
Авторы: Джордан Фридман
АҚШ-тың қайта құру дәуірінен қырғи-қабақ соғысқа дейінгі бірнеше әкімшілігі Арктика маңындағы осы аралды иемденуге тырысқанымен, ойлағандары бола қоймады. Гренландия қалай АҚШ меншігіне өтпеді, оған деген қызығушылық неліктен сейілмей келеді?
Гренландияның стратегиялық орны мен табиғи ресурстары бір ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ-тың назарында болып, қырғиқабақ соғыс кезінде шарықтау шегіне жетті. Алайда арал басшылары мұндай бастамаларды мақұлдамады. Жер сатып алудан бастап, әскери база келіссөздеріне дейінгі әртүрлі әрекет Гренландияның әлемдегі ең сұранысқа ие аралдардың бірі болып қала беруіне әкелді.
АҚШ-тың Гренландияға деген алғашқы қызығушылығы
АҚШ-тың әлемдегі материктік емес ең үлкен аралға деген қызығушылығы XIX ғасырдың аяғынан басталады. 1867 жылы Ресейден Алясканы 7,2 миллион долларға сатып алғаннан кейін, мемлекеттік хатшы Уильям Сьюард Гренландия мен Исландияны да болашақ меншікті аумақ ретінде қарастыра бастады.
Канаданы да иеленуге тырысқан Сьюардтың тапсырмасымен дайындалған 1868 жылғы есепте Гренландияның ауқымды балық шаруашылығы, жануарлар әлемі және «минералдық байлығы» атап өтілді. Құжатта, егер АҚШ Гренландияны иемденсе, Аляска мен Гренландия арасында орналасқан Канада да АҚШ құрамына қосылуға мәжбүр болуы мүмкін деген болжам жасалды.
Алайда Данияның автономиялық аймағы саналатын Гренландия жай ғана бос жатқан мұз кеңістігі емес. Бұл арал ғасырлар бойы байырғы халықтардың, негізінен инуиттердің мекені болған. Олар Арктиканың қатал климатына бейімделіп, балық аулау, аңшылық және табиғатпен тығыз байланысқа негізделген дәстүрлерін қалыптастырды. Дегенмен АҚШ-тың алғашқы қызығушылығы бұл қауымдарды елеусіз қалдырып, негізінен Гренландияның стратегиялық орналасуы мен табиғи байлықтарына бағытталды. Бұл үрдіс келесі онжылдықтарда да жалғасты.
«Бұл екі негізгі факторға байланысты: орналасуы мен минералдары. Бұл әлі де өзгерген жоқ», – дейді копенгагендік журналист, Fury and Ice: Greenland, the United States and Germany in World War II кітабының авторы Питер Хармсен.
Сьюардтың жоспары жүзеге аспағанымен, қызығушылық басылған жоқ. 1910 жылы АҚШ елшісі Морис Иган күрделі сауда келісімін ұсынды: АҚШ Филиппиндегі жерлерін Гренландия мен Батыс Индия аралдарына айырбастайды, ал Дания өз кезегінде бұл аумақтарды Германиямен айырбастауға тиіс болатын. Алайда бұл күрделі жоспар да сәтсіздікке ұшырады.
Гренландияның соғыс кезіндегі рөлі
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гренландияның маңызы артты. 1940 жылы Германия Данияны басып алғаннан кейін, АҚШ Монро доктринасы аясында аралды қорғауға кірісті. Бұл доктрина еуропалық державалардың Батыс жартышарға кіруіне тыйым салатын.
АҚШ 1941 жылдың сәуірінде Дания елшісімен «Гренландияны қорғау» келісіміне қол қойды. Бұл келісім АҚШ-қа аралда әскери базалар салу және оларды пайдалану құқығын берді. Аралдағы криолит (әуе кемелері өндірісі үшін маңызды минерал) қоры аса құнды ресурсқа айналды. Сонымен қатар Гренландияның ауа райын бақылау стансалары Еуропадағы жағдайды болжау үшін маңызды рөл атқарды, бұл одақтас күштерге әскери жоспарларын құруға көмектесті.
Нацистік Германия 1945 жылдың мамырында тізе бүккеннен кейін, Дания билігі америкалық әскерді елден кетеді деп ойлады. Бірақ олар аралда қалуға мүдделі болды.
«Бұл АҚШ қауіпсіздігі үшін аса маңызды болғандықтан, біз өз позициямызды мықтап бекіттік», – дейді қазіргі АҚШ-тың Герман Маршалл қорының аға сарапшысы әрі бұрынғы америкалық дипломат Брент Хардт.
Соғыстан кейінгі Гренландияны иемдену әрекеті
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ жаңа ықтимал қауіп – Кеңес Одағына назарын аударды. Қырғиқабақ соғыстың басталуымен АҚШ-тың әскери және теңіз күштері Гренландияның Арктикадағы орнының маңызын түсінді, өйткені ол АҚШ пен КСРО арасындағы стратегиялық орта нүкте болды. Мэн штатының бұрынғы сенаторы Оуэн Брюстер Гренландияны сатып алуды «әскери қажеттілік» деп атады. Сонымен қатар, Гренландия зерттеу мен барлау үшін мол мүмкіндіктер ұсынды.
1946 жылы Мемлекеттік департамент өкілі Джон Хикерсон АҚШ әскери басшылығы Гренландияны «АҚШ қауіпсіздігі үшін аса маңызды» деп санағанын хабарлады. Associated Press агенттігінің бірнеше онжылдықтардан кейінгі мәліметіне сәйкес, АҚШ Данияға Гренландия үшін 100 миллион долларды алтынмен төлеуді құпия түрде ұсынды. Сонымен қатар олар Алясканың мұнайға бай Пойнт-Барроу ауданындағы жерлерді Гренландияның кей бөліктеріне айырбастау мүмкіндігін қарастырды.
«АҚШ Батыс Еуропаға өзін жоғары құндылықтарды сақтайтын, тәуелсіздік пен автономияны мойындайтын, жағымды демократиялық күш ретінде көрсетуге тырысты», – дейді Флорида мемлекеттік университетінің тарих профессоры, «Гренландияны зерттеу: қырғиқабақ соғыс кезіндегі ғылым мен технология» кітабының редакторы Рон Доэл.
Алайда бұл ұсыныс Дания үкіметін таңғалдырды, дейді Хардт. «Біз Америкаға көп нәрсе қарызбыз, бірақ ол бүкіл Гренландияны беруіміз керек деген сөз емес», – деп мәлімдеді сол кездегі Данияның сыртқы істер министрі Густав Расмуссен.
Бітпейтін қызығушылық
1951 жылы АҚШ пен Дания жаңа келісімге қол қойды. Бұл келісімге сәйкес, Солтүстік Атлант келісімшарты ұйымы (NATO) бекіткен ережелер бойынша АҚШ Гренландияда әскери базалар салып, жұмысын жалғастыра алатын болды. Бұл шешім қырғиқабақ соғыс кезінде Гренландияның трансатлантикалық қорғаныс жүйесіндегі стратегиялық рөлін одан әрі нығайтты.
АҚШ-тың ұлттық мұрағаттарындағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Гренландияны сатып алу әрекеттеріне қатысты құжаттар 1970 жылдары ашық түрде жарияланды. Алайда бұл құжаттар туралы даниялық басылым алғаш рет тек 1991 жылы хабарлап, Гренландияның егемендігі мен АҚШ-тың тарихи мүдделері жөнінде жаңа пікірталас тудырды.
Бүгінде Арктиканың жылынуына байланысты жаңа теңіз жолдары ашылып, игерілмеген ресурстарға қолжеткізу мүмкіндігі артқан сайын Гренландияның маңызы да одан сайын ұлғайып келеді. Дегенмен Дания да, Гренландия да өз ұстанымдарына берік тұр: Гренландия сатылмайды.
«Гренландия тек Гренландия халқына тиесілі, – деп жазды Гренландия премьер-министрі Мутэ Эгеде әлеуметтік желіде. – Біздің болашағымыз бен тәуелсіздік жолындағы күресіміз – өз қолымызда».
Сізге мына материал да қызықты болуы мүмкін. Өзге адамдардың ізі

Қазірлі оқырман, сіз редакциямызға мына телефонға +7 771 149 9144 хабарласып, журналымыздың осы нөмірлерінің кез келгенін немесе төмендегі «ЖАЗЫЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.