20Авг

Байтақ жеріміздің беймәлім туристік орындары

Қаланың күйбең тіршілігінен шаршағанда көкке шығып демалғымыз келсе не басқа аймақ, шет елдерден ат арытып қонақ келсе, қапелімде қайда барарымызды білмей, қапылып қалатынымыз бар емес пе?

Осындай олқылықтың орнын толтырып, астананың айналасындағы әлеуетті туристік орындарды дамытып қана қоймай, оны халыққа танытуды көздеген Орталық Азия­ның Еуразия қоры серіктес «Шеврон» компаниясымен бірге «Байтақ жер» жобасын бастады. Жоба елорда төңірегіндегі этно-, эко-, агротуризм саласында еңбек етіп жүрген кәсіп иелерін оқытып, бағыт беруді 2022 жылы қолға алды. Былтыр «Байтақ жердің» ең мықты алты қатысушысы өз істерін жүргізуге пайызсыз несие алса, биыл 9 кәсіпкерге 1–7 млн теңге көлемінде өсімсіз несие берілді.

Шағын бизнесті қолдау арқылы ішкі туризмді жандандыруды көздейтін осы жобаның жай-жапсарымен танысып, әрі Ақмола облысының көрікті орындарын көріп қайтпаққа Астанадан арнайы жолға шықтық.

Туризм деген тек тұмса табиғатты тамашалап, әдемі әсерге бөленуден тұрмаса керек. Ауыр болса да, өткеніңді танып, тамырыңа тереңдеу үшін тарихи орындарға да тоқтаған жөн. Осы оймен әуелі, Астанадан шыға бере, Ақмол кентінің маңайында орналасқан «АЛЖИР» мемориалды-мұражайына ат басын тіредік. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдерін кінәсін еш дәлелдемей-ақ 5-8 жыл қамауға алып, қыспақ көрсеткен заманның жан түршіктірер экспонаттары тым шынайы екен.  

Қатал тарихтың әсерінен арылып үлгермесек те, әрі қарай осы ауылдан 4 км тыс жатқан, өздерін этнотуризм саласының өкілі ретінде таныстырған Нұрлан, Алтынай Тәңірбергеновтердің қонысына келдік.

«Байтақ жер» жобасына әуелде сүт өнімдері кәсібін бастау идеясымен келген Алтынай Тәңірбергенова оқыту курстарынан өткен соң, бизнесінің бағытын киіз үй жасауға бұрғанын айтады. Осы ісін ілгерілету үшін қазір ол этнография мамандығын арнайы оқып жүр екен: «Негізі экономистпін, кейін психология бойынша да білім алдым, енді міне, этноауыл құрып, киіз үй жасаумен айналысып жүргендіктен, жаңа мамандықты игеріп жатырмын. Өзіміздің шағын шаруашылығымыз бар: сиыр бағамыз, бөдене ұстаймыз. Этноаулымызға былтырдан бастап туристер келе бастады. Қонақ келсе, істес әріптестерімді шақырып, қазақтың дәмімен, салт-дәстүрді паш етіп қарсы аламыз. Мұнда туристер демалып, дәмді ұлттық тағамдардан ауыз тиіп қана қоймай, атпен серуендей алады. Өзім садақ атудан да шеберлік сыныбын ұйымдастырып тұрамын», – дейді бесаспап кәсіпкер.

Алтынай «Байтақ жер» жобасынан алған сомаға екі станок жасағанын, алдағы уақытта қазақ үйдің барлық бөлігін өздері жасап шығаруды көздеп отырғанын айтады.

Сәні мен салтанаты жарасқан бұл ауылда біз кешке дейін қонақ болып, көңілді уақыт өткізіп, сапарымызды әрі жалғастырдық.

Екінші күні жоба арқылы жанданып жатқан басқа да кәсіпкерлердің шаруашылығымен танысуға аттандық. Алғашқы межеміз – Ғалия Искакованың Астана қаласынан жүз шақырым жердегі шағын демалыс аймағы «Лагуна Акколь». Мұнда қонақтар орманға таяу жерде еркін тыныстап, шағын көлшікке шомылып, тіпті балық та аулай алады. Балаларларға арналған ойын алаңы да, жалға берілетін велосипедтер де бар.

Кәсіпкер алдағы уақытта монша пайдалануға берілетінін, басқа әріптестерімен серіктесіп атпен серуендеу мүмкіндігін де қарастырып отырғанын айтады. Ол жобадан алған қаржыны аумақты жарықтандыруға жұмсаған көрінеді. Бурабайдан 130 шақырым жерде орналасқан осы демалыс аумағы шағын болса да, қаланың қым-қуыт тірлігінен демалуға таптырмас орын деп түйдік.

Енді бағытымызды осы Ақкөл ауданындағы Айдарлы селосына қарай бұрдық. Мұнда жоба қатысушысы Фарида Елеусізованың «Красный горняк» деп аталатын бақтақ шаруашылығы орналасқан. Бұл жерге туристер шағын суаттан балық аулауға арнайы келеді. Кәсіпкердің айтуынша, Кеңес заманында осы суайдыннан әктас алынатын болған. Ол табиғи антисептик болғандықтан, су таза, тұнық. Ал бақтақ оттекке бай, таза суда ғана тіршілік етеді. «Десе де, бақтақ бағудың әуресі көп. Су температурасын үнемі бақылап отыру керек»,– дейді ол. Мұнда әсіресе Көкшетау, Астана, Қарағанды секілді алыс-жақын қалалардан кәнігі балықшылар көп қонақ болады екен. Олар көбіне өздерінің құрал-жабдығымен келетін көрінеді, ал біз секілді «құр қол» барғандарға балық аулауға арналған түрлі жабдық ұсынылады.


Ақпараттық тур қатысушыларының бірі тур-оператор Айжан Өміралинаның айтуынша, қазір туристер арасында балық аулауға сұраныс өте жоғары. «Әсіресе жаз кезінде көптеген турист балық аулауға рұқсаты бар жерлерге барғысы келетінін айтады. Ал, біз жиі экскурсия ұйымдастыратын Қорғалжын аймағында балық аулауға тыйым салынған. Сондықтан алдағы уақытта осы жерді тур бағдарламасына қосамыз. Әрі бүкіл құрал-жабдықпен қамтылғаны, жатын орындары, қонақтарын құшақ жая қарсы алып, шаруашылығының тарихын айтып жатқаны – бәрі туристерге де ұнайды деп ойлаймын, – дейді 10 жылдан бері ішкі туризм саласында жұмыс істеп келе жатқан Айжан.

Шаруашылық аумағында үйшіктерді жалға алып, қона жатуға да болады. Жатын орындары өте жайлы, не керектің бәрі бар. Қолға түскен олжаңызды сол бойда өзіңіз пісіріп жесеңіз де, еркіңіз. Ал ондай өнеріңіз жоқ болса, биыл көктемде ғана ашылған кафеден қолжетімді бағада тамақтануға болады. Кәсіпкер мұнда балық аулаудан бөлек, кемпиңге арналған орындар да жалға берілетінін айтады.  

Біз үш-төрт сағаттай қармақ салып, бір-екі бақтақ олжаладық. Кафеден дәмді палау жеп, көлікке отырдық. Бағытымыз – Біржан Сал ауданы.

Астанадан 230 шақырым қашықта, Жөкей көлі мен ауылының маңайында Қанат Төкесбайдың «Лес и звезды» глэмпиңі орналасқан.

2021 жылы ашылған глэмпиң аумағында 16 үй бар: тентхаус дейсіз бе,  А-фрейм, шар дейсіз бе, бәрі табылады. Бір мезетте 80 турист қонақ бола алатын демалыс орнында мангал аумағы, монша, жаздық, қыстық кафелер, бассейн, балалар ойнайтын алаң секілді игіліктер қонақтардың жайлы демалуына жағдай жасайды. «Бастапқыда қонақтар аз болғанымен, қазір жыл бойы адам аяғы үзілмейді. Сондықтан мұнда демалу үшін, алдын ала қамданып, тапсырыс беру керек. Қонақтар өз көліктерімен келе алмаса, біз оларды серіктестеріміз – жеке көлік компанияларымен келісіп, жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Туристер бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес,  шет елдерден де жиі келеді», – дейді Қанат Төкесбай.

Глэмпиңнің сырына қаныққан соң, кешкі ас алдында бізге «Байтақ жер» жобасының тағы бір қатысушысы Эльвира Мұқашеваның ірімшігінен дәм тату бұйырды. Көкшетау қаласында «Буррата» ірімшік зауытын ашқан кәсіпкер өзінің жеке авторлық рецептісімен жұмсақ ірімшіктің 20 түрін қайнатады.

«Бала кезімнен сүт өнімдерін қатты жақсы көремін. Әрі олардың денсаулыққа зор пайдасын білгендіктен 2019 жылы өз бетіммен ірімшік қайнатуды бастадым. Сөйтіп әлеуметтік желілерге салып жүріп, карантин кезінде кәсібім жандана түсті. Көп кешікпей, зауыттың атын 4 түрлі етіп ұсынуға болатын ерекше ірімшіктің атымен «Буррата» деп атап, ісімді бастап кеттім. Ол әрі итальян тілінен аударғанда өзіміз сүйіп жейтін «сары май» деген мағынаны береді екен. Өзіміз сүт өндірмейміз, сондықтан оны тек сенімді, сапалы фермалардан сатып аламыз», – дейді Эльвира. Ол «Байтақ жер» жобасы бойынша берілген қарыз сертификациядан өтуге, шағын зауытының кафеге дейін өсуіне мүмкіндік беретінін айтады.

Әрі жобаның арқасында білімін толықтырып қана қоймай, кәсіпкер өзіне команда жинап, істес мамандар тапқанын да қуана хабарлады.

Айлы түн астында заманауи жабдықталған әсем де жайлы үйшіктерде тағы бір таң асырып, сапардың ақырғы күні Зерендіге қарай жол тарттық. Кейінгі кезде «Бурабай» ұлттық паркімен қатар аталып, енді-енді жұртшылықтың назарына іліге бастаған «Көкшетау» мемлекеттік табиғи паркінің туристік соқпақтарына табан тіремекпіз. Жол бойы жап-жасыл, байтақ даланың әдемі көрінісіне тамсанып 3 сағаттың қалай өте шыққанын да байқамай қалдық.

Ұлттық парк Көкшетау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. Ол Зерендімен қатар Шалқар, Имантау, Айыртау аймақтарын қамтиды.

Қалың қарағай, қайың, теректер жиектей өскен 1,5 км-лік соқпаққа түсіп, гидіміз Алеся Родинаның бастауымен «Смольная» шоқысына жол тарттық. Алеся бұл аймаққа туристер карантиннен кейін көптеп келе бастағанын айтады. Десе де жұмыс күні болғандықтан ба, жол бойы орманда жеміс-жидек пен саңырауқұлақ теріп жүрген бірен-саран адам ғана кездестірдік. Соқпақтың әр жеріне қоқыс тастайтын қапшықтар қойылыпты.

Жарты сағат аяңдап теңіз деңгейінен 450 метр биіктегі шоқыға да көтерілдік. Саф ауа, самал жел, айнала жап-жасыл. Көз ұшында айнадай болып жарқырап жатқан Зерен көлі көрінеді. Байтақ жеріміздің тұмса табиғаты жанды жадыратып, көз қуантатады. Шоқының үстінде, асай-мүсейін асынған, арнаулы форма киген бір кісі сканворд шешіп отыр екен. Әуелгіде бізге – фотоға түсіп, тау-тасты қызықтаған туристерге – назар аударған да жоқ. Демек мұндайды күнде көріп жүрген осы жердің жұмысшысы деп топшыладық та, атайды сөзге тарттық.

Өзін «дед Паша» – Павел Владимирович деп таныстырған ол: «Осы аумақта туып-өскем, зейнетке шыққалы орман күзетшісімін. Шоқы үстінен көкжиекке көз салып, төңіректі бақылаймын. Түтін көрсем, мына рациямен орталыққа хабарлаймын. Негізгі жұмысым – сол. Биыл, бағымызға орай, ешқандай өрт қаупі болған жоқ. Әйтсе де, алаңдатарлық мәселе көп, әсіресе жаһандық жылымықты айқын сезуге болады. Биыл қар түскен жоқ десе де болады. Жан-жануарлар да сиреп жатқаны байқалады», – деді күрсініп.

Жалпы ұлттық парк аумағында құстардың 224 түрі, сүтқоректілердің 51 түрі, балықтардың 19 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 5 түрі, қосмекенделердің 1 түрі мекендейді. Кейінгі жүз жылда сүтқоректілердің 2, құстардың 5 түрі аумақтан мүлде жойылып кетіпті.

Аймақтағы ең қауіпті жануар қайсы деген сұрағыма «дед Паша»: «Ормандағы ең қауіпті жануар – адам. Аңмен кездессең, тиіспей, жөніңмен кетсең, олар да саған шаппайды. Ал адаммен жолықсаң, ойында не барын біліп болмайсың», – деп жауап берді. Шынымен, өрт шықса да көбіне адам қателігінен болатынын, жаһандық жылымыққа да, аң-құстың жойылуына да адам жауапты екенін еске алсақ, ол кісінің сөзінің жаны бар. Осындай терең ойыдың жетегінде біз аймақтың басқа да көрікті жерлеріне аттандық. «Алып саңырауқұлақ» тасы, «Құмысқаның илеуі» секілді туристік жерлерді шолып, әрі қарай Зеренді көліне, Тіржан қажы бұлағына аялдадық.

Үш күндік саяхатымыздың ақырғы нүктесі  – Зерендінің ең керемет орындарының бірі Үлгілі шатқалы.

Гидіміз Алеся мұндағы сарқыраманың маусымдық екенін алдын ала ескерткендіктен, бастапқыда аса бір әсерлі су ағынын көремін деп мүлде ойлаған жоқпын. Бірақ суы гүрілдеп, асып-тасып жатпаса да, сарқырама шындығында өте әдемі екен. Туристердің де қарасы көп. Қар еріп, су көтерілген шақта – сәуір айының ортасына қарай келсеңіз, нағыз тамашаны көретініңізге сене беріңіз.

Осы шатқалға жақын жерде үш бірдей ауыл орналасқан екен: Үлгілі, Қарсақ және Жыланды. 40 жылдай бұрын аталған ауылдардың жастары сарқырамаға өз аулының атын беру үшін жарыстар ұйымдастырған көрінеді. Әрине, «таласуға» тұрарлық мекен.

Шатқалды аралап болып, биіктен төмендегі суға қарап тұрғанда, Алесяның шаттанған дауысы естілді.

«Өткен апта келгенде, су бетінде өсіп тұрған мына әсем гүлдерді туристердің жұлып алып жатқанын байқап жаным ауырды. Бұл бізде сирек өсетін, «Қызыл кітапқа» енген ақ тұңғиық (nymphaea alba) қой. Ал оны көпшілік біле бермейді, әдемілігіне қызығып, жинап алады. Сондықтан шатқалға жауапты қызметкерлерден туристерге ескерту тақтайшасын орнатуды өтініп едім. Міне, іле-шала айтқанымызға құлақ асқанын көріп, қуанып тұрмын», – деді төменге нұсқап.

Бұл да бір елімізде экотуризмге дендеп көңіл аударылып жатқанының кішкентай ғана көрінісі ғой дедім іштей. Осындай келешегімізге деген жылы үмітпен, жайдары көңіл күйде сапарымызды аяқтадық.

Әрине, біз жолығып қонақ болған туристік орындардың бәрі мінсіз деп айта алмаймыз. Кәсіптерін енді жолға қойып, аяққа тұрып келе жатқандықтан алдағы уақытта аталған жобалар әлі де жетілері даусыз.