
Фото: Adobe Stock
Автор: Лия Уориңтон
Жылдар бойы жиналған деректер мен тәжірибеге қарамастан, адамзат биттен толықтай арыла алмады. Ата-аналардың өкінішіне қарай, оқу жылының басы пидикулездың өршуіне әкеліп соғады. Мысалы, Америкада көлемі күнжіт дәніндей ғана қансорғыш жәндіктер жыл сайын 3-тен 11 жасқа дейінгі 6-12 миллион балаға жұғады екен. Бұл паразиттер негізінен зиянсыз болғанымен, олардың жұғуы дискомфорт тудырып, қышу, инфекциялар және кейбір жағдайларда параноя мен сандырақтауға әкеледі. Денсаулық сақтау қызметкерлерінен бастап, эволюциялық биологтерге дейінгі сарапшылар биттерді не істеу керек екендігін және өзіңізді нашар сезінсеңіз қандай шара қолдануға болатынын айтып берді.
Бит деген не және олар қалай таралады?
Бит әуел бастан бізбен бірге. Бізге белгілі ең көне паразиттің бірі саналатын бит мыңдаған жыл бойы адамдармен бірге дамып, мінез-құлқын да біздікіне сәйкес өзгертіп келеді.
«Олар, иесі мен паразиттері, миллиондаған жыл бойы саяхаттап жүр», – дейді Флорида университетінің доценті, сүтқоректілер мен олардың паразиттерінің генетикасы бойынша сарапшы Дэвид Рид. Оның айтуынша, бұған олардың адам шашының диаметріне дәл келетін, ұстауға, шаш арасында жүруге ыңғайлы тырнақтары дәлел. «Олар бізге тәуелді, сондықтан адамның басында қолайлы тіршілік ету үшін эволюцияланып жатыр», – дейді Дэвид Рид.
Қазіргі адамдар шамамен 170 000 жыл бұрын киім кие бастағанда, бит екі санатқа бөлінді: бас биттері және дене биті. Бірегей кіші түр ретінде бас және дене биттері бір-біріне тәуелсіз өмір сүреді, араласпайды немесе көбеймейді. Дене биті киімде тіршілік етсе, бас биттері тек адамның басында жүреді және тіршілік ету үшін иелеріне толығымен тәуелді паразит жәндіктер. Олар үнемі біздің қанымызбен қоректеніп отырады және өмірінің көп бөлігін тамақтану мен жұмыртқа салу үшін бас терісіне өте жақын өткізеді.
Бит қаншалықты қорқынышты болса да, оларды барлығы елестететіндей супер зұлым деп айтуға келмейді. «Адамдар бар деп ойлайтын қасиеттердің оларда титтей де бөлігі жоқ», – дейді Харвард университетінің табиғат қорғау жөніндегі аға маманы Ричард Поллак. Бит секіруге, ұшуға және қанат өсіруге физикалық тұрғыдан қабілетсіз. Поллактың айтуынша, олар негізінен тікелей жанасу арқылы, яғни бас пен бас түйіскенде таралады және мұның өзі баяу әрі шектеулі процесс. «Биттің ауа арқылы таралуы, егер оны ұстап алып, лақтырып жіберсеңіз ғана мүмкін болады», – дейді Поллак.
Сонымен, бит ортақ тарақ, бас киім, дулыға немесе құлаққап арқылы жұқтыру қаупі бар деген ескертулер орынды ма? Ридтің айтуынша, бұл шындыққа жанасады, бірақ өте сирек жағдайда кездеседі. Зерттеулер биттердің фомиттер, яғни тарақ сияқты жансыз заттар арқылы нашар таралатынын көрсетті. Тіпті, егер ортақ тарақ қолданылса да, «оның дереу жұқтыру ықтималдығы жоғары деп айтуға болмайды» дейді ол. Осы қисын бөлмелердегі жиһаздарға да қатысты, мысалы, кинотеатрдағы орындар, кілемдер мен мектеп парталары, дейді Поллак. Дегенмен АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы бит табылған төсекті, дивандарды, төсек-орын жабдықтарын, тарақтар мен киімдерді жуу немесе карантинге қоюды ұсынады.
Кез келген адам, жасына немесе гигиенасына қарамастан, бит жұқтыруы мүмкін болса да, бұл жәндіктер бір-бірімен тығыз байланыста уақыт өткізетін мектеп жасындағы балалар арасында жиі кездеседі. Калифорния денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша, дене биттерінен айырмашылығы, бас биттері денсаулыққа қауіп төндірмейді. «Бас биттері жергілікті инфекция тудыруы мүмкін, егер шамадан тыс тырналған жерге бактериялар түссе. Бірақ жәндіктердің өзі ауру таратпайды немесе адам патогендерін тасымалдамайды», – дейді денсаулық сақтау департаменті. Керісінше, таза киім мен жуыну мүмкіндігі шектеулі тар жерде, антисанитариялық жағдайда тұратын адамдарда кездесетін дене биттері көп жағдайда сүзек пен безгек сияқты түрлі бактериялық ауру тасымалдаушылар болып саналады.
Дегенмен сарапшылар бит жұқтырған балаларды сабақтан қалдырудың қажетті жоқ деп санайды. Ондаған жыл бойы жүргізілген no-nit policies, яғни «ешқандай зиянкессіз» саясатынан бас тартқан АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы, америкалық педиатрия академиясы мен ұлттық мектеп медбикелері қауымдастығы енді бит табылған оқушыларды мектептен үйге қайтаруды ұсынбайтын болған. Олар емдеуді бастағаннан кейін, балалар бит сіркесі әлі де көрініп тұрғанына қарамастан, сыныпқа орала алады. Өйткені сыныпта жұқтыру деңгейі төмен, сонымен қатар қазіргі теория бойынша «баланы мектептен шығару оның эмоциялық, әлеуметтік және академиялық саулығына теріс әсер етуі мүмкін әрі баланы қажетсіз стигматизациялайды деп болжайды».
Бит-тарақ, майонез және басқа да емдеу тәсілдері туралы шындық
«Биттен арылудың жалғыз сенімді жолы – шашыңызды сыпыру, – дейді Поллак. – Тақыр баста бит тұрақтай алмай, сырғып түсіп кетеді».
Шашты тақырлап алудан бұрын, басыңызды басқа біреудің басына тақамау ең жақсы профилактика болар еді. Дегенмен Поллактың айтуынша, адамдардың басым көпшілігі бит жұқтыруға бейім емес. Ал жұқтырып алғандар үшін қуанышқа орай, емделудің жолы көп.
Бірінші қадам – сірке емес, тірі биттердің бар екеніне көз жеткізу. Егер солай болса, Поллак шашты кондиционермен майлауды және паразиттерді жою үшін бит тарағымен мұқият тарауды ұсынады. Бірінші раундта-ақ паразиттердің көп бөлігін жойылатындығына қарамастан, ол тірі бит қалмағанша бірнеше күн тарауға кеңес береді. Егер екі апта бойы бит көрінбесе ғана олардан құтылғаныңызға сенімді боласыз. Оңай таралмайтын немесе тұрақты инфекциялары бар шаш үшін рецептсіз сатылатын, FDA мақұлдаған сусабындар немесе лосьондар көмектесуі керек.
Бас терісіне жағатын, битке арналған инсектицид түріндегі педикулицидтер жабысқақ пен ересек биттерді бірдей жояды. Амхерсттегі Массачусетс университетінің токсикология профессоры Джон Кларктың айтуынша, пиретроид негізіндегі өнімдер бір кездері қолайлы инсектицид болған, бірақ уақыт өте келе кейбір бас биттері препаратқа төзімділігін дамыта бастады. Содан бері нарыққа жаңа өнімдер келді. Мысалы, Спиносад бірнеше кең таралған педикулицидтердің белсенді ингредиентінен тұрады және оны АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі қауіпсіз әрі тиімді емдеу әдісі деп санайды. Кларк айтқандай, адам мен биттердің қарулану жарысы шексіз жалғаса бермек.
«Биттің бейімделуі уақыт еншісінде, – дейді ол. – Егер бәрі бір өнімді тұтынса, сіз де оны бірнеше рет қолдансаңыз, күндердің күні биттер өздігінен мутацияға ұшырап, қолданып жүрген дәріге төзімді бола түседі».
Кларк инсектицидтерден аулақ болғысы келетіндер үшін құрамында диметикон қосылыстары бар өнімдерді ұсынады, олар жәндіктің трахеясына әсер етіп, тұншықтырады. Кейбір зерттеулерде диметиконның өте қауіпсіз әрі тиімді екендігі көрсетілген, ол тірі биттердің де, сіркелерінің де 90 пайызын өлтіреді.
Сарапшылар үйде қолданылатын амал-тәсілдерге абай болуға шақырады. Кларктың айтуынша, майонез бен вазелин кейбір биттерді өлтіруі мүмкін болғанымен, олар арнаулы дәрілер сияқты тиімді емес, әсері ұзаққа созылмайды. Ал керосин немесе бензин сияқты экстремалды заттар оқыс жағдайға ұшыратуы мүмкін.
Жақсы жаңалық – бит жұқтыру ықтималдығы өте төмен. «Тіпті жұқтырған күннің өзінде ол қауіпті дерт тудырмайды. Оның бар-жоғын байқамасаңыз да, көпшілігі емдемей-ақ жойылып кетеді», – дейді Поллак.
Сізге мына материал да қызықты болуы мүмкін: Биологиялық қауіпсіздік
АҚШ-тың Гренландияға көз тігу тарихы әріден басталады

Қадірлі оқырман, сіз редакциямызға мына телефонға +7 771 149 9144 хабарласып, журналымыздың осы нөмірлерінің кез келгенін немесе төмендегі «ЖАЗЫЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.