25Сәу

Жерұйық іздесең, біркөлікке кел!

Тау етегінде тынығып, арайлап атқан ақ таң мен қызарып батқан күн шуағын тамашалағыңыз келе ме? Түркістан облысы, Төле би ауданы Шымкент қаласынан 50 шақырым жерде Тянь-Шань тау сілемдерінде орналасқан Біркөлік шатқалында глемпинг құрылған. Бұл демалыс орны – жазда саялы, қыста қызықты демалыс орны үшін таптырмайтын қоныс. Тамылжыған табиғат аясындағы шатырлы қалашықта тұрып, қымыз, шұбат, айран, сүт секілді қазақтың ұлттық сусындарын ішіп, құрт, ірімшік, жент, сары май секілді ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Келген қонаққа ет асып, ыстық бауырсағын да ұсынады. Әрқайсысы 4 адамға арналған замануи үлгіде жасалған 5 глемпинг және Сақ моншасы бар. Оның басты ерек­шелігі – сіз моншаға түсіп шыққанға дейін отқа қып-қызыл болып әбден қызған тастарға бүріккен судың ыстық буына емдік қасиеттері бар 21 түрлі шөп пен ағаш бұталары шыланады. Жалпы тұла бойың, бүкіл ішкі құрылысың тазарып, өмірге қайта келгендей тыңайып, оның үстіне ата-бабаларымыздың тіршілігі санада жаңғырып, олармен қайта қауышқандай сезім сыйлайды.

Сонымен қатар глемпингте ұсынылатын қымыз, қымыранды ауыл адамдары өздері дайындайды. Көже мен түрлі сусындар, бағлан қозының еті, жент, ірімшік, құрт-май, бәрі-бәрі жергілікті таза өнімдер. Демалушылар арасында өзіміз ас әзірлейміз деген кісілер болса, ошақ, мангал, ет пен көкөніс, бақша дақылы, басқа да сұраныстарын осы жерден таба алады. Қонақтарға Wi-Fi және жеке автотұрақ ұсынылады. Біркөліктің тылсым табиғатын насихаттап, экотуризмді қолға алған, тарих пен табиғат аясындағы тынығуды ұштастырған –  аралас жекпе-жек шебері, табысқа қарағанда елдің намысын бірінші орынға қоятын Арман Оспанов. «Осындай демалыс орындары мен саяжайлардың салынуы отандық туризмнің дамуына, экономикамызды көтеруге серпіліс береді. Біздің жыл санауымыздан бұрын және кейін өмір сүрген бабаларымыз бүгінгі ұрпақтарындай балаларына дейін сауатты болмаса да табиғаттың тылсым сырларына терең үңіліп, туған анасындай мәпелей білгендігіне тәнті боласын. Сөйте тұра, отандық өлке туризмді дамыту мақсатында замануи – эко глэмпинг, шар тәрізді үйлердің ашылып жатқан жөні бар» дейді А.Оспанов.

Шатқал бойымен Біркөлік өзені ағады. Мұнда жаңғақ тоғайы, өрік және алма бақтары бар. Қарағай, Тянь-Шань шыршалары, емен, шынар, зерек, талшын ағаштары, итмұрын секілді дәрілік шөп­тер өседі. Ауасы дем алу органдарына, жүрек-тамыр жүйелеріне әсер етіп, орталық жүйке жүйесін сергітеді. Біркөліктің таулы аймақта орналасуы, жылы ауа-райы, қоңыржай ылғалдылық, ауаның жоғары аэроионизациясы – глемпингің тағы бір ерекшелігі болып табылады. Табиғат кереметтерін ас үстінде тамашалай аласыз. Қоршауы жоқ кең даладан жылқы, қырғауыл, үйректер, көгершіндер және басқа да көптеген тішілік иелерін көре аласыз. Орманда сілеусін, суыр, қоңыр аю, арқар, мекендейді. Атпен серуендеу, квадрациклмен қыдыруға жағдай жасалған. Демалушылардың бадминтон, үстел теннисі, нарды ойнап, тіпті садақ ату үшін де мүмкіндік қарастырылған.

Екіншіден, бұл өңірдің тасын түртсең, тарихы сөйлейді. Біркөлік шатқалындағы тастардан жыл санауымыздан бұрын және кейін өмір сүрген теле, үйсін, қыпшақ тайпаларының таңбалары табылған. Бүкіл әлемді жаулап алғысы келген ұлы қолбасшы Александр Македонский біздің бабаларымыз – сақтардан осы Біркөлік шатқалында жеңіліс тауып еліне қайтқанын туралы аңыздар бар дейді жоба авторы.

Толығырақ ақпаратты біздің Instagram парақшасынан ала аласыз.