Стэн атты тираннозавр рекстің қайта жинақталып, орнатылған қаңқасы. Ол БАӘ астанасында салынып жатқан жаратылыстану тарихы музейіне қойылады.
Әлемдегі ең қымбат тираннозаврдың қаңқасы жаңа музейден пана тапты. 2020 жылы белгісіз біреу оны 31,8 млн доллар төлеп сатып алған соң, динозавр төңірегіндегі әңгіме сол күйі шешілмеген құпия болып қалған еді. Енді құнды қазба Әбу-Дабидегі музейде сақталады.
2020 жылғы 5 қазаннан бері палеонтология әлемінде ешкім жауабын білмейтін үлкен жұмбақ бар еді: бұрын-соңды аукционға шығарылған ең қымбат қазба – Стэн есімді әйгілі тираннозаврдың қаңқасына 31,8 млн доллар төлеп сатып алған кім? Ол оны не істемек?
Енді бүгін бұл сұрақтың жауабы табылды. Стэн Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабидегі жаратылыстану тарихына арналған жаңа музейінің ең басты жәдігеріне айналады.
Жыл басында National Geographic АҚШ-тың сауда операциялары туралы мәліметтерін пайдаланып, құны 31 847 500 АҚШ долларына (Стэннің нақты бағасы) татитын 5,6 тонналық жүктің 2021 жылғы мамырда Нью-Йорктен БАӘ-ге аттанғанын анықтаған болатын. Қазіргі таңда Әбу-Дабидің Мәдениет және туризм департаменті Стэннің болашақта ашылатын Жаратылыстану тарихы музейіне орналастырылатынын растады, ауданы 115 мың шаршы метрге жуық жерді алып жатқан бұл музей жеті әмірліктің ең бай әрі ең үлкеніндегі Саадият аралында орналасады.
Құрылысы 2025 жылы аяқталатын Жаратылыстану тарихы музейі Арабия түбегіндегі өсімдіктер мен жануарлар әлемін негізге ала отырып, Жер бетіндегі тіршілік пен 13,8 млрд жастағы ғаламның хроникасын жүргізуді көздеп отыр.
Әбу-Даби билігі сонымен қатар 1969 жылы Аустралияның үстіне құлаған метеориттің фрагментін сатып алғанын да хабарлады. Ғылыми тұрғыдан аса маңызды, көміртекке бай бұл метеорит ондаған жыл бойы ғалымдарға жас күн жүйесінің химиялық құрамын тереңірек зерттеуге мүмкіндік беріп келді. Метеориттің ішінде біздің Күннен бұрын пайда болған жеті миллиард жастағы минерал бөлшектері де бар екен.
«Енді жаратылыстану тарихының сыры осында – Әбу-Дабиде шертіледі, біз ғаламның баянын адамзатқа белгілі кейбір ғажап үлгілер арқылы айтамыз, – дейді Әбу-Дабидың Мәдениет және туризм департаменті басшысы Мұхаммед Халифа әл Мүбәрак National Geographic журналына берген мәлімдемесінде. – Бұлар – табиғаттың бізге берген ерекше сыйы, біз оны мақтанышпен қорғап, жалпақ жаһанға паш етеміз».
Стэннің саяхаты
Стэнге жаңа үйдің табылуы – әлемдегі ең қымбат тираннозавр рекстің қаңқасы жайындағы аңыздың ең соңғы бөлімі. 1990 жылдардың басында Оңтүстік Дакотадағы жекеменшік жерден қазып алынған 67 млн жастағы қаңқа жиырма жылдан аса уақыт бойы Хилл-Ситидегі Блэк-Хиллз геологиялық зерттеулер институтында сақталып келген. Аталған мекеме қазып алынған қаңқаларды, олардың көшірмесін, сондай-ақ экспонаттарды музейлер мен жеке коллекционерлерге сатады.
Бұл институт биіктігі 12 метрге жетер-жетпес тираннозавр рексті сатуды бастапқыда жоспарлаған жоқ: қаңқа сүйектері компанияның музейіне қойылып, жүздеген көшірмесі жасалды, бүгінде олар әлемнің түкпір-түкпіріндегі музейлер мен актер Дуэйн Джонсон секілді коллекционерлердің үйінде тұр. Алайда компанияның ең ірі акционерлері саналатын ағайынды Пит пен Нил Ларсон арасында болған құқықтық сипаттағы дау-дамайдан соң, сот 2018 жылы әлгі қаңқаны сату жөнінде үкім шығарды. Он жеті ай бұрын тираннозавр рекс Нью-Йорктегі Christie’s аукционында 31,8 млн долларға сатылды, бұл – бұрын-соңды аукционда қандай да бір мақұлықтың қазып алынған қаңқасы үшін берілген ең жоғары баға еді.
2022 жылғы қаңтарда Джонсон ESPN телеарнасында сөйлеп тұрғанда желі қолданушылары оның артында Стэнге ұқсайтын бассүйекті байқайды, бірақ актер бассүйектің дәлме-дәл көшірме ғана екенін айтады. «Егер мен нағыз Стэннің иесі болсам, оны кеңсемде сақтамай, бүкіл әлем тамашаласын, зерттесін, көрсін деген ниетпен музейге берер едім», – деп жазды Джонсон өзінің Instagram-парақшасында.
Палеонтологтар да аукционнан кейін дәл осы ойда («Мұндай маңызды жәдігерге ғалымдар мен жалпақ жұрттың қолы жетуге тиіс») болып еді. Сатылым заң бойынша өтті, бірақ кейбір палеонтологтардың пікірінше, рекордтық баға қаражаты аздау музейлердің зерттеуге қажетті үлгілерді алуын қиындатып, тіпті қазба материалдарының заңсыз саудасына жол ашуы мүмкін еді. Енді бір ғалымдар егер жер иелері қазба материалдарды ашық нарықта көптеп сата бастаса, онда Стэннің сатылуы АҚШ-тың жекеменшік жерлеріндегі зертеулерді одан әрі шектеп тастауы ықтимал деп қауіптенді.
Көп жыл бойы Стэн ақпараттың негізгі көзі болып, тираннозавр рекстің тістегендегі сүйекті уатып жіберерлік күші мен ауыр жарақаттардан соң сүйегінің қалай жазылғаны туралы зерттеулерге маңызды мәліметтер ұсынып келді. Енді динозаврдың орналасқан жері мен жаңа қамқоршылары белгілі болғанда, ғалымдар қазба материалдарына қайтадан қол жеткізетініне және ежелгі заманның ғажайыптарымен көбірек адам танысатынына үмітті.
«Палеонтология – қуатты ғылым. Онда біз өзімізді Жер бетіндегі керемет континуумның бір бөлшегі ретінде көреміз, – деп жазады Ролидағы Солтүстік Каролина жаратылыстану ғылымдары музейінің палеонтологы Линдси Занно. – Егер Стэн жаңа ұрпақ үшін өткен шақты қорғап, планетамыздың биоалуандығын сақтап қалуға шабыт берер болса, демек, істің орындалғаны».
Жаратылыстану тарихының жәдігерлері
Таяу Шығыста жаратылыстану тарихы музейлері аз, сол себепті кез келген жаңа коллекция білім беру мен қоғамды ақпараттандыру игілігі болып есептеледі. Әбу-Даби жаратылыстану тарихы музейі көрші әмірліктерде орналасқан Вифлеем университетінің Палестиналық жаратылыстану тарихы музейі, Тель-Авивтегі Штайнхард жаратылыстану тарихы музейі, Каирдегі Мысыр геологиялық музейі және Шарджадағы Жаратылыстану тарихы мен ботаника музейі секілді мекемелер қатарын толықтырады.
Жаратылыстану тарихы музейлері – жай ғана көпшілікке арналған көрме залдары емес, ол сондай-ақ беймәлім болып келген дүниелерді ашатын әрі жәдігерлерді сақтайтын қозғаушы күш. Музей коллекциясындағы қазба материалдары, үлгілер және артефактілер біздер ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы кәдемізге жарата алатын құнды ақпараттарды ұсына отырып, биоалуандық пен тарих шежіресін қалыптастырады.
Арнаулы палеонтологиялық мекемелер де Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада сирек кездеседі, бірақ ондағы зерттеушілер аймақтағы жәдігерлерді сақтауға аянбай тер төккен. Марокколық команда (оның құрамында National Geographic зерттеушісі Низар Ибрагим де бар) Касабланкадағы Хассан ІІ университетінде қазба материалдарының коллекциясын жинауда жылдар бойы еңбек етіп, Марокконың жаратылыстану тарихы музейін құруға талпынды. 2010 жылы Мысырдағы Мансура университеті осы аймақтағы тұңғыш омыртқалылар палеонтологиясы орталығын ашты, оған Хешам Саллам жетекшілік етті.
Әбу-Даби жаратылыстану тарихы музейінің биік-биік ғылыми мақсаттары бар. Музейдің мәлімдемесінде айтылғандай, оның жанынан зоология, палеонтология, теңіз биологиясы, Жер туралы ғылым және молекулярлық зерттеулер, оның ішінде ежелгі ДНҚ-ны зерттеуге арналған ғылыми-зерттеу орталық салынады.
Торонтодағы Онтарио корольдік музейінің палеонтологы Дэвид Эванстың айтуынша, Стэнді жеке коллекционерден уақытша жалға алмай, музей коллекциясының тұрақты экспонаттары қатарында болса, жаңа зерттеулер жүргізуге әлеуеті мықты елдердің динозаврларға деген ғылыми қызығушылығын арттыруға көмектесе алады.
«Әбу-Дабидегі жаңа музей өзін құнды жәдігерлер сақталатын орын ретінде қарастыратындықтан, оның басшылық құрамы да сатып алынатын қымбат дүниелердің өзге нарыққа тигізуі мүмкін ықпалына қатысты этикалық жауапкершілік алады», – дейді Нью-Йорк Сити колледжі жанындағы Джон Джей қылмыстық құқық колледжінің жәдігерлер саудасы жөніндегі сарапшысы Эрин Томпсон. АҚШ-тағы немесе басқа елдердегі кейбір бай музейлер абайсызда алаяқтыққа немесе ұрланған заттардың заңсыз айналымына жол ашқаны үшін сынға ұшырады, өйткені олар өз коллекциясын жинау үшін аса үлкен көлемде қаражат төлеген.
«Жәдігерлерге қатысты тонаушылық пен контрабанда проблемасы бар екені белгілі», – дейді Томпсон. Оның айтуынша, егер музей өзінің коллекциясын толықтыру үшін аса үлкен қаржы жұмсайтын болса, онда ол тонаушылық пен көшірме жасауға ықпал еткен болып шығады.
Блэк-Хиллз институтының президенті Пит Ларсон Стэннің жаңа үй тапқанына жеңілдеп қалғанын айтады.
«Индиана Джонстың: «Бұл музейде тұруға тиіс!» деген әйгілі сөзі бар. Біз Стэннің бассүйегі мен қаңқаларын 3D форматта сканерлеп, оның деректерін сақтап алдық. Енді түпнұсқаның өзі зерттеуге қолжетімді болып отыр, бұл – сөзсіз ғажап жаңалық!», – дейді ол.
Шетелдік динозаврлар
Әбу-Дабидегі жаңа музей Арабия түбегіндегі қазба ескерткіштерге бай орынның қасына салынады. Байнуна формациясы ретінде танымал, кейінгі миоцен кезеңіне жататын (шамамен 8-6 млн жыл бұрынғы) бұл құрылыс бір кездері арабиялық серенгети аталған экожүйенің ерекшелігін мұртын бұзбай сақтап қалған: онда тасбақалардан бастап жайындарға дейінгі барлық тіршілік иесімен қоян-қолтық өмір сүрген ежелгі заманғы бегемоттар мен керіктердің қаңқасын да көптеп кездестіруге болады.
Алайда БАӘ-дегі тау сілемдерінің жасы мен түрі әлемдегі ең алпауыт жаратылыстар – динозаврлардың қаңқасын сақтауға қолайлы есмес. Сондықтан жаңа музейге бәрін шетелден сатып алуға тура келді.
Солтүстікамерикалық динозаврлар, әсіресе тираннозаврлар мен трицератопстар Жер бетіндегі ең алып тіршілік иелері саналады. Әлемнің әр түкпіріндегі экспоненттер жұртшылыққа паш ету және зерттеу жүргізу үшін тұрақты түрде америкалық динозаврлардың қазба сүйектерін сатып алып отырады. Осы айдың басында аустралиялық Мельбурн музейі толықтай жинақталған Хорридус есімді трицератопстың қаңқасын көпшілік назарына шығарды, музей оны америкалық коммерциялық палеонтолог Крейг Пфистерден сатып алған болатын.
Жылдар бойы БАӘ-де америкалық динозаврлардың қаңқасы қойылған уақытша көрмелер ұйымдастырылып келді. 2008 жылы Әбу-Дабидегі Этихад заманауи өнер галереясының негізін салушы әмірліктің ең басты әуежайында 140 млн жастағы ұзынмойынды апатозаврдың қаңқасы қойылған көрме ұйымдастырылды. 2014 жылы осы галереяға Оңтүстік Дакотадан табылған жас тираннозавр рекстің қаңқасы шығарылды.
«Адамдардың, әсіресе балалардың «динозаврлар өмір сүрген жоқ» деген сөздерін жиі еститінмін, – дейді галереяның негізін салушы Халид Сыдық әл Мутауаа 2009 жылы әмірліктің The National газетіне берген сұхбатында. – Бұл мәселе мені шынымен алаңдататын, сондықтан адамдар өз көзімен көрсін деп, біздің жаһандық тарихымыздың осы бөліктерімен тереңірек таныссын деп динозаврды әкелдім».
Динозаврлар білім беру тұрғысынан ғана құнды болып қоймай, көпшіліктің қызу талқысын туғызып, қызығушылығын оятады, бұл жайт елдің іскерлік және үкімет саласындағы көшбасшылары назарынан тыс қалған жоқ, олар әдетте сән-салтанатқа малынған сауда алаңдарымен, көркемсурет галереяларымен, мәдени көрмелерімен және басқа да көрнекі орындарымен шетелдік туристерді тарту үшін көп еңбектенетін.
2014 жылғы наурызда мемлекеттің жылжымайтын мүлік девелопері Эмаар Вайомингтегі жекеменшік карьерден табылған диплодоктың толық қаңқасын сатып алғанын мәлімдеген. «Дубайлық динозавр» деген атқа ие болған бұл мақұлық қазір Dubai Mall сауда орталығындағы чизкейк шығаратын фабриканың қасында тұр.
Аралдағы өміршең жобалар
Жаңа музейдің салыну себебі – бүгінде Әбу-Даби мен көршілес әмірліктер өз экономикасын мұнайдан да өзге дүниемен әртараптандыруға ұмтылуда. Парсы шығанағындағы экономикасы жөнінен екінші орындағы мемлекет саналатын БАӘ соңғы жылдары өзінің өнеркәсіптік стратегиясын қайта қарап, технология саласының дамуына көмектесу үшін ғарыш агенттігін құрды.
Туризм мен дипломатиялық жұмсақ күшке ұмтылу да Әбу-Дабидің жоспарында маңызды орынға ие. 2007 жылдан бері мемлекет ірі мәдени аудан мен туристік бағыт құру үшін Саадият аралының батысына миллиардтаған доллар құйды.
Саадияттағы жобалардың кейбірі БАӘ тарихынан сыр шертеді, оның қатарында қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан Заид ұлттық музейі бар. Бұл музей БАӘ-нің негізін салған Шейх Заид бен Сұлтан әл Наһаянның құрметіне осылай аталған. Енді бір жобалар батыстың алдыңғы қатарлы институттарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. 2014 жылы Нью-Йорк университеті Әбу-Дабидегі Саадият ауданында өзінің кампусын ашты; 2017 жылы сол маңнан Лувр Әбу-Даби ашылды. Әбу-Дабидегі Гуггенхайм музейі 2025 жылы ашылады деп жоспарланып отыр.
Осы аймақтағы өзге елдер де қалыс қалып отырған жоқ. Қатар ел астанасы Дохада белгілі америкалық университеттердің филиалдары орналасқан Education City атты ірі білім беру кешенін салды.
Пенсильваниядағы Лафайет колледжінің антропологы, Парсы шығанағындағы жоғары білім беру саласын зерттеп жүрген Неха Вораның айтуынша, «Саадият» пен соған ұқсас өзге де жобаларды өңірдің білім беру саласына салынған трансформациялық инвестицияларға теңеуге болады.
«Ірі ғылыми және білім беру мекемелерінің көпшілігі батыс елдерінде орналасқан, онда барып, бәрін өз көзімен көргісі, оқып-үйренгісі келетін шетел азаматтары үшін тіпті виза алуда қиындық тууы мүмкін. Меніңше, осындай институтардың үшінші әлем елдерінде де болғаны аса маңызды», – дейді Вора.
Саадият аралында салынып жатқан мәдени туризм жобасы өзінің асқақ амбицияларына қарамастан кедергілерге ұшырады. Жобаның ауқымдылығы себебінен құрылыс бірнеше жылға кешіксе, халықаралық байқаушыларда жұмысшы-мигранттардың еңбек жағдайларына күмән туды. Одан бөлек, ғалымдар БАӘ-дегі саяси репрессиялар жөнінде алаңдаушылық білдірді, бұл кезде кейбір шетелдік ғалымдарға елге кіруге тыйым салынып, БАӘ-нің кейбір белсенділері түрмеге тоғытылып, қатыгездіктің құрбанына айналып жатқан болатын.
Әбу-Дабидегі жаратылыстану тарихы музейінің демеушілері оның аймақ үшін де, әлем үшін де айрықша білім беру және ғылыми мүмкіндіктер ұсынатынын айтады. Стэн де Жердің тамаша эволюциялық тарихынан сыр шертетін жәдігерге айналары хақ.
«Бұл жәдігерді әлемнің кез келген адамы өз көзімен көре алатындай жұртшылық алдына шығару керек, – дейді Стэнді 30 жылдай бұрын қазып алған компанияның басшысы Ларсон. – Ғалымдардың көрмеге қойылған және көрмеге қойылмаған түпнұсқа материалмен танысуына мүмкіндік беру үшін де бұл жәдігер зерттеуге қолжетімді болуға тиіс».
Ларсон музейдің істі аяғына дейін жеткізеріне үміттенеді. «Бұл – шынында тамаша, та-ма-ша жаңалық», – дейді ол.
АВТОРЫ: МИХАИЛ ГРЕШКО
ФОТО: АБУ-ДАБИДІҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ДЕПАРТАМЕНТІ