10Ноя

Шымкент қалай өзгерді?

Shymkent city

Шымкент қаласы соңғы 30 жылда инвестициялық тартымды қалаға айналды. Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік алған жылдардан бері шаһарға 2,5 трлн теңге инвестиция тартылса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 жоба жүзеге асқан.

Shymkent city

Иә, 30 жылда қала келбеті түбегейлі өзгерді. Инвестицияның арқасында көптеген кәсіпорындар құрылды. Бұрынғы зауыт-
фабрикалар жаңғыртылып, қайта іске қосылды. Соның нәтижесінде бюджетке түсетін салықтық түсімдердің көлемі артып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізді. Инвестиция ең көп тартылған саланың бірі – құрылыс. Шаһарда отыз жылдың ішінде 98 мектеп, 470 балабақша ашылды. 6 мемлекеттік, 21 жекеменшік аурухана іске қосылды. 6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Инвестицияны көптеп тартудың арқасында дамуға қол жеткізген тағы бір сала – ауыл шаруашылығы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаруалар 442 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімін өндірсе, бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің өндіріс көлемі 36 млрд. теңгеден артты.

Экономиканың дамуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, сол арқылы демографиялық дүмпуге жол ашты. Мәселен, егемендік алған 1991 жылы Шымкент қаласы халқының саны 440 мың адам еді. 2021 жылы шымкенттіктер 1 миллион 93,5 мың адамға жетті. Шымкенттің әр екінші тұрғыны – тәуелсіздік тумасы. 30 жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 226 мың бала оқитын 186 мектеп бар. Қала бюджеті 1991 жылы 1 млрд теңге болатын. Бүгін 480 млрд теңгеден асты. Өмір сүру ұзақтығы 10 жылға өсті. Орташа жас 1991 жылғы 63-тен 71 жасқа жетті.

Shymkent

Сөз жоқ, демографияның өсуіне біріншіден халықтың табиғи өсімі әсер етті. Ал, осы табиғи өсімді қамтамасыз етуде алдымен экономиканың тікелей әсері бар.

Шымкент – республикада сауда-саттық саласы жоғары дамыған, базары көп, халқы ең белсенді қала. Бүгінде өнеркәсіп саласында 689 кәсіпорын белсенді жұмыс жасауда, оның 24-і ірі, 49-ы орта кәсіпорын. Осы уақыт аралығында жеке инвестиция және бюджет есебінен 100-ден астам саябақ, мұражай, демалыс орны іске қосылды. Қазір қалада 110 қонақ үй, 25 әлеуметтік нысан, 5 театр, 7 музей, 10 саябақ, 18 аквапарк пен 4 табиғи су қоймасы орналасқан. Елімізде қалаға келетін туристер саны бойынша Шымкент қаласы 5-орында. Оның ішінде резиденттер (ҚР азаматтары) бойынша да 5-орын болса, шет ел азаматтары статистикасынан да 5-орынға жайғасты.

Қазақты әлемдегі ең қонақжай халық десе, ал еліміз бойынша қонақ күтуде алдына жан салмайтындардың көшін шымкенттіктердің бастап тұрғанын ешкім жоққа шығара алмас. Шымқала қазақ елінің негізгі сауда-саттық, мәдениет пен өнеркәсіп орталықтарының бірі.

Заманның жаңа ағымына сәйкес сауда орындары да түрленіп, жаңаша кейіпке енді. Оған Мega, Мetro, Фиркан, Shymkent Plaza тағы басқа заманауи сауда, ойын-сауық кешендеріне қарап көз жеткізуге болады. Осындай игілікті істің барлығы мегаполиске тартылған инвестициялық әлеуеттің арқасында жүзеге асты.

Тұрғындар саны бір миллионнан сәл-ақ асатын қаладан 300-ден 700-ге дейінгі орынға шақталған бес жүзге жуық тойхана, әлемдік брэндтерді саудалайтын жиырма шақты сауда және ойын-сауық орталығы, әр көшеде қаздай тізілген кафе мен мейрамхана, қысы-жазы жұмыс істейтін оннан астам спорт кешені, сән мен салтанаты жарасқан жүзден аса қонақ үй бар. Қалада сауда-саттық жасаудың қай түрі болса да, жақсы жолға қойылған. Ондағы базарлардан сіз қалағаныңызша қыш, киіз, алтын, күміс пен қоладан жасалған әшекей бұйым­дармен қоса тұрмыстық заттардың сан мыңдаған түрі мен ұлттық нақышта тігілген киімдерді сатып ала аласыз. Шымкентті шағын Түркия не Ыстамбұл деп айтуға болады. Өйткені сол жақтағыға ұқсас көшелер мен түрік асханалары өте көп.

Shymkent

Шымкентте жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Себебі шаһарда жұмыссыз жүргендер мен тың идеясы бар азаматтарға кәсіп ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алу мүмкіндігі қарастырылған.

Жүйелі жоспар, нақты мақсат, бағыты айқын азаматтарға биылғы жылы кәсіп бастау үшін 200 айлық есептік көрсеткіш (583 400 теңге) көлемінде грант беріледі. Ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Былтыр 4828 шымкенттік аталмыш грантты иемденсе, биыл 53 адамға шағын несие, 584 адамға мемлекеттік грант берілді.

Бүгінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 2675 адам 3 айлық кәсіптік оқыту курстарын, ал 2155-і «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік курсын оқып жатыр.

Shymkent city

Автор: Наима Нұралықызы