24Сәу

Қалыс қалу

Тау қоянына суық ауа райы жайлы. Жаһанның жылынуы жағдайды өзгертуі мүмкін.

Автор: Кэл Флин фото: Энди Паркинсон

Шотландияның Монадлиат тауларын­­да қоянның түсі қарлы төмпе­шікпен астасып тұр. Қояндардың Ұлыбри­танияны мекендейтін осы жалғыз түрі жыл сайын жазғы қоңыр­қай терісін қыста бозғылт түске ауыстырады.

Шотландияның таулы өңірлері – миллиондаған, жыл бойына тілімделген мұзды, жартасты ландшафт. Таулар дөңкиген жондарын көтеріп тұр. Тостаған пішіндес ойпаттары иілген жоталар ішінде орналасқан. Бұл жердің екі беті бар.

Жаздың соңында аймақты аршагүлдер, жатаған талдар мен тәтті мирта (Myrica gale), қаражидектің жұмсақ моншақтары мен қып-қызыл қызылжидек қаптайды. Алайда осы таулы жерлер бірнеше аптадан кейін қар астында қалып қоюы мүмкін: сағатына жүз шақырым жылдамдықпен соғатын дауылданмүжілген мұздықтар арасымен жел уілдеп тұрады.

Бұл – тау қоянының мекені. Осы кішкентай сүтқоректілер тундрада, Еуразияның таулы және бореалды аймақтарында да кезігеді. Ұлыбританияда тау қоянының шамамен 99%-ы Шотландия аумағында тіршілік етеді, олардың отаны – солтүстік-шығыстағы жартасты Грампиан таулары. Өткен қыста Кэрнгорм тауына жаяу бардым. Қалың қарда омбылап келе жатып, шілдің қанат қаққанындай дыбыс шығарып едім, мазасын алғаныма қырқылдай жауап берген оның өзі де пайда бола кетті. Тау жақтан аяқ дыбысымды сезген тау қояндары сайға қарай жөңки жөнелді, одан әрі еш қиындықсыз жалт бұрылып, жотаға тартты.

Үш ересек тау қояны таудың мұзды алқабында қарлы боранның басылуын күтіп жатыр. Олар кез келген тасадан табиғи пана іздейді; мына жота желден ықтасын. Сондай-ақ олар ойпаң жерге немесе шөп арасына да жасырынады.

Тау қояны қалың жықпыл арасын немесе тау бөктеріндегі қуыс-шұңқырларды паналайды. Бүк түскен күйі құлақтарын мойнына тығып, қарлы боранның басылуын күтіп жатады. Олар күні бойы жата беруі мүмкін, тек арасында бір сағат не одан көбірек уақытқа бой жазуға немесе аязға төзімді шөптермен қоректену үшін жайылымға шығып тұрады.

Осындай мінез-құлық – тау қояндарының Ұлыбританияда тіршілік ететін осы жалғыз түріне тән. Бұл –олардың қатаң климат жағдайында аман қалуға мүмкіндік беретін көптеген бейімделгіш қасиеттерінің бірі. Бәлкім, ең таңғалдырар қасиеті – жазғы қоңырқай сұр терісінің суық өткізбейтін қалың әрі аппақ немесе көкшіл сұр түске өзгеруі шығар. Жыл сайын күн жарығының азаюы мен ауа температурасының төмендеуі қояндарда қысқы түлеу процесін тудырып, аяғынан бастап, сандары, иықтарына қарай тұла бойын қалың, бозғылт жүн қаптайды. Бұл мақұлықтар қоршаған ортаға қарай бейімделген. Алайда климат өзгерісі ауа райын құбылтқан сайын, тау қояндары өз мекенінен алыстап барады.

Тау қояны түгін тазалап отыр. Жекелеген қояндарда түлеу уақыты әркелкі келеді, алайда таудың биігінде тіршілік ететін Шотландия қояндары қыста еңістегілерге қарағанда ақ не сұр түске ертерек ауысады. Ал қоңырқай-сұр түске көктем соңында ауысады. Бірақ ғалымдар тау қояндарының қар жамылғысы сақталатын мерзімнің қысқаруына бейімде­ліп жатқанына қандай да бір дәлел таппады.

Тоны өзіне жау

«тау қояндары тері түсін ауыстыра алатын құстар мен сүтқоректілердің небәрі 21 түрінен құралатын топқа кіреді. Олардың барлығы дерлік қарлы, суық аймақтарда тіршілік етеді», – дейді Солт. Каролинадағы Аппалачи мемлекеттік университетінің биология асистент-профессоры Маркета Зимова. Шотландияда осындай әдіспен тері түсін ауыстыратын аңдардың тағы екі түрі бар, бірі – ақкіс, оны қысқақұйрық аққалақ деп те атайды және екіншісі – ақ шіл.

Тау қояны үшін осындай сәнді қысқы тон оларды түлкі, ақкіс және төбеде қалықтап жүретін бүркіт тәріздес жыртқыштардан сақтайтын қорғаныш та болады. Алайда қазіргідей құбылмалы жағдайда бұл оның бағы да, соры да болуы мүмкін.

Шотландия тауларында ауа температурасының күнделікті күрт көтерілуі немесе құлдырауы таңғаларлық құбылыс емес. Шымтезектер қарайып, бетін жылтыр мұз қаптайтын ең жылы күндері қарайған бұталардың қасында ағарып тұрған тау қояндары нағыз нысанаға айналады. Бұл – бұрыннан бар қауіп. Алайда Зимова жетекшілік еткен жуырдағы зерттеу Шотландия тауларында климат өзгерісі салдарынан қар жамылғысы сақталатын күндер саны күрт азайғанын, 1960 жылдармен салыстырғанда 2010 жылдары жер бетін жабатын күздің алғашқы қар жамылғысы орта есеппен төрт күнге кешігетінін және бұл өзгеріске қояндар ілесе алмай жатқанын анықтады. Өңірдегі орташа температура он жылға шаққанда 0,10C-ден астам шамаға артып, қар жамылғысы жоқ мерзімнің ұзаруына әкелген. Жалпы алғанда, қояндар ландшафтпен үйлеспейтін қалыпта қосымша 35 күн өткізеді.

Аналық қоян (төменде) аталық қояндардың осы түрге тән жағыну әрекетінің бетін қайтарып тастады. Аналықтары аталықтардың табандылығы мен төзімін сынап, оларды көкбұта арасымен ұзақ қуаласпаққа салмас бұрын осылай тексереді.

«Осындай ауытқу салдарлары әлі толық түсінікті емес», – дейді Шотландияның Жабайы құстар мен жабайы табиғатты сақтау қорында (Game & Wildlife Conservation Trust) тау қояндарыны зерттейтін популяция биологі Скотт Ньюуи. Оның айтуынша, бұл түрді бақылап отыру өте қиын. Мәселен, тау қоянында популяциялық циклдер байқалады, яғни жылына бір шаршы шақырымда бірнеше ғана қоян кезігуі, ал бірнеше жылдан кейін дәл сол аймақта жүзден астамы жүруі мүмкін. Азықтың аз-көптігіне, кейбір паразиттердің таралуына байланысты болуы мүмкін мұндай циклдер үлкен айырмашылыққа ие болатыны соншалық, климат өзгерісі тәрізді факторлармен байланыстыру өте қиын.

Алайда Солт. Америкадағы популяцияларына жасалған талдаулар ұзақмерзімді ықтимал үдерістер туралы азын-аулақ болжам ұсынады. Ол туралы Зимова былай дейді: «Қарсыз жерде қысқы ақ терімен жүрген қояндардың кез келген аптада әлдебір жыртқышқа жем болу ықтималдығы 7-14% аралығында артады. Бұл шама құлаққа көп сияқты естілмейді, бірақ тұтас бір жылға көбейтсек, салдары шынымен ауыр болуы мүмкін». Жылынып жатқан планетамызда тұмса табиғат кезігіп отырған көптеген проблема сияқты, мұның да жолы «бейімдел не өл» дегенге саяды. Ал Шотландиядағы тау қояндарының бейімделіп жатқандарына қандай да бір дәлел жоқ.

Фотолар сериясына ақ қояндар жұбының нәзіктік танытып, бір-біріне тұмсық тірескен сәттері түсіп қалды. Аналықтары әдетте аталықтары­нан ауырлау келеді. Ірірек аналықтары бір жыл ішінде бірнеше рет көжектейді.

Жол тоғысында

Қызығы сол, түлкілер, жыртқыш құстар, ақкістерге жем болу қаупі кемінде осы уақытқа дейін адамзат ықпалына қарағанда әлдеқайда аз уайым тудыратын. Жер иеленушілер саятшылық мақсатымен жабайы құр аулау үшін үлкен таулы аумақтарға ондаған жыл бойы иелік етіп келді. Ал тау қояндары көп уақыт тек спорттық әуестікпен атылатын, алайда ғасырлар тоғысында кейбір жеке қожалық басқарушылары құрлар арасында кене тарататын аурудың алдын алады деген уәжбен (ғалымдар мұнымен келіспейді) көптеп ата бастады. 2018 жылы тәуелсіз эколог және альпинист, марқұм Адам Уотсонның зерттеуі тау қояны популяциялары таулы солтүстік-шығыс өңірдегі құр ататын жерлерде 1950 жылдары байқалған деңгейден 1%-ға дейін азайғанын көрсеткен кезде, қоян ату төңірегіндегі қызу пікірталас басқа арнаға ауысты.

Тау қояны мен титімдей етқоректі жыртқыш – қысқақұйрық аққалақ немесе ақкіс ақ тондарына оранып, қара бұталар алқабында көзге бірден ұрып тұр. Мына жағдайда қоянның жолы болды: ақкіс жемтігінің жақын тұрғанын байқамай қалды.

Шотландиядағы тау қояны популяциясында шамамен 135 000 бас бар деп есептеледі, бірақ ғалымдар мұндай есептеулер нақты еместігін айтады. Іс жүзіндегі сан 81 000 мен 526 000 арасында болуы мүмкін.

Қояндардың жойылып кетуінен қорыққан Шотландия Парламенті 2021 жылы наурызда тау қоянын лицензиясыз аулауға тыйым салды. «Бұл өкімнің әсері туралы айтуға әлі ерте», – дейді осы жұмбақ аңның санын бақылаудың үздік әдісін іздеумен айналысқанына 20 жыл болған Ньюуи. Таңданатындай ештеңе жоқ, өйткені бұта арасына тығылған қоянды жаяу жүргіншінің байқамай өтіп кетуі оп-оңай. Бірнеше жыл бұрын жазда жаяу келе жатқанымда бір қоян шөп арасынан атып шықты. Сұрғылт-қоңырқай жерде сұрғылт-қоңырқай сұлба. Қоян сәл кідіріп, артынша бұталар арасына сіңіп көзден ғайып болды. Бірер минутта осында тұрған ұзынқұлақ, келесі минутта жоқ. Тіпті мұнда болмағандай.

Монадхлиат тауларында қар астында қалған қоян, шамасы, ұлпасын қардан тазарту үшін әрлі-берлі сырғанауда.

Кэл Флин – таулық, Islands of Abandonment: Nature Rebounding in the Post-Human Landscape кітабының авторы. Энди Паркинсон Шотландия қояндарын 20 жылдан бері суретке түсіреді.