31Нау

ҚЫРҒИҚАБАҚ СОҒЫС ҚҰПИЯЛАРЫ

Қырғиқабақ соғыс кезінде құпия әскери бағдарламамен Арктика мұзының астында ерекше ядролық база салынды. Бүгінгі таңда ғалымдар сол оқиғаларды қайта зерделеп, климат өзгерісі жөнінде маңызды тұжырымдар жасап жатыр.

Авторы: НЕЙЛ ШИ Иллюстрация: МӘТТ ГРИФФИН

Алдымен үлкен траншея қазылып, үстіне металл арқалар қойылады, сосын оның үстінен қармен жабады. Фото АҚШ армиясының инженерлер корпусынан

1960 жылы қазан айының қақаған аязында әлемнің ең суық нүктелерінің бірінде АҚШ армиясының техниктері мұздық астында ядролық реакторды іске қосуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатты.
Ол тәжірибелік үлгі болатын: шағын, тұрақсыз әрі атом энергиясының алғашқы даму кезеңіне тән еді. Мамандар радиация жарылысының өмірлеріне қауіп төндіретінін білді. Оларды Гейгер есептегіштерінің тырс-тырс дыбысын жұтып тұрған жарқыраған қар қабырғалары қоршап тұрды. Төбелерінде гофрленген болат күмбез, аяқтарының астында плейстоцен дәуірінен бері жатқан бір шақырымдық мұз қабаты бар еді. Тізбекті реакция басталғанда, бақылау бөлмесіндегілердің қуанышты дауыстары естілді. Алайда бірнеше минуттан соң команда реакторды дереу сөндіруге мәжбүр болды. Мұздың терең бір жерінде ақау пайда болып, радиоактивті нейтрондар қараңғы тереңдікке тарай бастады.
Гренландия мұздығында реакторды іске қосуға тырысқан адамдарды елес­тетіңіз. Олар мұз дәуірі мен атом дәуірінің тоғысында ерекше жағдайда тұрған жалғыз адамдар болатын. Бұрын-соңды мұндай тәуекелге ешкім бармаған, болашақта қайталауға да ешкімнің батылы жетпеген. Бұл ауқымды жоба Американың шығармашылық қуатының үлгісі ретінде көрсетілді: Camp Century деп аталатын мұз астындағы кең әскери база салу арқылы АҚШ әлемге өзінің ең суық әрі қатал ортаны да өмір сүруге бейімдей алатынын дәлелдемек болды. Бұл база мұз құрылыстарының ішіндегі ең мықтысы болуы керек еді. Мұз қабатына ойылып салынған әлемдегі алғашқы атом энергиясымен жұмыс істейтін әскери станса инженерлік өнердің шыңы болды. Батыл экипаж полярлық шөлге өркениет пен ғылыми тәртіп әкеліп, табиғат күштерін жеңудің үлгісін көрсетті.

(АҚШ-тың гренландияға көз тігу тарихы туралы оқып көріңіз)

Camp Century басталғаннан кейін газеттер мен журналдар, оның ішінде National Geographic, Арктикадағы базаны зерттеуге репортерлер жіберіп, реактор жарықтандырған туннельдер лабиринтін аралатты. (Ол кезде еактордағы алғашқы ақау қорғасын кірпіштер мен тапқыр инженерлік шешім көмегімен жойылған еді). Алайда журналистерге де, базадағы 200 сарбазға да
айтылмаған бір құпия бар еді: Camp Century қырғиқабақ соғыс кезіндегі АҚШ армиясының құпия жоспарының бүркемесі болатын. Одан Гренландияның Дания үкіметі де бейхабар болды. Американың көздегені мұз астында портатив атом энергиясын дамыту емес, мұздықты баллистикалық зымыран базасына айналдыру еді. Деклассификацияланған құжаттарға сәйкес, армия бұл аймақтың ядролық орналастыруға «ерекше қолайлы» екенін атап өткен: оқшау, Ресейге жақын, нысанаға алу қиын. Iceworm деп аталатын бұл жоспар Camp Century мен оның айналасындағы туннельдерге солтүстік полюс арқылы Кеңес Одағына бағыттауға болатын 600-дей ядролық оқтұмсық зымыранды жасырын орналастырып, оларды тасымалдау үшін арнайы теміржолдар салуды көздеді.
Бүгінде сол батыл әскери жоспардың ізі де қалмады. Армия бұл базаны ұзақ уақыт бұрын тастап кетті, ал оның қар астындағы туннельдері мұз қабатының астында жоғалды. Дегенмен бұл орынның тосын мұрасы әлі де бар. Мұның себебі – ондаған жыл бойы мұздатқышта сақталған бірнеше құмыра. Camp Century-де жүргізілген белгісіз ғылыми жобаның соңғы қалдықтары саналатын бұл банктердің ішіндегі деректер қазіргі ғалымдарға болашақта күтіп тұрған анағұрлым ылғалды, жабайы әрі хаосқа толы дәуір туралы таңғаларлық мәліметтер беріп жатыр.

Құрастырмалы 22 барак астындағы мұз ерімес үшін көтеріңкі ағаш платформаларға орналастырылған. Фото: У. Роберт Мур, NatGeo Image Collection

Жеті жыл бойы жұмыс істеген база қызметкерлері Camp Century-де толықтай оқшау өмір сүріп, еңбек етті. База ең жақын мекен – «Туле» әуе күштері базасынан 204 км қашықтықта орналасқан еді. Азық-түлік, отын және қажетті жабдықтар шаналармен жеткізілетін. Адамдар да Camp Century-ге сол керуендермен қатынайтын.
Сол жерде бірнеше маусым өмір сүрген, қазір 80-нен асқан армияның зерттеу инженері Остин Ковакс керуенмен базаға жету күн райы жақсы кездері бірнеше сағатқа созылатынын еске алады. Ал боран, ақ түн немесе кенеттен болатын қатты аяз жағдайларында бұл сапар бірнеше күнге созылуы мүмкін еді. Кейде керуендер ұлан-ғайыр Арктика даласында адасып та кететін. Дегенмен Ковакстың айтуынша, базадағы нағыз қауіп – зерігу еді. «Адамдар бұл қауіпті деп ойлайтын. Бірақ олай емес еді. База өте ыңғайлы. Алайда кей кездері өте-мөте монотонды болатын», – деп еске алады ол.
Ерлер мұз астында салынған казармаларда тұрды. Ковакс «Траншея 33» деп аталатын жерде жұмыс істеді, онда полярлық мұз қабаттарында ірі ғимараттардың іргетасын салуды зерттеді. Мұнда күн сәулесі де, құстардың әні де, самал жел де жоқ еді. Базаның театрында аптасына кемінде бір рет фильм көрсетілетін, ал кітапханада шағын кітаптар жинағы болды. Ерлер ортақ жуыну бөлмесінде душқа түсіп, қырынып, асханада тамақтанды. Барлық қалдық – қоқыс, кәріз суы, өндірістік химиялық заттар, тіпті реакторды салқындатуға пайдаланылған радиоактив су да – мұздыққа тасталып, сонда қатып қалатын. Әзірше.

Мамандар лагерьдің ядролық реакторының басқару панелін бақылауда. Бұл реактор 500-ден аса орташа америкалық үйге жеткілікті болатын жылу мен жарық өндіруге қабілетті әрі алыс қиырдағы стансаға отын жеткізумен салыстырғанда өте тиімді еді.
Фото: У. Роберт Мур, Nat Geo Image Collection


Олар ішетін суды мұздықтағы құдықтан алатын. Бір күні Ковакс пен әріптестері қызық көріп, болат арқан арқылы солқұдыққа түсті. Тар мұз шахтасынан төмен түсіп, үлкен, қараңғы үңгірге жетті. Сол қараңғылықта тұру ұмытылмас эмоция сыйлады.
Ковакс таңертең әйел дауысынан оянатынын еске алады. Әндеткен дауыс базаның дауыс зорайтқышы арқылы таралатын. «Сол уақытта танымал ән еді, – деп еске алады ол. – Бірақ біраз уақыт өткен соң, ол әуен жалықтырып жіберді. Бітсе екен дейтінмін». Қазір Ковакс әннің де, әншінің де атын ұмытып қалған. Тек оның қараңғылықты жарған даусы ғана есінде. «Атын есіме түсіре алсам ғой», – дейді ол.
Ковакс зерттеулеріне ден қойғанда, басқалар реактордың жұмыстарымен айналысты немесе қар қозғалысын зерттеді. Базаның ең төменгі деңгейінде жұмыс істеген тағы бір топ мұз тереңін бұрғылаумен шұғылданды. 1966 жылы, бірнеше жылдық үздіксіз еңбектің нәтижесінде, олар мұздықтың астын тесіп, Гренландияның жер бетін ашты. 1200 метрден астам тереңдікті тесіп өтіп, алғаш рет мұз қалқанынан өзек алып шықты. Жұмыс мұнымен тоқтамай, команда тағы 3,5 метрге жетіп, мұзға айналған көне топырақтың үлгілерін жинады. Бұрғы күйіп кеткенше тоқтамады.
Бұл топырақ Camp Century-дің ең таңғаларлық мұрасына айналуы мүмкін еді, бірақ сол кезде оған ешкім мән бермеді. База жабылған соң, топырақ бірнеше жыл бойы Нью-Йорк штатының Буффало
қаласындағы мұздатқышта құмыраларда сақталды. Кейін Даниядағы мұздатқышқа көшірілді. Құмыралардың ішіндегі материалдарды ешкім елеген жоқ әрі оны зерттеуге қажет құралдар да аз болатын. Тек 2019 жылы Вермонт университетінің профессор-геологі Пол Бирман мен әріптес­тері бұл құмыраларды зерттеуге кірісті.

АҚШ армиясы құпия ядролық миссиямен айналысып жүргенде, ғалымдар лагерьдің астындағы мұз бен топырақтан сынама алу сияқты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл сынамаларды қайта зертттеу климат өзгерісін түсіну ісіне жаңа сәуле түсіріп жатыр.
Фото АҚШ армиясының инженерлер корпусынан


Олардың жаңалығы Гренландияның ежелгі климаты туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертіп, болашаққа жаңа көзқарас ұсынды. Топырақтан жапырақтардың, бұтақтардың, мүктердің, тіпті жәндіктердің қалдықтары табылды. Олар аймақта мұз болмаған, километрлік мұз қабаты әлі баспаған кезден қалған еді. «Мұздықтар туралы мұз бермейтін мәліметті мұз астындағы материалдардан біле аламыз», – дейді Бирман.
Топырақ үлгілері Гренландия мұз қабаты бірнеше миллион жылға созылды деген бұрынғы болжамдарды түбегейлі өзгертті. Бирман бастаған ондаған ғалымның зерттеулері мұз қабатының әлдеқайда жас екенін дәлелдеді.
Топырақ мәліметтері бойынша, Camp Century орналасқан аймақта шамамен 400 мың жыл бұрын мұз болмаған. Сол кезеңде бұл аймақ қазіргіден айтарлықтай жылырақ, теңіз деңгейі анағұрлым жоғары болған. Оның айтуынша, бұл деректер тек өткеннің бейнесін ғана емес, сонымен қатар болашаққа қатысты маңызды болжамдарды да көрсетеді. Гренландия мұз қабатында сақталған триллион литр тұщы су ерісе, оның салдары бүкіл әлемге әсер етпек. Мұндай жағдайда жағалаудағы қалалар мен фермалар су астында қалып, миллиардтаған адамды климаттық босқынқа айналдыруы мүмкін.
«Гренландияны бөліп қарастыру оңай – «Бұл Арктика, маған еш қатысы жоқ» деп ойлауымыз мүмкін», – дейді Бирман. Алайда Camp Century базасынан алынған, ұмыт қалған топырақ үлгілері қазіргі заманның ең өзекті мәселесімен тікелей байланысты. «Бұл 1966 жылдан бастап жаһандық климат өзгерісі мен Гренландия мұзының еруі салдарларына жетелейді. Бұл – өте маңызды мәселе».

I ceworm жобасы басталғанда-ақ сәтсіз аяқталатыны түсінікті еді. Қырғиқабақ соғыс кезеңіндегі жоспарлаушылар мұздықтардың тірі ағза тәрізді екенін ескермеген сияқты. Олар сырғиды, кішірейеді, өседі және ағады. Мұздықтың ішіне құрылыс салу сенімсіз болды әрі тым көп күтімді қажет етті. Болаттан жасалған теміржолдар мұз қозғалысының әсерінен бүктеліп, зымырандар құлап қалуы мүмкін еді. Атомдық реактор, оған қосылған құбырлар, желдеткіштер мен өткізгіштер жүйесіне де мұз қозғалысы салдарынан қауіп төнді. Электрлі шынжырлы аралармен қаруланған сарбаздар тар туннельдердегі қардың үздіксіз ағынын қырып тастап отырды. Ақырында армия жоспарлау­шылары бұл идеяның қисынсыз екенін мойындады. 1963 жылы лагерьдің реакторы өшірілді, ал үш жылдан кейін Camp Century толық бос қалды.
1969 жылы Ковакс қайта оралып, толықтай қирап қалған базаны тапты. Ол түсірген бірқатар фотосурет лагерьдің баяу, бірақ тұрақты түрде құлдырап жатқанын көрсетті. Қар жолдарды басып қалған. Болат құрылымдар құлаған. Ағаш арқалықтар қаңыраған сүйектерді еске салды. Бұл фотолар мұздықтың зор әрі көзге көрінбейтін салмағын дәл бейнелейді. Адамдардың кеткеніне көп уақыт өтпегенімен, мұнда бәрі бір бағытта қозғалғандай – қалдықтар сығылып, мұзға жұтылып, енді ешқашан қайта көрінбейтіндей болды.
Елу жылға жуық уақыт бойы ұмыт қалған бұл лагерь бүгінде қырғиқабақ соғыстың шамадан тыс әрекеттерін бейнелеумен қатар, үлкен жобаларға деген сағыныш ұялатады. «Осының бәрін жүзеге асыру үшін қаншама энергия мен ресурс жұмсалғанын елестетіп көріңіз, – дейді Бирман. – Туннельдер салу, сарбаздарды сонда орналастыру ғылыми фантастика сияқты көрінеді. Қазіргі уақытта мұндай идеяны ешкім ойлап таппас еді».
Осы жоспарларға қарамастан, Camp Century сәулетшілері оның мұрасы сол жерде жүргізілген зерттеулер болатынын мүлде елестетпеген еді. Олардың бәрі лагерьдің ядролық құпия мақсаттарын бүркемелеу үшін жасалды. Алайда ғалымдар, оның ішінде Бирман, осы парадокске ризашылықпен қарайды. «Әсіресе 1966 жылы сол жерде бұрғылау жұмыстарын жүргізген адамдар не болатынын, оның қаншалықты маңызды болатынын білмегенін түсіну ерекше әсер қалдырады. Бірақ олар алға жылжуды жалғастырды».


Қазірлі оқырман, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.