15Сәу

ЕРЛЕРДІҢ ШАШЫ НЕЛІКТЕН ТҮСЕТІНІ БЕЛГІЛІ. ӘЙЕЛДЕРДІКІ ШЕ?

Адамдардың көбінде әдетте шаштың түсуі андрогендік алопециямен байланысты, бұл әсіресе ер адамдарда тұқым қуалайтын құбылыс ретінде жақсы зерттелген. Ал әйелдерде кездесетін алопеция жайлы біздің білетініміз әлдеқайда аз.

Авторы: Элис Каттс

Шаштың түсуі өмірге қауіп төндірмейді, бірақ оның айтарлықтай ықпалы бар. Көп адам үшін шаштан айырылу құдды бір өзіңді жоғалтумен тең.

Ерлерге тән біртекті қасқалану – бас терісінің жоғарғы бөлігіндегі шаш ерлердің жыныстық гормондарына (андрогендерге) реакция берген кезде пайда болады. Ал әйелдерге тән типтегі шаш түсуі әлдеқайда аз зерттелген – оның андрогендермен қандай да бір байланысы бар ма, жоқ па немесе мүлде басқа бір себеп әсер ете ме – ол жағы бізге беймәлім.
Фото авторы: Питер Финч, Getty Images

«Адамдар бұған кәдімгідей қайғырады, – дейді Корнелл университетінің генетигі Анджела Кристиано. – Олар үшін бұл — келбетіңді жоғалтудың, өзіндік болмысыңнан айырылудың қайғысы».

Шаштың түсуі – өте кең таралған құбылыс. Шаш түсуімен күрес жөніндегі америкалық қауымдастықтың мәліметінше, америкалық ер азаматтардың үштен екісі 35 жасқа қарай шашы сирегенін немесе түсе бастағанын байқайды. Ал 50 жасқа келгенде бұл көрсеткіш 85 пайызға дейін жетеді. Әйелдердің де көбі қолаң шашпен қоштасады, бірақ бұл жайында жиі айтыла бермейді: АҚШ-та шаш түсу мәселесімен бетпе-бет келетін адамдардың шамамен 40 пайызы – әйелдер.

Шаштың түсуі осыншалықты жиі кездесетініне қарамастан, жеткілікті зерттелмеген: әсіресе әйелдердегі бұл құбылыс жайлы дерек аз, өйткені бұған дейінгі зерттеулердің басым бөлігі тек ерлерге бағытталған. Сарапшылар шаш түсуінің биологиялық астарына үңіліп көрді: бұл мәселеге кімдер жиі ұшырайды, ол неге пайда болады және оны тоқтату үшін не істемек керек?

Тестостерон мен шаш

Ер азаматтарда шаш түсуі оның жыныстық жетілуімен бір байланысы бар екені сонау мың шақты жыл бұрын-ақ байқала бастаған; ежелгі грек философтары мен дәрігерлері медициналық еңбектерінде әтектердің шашы түспейтінін атап өткен.

Бүгінде ғалымдар ер адамдар арасындағы қасқаланудың ең кең таралған себебі саналатын алопеция – андрогендер немесе ерлердің жыныстық гормондары әсерінен пайда болатынын біледі. Өкінішке қарай, бұл ақпарат Америка тарихындағы қатыгез кезеңнің нәтижесінде белгілі болды. 1942 жылы анатом Джеймс Гамилтон евгеника қозғалысы аясында кастрацияланған ақыл-есі кем адамдарды зерттеді. Ол жыныстық жетілмей тұрып кастрацияланған ерлерде оларға тестостерон екпейінше ешқашан алопеция болмағанын анықтайды.

Сондай-ақ осы зерттеудің нәтижесінде ерлерге тән бірізді қасқалануды классификациялау жүйесі әзірленді. Бұл жүйе әлі күнге дейін андрогендік алопеция деңгейін анықтау үшін қолданылып келеді.

Ерлердің шашы қалай түседі?

Ғалымдардың пайымынша, ер азаматтардағы шаш түсуі дигидротестостерон немесе ДГТ (күн сайын ағзадағы тестостеронның шамамен 10 пайызы әлдеқайда қуаттырақ осы формаға айналып отырады) гормонымен байланысты. «Бас терісіндегі аса сезімтал шаш фолликулдары ДГТ гормонына реакция ретінде көлемі кішірейіп, шаштың өсу фазасына азырақ уақыт арнайды», – дейді Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінің зейнеттегі дерматологі Эндрю Мессенджер.

Қызығы, бастың артқы және екі жағындағы фолликулдар әдетте ДГТ гормонына бұлай реакция білдірмейді. Осыдан келіп «бірізділік» – төбе шаштың сиреуі мен түсуі пайда болады.

Сонымен қатар, андрогендер бас терісінен басқа барлық дерлік жерде кері әсерге ие: адамда да, жануарларда да бұл гормондар түкті қалыңдатып, қарайтып, ұзартуға ықпал етеді. Сол себепті ер адамдарда жыныстық жетілу кезеңінен кейін денесіндегі түк пен сақал-мұрт өсе бастайды.

Әйелдер мен балалардағы шаштың түсуі

Шамамен әрбір үшінші немесе екінші әйелдің уақыт өткен сайын шашы сирейді. Оның ең кең таралған түрі – әйелдерге тән бірізді қасқалану.

Әйелдер мен ерлердегі бірізді қасқаланудың өзара ұқсастықтары бар және екі құбылыстың да медициналық атауы бір – андрогендік алопеция. Дегенмен әйелдерге тән бірізді қасқалануға андрогендердің әсері бар ма, жоқ па – бұл әлі күнге дейін нақты анықталмаған. Жалпы, Бонн университетінде (Германия) шаш түсуінің генетикасын зерттейтін ғалым Стефани Хайлман-Хаймбахтың айтуынша, бұл бағытта зерттеу аз жүргізілген.

«Бұл – барлық дерлік клиникалық зерттеу ер адамдарға ғана жүргізілген саланың классикалық мысалы», – дейді Кристияно осы мәселе жайында. Дәлірек айтсақ, зерттеулер көбіне ақ нәсілді ер адамдарға бағытталған, бұл өз кезегінде френология деп аталатын жалған ғылымның ықпалына байланысты.

Ерлердегідей, әйелдерде де бірізді қасқалану кезінде бас терісіндегі толық жетілген (терминал) шаш қылы жіңішкере түседі. Бірақ ер адамдардың әуелі самай мен төбесіндегі шашы түссе, әйелдердің бүкіл шашы сирей бастайды. Алғашында бұл бастың нағы бір бөлігінен байқалып, кейін жан-жаққа жайылады.

Бірізді қасқалану әдетте жасы ұлғайған сайын ерлерде де, әйелдерде де байқалады, дегенмен әйелдерде бұл процесс кейінірек – шамамен 40 жастан кейін басталса, ерлер көбіне 30-ында немесе одан да ертерек аңғарады. Бірақ жасөспірімдердің де, тіпті балалардың да шашы түсуі мүмкін. Бұған басты себеп – ошақты алопеция, ол шаш фолликулдарын зақымдайтын аутоиммунды ауру. Бұл дертке әр елу адамның біреуі шалдығады.

Кристияноның айтуынша, балалардың, жасөспірімдер мен жас әйелдердің арасында шаштың сиреуі аса жиі кездеспейтіндіктен, бұл жағдай олар үшін ерекше ауыр сезілуі мүмкін. Оның өзі де бір кездері ошақты алопециямен ауырып, содан кейін шаш түсуінің генетикалық астарын зерттеуге бет бұрған.

Шаш түсуі тұқым қуалай ма?

Хайлман-Хаймбахтың айтуынша, ерлердегі бірізді қасқалану тұқым қуалауға өте бейім. «Егіздерді зерттеу кезінде бұл құбылыстың кемінде 80 пайызы тұқым қуалау арқылы берілетіні белгілі болған».

«Ерлердегі шаш түсуі ана жағынан беріледі» деген пікірді естіген боларсыз. Бірақ бұл – қате тұжырым», – дейді Мессенджер.

Шаш түсуіне қатысы бар маңызды гендердің бірі – андроген рецепторы гені Х-хромосомада орналасқанымен, Хайлман-Хаймбахтың айтуынша, геномда осы процеске қатысы бар 350-ден астам аймақ белгілі, олардың көпшілігі жыныс хромосомаларында емес.

Әйелдерге тән бірізді қасқаланудың генетикалық қыр-сыры аса зерттелмеген, әйелдер мен ерлер арасындағы қасқаланудың қандай байланысы бар екені де әлі толық ашылмаған.

Қасқалануды (шаш түсуін) тоқтатуға бола ма?

Шашы селдірей бастағанына алаңдайтын адамдар үшін түрлі ем-дом тәсілдері бар. «Оны дәрі-дәрмекпен де, хирургиялық жолмен де емдеуге болады», – дейді Нью-Йорктегі Бернштейн атындағы Шашты қалпына келтіру медициналық орталығының хирургі Кристин Шейвер.

Заманауи шаш трансплантациясы екі әдіске сүйенеді: фолликулярлы бірлік трансплантациясы (FUT) және фолликулярлы бірлік экстракциясы (FUE). Екі әдіс те шаш фолликулдарын донор аймағынан (әдетте бастың артқы жағынан) бастың басқа бөліктеріне көшіру арқылы жүзеге асады. Бірақ бұл тәсілдер көбіне тек ерлерге тән біртекті қасқалану кезінде тиімді.

Шейвердің айтуынша, дәрі-дәрмекпен емдеу шаш трансплантациясын жоспарлаған науқастар үшін де пайдалы болуы мүмкін, өйткені басында қалған шаш неғұрлым көп болса, ота жасау да соғұрлым оңайырақ. Алайда бұл препараттар көп жағдайда шаштың түсуін тоқтатқанымен, жаңа шаш өсірмейді.

Қазіргі таңда АҚШ-тың FDA мекемесі мақұлдаған ерлерге тән біртекті қасқалануды емдеуге арналған екі дәрі бар: миноксидил (Rogaine атымен танымал) және финастерид (ол тестостеронның ДГТ гормонына айналуын тежейді).

Финастеридтің психологиялық және жыныстық жағынан ауыр әрі ұзаққа созылатын жанама әсерлері болуы мүмкін. Биыл Ұлыбритания дәрігерлерге бұл дәріні қабылдайтын пациенттерді мұқият бақылап, оларға толық ақпарат беру керектігі жөнінде ескерту жариялады.

Шейфердің сөзінше, финастерид әйелдерге де әсер етуі мүмкін, бірақ оны бұл мақсатқа пайдалану FDA тарапынан мақұлданбаған. Сонымен қатар, бұл дәрінің әйелдерге әсіресе сүт безі қатерлі ісігінің қаупін арттыру секілді елеулі қаупі бар. «Менопаузадан соң әйелдердің көбі финастерид қабылдап, оның оң әсерін көреді, бірақ препараттың қаупі барын да ескереді», – дейді Шейвер.

Кез келген емді бастамас бұрын міндетті түрде білікті дерматологтің нақты диагнозы керек. Себебі шаш түсуінің ең кең тараған себебі ерлерге тән біртекті қасқалану болғанымен, одан басқа да көптеген фактор бар және олардың көпшілігіне жоғарыда айтылған FUT немесе FUE әдістері тиімсіз болуы мүмкін. Шейвер шаш трансплантациясын жасатқысы келетін адамдарға тәжірибелі және сенімді маман таңдауда сақ болуға кеңес береді.

«Клиникамызға жүгінетін көп адам шаш түсуі тұқым қуалаудан деп ойлап келеді де, бірден трансплантация жасатқысы келеді, – дейді ол. – Алайда тексеруден кейін оларға шаш трансплантациясы жарамайтынын жеткізуіме тура келетін кездер болады».

Әйткенмен бәрі бірдей шаш түсуін емдете бермейді, медициналық сақтандыру көп жағдайда бұл емнің шығынын өтемейді. Кристияноның айтуынша, кейбір скептиктер: «Қасқалану да ауру болып па, тәйірі? Жас ұлғая келе шаштың түсуі қалыпты өзгеріс емес пе?» деуі мүмкін. Қасқалануды да қабылдап, жаңа келбетіңді жақсы көріп кетуге де әбден болады.


Қазірлі оқырман, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.