Авторы: Шон Уильямс
Фото: Мэтью Эбботт
Джек Кармоди Аустралияның шөл даласында мал фермасының жұмысын қалай жүргізетінін көрсетіп, YouTube-та үлкен аудитория жинаған жан. Ол суқоймаларын жөндеу, қоршауларды нығайту және иелікке баса-көктеп кірген жабайы жануарларды ату сияқты ауыр жұмыстарды көрсетеді. Тағы жылқы және есектермен бірге, қару қолдануға мәжбүрлейтін ерекше зиянды инвазив түр – түйелер. XIX ғасырда отаршылар елдің ұлан-ғайыр ішкі аймақтарын игеруге пайдалану үшін әкелген бұл жануарлар қазір шөлді аймақтарда талай апат туғызып, Кармодидің отбасының да аустралиялықтар төлтұрақ деп атайтын мал фермасына айтарлықтай зиян келтіріп жатыр. 4000 км2 астам аумақты алып жатқан Пренти Даунс фермасында атқарылатын жұмыс та көп, контент жасауға да мүмкіндік мол.

Кармоди Jack Out The Back ютуб арнасына жүктеген видеоконтенттің ішіндегі аса танымалы – оның түйелермен алысатынын көрсететін видеолар. Үш баланың әкесі, тікмінезді Джек жыл сайын 800-ге жуық түйені атып өлтіреді. Кармоди мен өзге шаруалар мұны күрмеуі қиын түйткілді шешудің «бақшадағы арам шөпті жұлу» сияқты көкейге қонымды шешімі деп түсіндіреді. Түйелер қаулап өсетін арамшөп сияқты қайта-қайта келе береді.
Аустралия әлемдегі ең үлкен жабайы түйе популяциясының мекеніне айналып отыр. Түрлі болжамдарға сәйкес олардың саны бірнеше жүз мыңнан миллионға дейін жетеді. Інгендер екі жыл сайын боталайды, тұмса табиғатта 40 жылға дейін өмір сүреді. Бұл олардың саны әр 9 жыл сайын екі еселенуі мүмкін дегенді білідіреді. Орташа салмағы 450 келі болатын, оншақты түйеден тұратын шағын топтан бастап, саны бірнеше жүзге дейін жететін келе-келе жабайы түйелер экожүйелерді таптап, инфрақұрылымды бүлдіріп жатыр. Бұл жануарлар жайылған жерде түк қалмайды. Басқа жабайы жануарлармен, қолдағы малмен де бәсекеге түсіп, байырғы қауымдардың азық көзін азайтуда. Жабайы түйелер шағылдардың табиғи тепе-теңдігін бұзып, топырақты эрозияға ұшыратады. Топ-тобымен су маңына жиналып, тезектерімен су көзін ластайды. Кейде шөлден қырылып, өлекселері суды бүлдіреді. Шын мәнінде, басты мәселе су болып тұр. Ылғалға бай өсімдіктер жеткілікті болса, түйелер бірнеше апта бойы сусыз жүре береді. Бірақ оларды шөл қысқанда тоқтату мүмкін емес. Ересек түйе күніне 200 литрге дейін су іше алады. Кейде құрғақшылықтан табиғи су көздері тартылып қалған кезде, түйелер шөлін қандыру үшін кез келген жерге баса-көктеп кіріп, құбырларды таптап, дәретханаларды талқандап, кондиционерлерді қиратып кетеді.

Құрғақшылықтың ұлғаюы себепті түйелердің адамдармен жиі бетпе-бет келуі одан да зор мәселе болып тұр. Мұндай қақтығыстардың ең үлкені 2013 жылы Солтүстік аумақтағы Кертин Сприңз мал фермасында болған еді. Су іздеген жабайы түйелер ферманың 160 км қоршауын қиратқан. «Тас-талқан етті. Бәрі кетті», – дейді фермаға отбасымен иелік ететін Линди Северин ханым. Қоршауды ауыстыруға шамамен жарты миллион доллар кетті. Фермерлер өз аумағындағы жабайы жануарларды қуып шығуға хақылы. Түйелердің қайта оралғанын көрген Северин Аустралияның Жабайы түйелерді басқару жобасына қоңырау шалды, оның алдындағы жылы осы мекеме өңірде 27 000 түйені атып өлтірген еді. Екі күннен кейін мергендер ферма аумағына келіп, төрт күн тікұшақпен жүріп, 1700 түйені атып өлтірді.
Алайда жабайы түйелерді атуға бағытталған 4 жылдық федералды бағдарлама 2013 жылы аяқталды, себебі орталықтарда осы жобаны шалғайдағы аймақтарда жалғастыруға қажетті саяси ерік-жігер болмады. Ал түйелердің саны тек көбейіп келеді. Аустралияның инвазив түрлер бойынша кеңесінің негізін қалаушы, биолог Тим Лоудың айтуынша, қазіргі кезде жабайы түйелердің фермерлер мен ауылды жерлерді мекендейтін байырғы қауымдарға келтіретін зияны жетерлік. Келтірілген зиян мен бақылауға кеткен шығындар 2013 жылы 12 млн доллар деп бағаланған. Әйтсе де қазіргі шығындардың нақты көлемі белгісіз. Лоу мен өзге де сарапшылар популяцияны бақылауға алмаса, алдағы құрғақшылықтар жаңа дағдарыстарға әкеліп соғады деп алаңдайды.
Түз тағысына айналған түйелерді не істеуге болатыны жөнінде біраз идея бар. Ең алдымен, түйе Аустралияға кезінде не үшін әкелінгенін түсіну де маңызды.
1830 жылдары шөлді аймақтарды зерттегенде мініс аттарының тез болдыруынан әбден мезі болған британ отаршылары түйенің ерекше төзімділігі жайлы естіп-білді. Алғашқы түйе 1840 жылы Канар аралдарынан жеткізілді, кейінірек Араб түбегінен, Ауғанстаннан, Британдық Үндістаннан, Иран мен Осман империяларынан да түйе әкелінді. Отаршылар сондай-ақ 2000-нан астам түйе бағушы немесе түйеші де әкелді. Түрлі тектен шыққандарына қарамастан олардың бәрін «ауғандар» деп атады. Түйелер азық-түлік пен керек-жарақты, алтын өндірушілерді, теміржол мен телеграф құрылысшыларын тасыды. Алыстағы шөлді аймақтарды ашуға да көмектесті. Кейінірек 1901 жылы еуропалық емес иммиграцияны болдырмас үшін қабылданған «Ақ Аустралия» саясаты сияқты технология да 1930 жылдарға қарай түйеге мұқтаждықты жойды. Аутомобильдер мен теміржолдар түйе шаруашылығын іс жүзінде құрдымға жіберді. Көптеген шетелдік түйеші отандарына қайтты. Ал иесіз қалған 10 мыңнан аса түйе еркін жайылымға жіберілді.
Түйені пайдаланудың дәстүрлі тәсілдерінің бірі – оларды саяхат индустриясына тарту. Бұл саяхатшыларға Аустралияның ішкері аймақтарының ең шалғай жерлерін көрудің шынайы жолын ұсынады.
Түйемен саяхат алғаш рет Робин Дэвидсонның 1980 жылы жазған «Жол» (Tracks) атты мемуарынан кейін танымал болды. Онда ол Батыс Аустралияның шөлдерінде түйемен сапарға шығып, жалғыз өзі 2700 км-ді еңсергенін баяндайды. Қазір бұл салада бірнеше оператор қызмет көрсетеді. Олардың бірі – Outback Camel Company. Аталған компания көптен бері жұмыс істеп келеді. Компанияны 2000 жылдан бері басқаратын, 21 түйесі бар Эндрю Харпер бүкіл ел бойынша треккингке пайдаланылатын түйелер саны жүзге де жетпейтінін айтады. «Кәсібіміз жыл маусымына байланған. Шөлге түйемен саяхатқа шыққысы келетін адам саны көп болмағандықтан, бұл геометриялық прогрессиямен өсуге негізделген әдеттегі бизнес моделіне ұқсамайды», – дейді ол.
Жабайы түйелерді тақымдаудың тағы бір қызықты әрі драмалық тәсілі бар.
Жыл сайын 4 мыңнан астам адам Аустралияның Куинсленд штатындағы Буллия ауылына (халқының саны 500-ге де жетпейді) жиналады. Мұнда жүлде қоры шамамен 30 000 долларды болатын Аустралиядағы ең әйгілі түйе жарысы өткізіледі. Бәйгеге түсетін түйелер тым ашулы келеді. Түйенің тебуі, тістеуі – жиі болатын оқиға. Тақымы мықты шабандоздардың кез келгенінен осыны дәлелдейтін тыртықтарды көруге болады.
Түйе треккері Пэдди МакХью Буллияда түйе бәйгесін 1997 жылдан ұйымдастырып келеді. Бұл шаруа әлі де қарапайым кәсіп деңгейінен көтеріле алмай тұр. Қатысатын түйе саны да жүз қаралы, жергілікті жарыс жолдары да көңіл көншітпейді. Әйтсе де МакХью бұл көрсеткіш келешекте он есе өсуі мүмкін деп санайды. Формула-1 стиліндегі жарыс жолы Аустралиядағы бәйгелерді Солтүстік Африка мен Парсы шығанағындағы бәйгелермен теңестіре алады. Ол жерлердегі түйе бәйгелерінің жүлде қоры бір миллион доллардан асып жығылады.
МакХью Аустралияда түйе мәселесін шешудің жалғыз жолы оның түрлі атрибуттарын нарыққа шығару деп санайды. «Түйені тым төмен бағалап отырмыз. Оның танымалдығын арттырып, Аустралия үшін тағы бір үлкен индустрия құруымыз керек», – дейді. Ол кейбір байырғы қауымдар мен жануарлар құқығын қорғау ұйымы қатарында ойсылқара тұқымын жоюға қарсы. «Ұлық жануардың ақылға сыймайтын жағдайда қырылып жатқанына» қынжылады.
Түйе – ғажайып жануар. Басқа жануарлардан айырмашылығы, олар сағатына 65 км дейінгі жылдамдықпен шаба алады. Оларды сауып, сүтін пайдалануға болады. Түйе сүті қою әрі аздап тұзды, сиыр сүтіне қарағанда қоректік затқа бай, майсыз әрі лактоза мөлшері төмен. Аустралияда жылына 180 000 литр түйе сүті өндіріледі. Жыл сайын өндірілетін 2,4 млрд литр сиыр сүтімен салыстырғанда теңіздегі тамшыдай ғана. Дегенмен бұл – жаңадан дамып келе жатқан үй шаруа-
шылығы деңгейіндегі шағын сала.
2014 жылы Мельбурнның солтүстігінде негізі қаланған Camel Milk Co. компаниясы қазір 200-ден аса інгеннен тұратын келе ұстап отыр. Куинслендтегі 800 түйесі бар Summer Land Camels органик фермасы С дәруменіне бай сүттің пайдасын насихаттап, тұтынушыларына түйе сүтінен жаслаған фета ірімшігінен желато балмұздағына, дене күтіміне арналған кремнен сүттен жасалған араққа дейінгі түрлі сүт өнімдерін ұсынып отыр.
Әрине, елдегі жабайыланып кеткен түйе популяциясын азайтуды көздейтін сүт өндірісін кеңейтуде елеулі қиындықтар бар. Оңтүстік Аустралиядағы Humpalicious түйе сүті зауытының өкілі Уорвик Хилл сауын малының әдетте желін өлшемі біркелкі болуы керек екенін айтады. Бірақ «түйелерді сауу аппаратына сәйкестендіріп сұрыптап шығаруға ешкім бас қатырып жатқан жоқ». «Он түйе саууға кететін уақыт ішінде сиыр фермасы 500 сиыр сауып үлгеруі мүмкін», – дейді Хилл.
Humpalicious өнімдерінің бірі жерки (ыстап, кептірілген сүр ет), тағы бір шешімге нұсқайды: әлем бойынша 1,6 млрд долларлық нарықты құрайтын сала саналатын түйе еті (сала мамандарының есебінше 2030 жылға қарай оның көлемі 2,2 млрд долларға дейін артады) Таяу Шығыс пен Африкада сұранысқа ие. Түйе еті қазірдің өзінде танымал бола бастады. Аустралияның жаңа Eat the Invaders телешоуының бір эпизоды көрермендерді дәмін татып көруге шақырды. Бұл сұранысты пайдаланып жатқан, ішкі нарыққа түйе бургеріне арналған котлет сияқты ет өнімдерін жеткізетін көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары арасында Аделаидадағы ет экспорттаушы Samex пен Жаңа Оңтүстік Уэльстегі Fettayleh Foods сынды шағын фирмалар мен ірі компаниялар да бар.
Түйе еті де Аустралиядағы шағын мамандандырылған бизнес саналады: жыл сайын бірнеше жүз тонна түйе еті өндіріледі, бұл жылда 2,5 млн тонна көлемінде өндірілетін сиыр етінен әлдеқайда аз. Бірақ Camel Export Australia компаниясының бас директоры Эдди Хопкинс түйе етіне шетелде, әсіресе АҚШ-та сұраныстың өсіп жатқанын айтады. Ол Миннесота штатындағы Миннеаполис қаласының шағын дүкендерінен аптасына 25 тоннадан аса сұраныс алды, бұл – шамамен 200 түйенің еті. Ол аймақта түйе еті мен сүтін негізгі азық-түлік көзі ретінде тұтынатын сомалилік үлкен қауым тұрады. Хопкинс бұл сұраныс «беткі жағы» екенін айтады, ол әлем бойынша нақты апталық сұраныс 1200 түйеге жақын деп шамалайды. Бұл оның осы индустрияның ұзақмерзімді болашағына деген сенімін күшейте түседі.
Фермер әрі ютубер Кармоди өз иелігіндегі келеден жыл сайын алатын 118 тонна түйе етінің бір бөлігін сатуды жоспарлап отыр. Таяудағы бір видеосында ол нардың өркеш майының астындағы етін кесіп жатып шұжық жасау үшін сан еті мен қол етінен алатынын түсіндіреді.
Қалай болғанда да, шөл далада жүрген түйелерді атып алып, өңдеуге жеткізу –аса ауыр әрі қымбат процесс. Ал ату арзан.
Түйелердің елді мекендерге қайтып келетіні айдан анық. Сондайда шалғайдағы тұрғындар қандай шешім қабылдамақ?

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.