18Апр

Шегіртке аулаушылар

Секіргіш жәндіктерді аулайтындар Уганда базарларын ақуыздың басты көзімен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ шектен тыс аулау мен климат өзгерісі болашақта осы азық түріне қауіп төндіруі мүмкін.

Түн салқын. Уганданың оңтүстік-батысындағы төбе басында дүлей жел еседі. Жәндік аулауға қойылған өлшемі бір де екі метр қаңылтыр жаймалар желдің әсерімен шайқалады. Бірнеше метр жерде дизельдік генератор гүрілдеп, ортадағы 400 ваттық шамды жағып тұр. Жарығынан көз қарығады, бірақ Ruspolia differens үшін ол магнит сияқты. Угандада оларды жалпылама «шегірткелер» немесе nsenene (– әрі қарай нсенене) деп атайды, ал әсілінде бұлар конус-басты бұта шегірткелері.

Қаңылтыр жаймалардың түбінде ондаған бос бөшке тұр. Жергілікті бұта шегірткесін аулаушылар ассоциациясының төрағасы Киггунду Ислам көп ұзамай ұзындығы шамамен 8 см жәндіктер бөшкелерге миллиондап толады деп үміттенеді.

Жергілікті тілмен айтқанда, «келушілер» көктем мен күзгі жауынды маусымнан соң қоректену және тұқым қалдыру үшін орасан зор үйірлерге жиналады. Осы кезде бүкіл елде жүздеген адам күндегі жұмысын тастап, шегіртке аулауға шығады. Угандада тұздалған және қуырылған шегіртке – деликатес. Ашық базарларда, такси паркінде, жол жиектерінде бір қабы екі долларға сатылады.

2020 жыл, қараша айы. Харугонгода өнім жинау маусымының ортасы. «Аңыз бойынша, бұл жәндіктер айдан келген, ал бүгін ай толып тұр. Бірақ бізде дым жоқ, – дейді Ислам, – олар қайда кеткен?»

Ақуызы мол, темір, мырыш және басқа да керекті минералға бай бұта шегірткелері, жалпы жеуге жарайтын жәндіктер БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы тарапынан «болашақтың азық көзі» ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, аштықты азайтудың және асқа жарымаудың алдын алудағы маңызды фактор деп белгіленген. Бұл – балалардың үштен біріне жуығының өсуі баяу, 5 жасқа дейінгілерінің жартысы, әйелдердің үштен бірі анемияға шалдыққан Уганда сияқты елдер үшін маңызды.

Угандада электр желілерінің көбеюі кең көлемді қақпан кәсібінің жайылуына ықпал етті. Шамдарды ағаш бағандардың төбесіне іліп қоятын жәндік жинаушылар 1200 ваттқа дейінгі қуатты түрлерін пайдаланады – оның қуаты әдеттегі үй шамынан 20 есе көп. Көп жарық көп шегіртке жинайды, бірақ ультакүлгін сәуле жәндік жинаушылар үшін терінің күюі мен көздің зақымдалу қатерін де тудырады.


Алайда Угандада бір кездері бірен-саран адам айналысқан кәсіп бүгінде сұраныс­ты өтеу үшін бір уақытта тонналап жәндік аулайтын алып қақпандары бар, коммерцияланған өнеркәсіп. Осы аралықта өнімнің азаюы бұта шегірткесі шектен тыс ауланып жатқанын, қор жинауды анағұрлым тұрақтандыру қажеттігін де аңғартады.

Ислам өзі мен отбасын асырау үшін осы жәндіктерді 2017 жылы аулай бастады.  Олар үйдегі қарауыл шамға келетін шегірткелерді жинайтын. Өсіп келе жатқан нарық жақсы табыстан дәмелендіргендіктен, ол көп ұзамай екі коммерциялық қақпан орнатты. «Олжалы күні әрқайсысы 50 келі тартатын 400 қаптай жинайтынбыз. Оны Кампалаға апарып сататын едік, – дейді Ислам. – Бірақ Харугонго төбесінде 3 күнде ештеңе түспеді».

«Бұл жәндікке деген сұраныс артты, – дейді Кампала Макерере университетінің энтомологы Филип Ньеко, – ұсыныс маусымға тәуелді болғандықтан, сұранысты қанағаттандыра алмауда».

Ньеко фермерлерге бұта шегірткесін қолда өсіру әдістерін дайындап жатқан зерттеушілер тобына жетекшілік етеді. Зерттеу мақсаты – жабайы популяцияларға түскен қысымды азайтып, нсенені жыл он екі ай ұсыну әрі қуаңшылық пен зиянкестер салдарынан өнімі азайып бара жатқан фермерлерге табыстың тағы бір көзін ашу.

Намуна Мзи нсененені жүгері сабағынан жинауда. Шығыс Африкада егіндіктер мен тіршілік көздерін құртатын, саны көбейіп кеткен басқа шегірткелерге қарағанда, бұл секіргіштер Угандада соншалық зиянкес саналмайды. Олар мұнда көптеген адамның нан табуына себеп болып отыр. Климат өзгерісі обыр шегірткелердің шабуылын күшейтті, бірақ ол тіршілік қалыбы болжамды жауын-шашын маусымдарына аса тәуелді бұта шегірткелеріне қатер төндіріп тұр.


Алайда бұл жәндіктердің биологиясы, экологиясы немесе өмірлік циклы туралы көп нәрсе мұндаға дейін белгісіз еді.

«Егер оларды өз ортасынан әкелсең, оларды қайда және қандай жағдайда ұстау керек? – деген Ньеко осы мәселе қызықтыратынын айтты. – Қандай температура қолайлы?  Қандай азықпен көбейеді? Тұқымын қайда салады?»

Кампала базары катуеде шуақты таңда кішкентай сауда дүңгіршектері топырақты көшенің бойымен тізіле орналасқан. Жанындағы үлкен қолшатырлар астында ерлер мен әйелдер отыр. Бір кезде қап арқалаған жаяу адам пайда болды. Қап жартылай бұта шегірткелеріне толы. Айналасына саудагерлер жинала қалды. Бұл адам бұта шегірткесін көтерме бағамен сатады, бірақ бүгінгісі тым аз. Жарты қапты ер адам сатып алды. Өзгесі көңілдері жабырқап, келесі партиясын сатып алармыз деген үмітпен қайта тарады.

«Мәселе тек шектен тыс аулауда емес, – дейді Old Masaka Basenene Association Limited басшысы Хаджи Қурайш Катонголе. Бұл шегіртке аулау ережелерін бекітіп, аулау­шыларды тіркейтін мемлекеттік мекеме. – Құдай Угандаға құнарлы топырақ пен жайлы табиғат берген. Бірақ қант құрағы мен май пальмалары үшін орманды отау бұта шегірткесінің тіршілік ортасын жойды. Климат өзгерісінен жауынды маусымдардың болжаусыздығы шегірткелердің топтасу мінез-құлқына әсер етуде».

«Егер тек жабайы табиғатқа тәуелді болсақ, бұл осы жәндік түрлерінің тұрақ­тылығын болашақта қамтамасыз ете алмауы мүмкін – дейді Макерере және Копенгаген университеттерімен жәндіктерді қолда өсіру жобасына далалық сынақтар өткізу үшін ынтымақтастық орнатқан Гулу университетінің аға лекторы Джоффри Малинга, – басы конус пішіндес бұта шегірткелерінің жойылып кетуіне жол беруге болмайды, олар угандалықтардың, әсіресе, етке зәру аз қамтылған отбасы балалары үшін аса маңызды ақуыз көзі».

Қақпандардың әуеден түсірілген суреті жәндік аулаушылардың бұта шегірткелері көбірек жиналуы үшін жарық пен жылуды арттыруға біріге жұмыстанып жатқан сәтін көрсетеді. Ондаған жыл бұрын шегіртке жинауға төсек жамылғысы пайдаланылатын, бірақ нсененеге сұраныстың артуы оны кәсіпке айналдырып, осындай үлкен қақпандардың таралуына әкелді.


Сегіз жылдық тәжірибеден кейін, 2019 жылға қарай Ньеко мен оның қызметкерлері бұта шегірткелерін қолда ұстаудың сырын ашты. Керегі – сым темір мен плексиглас торы, түрлі жемдік дақылдар және дымқыл құм ғана екен. Келесі – далалық сынақтар. Фермерлермен бірге пилоттық жобаны жүзеге асыру 2020 жылы пандемияға байланысты кейінге ығысты. Жоба 2022 жылдың басына жоспарланып отыр. Зерттеушілер жобаға қатысуға орталық угандалық Митиана ауданынан 99 ауылды таңдап алды. Ондағы мақсат осы тәсілдер әрі қарай өздігімен таралып кетеді деген ниеттен туды.

Ислам Харугонгоға оралды. 2021 жылғы күзгі маусым басталғалы аз күн болды, ол үш қаптай өнім жинады. Алдыңғы жылдан бұл екі қапқа кем. Басқалары сияқты ол бизнесте қалу үшін несие алған, енді соны қайыру жағын уайымдап жүр.

 

Автор: Халима Атумани, Фото: Джаспер Дуест