25Қар

Қоқыссыз әлем

Жер шарындағы адам саны күн санап емес, сағат санап өсіп келеді.

Дүние жүзі халқының жаһандық өсімі шамамен 75 миллион адамды, яғни жылына 1,1% құрайды. Ғалымдардың болжауына сүйенсек, 2030 жылдардың ортасында 8,4 миллиардқа, ал 2050 жылдардың ортасында 9,6 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Осы ағынмен халықтың азық-түлік, киім-кешек сияқты күнделікті күн көрісіне арналған тұтынушылық өнімдердің саны да асты. Сорақысы, өнімдердің көбейюі қалдық саннының күрт өсуіне әкеп соқты. Әсіресе, өздігінен ыдырамайтын пластик, шыны, қағаз секілді қалдық саны асты. Аталмыш материалдар ауа қабаты мен өзен, теңіз суларының ластануына, табиғат тепе-теңдігіне қауіп төңдіріп отыр.

Сондықтан мәселені алдын алу үшін белгілі бір материал түрлерін қайта өндеу маңызды. Ол арқылы энергияны үнемдеумен қатар парниктік газдардың полигондарға және жану қондырғыларына жіберілетін қалдықтардың мөлшерін азайта аламыз.

Бұл тек әлемдік проблема емес, өкінішке қарай біздің ел үшін де өзекті. Себебі Қазақстан жыл сайын 4,5-5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарады. Барлық шығарылған қалдықтарды қайта өңдеуге компаниялардың күш-қуаты жете бермей, аталмыш 100 пайыз қалдықтың тек 12 пайызы ғана қайта өңделіп, қалған 88 пайызы қоқыс полигондарға төгіледі я болмаса қоқысты қажетіне жарататын компанияларына сатылады.

Үкімет 2030 жылға дейін қалдықтардың 40 пайызын, ал 2050 жылға дейін 50 пайызын қайта өңдеуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Соған орай елде қайта өңдеуге арналған шағын кәсіпорындар пайда болды, алайда көпшілігінің қаржылық мүмкіндіктері шектеулі.

Шыны керек, қоқыстың көп бөлігі мегаполисті шаһарлардан шығады.  Сондықтан ірі қалаларда сұрыптауға арналған контейнерлердің болуы өте маңызды. Бірақ сұрыптау контейнерлерінің саны қазіргі таңда жеткіліксіз, сонымен қатар тұрғындар аталмыш контейнерлерді дұрыс пайдалана бермейді.

Еуропа елдерімен салыстырғанда Қазақстанда қоқыс сұрыптау саясаты өзгеше, әрі жеңіл. Еуропа азаматтары әр қоқыс түрін өзінің арнайы жәшіктеріне сұрыптап салуға міндеттелсе, біздің елде тек екі қоқыс жәшігі ғана ұсынылады: біреуі барлық тамақ қалдықтарына арналған болса, екіншісі пластик, қағаз және шыны сияқты басқа қалдықтарға арналған. Осындай жеңіл сұрыптау процесін біздің азаматтарға түсіндіріп, үгіттеу – бүгінгі таңда аса маңызды аспект. Тұрғындар бұның ұзақ мерзімді маңызын түсінген сайын, сұрыптау контейнерлер саны да артып, қала тазара түспек.

 

Авторы: Алиля Нарикбаева

Фотолар: pixabay.com