Рас-әл-Хайма Қазақстан туристерін несімен қызықтырады?
Рас-әл-Хайма туристерді өзіне тән жоғары сапалы жағажай курорттары, мәдени ескерткіштері мен табиғат аясындағы таңғажайып демалыстарымен баурап алады. Біріккен Араб Әмірліктерінің ең көрікті әмірлігі саналатын бұл қалада шексіз шөлдер мен ақшаңқай жағажайлар алып таулармен әдемі үйлесім тауып, саяхатшыларға сан алуан әсер сыйлайды.
Рас-әл-Хайманың басты артықшылықтарының бірі – жанға жайлы ауа райы. Басқа жерлерде қыста салқын болса, бұл қалада жылы теңіз бен күн нұрына жыл бойы шомылуға болады. Қазақстандық туристер арасында Рас-әл-Хайма қысқы демалыс өткізетін орын ретінде ерекше танымал. Өйткені Қазақстаннан келген, қыстың қытымыр суығынан қашқан туристер осындағы жағажайларда демалады. Дегенмен әмірліктің Туризмді дамыту департаменті соңғы жылдары қыстан бөлек, жазғы маусымға деген сұраныстың да арта бастағанын байқап отыр. Бұл сол кезеңдегі әуе компаниялары мен қонақүйлердің тиімді ұсыныстарымен байланысты.
Сонымен қатар Рас-әл-Хаймаға сапар шегу үшін қолжетімді көлік қатынасының болуы да маңызды рөл атқарады.Туристердің таңдауына қарай, жыл бойы Қазақстанның әртүрлі қаласынан Дубай, Әбу-Даби және Шарджаға тікелей рейстер ұшады. Ұшу уақыты бар-жоғы төрт сағатты құрайтын бұл рейстер әмірліктерге жылдам әрі жайлы жетуге мүмкіндік береді (Рас-әл-Хаймаға Дубай әуежайынан 45 минутта, ал Шарджа әуежайынан 35 минутта жетуге болады).
Рас-әл-Хайма ұзындығы 64 шақырымды құрайтын ақшаңқай әрі тап-таза жағажайларымен танымал. Жағалаудың бойында орналасқан қонақүйлер аквапарктер, ойын алаңдарымен қатар, отбасылық бөлмелер мен балаларға арналған мәзір ұсынады. Сондықтан Қазақстаннан келген туристердің көбі үй ішімен демалу үшін Рас-әл-Хайманы таңдайды.
Сонымен қатар Рас-әл-Хайма экотуризм саласында да көшбасшы саналады, ал тұрақты даму – әмірлік стратегиясының негізгі мақсаты. Бұл стратегия қоршаған ортаны қорғауға, мәдени мұраны сақтауға және жергілікті тұрғындар мен туристердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Іс жүзінде бұл бірнеше шараны қамтиды. Олардың қатарына Рас-әл-Хаймаға туристердің шамадан тыс, көп келу мәселесін шешу үшін қонақүйлердің құрылысын бақылау, туризм саласындағы ғылыми талдау мен кеңес беру бойынша әлемдік көшбасшы EarthCheck ұйымымен бірлесіп, сертификаттау мен тұрақты даму бағдарламаларын енгізу жұмыстары кіреді.
Осы аталған факторлар Рас-әл-Хайманы ерекше туристік бағытқа айналдырады. Яғни, жайлы демалыс пен шытырман оқиғалар іздегендерден бастап, мәдени ерекшеліктерді сезінуге ұмтылғандарға дейін бұл мекеннен өз қалауын таба алады.
Қазақстаннан келген туристердің саны туралы толық статистикалық дерек бар ма?
2023 жылы Рас-әл-Хайма 1,22 миллионнан астам турист қабылдап, әмірлік үшін рекордтық көрсеткіш орнатты. Бұл жетістікке Қазақстанның қосқан үлесі де зор болды. Себебі қазірде әмірліктердің негізгі туристік нарығында біздің әмірлік екінші орынға ие. 2024 жылы Қазақстаннан келетін туристер саны былтырмен салыстырғанда 8,3 пайызға артқан. Осылайша, Қазақстан Рас-әл-Хайманың бес басты туристік нарығының қатарында тұрақты түрде көшбасшы орынды сақтап келеді.
Саяхатшылар санының, соның ішінде Қазақстаннан келетін туристердің артуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – Рас-әл-Хайманы әлемдік деңгейдегі туристік бағыт ретінде дамыту және қонақүй инфрақұрылымын кеңейту. Алдағы жылдары W Hotels, JW Marriott, Rotana, Nobu Hotels, Westin сияқты әлемдік брендтермен серіктестік арқасында әмірліктегі қонақүй бөлмелерінің саны екі есеге артып, 7 000 жаңа нөмір пайда болмақ.
Сонымен қатар 2027 жылы Рас-әл-Хаймада үлкен ойын аймағы бар Wynn Resorts курорты ашылады. Ол да уақыт өте келе сырттан келген саяхатшылар үшін қонақжай алыбына айналуы мүмкін.
Қазақстандықтарды қандай туристік орындар көбірек қызықтырады?
Рас-әл-Хайма Қазақстаннан келетін туристерді әртүрлі ерекше туристік нысандарымен тартады. Олардың бірі – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең биік тау Джебел Джейс. Мұнда 94 шақырымды құрайтын, арнайы жабдықталған жаяу жүргіншілер жолы бар. Ол дайындығы әртүрлі деңгейдегі туристерге өз маршрутын таңдауға мүмкіндік береді.
Ал Jais Adventure Park қонақтарды қызықты тосынсыйларымен таңғалдырудан жалыққан емес. Оның ішінде әлемдегі ең ұзын зиплайн саналатын Jais Flight, алты зиплайннан тұратын Jais SkyTour және басқарылатын тау шаңғысы Jais Sledder бар.
Сондай-ақ Джебел Джейсте БАӘ-дегі ең биік тау мейрамханасы 1484 by Puro орналасқан. Мұнда еуропа асханасынан дәм татып, террассасынан Хаджар тауларының керемет көрінісін тамашалауға болады.
Қазақстандық туристер арасында тағы бір танымал орын – Bear Grylls Explorers Camp лагерінде орналасқан жайлы үйшіктер. Джебел Джейс тауындағы бұл лагерь табиғат аясында қызықты түндер өткізуге мүмкіндік береді. Лагерьде әлемге танымал Беар Гриллс пен оның сарапшылардан құралған командасы дайындаған арнайы курстар ұйымдастырылады. Бұл курс туристерге табиғат аясындағы жанбағыс қабілетін шыңдауға көмектеседі. Одан бөлек, лагерьде балта лақтыру, пневматикалық винтовка мен садақ ату шеберліктерін де сынап көруге болады. Сондай-ақ лагерь өз қонақтарын экстремалды әрі таңғажайып көріністерімен таңғалдыратын виа ферратасымен де атақты.
Қазақстандық туристердің арасында тыныш әрі жайлы демалысты қалайтындар үшін Ritz Carlton Al Wadi Desert курорты да танымалдылыққа ие. Бұл курорт 1 235 акр аумақты қамтитын Al Wadi қорығында орналасқан. Мұнда қонақтар тұмса табиғат аясындағы жеке виллаларда демала алады. Қонақүй шөлде түйемен серуендеу, Al Wadi Equestrian Adventure Center спорт орталығында атқа міну, жұлдызбен көмкерілген ашық аспан астында ас ішу, қаршыға шоуын тамашалап, араб орикстері мен газельдер мекендейтін қорықта сафари ұйымдастыру сияқты ерекше демалыс түрлерін ұсынады. Сонымен қатар ActionFlight компаниясының әуе шарымен ұшып, Рас-әл-Хайманың шөлін биіктен тамашалауға болады.
Осы тұста көптеген қазақстандық әмірлікке арнайы Suwaidi Pearls Farm маржан фермасын көру үшін келетінін айта кеткен жөн. Себебі мұнай кен орындары ашылмай тұрып, маржан жинау БАӘ экономикасының негізгі табыс көздерінің бірі болған.
Suwaidi Pearls Farm – БАӘ-дегі маржанды әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізетін жалғыз ферма. 2005 жылы маржан жинаушы әулетінің соңғы өкілі Абдулла әл Суэйди негізін қалаған бұл ферма – маржан өндірудің ежелгі өнерімен танысуға мүмкіндік беретін ерекше орын.
Фермаға экскурсия устрицалар өсетін мангр тоғайларының бойымен басталып, бірнеше сағатқа созылады. Мұнда туристерге маржанның қалай пайда болатыны, оның түрлері туралы айтылып, кофе ұсынылады және бұрын маржан аулау үшін қолданылған дәстүрлі ағаш қайық таныстырылады. Таңғажайып табиғат көріністерімен астасқан экскурсия кезінде маржан өндіру әдістері көрсетіліп, фермаға қатысты толық ақпарат беріледі.
Рас-әл-Хаймада ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне БАӘ-дегі 17 нысанның 4-еуі енген. Олар қай нысандар?
Рас-әл-Хайма тарихи тамырын көлемі 7 000 жылды құрайтын қола дәуірінен алады. Сол себепті әмірлік аумағында көптеген тарихи ескерткіш пен артефактілер сақталған. Солардың қатарында: маржан жинаушылардың ежелгі ауылы – Әл-Жазира әл-Хамра, таудың басында орналасқан ежелгі бекініс – Дайя тау қамалы, көне сауда орталығы – Джулфар қаласы, ежелгі тұрғындар мекен еткен аймақ – Шимал қонысы бар.
Рас-әл-Хайманың туризмді дамыту департаменті (RAKTDA), Көне жәдігерлер мен мұражайлар департаменті (DAMS) Әл-Касими қоры және Маржан компаниясымен бірлесіп, «Мәдениет және мұра. 2030 көрінісі» бағдарламасын қабылдады. 20 маңызды мәдени нысанды сақтау арқылы олардың туристік танымалдығын арттыруды көздейтін бұл бағдарлама тарихи мұраларды әмірліктің түп мәдениетіне енгізуді мақсат етеді.
Бұл жоба әмірліктің мәдени ландшафтын байытып, оны тек қана қызықты сауық-сайран мен демалыс орны емес, тарихи мұраны зерттеу нысанына айналдырады. Ал жолдар мен туристік орталықтар инфрақұрылымды жақсартып, Рас-әл-Хайманың көрікті жерлерін аралауға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар бұл туристерге әмірлік туралы қажетті ақпаратты оңай алып, жақсы әсермен оралуға мүмкіндік береді.
Рас-әл-Хайманың ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген төрт мәдени нысаны:
Әл-Жазира-әл-Хамра
Әл-Жазира-әл-Хамра – осы аймақта сақталған жалғыз маржан жинаушылар ауылы. Деректер бойынша, бұл ауыл туралы алғашқы жазбалар XIV ғасырдан бастап кездеседі. XIX ғасырда ауылда шамамен 500 үй болған, ал оның тұрғындары, зааб тайпасы, молшылықта өмір сүрген деседі. Алайда, 1968–1971 жылдары БАӘ-де мұнай кен орындарының табылуы ауылдағы өмірді түбегейлі өзгертті. Ауыл тұрғындары Әбу-Даби мен Дубайға жақсы өмір іздеп көшуге мәжбүр болды, ал бос қалған ауыл «ашық аспан астындағы мұражайға» айналды.
Қаңырап бос қалған ескі көшелердің бойымен жүрген туристер бұл мекеннен ұмытылмас әсер алып қайтады. Балшықтан жасалған үйлер мен көне ғимараттарға кірген кезде, ауыл босай бастағанға дейін мұнда тұрғындар қалай өмір сүргенін елестетуге болады. Қыс мезгілінде ауыл мәдени өмірдің орталығына айналып, әлемнің түрлі елінен келген суретшілердің туындыларын көруге мүмкіндік береді.
Дайя қамалы
Дайя қамалы Рас-әл-Хайманың солтүстігіндегі таулар мен құрма өсетін аймақтың ортасында орналасқан. Бұл – БАӘ-де сақталған жалғыз тау қамалы. Кейінгі қола дәуіріне (б.з.д. 1600–1300 ж.ж.) жататын бұл мекенде жергілікті тұрғындардың қоныстары болған. XIX ғасырда алтын түстес балшықтан тұрғызылған қос мұнаралы қамал 1990 жылдардың соңында қайта жөндеуден өткен. 1819 жылы бұл маңызды тарихи ескерткіш маңында британ әскерлері мен жергілікті кавасим тайпалары арасында шайқас болған. 239 сатылы баспалдақты еңсеріп, қамалдың шыңына шыққан туристер таулар, пальма ағаштары мен теңіздің таңғажайып көрінісіне куә болады.
Джулфар
Джулфар – Вади-Бих және Вади-Хакиль аллювиальды шөгінділерінің етегінде орналасқан ежелгі порт-қала. Бұл қаланың іргетасын Парсы арқылы моңғолдардың атты әскерінен қашып келген армяндар қалаған. Араб хроникаларында бұл көне қаланың атауы б.з.д. 695 жылдан бастап жиі айтыла бастады. Сол уақытта мұнда болған аттас портта ислам әскерлері тоқтап, бірнеше тарихи шайқас өткен. Порт XVII ғасырдың соңына дейін жұмыс істеп келген.
Джулфар маржан саудасы қызу қайнап жатқан, өркениеті жақсы дамыған қала болды.
Бүгінде ол – ислам кезеңінен бергі осы өңірдің трансформациясын толықтай бастан өткерген, Араб шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Арабияда сақталып қалған ислам қалаларының бірі.
Шимал
Шимал – 100-ден астам көне зират, қоныстар мен орта ғасырлық сарайды қамтитын Рас-әл-Хайманың тағы бір ерекше тарихи ескерткіші.
Бұл кешеннің археологиялық қалдықтары Вади-Сук дәуірі (б.з.д. 2000-1600 жж.), кейінгі қола дәуірі (б.з.д. 1600-1300 жж.) және орта ислам
(б.з.13-16 ғасырлар) кезеңдерінің жарқын мысалы бола алады. Оңтүстік-Шығыс Арабиядағы ең үлкен мегалитикалық зираттардың орны саналатын Шимал туристерді өзінің көлемі мен архитектуралық әртүрлілігімен таңғалдырып қана қоймай, бұл аймақтың бай тарихын да паш етеді.
Материал серіктес контенті негізінде дайындалды.