14Фев

«Құбыжық» теңіз бетінде не істеп жүр?

Автор: Джейсон Биттел

Бұл – осы балық тірідей видеоға жазып алынған екінші жағдай. «Мен оны ЖИ жасаған екен деп ойлап қалдым», – дейді балық биологі Кори Эванс.

Теңіз қармақшы-балығы (Melanocetus johnsonii) –  табиғатта сирек кездесетін әрі судың терең тұңғиығында тіршілік ететін ерекше жаратылыс. Олардың атауы «қара теңіз құбыжығы» деген мағына беретініне қарамастан, сарапшылар оларды нәзік әрі жұмсақ деп сипаттайды.
Фотограф: Марк Мартин Сола

Канар аралдарында жүрген зерттеушілер тобы 26 қаңтарда бұрын-соңды тіркелмеген оқиғаға куә болды, олар теңіз қара албастысы мұхит бетіне қарай баяу қолғалып келе жатқанын көрді.

«Бұл құдды бір арманымыз орындалғандай әсер қалдырды, – дейді Condrik Tenerife үкіметтік емес ұйымының теңіз табиғаты фотографы Дэвид Хара Богунья. – Кішкентай кезімде иллюстрацияларын жақсы көретін теңіз тұңғиығындағы балықтар туралы кітабым болды. Ондағы жануарлардың түрі таңғаларлықтай әрі шынайы еместей көрінетін еді».

Әйтсе де, Хара мен оның «Глаукус» кемесінің бортындағы әріптестері шамамен 198–1980 метр тереңдікте тіршілік ететін теңіз қара албасты балығымен 1 сағат бойы бірге жүзіп, суретке түсірді.

Теңіз қара албасты балығы (Melanocetus johnsonii) «қара теңіз құбыжығы» деп аударылатын тұқымдастардан шыққан. Арандай ашылған ауызын, өткір азу тістері мен маңдайларына бекітілген биолюминесцентті еліктіргішті ескерсек, атауы дәл қойылған. Егер сіз Немо мен Доридей ғана болсаңыз, ол шынымен қорқынышыты болар еді, себебі бұл балықтардың ұзындығы шамамен 15 см ғана.

(2014 жылы алғаш рет видеоға түсірілген теңіз қара албастысын көріңіз)

Мамандар теңіз қара албастысының видеосы желіде таралған кезде, бұл айрықша құбылыс екенін бір ауыздан атап өтті.

«Видеоны алғаш көргенімде өз көзіме өзім сене алмадым – дейді Райс университетінің балықтар биологі Кори Эванс. – Мен оны ЖИ деп ойлап қалдым».

Тұмса табиғат фотографы Дэвид Хара теңіз қара албасты балығын мұхиттың беткі қабатында жүзіп жүрген кезінде видеоға түсіріп алды. Авторы: Дэвид Хара

«Теңіздің терең түбін мекендейтін балықты су бетіне соншалықты жақын көру расымен де сирек жағдай», – дейді Монтерей шығанағы аквариумының  ғылыми-зерттеу институтының аға ғалымы Брюс Робисон.

Робисонның көбірек білетін жөні бар, себебі ол осыған дейін 2014 жылы Монтерей шығанағында қашықтан басқарылатын Doc Ricketts аппараты арқылы 579 метр тереңдіктен табылған тірі теңіз қара албастысын алғаш рет бейнежазбаға түсірген адам.

Теңіз қара албастысы неліктен мұхит бетіне шықты?

Эвансты теңіз түбіндегі жоғары қысымға бейімделген балықтың еш жері зақымданбай, мұхит бетінде аман-сау жүзіп жүргені таңдандырған.

«Бар гәп олардың қозғалмайтындығында, – дейді ол. – Олар тасадан шабуылдайтын жыртқыштар… Бір орында [қармағын] бұлғаңдатып отырады. Сондықтан олардың белсенді қимылдап жүргенін көру – тосын жағдай».

«Бұл балықтар қатыгез әрі қорқынышты болып көрінгенімен, шынтуайтында жұмсақ әрі икемді келеді», – деп қосты ол.

Балықтың су бетіне қалай немесе неліктен шыққанын нақты білуге ​​мүмкіндік болмаса да, бірнеше ықтимал жорамал бар.

«Не болғанын анықтау үшін біраз бас қатырдым және миыма бірнеше ой келді», – дейді Робинсон.

Қармақшы (албасты) балық торсылдағы немесе газ безі бар балықты жеп қойып, сол газдың ұлғаюы жыртқыш су бетіне көтеріп жіберген болуы мүмкін.

«Бұл өзі бір басталса, ары қарай бақылауда ұстау қиын болатын нәрсе», — дейді Робисон.

Оқиға Канар аралдарының белсенді жанартаулы аймағының жағасында болғандықтан, балық су астында пайда болған жарықтан атқылаған жылы су ағынымен бірге көтерілген болуы да әбден мүмкін.

Робисонның айтуынша, бүкір қармақшы деген атпен де белгілі теңіз қара албастысын кит, итбалық, теңіз арыстаны, тіпті медуза сияқты ірірек жыртқыш жұтқан не ұстаған болуы да мүмкін. Кейін жыртқыш оны қайта құсып немесе су бетіне жақын тұста өзі сытылып шыққан болса керек.  

Теңіз қара албастысы бізге теңіз түбі жайлы не айта алады?

Осы кадрлар түсірілген соң, көп ұзамай, теңіз қара албастысы өліп қалса да, оны осылай тірідей көру – бір ғанибет. 

«Мұндай балықтың бар екені баяғыдан белгілі. ХІХ ғасырда аумен ауланған, – дейді Робинсон. – Бірақ зерттеп көруге болатын тірі үлгілері болған жоқ».

Бұл үлгілер теңіз қара албастысы өз жарығын биолюминесцентті бактериялармен симбиотикалық қарым-қатынаста жасайтынын көрсетті. Сондай-ақ, теңіз албастысының көптеген түрі (бірақ міндетті түрде бұл түр емес) ерекше көбею әдісімен ерекшеленеді: айтарлықтай ұсақтау келген аталықтары – кейде бір жолы бірнеше реттен – аналықтың денесіне жабысып, іс жүзінде бірігіп кеткендей болады. Аналық уақыты келгенде, олардың генетикалық материалын пайдаланып, көбею процесін жүзеге асырады.

Хараның айтуынша, бұл жануардың «өмірі» енді музейде жалғасады,  өйткені ол әріптестерімен бірге оның денесін Тенерифе табиғат және археология музейіне тапсырған.

Қармақшы балықтың бәрі бірдей тереңде тіршілік етпесе де, Эванс бұл түр туралы ылғи да жаңа мәлімет алып жатқанымызды айтады.  Ол жақында bioRxiv журналында жариялаған зерттеуінде қармақшы балықтардың терең су экожүйелерін мекендей отырып, қалай түрленгендері туралы егжей-тегжейлі баяндады. Бұл ғылыми қауымдастық үшін күтпеген жаңалық болды.

«Теңіздің терең тұңғиығы – тіпті де жайлы орта емес, – деп түсіндіреді Эванс. – Онда жойқын қысым бар, ал қорек өте аз».

Мұндай оқиғалар мұхит түбінде біз ойлай бермейтін немесе сирек көретін көзден таса тұтас бір тіршілік әлемі бар екенін еске салып тұруға тиіс.

«Мұхиттың терең сулары – Жердегі ең үлкен тіршілік ортасы, онда бұл ғаламшарда өмір сүретін жануарлардың көпшілігі – бізден басқалары мекендейді, – дейді Робисон. – Біздің мұхит түбінде не бар екені туралы білетініміз тым аз».

Материалды ағылшын тілінен аударған Сандуғаш Фазыл