22Жел

Агротуризм – дамудың жаңа мүмкіндіктері

Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ақмола облысының табиғаты мен ландшафты ерекше: бұл өңірде қалың орман мен ашық дала, биік тауы мен қыраттары, кішігірім сулы-нулы өзен-көлдері, тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіштері де жеткілікті. Жер жағдайы солай болған соң, аң мен құсқа да бай. Сондықтан жер ыңғайына қарай негізінен мал өсірумен немесе егіншілікпен айналысып келген мұндағы халық соңғы жылдары туризм саласындағы кәсіпке де бет бұра бастағаны заңдылық. Бұл орайда, әсіресе агротуризмнің, яғни табиғат, ауылдық жер және ауыл шаруашылығын тоғыстырған туризмнің дамуына қажетті әлеует мол екені анық байқалады. Біз мақаламызда осы тұжырымға нақты дәйектер келтірмекпіз.  

Табиғатының өзі тартымды

Кезінде Сәкен Сейфуллин жырлаған Арқаның кербез сұлу Көкшетауы да, аптап ыстықта салқындайтын 80 көл мен саялайтын қарағай, қайың көмкерген орман да, сәйкесінше, көпшіліктің назарын тартатын көрікті жерлер мен тарихи орындар да осы өңірден табылады. Облыс аумағында «Көкшетау», «Бурабай» және «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің орналасуы да айрықша маңызға ие деп есептейміз. Аталған парктерге келетін туристерге сол маңдағы ауыл тұрғындары агротуризм өнімдері мен қызметтерін ұсына алады. Бұл ретте балық аулау, тамаша табиғат аясында туристік сүрлеулермен жаяу немесе атты серуен ұйымдастыру да туристерге ерекше әсер қалдыратыны анық. Жазғы және күзгі мезгілде жергілікті жидектер мен саңырауқұлақ теруіне, ал қыста ертегідей әдемі орманға шаңғымен шығып, ғажайып суреттер түсіруге мүмкіндік мол.

Көпсалалы ауыл шаруашылығы

Ақмола – Қазақстанның негізгі астықты аймақтарының бірі. Бидай, көкөніс, ет пен сүт өндірісінен тұратын агроэкономикасымен танымал. Сондықтан мұндағы агротуристер жергілікті фермалардың жұмысымен танысып қана қоймай, өнім өндіру, мал мен құсқа жем беру сияқты жұмыстарға атсалысып, ауыл өмірін етене түсіне алады. Тіпті өз қолымен экологиялық таза азық-түлік өнімдерін жасау ісіне қатысып, дәстүрлі тағамдарды әзірлеу технологиясымен танысуға, тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік бар. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдеріне дамып келеді.

Салт-дәстүр һәм тарихи орындар

Астананың дәл іргесіндегі Ақмол ауылында кезінде «АЛЖИР» деген атпен танылған Кеңес одағының жазалаушы лагері – бүгінде саяси-қуғын сүргінге толы зұлматты жылдардың ескерткіш-мұражайы орналасқан. Бұл – шетелдік қана емес, әрбір қазақстандық барып көретін, қасіретті жылдардың құрбандарына тағзым ететін орын. Мұнда келушілер күйеуін атып не итжеккенге айдап, өзін балаларынан айырып, еріксіз ауыр еңбекке салған тұтқын әйелдердің азапты тағдырын тұла бойымен сезіне алады.

Осы ауылдан әрі қарай 100 шақырымдай жердегі Қорғалжын ауылының маңында соңғы жылдары ұлттық салт-дәстүрді паш ететін дәстүрлі фестиваль өткізіліп жүр. Мұнда келген туристер бәйге, аударыспақ, көкпар сынды ұлттық ойындармен қатар, бие байлау, қымыз мұрындық сияқты салт-дәстүрлерге куә болады. Жалпы агротуризм арқылы осында тұрып жатқан этностардың да түрлі салт-дәстүрлерін көруге мүмкін бар.

Агротуризм ауылды дамытуға қосымша серпін

Агротуризм ауылдық аймақтардың экономикалық дамуына оң әсер етеді. Өйткені агротуризм легі артса, ол қонақүй ұсыну, дәмхана және басқа да қызмет көрсету инфрақұрылымдарын ашуға ынталандырады. Осының барлығы жергілікті тұрғындардың өміріне жағымды өзгерістер әкеліп, аймақтың тұрақты дамуына ықпалын тигізеді. Осы орайда, Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен серіктістікте бір жылдан астам уақыт жүзеге асырып жатқан «Байтақ жер» жобасы дәл осы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айта кеткен жөн. 2023 жылдың қазанында Ақмола облысында экологиялық, этнографиялық агротуризмді дамытуға бағыттылған бұл жобаның ІІ кезеңі басталды. Биыл жобаға қатысуға ниет білдірген 70-тен астам жергілікті кәсіпкер өтінім қалдырды. Өткен жылмен салыстырғанда, өтінімдердің саны 20%-ға артқан. Осының өзі Ақмола облысында туризмнің балама бағыттарын дамытуға ынта да, әлеует те бар екенін байқатады.

Фото – автордан

Облыс аумағында бір емес, үш бірдей ұлттық парк –  «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, сондай-ақ Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы, Бұланды, Ерейментау, Атбасар мемлекеттік табиғи қаумалдары орналасқан. Сондықтан, әрбір туристтің, әрбір азаматтың табиғат берген осынау тамаша сыйға жанашырлықпен қарау мәдениетін меңгеруі аса маңызды болмақ.  Айналып келгенде, осының бәрі жергілікті халықтың игілігі һәм байлығы. Егер ұсынақты пайдалану жолдарын игеріп, ауыл мен қаланың арасына агротуризм арқылы дәнекер бола алсақ, бұл баршамыздың әл-ауқатымызға әсер ететіні анық.  

Автор: Елена Гаркава

Фото: Ерболат Шадрахов