3Қар

Елорда саябақтары

Ботаникалық саябақ Астана
Ботаникалық саябақ

Нұр-Сұлтан қаласының аумағында бос жатқан жер жоқ, иесіз телімдер мен батпақты дала біршама кеміген. Шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңа да жайлы демалыс орындары көп. Абаттанған, көгалдандырылған аумақ 760 мың шаршы метрден асып жығылады. Бұл бағыттағы шаралар соңғы жылдары «Нұр-Сұлтан – қолайлы қала» жоспары аясында жүзеге асып жатыр. Тек өткен жылдың өзінде ғана 150 аула мен 60 қоғамдық орын жасалып, елдің игілігіне ұсынылды. Мұның ішінде сквер, бульвар мен саябақтар да бар. Көпшіліктің бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен айналысуына мүмкіндік беретін жаңа орындар елордалықтардың 1/4-не қолжетімді, яғни тура үйінің қасында орналасқан. Әсіресе, пандемия кезінде қала тұрғындары таза ауада серуендеуді жақсы үрдіске айналдырғаны байқалады әрі қуантады.

Келешекте парктердің аумағы 360 гектар құрайды. Сөз басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін еске алсақ: «Қаланың бас жоспары ғимараттардың, жасыл желектер мен орманның симбиозы ретінде жасалды – бұл жұмысты жалғастыру қажет, үйлер мен ғимараттардың айналасына ағаш отыр­ғызылып, көгалдандырылуы тиіс. Бұл Қазақстандағы климат үшін өте маңыз­ды», – деген-ді ол.
Рас, қандай да бір қаланы тұрғызуды жобалау барысында көгалдандыру нормаларына назар аударылады. Бұл құрылысы жүріп жатқан шаһардың аумағына, климаттық ахуалына қарай зерделенеді. Ал астанадағы саябақтар әр адамға 10 шаршы метрден есептеліп, салынған. Осы тәртіп бұдан кейін де сақтала береді.

Нұр-Сұлтан қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, мұндағы жеті саябақтың шетін құрылысы жедел әрі қарқынды жүріп жатқан велосипед пен жаяу жүргінші жолдарымен біріктіру жоспарланған. Бұл өз кезегінде қаланың жасыл күретамырына айналуы қажет.

Ботаникалық саябақ Астана
Ботаникалық саябақ

«Сонымен қатар су бетіндегі тақтай іспетті жағалау, скейт-парк, көше кинотеатрлары, жаңаша жағажай, түрлі спорт нысандары пайда болады. Есіл өзенін бойлай, ұзындығы 16 шақырымға дейін созылатын вело мен жаяу жүргіншілер жолдары да бас жоспарда бар. Келешекте Нұр-Сұлтандағы саябақтардың жалпы аумағы 360 гектарды құрайтын болады. Олар жоғары деңгейде, тұрғындарға ыңғайлы, жайлы жағдайда көгалданады», – деді ол.

Нұр-Сұлтан қаласындағы соңғы жылдары елдің игілігіне берілген қоғамдық кеңістіктердің ерекшеліктері сол, оларды қысқы маусымның кез-келген күн райында пайдалануға болады. Нақтылай айтқанда, сырғанақ теуіп, қысқы спорт пен ойын түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар.
Қоғамдық кеңістіктер қыс мезгілінде де қолайлы. Қазіргі таңда қаланы абаттандыру шараларына зер салсақ, елорданың ескі аймағы мен тұрғын алаптарға басымдық беріліп жатқанын аңғарамыз. Мәселен, тұрғындар жиі орналасқан Байқоңыр ауданында 53 аула мен 13 ірі қоғамдық кеңістік салынған. Сол сияқты, 50 шақты көппәтерлі тұрғын үй кешені бар «Жастар» шағын ауданының ішкі аулалары көз­айымға айналған. Онда 20-дан аса аула абаттандырылыпты.

Тұңғыш Президент пен «Триатлон» саябақтарын байланыстыратын Сарайшық көпірінің астындағы кеңістік те, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қасында орын тепкен көпірдің астындағы арнайы зона да осы маңдағы тұрғындарға жайлылығы және ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Мұнда кез-келген баскетбол ойнап, ворк­аут пен скейт алаңдарын пайдалана алады.

Бас шаһардың ескі бөлігіндегі Өндіріс тұрғын алабы да бүгінде өзгерген. 1950 жылдары ірге қалаған барақ үйлердің орны – бірнеше жыл бұрын ғана батпағы шығып жататын аймақ – қазір футбол мен баскетбол алаңдары бар саябаққа айналған.

Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Тельман, Үркер, Пригородный сынды тұрғын алаптарда да осы іспетті қоғамдық кеңестіктер бой көтеріп, бұрынғы саябақтар заманауи реңк алған.

Абаттандырылған аулалардың артуы тұрғындарды бұқаралық спортпен айналысуға баулиды.

Елордадағы Ботаникалық бақ жыл са­йын түрленіп, гүлденіп келеді. Биыл да жаңарту жұмыстары қарқынды жүрді. 2018 жылы ашылған бұл жасыл желекті аймақ үш жылдың ішінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда гүл мен ағаштың жүздеген түрі өседі. Түрлі-түсті жарыққа көмкерілген, әуезді әуенге билейтін, биікке шапшитын астанадағы ең үлкен фонтан да бар мұнда.

Қабанбай батыр даңғылы, Түркістан көшесі, №24 және №26 көшелерінің шек­арасында орналасқан, 92 гектар аумақты алып жатқан Ботаникалық бақ парк пен ботаникалық аймаққа бөлінеді. Ішкі бөлігі биологиялық ғылыми жұмыстар жүргізуге, сырты спорттық-сауықтыру шараларына бағытталған. Онда саябақ зонасы, спорттық және балалар алаңдары, вело және жүгіруге арналған жолдар әрі фонтандары бар жасанды су тоғаны орналасқан. Саябақ аймағы 43 гектарға жуықтаса, ғылыми аудан 46 гектардан асады. Мұнда сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар өсімдік түрлері де көп.

Бақта екі жылыжай бар: тропикалық және суккулентті. Келушілер қос жылыжайдағы түрлі өсімдіктерді тамашалай алады. Суккуленттер бар жылыжайда түрлі пішіндегі кактустар басым. Бақтан литопстар, непентес, банан, араукария, кумкват, цикад өсімдіктерін кездестіруге болады. Оранжереяның біріне фикус, лимон, драцен, апельсин, папоротник, пальма және басқа да тропикалық мемлекеттерден тасымалданған 1100 өсімдік отырғызылған. Әлемде сирек кездесетін коллекциялық кактустар мен гибридтер де бар.

Әр жылыжайдың аумағы – 700 шаршы метр, жалпы 2 мыңнан аса өсімдік түрлері өсіп өнеді. Еуразия ұлттық университеті мен Аграрлық университеттің оқытушылары мен студенттері мұнда тәжірибеден өте алады. Биологиялық білімі жоқ жұмысшылар осында өсімдіктерді бағып күтуді, өңдеп, суаруды үйренеді.

Айта кетерлігі, мұндағы банан ағашы Испаниядан жеткізілген. Алғашқыда қазіргі күйінен үш есе кіші болған өсімдік жылыжайға 10 ай дегенде жерсініпті. Бүгінде банан ағашы жеміс беріп тұр. Тропикалық жылыжайда мамандар апельсин, құрма, банан мен кокос өсіреді, гүлді өсімдіктер де жетіп артылады. Лиана тропикалық жылыжай орналасқан пирамиданы айнала шырмап, сән беріп тұр. Жылыжай ішіндегі климат бірқалыпты, 18-20 градустың шамасында.

Ботаникалық бақта 1500-ден аса экзотикалық өсімдік өседі. Басым көпшілігі Оңтүстік Америкадан, Африка, Аустралия, жер бетіндегі өзге де елдерен әкелінген. Оранжереяларға орнатылған жүйелер ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ көрінеді. Тамшылап суару, ылғалдатқыш, климат-бақылау – бәрі компьютермен басқарылады. Оранжереяның ортасында пальманың түр-түрі бар. Мәселен, Александрия пальмасы әлемде сирек кездеседі. Ол 50 жылдан астам уақыт бойы гүлдейді.

«Осы күзде 6 мыңнан аса ағаш отыр­ғызу жоспарланған. Сондай-ақ, субұрқақты жағалай аллея пайда болады. Жасанды көліміздің жағасына 155 ағаш отырғызамыз. Жақын арада азария, гортензия аллеяларын да жасаймыз. Сонымен қатар 2500 хризантема мен 3000 түп раушан гүлін егеміз», – дейді бас агроном Анар Мұхамбетова.

Nur-Sultan city

Шырайы кірген шеткері елдімекендер

Алматы ауданындағы Промышленный елді мекенінде ашылған спорт алаңы мүмкіндігі шектеулі балалардың да қажеттілігі үшін жабдықталған ойын алаңымен ерекшеленеді. Мұнда жарықтандыру, суару жүйесі толықтай автоматтандырылған. Тұрғындардың разылығы шығар, олар арнайы сенбілікке шығып, 40 түп қарағай көшетін отырғызған.

Жауапты мамандардың айтуынша, елорданың шет аумағындағы бос жатқан жерлерді игеру, сол сияқты жарамсыз ескі ғимараттарды бұзу арқылы ел игілігіне, тұрғындардың жайлылығына арналған алаңқай мен парк салу жұмыстары осылай жалғаса береді. Мәселен, Көктал елдімекенінде орналасқан «Көктал» паркі тұрғындардың ұсынысы негізінде көгалдандырылды.

«Біз шеткері аумақтарды көркейтуге көп көңіл бөліп келеміз. Бүгінде астана маңындағы тұрғын алаптарда төрт ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл бұқаралық спортты дамытып, жастардың денсаулығын нығайтуға көмектеседі. Сондай-ақ, біз ашық кеңістіктерді де абаттандыруды қолға алдық. Осындай шаралардың нәтижесінде пайда болған «Көктал» саябағы тұрғындардың сүйікті орындарының біріне айналды», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

16 гектарға жуық аумақты алып жатқан парк үшке бөлінген. Алғашқысы, тыныш демалыс аймағы. Мұндағы амфитеатрда ашық аспан астында кинотеатр ұйымдастыруға болады. Сонымен қатар ротунда да бар. Жас жұбайлар некелерін қиып, үйлену тойларын өткізе алады. Ал спортпен шұғылдануға арналған аймақ баскетбол, футбол, волейбол, воркаут және йога алаңдарымен, сондай-ақ теннис кортымен жабдықталған. Барлық спорт алаңдары қоршалған. Үшінші аймақта балаларға арналған ойын алаңдары көп.

Саябақтың тағы бір ерекшелігі – веложол қоғамдық кеңістіктің барлық периметрімен өтеді, яғни үш аймағын да қамтиды. Сондай-ақ, итті серуендетуге арналған арнайы алаң да бар. Барлық аймақтарды қыста да пайдалануға болады. Алдағы уақытта мұндағы талдардың санын 8 мыңға жеткізу жоспарланған.

Ұстаздардың «ұясы». Жатып алып демалуға арналған аспалы тор мен көрікті орындықтар, әртүрлі инсталляцияларға арналған бұрыш, балалардың ойын алаңы, шеберлік сағаттарын ұйымдас­тыруға ыңғайлы кеңістік – мұның барлығы елордадағы мұғалімдердің саябағынан орын тапқан. Жаңа демалыс аймағы бас шаһардағы Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында, Беласар көпірінің маңында, Ақбұлақ өзенін бойлай пайда болыпты. Ұстаздар саябағының ауданы 1,2 гектардан асады.

Байтерек Астана

«Ұстаз алаңы» кеңістігі мұғалімдердің бір мезгіл тынығуы үшін әрі оларға деген құрметтің белгісі ретінде салынған. Нысанның атап айтар ерекшелігі де бар, мұнда шағын сәулеттік ескерткіштер молынан бой көтерген. Мысалы, әрбір орындыққа мұғалімдердің аты-жөні мен қысқаша өмірбаяны жазылған тақтайша қойылған. Сондай-ақ педагогтардың ерен еңбегіне қоғамның алғысы секілді грифель қабырғасы мен «Bilim japyraqtary» инсталляциясы бар.

Қоғамдық кеңістіктің аумағында кітап қораптары тұр. Бұл жерде көпшілік әртүрлі кітаптарды алмасып оқуына болады. Саябақтың орталық бөлігінде ашық аспан астында шеберлік сағаттарын ұйымдастыруға мүмкіндік жасалыпты. Нұр-Сұлтан қаласының дизайн-кодына сай жарықтанған әткеншектер мен биік әрі жарығы мол шамдар аллея­ны айрықша аураға бөлейді. Парк­тің көгалдандыруы да өзінше өрнектермен ерекшеленеді. Нысан Ақбұлақ өзенін бойлай орналасқандықтан, балалар алаңқайы теңіздің кейпінде бейнеленген екен. Одан бөлек, керемет шатыр­лы алаңдар алыстан менмұндалайды.

Қоғамдық кеңістікті жағалай сарғыш реңк беретін жарық шамдар мен жаяу серуендеушілерге жоғары көңіл-күй сыйлайтын гирляндалар ілінген. Парк жобалаушыларының «Тұрғындарға ыңғайлы қала» идеясының негізінде, кедергісіз орта құруды мақсат еткені байқалып тұр.
Осы жаз маусымында Нұр-Сұлтан қаласында, Есіл өзенінің сол қапталында жаңа қоғамдық кеңістік – ақ халатты абзал жандарға арналған аллея пайда болды. Нысанның жалпы аумағы 11 гектарға созылып жатыр. Мұнда да тыныштық пен жайлылықты ұнататындар үшін демалыс орындары жетерлік. Сонымен қатар жер бетіне тараған қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген денсаулық сақтау саласы мамандарына арналған «Алтын жүрек» мемориал­ды тақтасы қойылған.

Есіл ауданы территориясындағы Сығанақ, Түркістан, Ақмешіт пен Алматы көшелерін бойлай орын тепкен аллея қаладағы көгалдандырылған аумақтардың сәулеттік-көркемдік және рекреациялық шешімдерінің құрамдас бөлігі іспетті. Саялы мекеннің халық игілігіне берілуі көпшіліктің серуендеуіне қосымша мүмкіндік тудырды. Бұл нысан жасыл желектер жүйесін қоса алғанда, қаланың оңтүстік бөлігін қамтиды.

Аллеяның екі негізгі кіреберіс есігі бар. Алғашқысы көп жылдан бері тұрғызылып жатқан Әбу Даби Плаза кешені жағында болса, келесісі – Алматы көшесі бойында. Саябақтың орта тұсына жаяу жүргіншілердің серуендеуі үшін арнайы тротуар төселген. Екі орталық кіреберісті қосатын, сопақша пішінді роликті-коньки тебу жолағы да нысанды ерекшелендіре түседі. Ал жаяу жүргіншілердің тротуарынан тармақталатын жолдар Ақмешіт пен Түркістан көшелеріне шығатын тұстарға апарады.

Аллеяның орталық бөлігі көптеген орындықтарға толы, жасыл желекті, тыныш демалыс аймағы орналасқан, оның бойында жаяу жүргіншілер мен сырғанауға арналған серуен жолағы бар.

Айта кету керек, қала тұрғындарының денсаулығы мен өмірі үшін күн сайын күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне алғыс ретінде қоғамдық кеңістікті Дәрігерлер аллеясы деп атау идеясын Президент ұсынды. Орталық сопақшаның сыртқы жағында белсенді демалыс аймақтары орналасқан. Мұнда лабиринттері бар балалар алаңдары, спорттық тренажерлер, скейт-парк, ашық амфитеатр, көше музыканттары мен суретшілерінің орындары, шахмат ойындары, арқан паркі, сондай-ақ жалпы ұзындығы 2,2 км веложол бар.
Орталық кіреберістердің екі жағы құрғақ фонтандармен безендірілген. Дәрігерлер аллеясы әлемнің үздік стандарттарына сай салынған.

Ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында Құтқарушылар саябағы бой көтерген-ді. Нысанның аумағы жеткіншектер мен ересек азаматтарға арналған бөліктермен қамтылған. Сонымен қатар, мұнда экстрим-спортты қолдау мақсатында жасалған, кедергі жолақтары бар, әртүрлі жастағы тұрғындар пайдалана алатын паркур зонасы орын тепкен. Сол сияқты, тыныштық іздеген көпшілік демалатын маңнан да адам қарасы үзілмейді. Азаматтық қорғау қызметінің үздіктеріне арналған құрмет тақтасы өзіндік дизайнымен ерекшеленеді. Ал көпір жақ қапталында «Public art» бейнеленген. Сондай-ақ, мұнда 1964 жылы шығарылған АЦ-30 МАЗ 205 арнайы өрт сөндіру көлігі қойылыпты. Айта кетерлігі, бұл ауыр техника Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген фильмде көрініс табады.

Құтқарушылар саябағы елордадағы А.Янушкевич пен А.Пушкин көшелерінің қиылысына салынған. Демалыс орны осы саладағы кәсіби міндетін атқару кезінде көз жұмған өрт сөндіруші мен құтқарушылардың құрметіне абаттандырылды. Бейбіт заманның батырлары саналатын құтқарушылардың қызметі қай кезде де ерлік пен тәуекелге толы.

Қоғамдық кеңістіктің аумағында 150-ге тарта тал көшеттері егілген. Саябақ аумағы әлі де жетілдіріліп, толықтырылады екен. Себебі, қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын денсаулықтарына пайдалы етіп өткізетін орындардың санын көбейту аса маңызды.

«Ағымдағы жылы біз 150 аула мен 40 шақты қоғамдық кеңістік салуды жоспарлағанбыз. Оның ішінде саябақ, гүлзар, желекжолдар бар. Жалпы алғанда, 70-ке тарта аула мен қоғамдық кеңістіктің жұмысы соңына жетіп, ел игілігіне ұсынуға дайын тұр. Президенттің тапсырмасымен абаттандыру шаралары барысында көгалдандыруға да айрықша назар аударылады», – дейді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

P.S. Енді елорда тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір демалыс аймағы пайдалануға берілмек. Салынып жатқан мешіттің айналасынан таза ауада уақыт өткізу үшін қолай­лы орын – үлкен саябақ ашылады. Ол Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдары мен Сауран, Хусейн бен Талал көшеле­рінің бойында орналасады екен. Парктің орталық аллея­сында ұзындығы 300 метр фонтан болады, оның ішінде шағын архитектуралық мүсіндер, көлеңкелі шатырлар орналасады.

Park in Astana city Kazakhstan

Мақала авторы: Асхат РАЙҚҰЛ

Фото: Джордж Стейнмец, Сасин Типчай, Ерболат Шадрахов