Әлем географтары, астрономдары мен теңізшілері арасында түпнегіз болатын әмбебап сызық туралы мәміленің жоқтығынан, жүз жыл бойы әркім бойлық стандартын өзінше белгіледі. Сол себепті де нөлдік меридианға келісу ұзаққа созылды.
Қазіргі географтар Жер шарындағы орынды дәл көрсету үшін қиылысатын сызықтар жүйесін пайдаланады. Экватор сызығы Жерді Солтүстік және Оңтүстік жартышарға бөлетіндіктен, батыстан шығысқа қарай жүретін ендіктер түсінікті еді. Ал батыс пен шығысты анықтау үшін солтүстіктен оңтүстікке қарай жүретін бойлықты белгілеу үшін мұндай айқын белгі болмады. Ежелгі картографтардың әрқайсысы нөлдік меридианды өзі белгіледі және ол көбіне өз елінің астанасы арқылы өтті. Бірақ нөлдік меридиан көбейе келе, карталар мен теңіз сызбаларында, уақыт өлшемі мен халықаралық теңіз саудасында келеңсіздік көбейді. 1884 жылы Уашиңтон қаласында өткен Халықаралық меридиан конференциясында 25 елден келген делегаттар Англияның Гринвуичіндегі Корольдік обсерватория арқылы өтетін нөлдік меридианды бойлық пен уақыт стандартының әлемдік базалық сызығы ретінде қабылдауды ұсынды. Дегенмен дәстүрді бұзу оңай емес. Соңына дейін қасарысқан елдер, арасында Франция мен Португалия да бар, орынды анықтаудың осы жаһандық әмбебап жүйесін қабылдауы үшін қырық жылдай қажет болды.
Экватордан қарағанда
Экватор – Жер полюстерінің қақ ортасы. Ендіктердің барлығы оған параллель жатыр, сол үшін параллельдер деп те аталады.
Тал түс
Латын тілінен «тал түс» деп аударылатын меридиан – Күннің тал түсте қай жерде тұратынын көрсететін сызық.
Жер жүзін қақ жарған
Экватор мен барлық меридиан үлкен шеңберлер деп те аталады, өйткені олардың жазықтығы Жердің ортасынан өтіп, оны тең жартышарларға бөледі.
Ежелгі стандарттарды қайта қарағанда
Грек географтары көбіне өздеріне белгілі әлемнің батыстағы ең шеті — Канар аралдарындағы Ферроны белгілеген. Алайда кейін зерттеулер аясы кеңейді.
Дәлдікті күшейту жалғасуда
Жаһандық орынды анықтау жүйелері орынды дәл анықтау үшін ендік пен бойлықты, сондай-ақ биіктікті (нөл ретінде теңіз деңгейі) өлшейді. Мейлінше дәл болу үшін осы есептеу процесі гравитация мен Жер пішінінің кедір-бұдыры сияқты факторларды да ескереді.
Авторы: МЭТЬЮ У. ШУАСТИК