14Нау

Бүгін «Xабар» арнасында 10 күндік телемарафон басталды

«Хабар» Агенттігі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында арнайы жоба – отандық телевизия тарихындағы тұңғыш «Жаңа күн – Жаңа Қазақстан» мерекелік телемарафонын ұсынып отыр. Тележоба бүгін, 14 наурыз күні, «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартты.

«Жаңа күн – Жаңа Қазақстан» мерекелік телемарафоны таңғы сағат 7.00 – ден түнгі 00.00-ге дейін «Хабар» арнасында тікелей эфирде өтеді.

Биылғы марафон 10 санымен тығыз байланысты. Телемарафон 10 күн, 10 қайырымды іс, 10 маңызды оқиғаны қамтиды. Жоба аясында студияға келетін қонақтармен сұхбаттар жасалады, ұлттық спорт түрлерінен көптеген жарыстар ұйымдастырылып, жүлде таратылады, мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетіледі.

Мереке күндері «Хабар» телеарнасы ең жарқын жобаларды көрермен назарына ұсынбақ: мерекелік концерттер, деректі фильмдер, телехикаялар, сүйікті бағдарламалардың арнайы шығарылымдарын көрсету жоспарланған. Іс-шараға «Tangy Habar», «Бүгін», «Большая неделя», «Қорытынды жаңалықтар» циклдік бағдарламалары мен «Түнгі хабар» кешкі шоуы атсалысады. Көрермендерді «Түрленген Түркістан», «Тараз – тарихымыздың темірқазығы», «Қуатты Қызылорда», «Айбыны асқақ Атырау» деректі фильмдері, «Наурыз.kz», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Қазақ хандығы. Алтын тақ» кинотуындылары, сондай-ақ, «Ән-аға» және «Абай жолы» телехикаялары күтуде. Мерекелік көңіл-күйді Айқын Төлепберген, Нұржан Керменбаев, Төреғали Төреәлі Ернар Айдар сияқты сүйікті жұлдыздардың концерттері және «Формат», «Алашұлы», «Музарт» атты белгілі музыкалық топтардың шығармашылық кештері сыйлайды.

Эфир барысында бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен тікелей қосылулар ұйымдастырып, шет елдердегі тілшілер арқылы Наурыздың әлем елдеріндегі тойлануы туралы ақпарат беріледі.

Бүгіннен бастап наурыздың 23-не дейінгі аралықта «Хабар» арнасынан «Жаңа күн – Жаңа Қазақстан» телемарафонын тамашалауды ұмытпаңыздар.