Әр жердің табиғаты өзінше сұлу, көркем, сұсты, асқақ, тылсым, тіпті жұмбақ десе де болады.

Бұрындары ақпарат жеткіліксіз болса, әлеуметтік желі мен түрлі фото-бейне жазу құралдары кеңінен қолданысқа енгелі бері байтақ жеріміздің кереметтерін паш ететін жазбалар да интернет желісінде көбейді. Саяхатшылардың да қатары артып келеді.

Өздеріңізге мәлім, ғылыми-танымдық National Geographic Qazaqstan журналы да еліміздің әр тарапына арнаулы экспедициялар ұйымдастырып, туған өлкеміздің көрікті жерлерін кәсіпқой фотографтар мен видеографтардың обьективтері арқылы танытып, экологиялық мәдениетті, табиғатқа деген жанашырлықты насихаттап келеді.

Біз әлемдік National Geographic жариялайтын, жер бетіндегі ең көрікті туристік орындар мен мекендер рейтиңін де сайтымызда оқырманға ұсынып жүрміз. Бұл туралы мына сілтемеден оқуға болады: https://nationalgeographic.kz/2024/10/29/uezdik-25-keler-zhyly-sayahattawgha-bolatyn-aelemdegi-twristik-oryndar/)

Сондай-ақ, биыл біз еліміздегі саяхатшы-блогерлер, фотографтар мен видеографтар арасында сауалнама жүргізу арылы Қазақстанның да ең көрікті, міндетті түрде барып көруге тұрарлық мекендерінің үздік бестігін жасадық. Олардың әрқайсысы біздің сұрауымыз бойынша өзі ең үздік бестікке кіргізетін көрікті жерлерді атады және неліктен міндетті түрде барып көруге кеңес беретінін айтты. Келіп түскен жауаптарды саралай келгенде, ең жиі аталғанына қарай үздік бестік былай түзілді:

1. Мұзтау. Шығыс Қазақстан облысы

Фото: Ұлан Медеу

2. ⁠Бозжыра.  Маңғыстау облысы

Фото: Фархат Қабдықайыров

3. Көлсай. Алматы облысы

Фото: Дмитрий Доценко

4. ⁠Келіншектау, Жамбыл және Түркістан облыстары

Фото: Фархат Қабдықайыров

5. ⁠Бурабай. Ақмола облысы

Фото: Ерболат Шадрахов

Сонымен, неліктен Мұзтау?

Сұрау салынғандардың басым көпшілігі Мұзтауға бір көргеннен ғашық болған сияқты. «Мұзтауға бір барған жан сол жақтағы тылсым көріністі еш ұмытпайды» дегенге саятын пікір айтқандардың көбі Мұзтауды өз «бестігінде» бірінші орынға қойған немесе міндетті түрде атап өткен.

Фото: Ұлан Медеу

Айталық, саяхатшы әрі тауға жаяу тур ұйымдастырушы Аян Назан, видеограф Әділет Рахметолла, Фотограф Артем Орлянскийлер Мұзтауды, оған барар жолдағы Қаракөлді бірінші орынға қойған.

Аян Назан Мұзтаудан кейінгі орында барып көруге тұрарлық жерлер деп екінші Көлсай көлін, Үлкен Алматы шыңын, Ақсу шатқалын, Бұрхан бұлақты атаған.  Алматы қаласынан 300 шақырым жерде, Күнгей Алатау жотасының сілемдерінде орналасқан Көлсай көлдері бүгінгі мақаламызда әлі бірнеше рет аталары сөзсіз. Тізімін Мұзтаудан бастаған Әділет Рахметолла Алматы облысындағы Нарынқол мен Кеген аудандарының көрікті жерлерін «баға жетпес жұмақ табиғат» деп бағалаған. Ал үшінші кезекте Бозжыраны атаған екен. Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудан 300 шақырым әрідегі шатқал негізінен мезозой дәуіріндегі Тетис мұхитынан қалған жәдігер. Сондықтан да мұнда әктас шөгінділерінен құралған ландшафт пен бақалшықтар көптеп кездеседі. Осы Бозжыра біздің сауалнамамызда аталу жиілігі бойынша екінші орында тұрғанын еске сала кетейік. 

Алатаудың Қаратаумен қауышқан тұсында орын тепкен Түлкібас да топ бестіктің қатарында. Жаскешу ауылындағы Балықты көлі, Қасқабұлақ шыңы, Жабағылы өзені ауданның ерекше атап өтер жерлері. Одан бөлек «Тамшы әулие», «Ақтас әулие» сияқты тылсымға толы киелі жерлері де бар. Әділет Рахметолла өз «бестігін» Бурабаймен аяқтаған. Мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай түп-түзу, кей тұсында мың бұралған жасыл желекті ақ қайыңдар көмкерген Бурабай суреттеуді қажет етпейтін шығар, сірә.

Фотограф Артем Орлянский де Шығыс Қазақстан облысын алдымен атап, өр Алтайдың бөктеріндегі Қаракөл көліне барып көруге кеңес беретінін айтты. Мұзтауға барар жолда алдыңыздан шығатын бұл көл теңіз деңгейінен 1656 метр биіктікте орналасқан. Жасыл-сары түсті суы көлге ерекше сипат береді.

Осы орайда біз ағылшын альпинисі Самюел Тернердің кезінде Мұзтауға  қалай тамсанғанын да келтіре кетейік.  Жоспарлаған Мұзтауға жеткенде ол: «Қарсы алдымнан сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін табиғаттың тамаша көрінісі ашылды. Соған қарап тұрып, бұл тау туралы әлі көп сөз зергерлерінің қалам тартпағаны, көркемдіктің осы келбетін фото камераның жөн-жосықсыз қорлай қоймағаны және мұндай мүмкіндікті көрудің адам өмірінде бір-ақ кездесетіні туралы ой жылт ете қалды. Жолшыбай бастан өткерген қиындықтардың бәрі ұмытылып сала берді», деген екен.

Саяхатшы, видеографтардан Дастан Мұхамедкәрімнің тізімінде Мұзтау, Бозжыра, Көлсай, Асы жайлауы мен Бурабай тұрса, видеограф әрі тау гиді Еркін Айбек өз тізімін Бозжырадан бастаған. Тауға шығумен әуестенетін спортшы Бозжыра шатқалына әр қазақстандық міндетті түрде барып көру керек деген ойда.

Фото: Александр Кузнецов

Үшінші орында тұрған Көлсай көлдері туралы фотограф Дмитрий Доценконың пікіріне назар аударсақ, ол былай депті:  «Көлдер әртүрлі биіктікте орналасқан, әрқайсысы ерекше. Төменгі көл – ең үлкені әрі су бетін түсіруге ыңғайлы. Ортаңғы көл мен биіктегі көл төменгіге қарағанда тыныш, жету қиындау. Сондықтан тылсым атмосферасы бар. Айнадай жарқыраған көл бетіне тау мен орман бейнесі шағылысып, күн шығар не батар шақта драмалық пейзаж тамашалауға мүмкіндік туады. Жылдың әр мезгілінде, күннің кез келген уақытында барғанды ұнатамын», – дейді фотограф.

Фото: Еркін Айбек

Ол өз бестігінде Келіншектау мен Бурабайды, сондай-ақ Іле Алатау мен Орталық Тянь-Шань тауларының да қайталанбас табиғатын атап өтіпті.  

Еркін Айбектің ұсынар ерекше локациясы – Кеңсу мен Ыбықты сай. Кенсудың панорамалық көрінісін Исландия не Норвегияға ұқсататындар көп. Ландшафт, орналасуы мен көлдер саны, барар жолы тұрғысынан, сөзсіз, ерекше жер. Кеңсуді «жүз көл аңғары» деп атайды. Негізгі көлдер теңіз деңгейінен 3000-3300 метр биіктікте орналасқан. Көлдер шекараға жақын, арнайы белгілер болмағандықтан, шекарадан асып кетуіңіз де мүмкін. Кеңсу Алматы облысы Кеген ауданында, Күнгей Алатаудың оңтүстік-шығысында орналасқан. Ал Ыбықты сай – республикамыздың батысында. Маңғыстау облысындағы шатқал ғажап көркімен көпті таң қалдырады. Литосфералық плиталардың жылжуы мен жер сілкінісінің салдарынан туған табиғи сайдың іші жазда 30-40 градус ыстықта да жанға жайлы салқын болып тұрады. Ыбықты сайдың қабырғалары қайталанбас өрнектермен көмкерілген, зергердің зерделі жұмысына ұқсайды. Сондықтан видеограф еліміздің батысына жол түссе, міндетті түрде баруға кеңес береді.

Видеограф Нығмет Маткерімнің бестігінде Шығыс Қазақстандағы Рахман бұлақтары, Жетісу облысындағы Алтынемел ұлттық саябағы, Алматы облысы Кеген ауданы, Үлкен Алматы көлі мен Қаракөл бар. Рахман бұлақтары емдік суымен ғана емес, көз сүйіндірер табиғатымен де жанға шипа, дертке дәру екені анық. Ал аумағы 520 мың гектарды құрайтын Алтынемел ұлттық саябағы бірегей табиғи ескерткіштерге, түрлі жануар мен өсімдіктерге бай. Саябақ аумағына Іле өзенінің оң жағалауы, Ақтау, Қатутау, Қояндытау сияқты таулар, «Әнші құм» деп аталатын табиғи ескерткіш кіреді. Онда ерекше қорғауға алынып, «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер мен жануарларды кездестіре аласыз.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Видеограф Сәкен Қағаров Алматы жүрегі деп есептейтін Шымбұлақты бірінші орынға қояды. Екінші орында Рахман бұлақтарын атап өтіп, оған апарар жолдың тіпті ерекше екенін айтады. Ол бұл аймаққа күзде баруға ерекше кеңес береді. Сонымен қатар Бозжыраға, Қайыңды көліне, Шарын шатқалына да бару керек дейді.

Шығысқазақстандық видеограф Ұлан Медеу тізімінде Мұзтау, Алматы облысындағы Асы жайлауы, Бозжыра, Қаракөл мен Шарын шатқалы бар. «Мұзтауға бір барып көрген адам, оның тұмса табиғатының көрінісін ешқашан ұмытпайды» деген ол Бозжыраны жер бетіндегі ең фантастикалық жерлердің біріне теңесе, «Қаракөлде бір күн түнеп көргендер  ең әдемі таң сол жақта ататынына келісетінін» айтады. «Ал Асы жайлауы, менің ойымша, еліміздегі ең әдемі жайлау. Шарын шатқалы әлемдік локациялардың қатарында десек болады», – дейді Ұлан Медеу. Иә, Шарын шатқалы елімізге талай шетелдік туристі тартқан жер. Алматы қаласынан шығысқа қарай 200 шақырым жерде орналасқан шатқал көркі теңдессіз. Ұзындығы 154 километрді бойлаған, тереңдігі 150-300 метрге жететін шөгінді жыныстардан құралған табиғи ескерткіштің жасы 12 миллион жылдан асады деген ақпарат бар.

Фото: Ерболат Шадрахов

Әлбетте, алуантүрлі ландшафтқа бай еліміздің көрікті, қызықты жерлері біз ұсынған үздік бестіктен әлдеқайда көп. Бұл тек талай жерді аралап, түрлі әдемі кадр түсірген, тартымды видео таспалаған кейіпкерлеріміздің мейлінше іріктеп ұсынған тізімі. Олар атаған көрікті жерлердің қай-қайсысы да керемет әрі кез келген адамды тамсандырары күмәнсіз. Бұған National Geographic Qazaqstan редакциясы да талай рет көз  жеткізген. Біз тек 2022 жылдан беріде еліміздің әр тарапына 15-тен аса экспедиция ұйымдастырдық. Атап айтсақ, құрамында кәсіпқой фотографтар мен блогерлер, табиғат жанашырлары мен журналистер, экологтер бар арнаулы экспедициямыз Алматы облысына 5 рет, ШҚО-ға 4 рет, Түркістан мен Маңғыстау облыстарына 3 реттен,  ал Ақмола облысына 2 рет барып қайтты.

Олай болса, құрметті оқырман, сіз де біздің қатарымызға қосылыңыз! Байтақ Қазақстанымыздың ғажайып мекендеріне саяхат құрып, тау мен тасын, орманы мен өзенін, көлі мен шөлін аралап көріңіз. Әлі талай тамсанып, таңдай қағарыңыз анық!