7Қыр

Қызмет көрсетудің озық үлгісін ұстанатын қонақүй

Заманауи сәулет үлгісімен таңдай қақтыратын DoubleTree by Hilton Almaty қонақ үйі алып мегаполистің ажарына ажар қосып отырған еңселі ғимарат. 2019 жылдың қазанында қонақтарға есігін айқара ашқан қонақ үй алып шаһардың орталығында орналасқан.

Жалпы, Hilton әлемдік бренд екені баршаға мәлім. Америкалық компания қонақ үйлер мен курорттар желісін ұсынып отыр. Штаб-пәтері АҚШ-тың Виржиния штатында орналасқан. 2020 жылдың 30 маусымындағы ресми дерекке сүйенсек, оның иелігінде әлемнің 118 мемлекетінде шоғырланған 6 215 нысан бар. Бұл дегеніміз – 983 465 жатын орын. Тарихы сонау 1919 жылдан басталатын компанияның іргесін Конрад Хилтон қалаған. Міне, аты алысқа тараған мұндай әлемдік брендтің Қазақстанға келуі өте құптарлық қадам. Мұндай ірі компаниялардың біздің елге келуі инвестициялық тұрғыдан тиімді екені айтпаса да түсінікті. Шетелдік меймандарға, Қазақстанды аралауға келген туристерге әлемдік деңгейде қызмет ұсынудың өзі елдің инвестициялық климатын жақсартуға қосылған үлес емес пе?!

Осы тұрғыдан алғанда DoubleTree by Hilton Almaty қонақ үйінің шоқтығы биік. 11 қабатты қонақ үй 112 нөмірден тұрады. Ғаламат ғимарат Байқоңыр метро станциясына, Орталық стадионға, Қазақ мемлекеттік циркіне жақын орналасқан. Әлемдік деңгейде қызмет ұсынатын қонақ үйде ұсақ-түйек болып саналатын дүниенің бәріне ерекше мән беріледі. Келген қонаққа қызметкерлер ашық қабағын да, дәмді тағамын да қатар ұсынып келеді.

Әлгінде айтқанымыздай, мұнда бәрі ескерілген. Сондықтан қонақ үйде стандартты және люкс нөмірлерден бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға да арналған бөлмелер бар. Екінің біріне қолжетімді «Стандарт» нөмірлердің көлемі 30 шаршы метрді құрайды. Мұнда Sweet Dreams® кереуеті, ауа баптағыш, тегін WiFi, кофе қайнатқыш, мини-бар, ноутбук сыярлық көлемдегі сейф, эргономикалық орындығы бар жұмыс үстелі, 43 дюймдік HDTV бар. Қысқасы, бәрі қамтылған. Ең бастысы терезеден Алатауға, қаланың көркіне көз тастап тыныстауға мүмкіндік бар.

«Жетілдірілген стандарт» нөмірлер де қарастырылған. Әлбетте, мұндағы жағдай «Стандартпен» салыстырғанда әлдеқайда жақсырақ. «Люкс» нөмірлердің жайы сіз бен бізге мәлім болар.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелерде келушілерге барлық жағдай жасалған. Мұнда да қажеттінің бәрі қол созым жерде тұр. Жатар орын ерекше жандарға лайықталып барынша төмендетілген әрі қимылдауға кедергі келтірмес үшін үлкен кеңістік қарастырылған. Сол секілді жуынатын бөлмелер де мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықталып жасалған.

Қонақ үйде Лобби Лаунж Бар жұмыс істейді. Ол бірінші қабатты орналасқан. Ғимаратқа келген меймандардың назары алдымен осы жерге түседі. Сондықтан мұнда келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Кофе ішіп, газет оқуға да; достармен дидарласып, тамақтануға да; идеяларды талқылап, іскерлік кездесулер өткізуге де мүмкіндік бар.

Ғимараттағы «Aurum» рестораны келушілерге дәмді асынан бөлек, тамаша көңіл-күй сыйлар аурасымен де ерекшеленеді. Қонақ үйдің ең жоғары қабатында Roof Garden Restobar орналасқан. Атмосферасы бөлек, интерьері ерек бұл жер де таза ауамен тыныстап, демалуға таптырмас орын.

Бассейн, балалар бассейні, джакузи, суық купель, теңіз суы бар купель, тренажерлік зал, СПА-ресторан, массаж кабинеттері, түрік хамамы, фин саунасы, орыс моншасы секілді демалыс орындарынан тұратын FUSION WELLNESS CLUB-тың жөні бөлек.

Қысқасы, келушілер үшін барлық жағдайды жасаған DoubleTree by Hilton Almaty-дан демалып та, ем алып та шығуға болады.

Айтпақшы, DoubleTree құпия рецепті бойынша әзірленетін печенье қонақ үйдің символы саналады. Қонақ үй тәтті дәмді ұсыну арқылы мейманға деген ақ пейілін, ізгі ниетін білдіреді.

Еркебұлан Рысбай, журналист