29Қыр

Күн санаған аю әлде бағдаршамды танитын шибөрі ақылды?

Шибөрілер, аюлар, жанаттар мен басқа да жануарлар тіршілік ортасының тарылуы себепті қалалық өмірге тапқырлықпен бейімделіп келеді.

Радио-қарғы тағылған шибөрі Чикагода теміржол көпірінен өтіп барады. Бұл жақты 4000 дейін батыстық шибөрі мекендеп алған. Зерттеушілер қалалық аңдардың далалық туыстарына қарағанда қиындық­тарды еңсеруге епті келетінін анықтап отыр.

АҚШ пошта қызметінің курьері пошта көлігінен түсіп, қолына хаттарды ұстаған күйі көшеден өтіп барады. Мұнда тұрған оғаштық жоқ. Бірақ пошташы бірнеше метр жерде жүресінен отырған үлкен америкалық қара аюды (Ursus americanus) байқамаған сияқты.

Сол жақта сым торлы қоршаудың артында штатаралық 240-шы автомагистраль гүр-гүр етеді. Солт. Каролинадағы Эшвилл қаласының орталығынан 1 шақырымға жетпейтін жерде тротуар бойымен осы ауданға қарай дендей еніп бара жатқан аю үшін бұл жай ғана қалыпты шу секілді.

Солт. Каролинаның қала және қала маңы аюларын зерттеуші топ күрежол бойында тағы бір жаңалық ашты: қисайған күміс түсті үйеңкі ішіне терең апан салыныпты. Зерттеу жобасында қадағалауға алынған жүзден аса аю арасындағы №209 радио-қарғы тағылған кірекей небәрі бірнеше метр жердегі үздіксіз көлік ағынына қарамастан, қысқы ұйқыны осында өткізіпті.

Жобаның басталғанына 8 жыл болды. Қара аю жөніндегі солтүстіккаролиналық биолог Коллин Олфенбюттель көше шуынан асыра айқайлап: «Бұл аюлар мені әлі таңғалдырып жүр», – деді. Әріптесі ағаш ішіндегі апанды өлшеп жатқанда ол сатыны ұстап тұрды. Бұл – қара аюларды зерттеген 23 жыл ішінде ол көрген ағаштағы ең үлкен апан. «Олар біз ойлағаннан әлдеқайда бейімделгіш». Шын мәнінде, қара аюларға Эшвилдегі тіршілік ұнап қалғанын елестету қиын. Халық саны 95 мыңнан асатын, Blue ridg тауы баурайында орналасқан осы прогрессивті қалада тапа-тал түсте аюлар көше кезіп, террасалары мен ауызғы үйлеріне кіріп кетеді. Кейбір тұрғындар оларды жақсы қарсы алады.

Қара аю Калифорния штатының Саут-Лейк-Тахо қаласында тастанды үйдің астындағы апанынан шығып келеді. Мына курорттық қала аюлардың жабайы табиғаттағы­дан гөрі аз күш жұмсап-ақ көбірек қалған-құтқан тамақ табуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде қалалық аюлар жабайы табиғаттағыларынан 25 пайызға семіз.

Эшвилде және басқа жерлерде қалалық аюдың пайда болуына жер пайдаланудың өзгеруі, адамдармен көрші тұрғанда қолжетімді болатын «дәмхананың» еліктіруі сынды үдерістер ықпал етті. Осы жайттар Солт. Америкада қара аю санын шамамен 800 000 басқа дейін арттырды. Қалалар мен қала маңының ұлғаюы да аюлар тіршілік ететін үлкен аумақтарды жұтып, оларға адаммен көрші тұруға бейімделуден басқа амал қалдырмады. Бұл – АҚШ-та және әлемдегі қалалық жерде болып жатқан үрдіс әрі ол қара аюларға ғана тән емес. Көптеген сүтқоректі мекен ауыстырып, қаладағы тіршілікке машықтанып, мінез-құлығын да өзгертуде.

Дәл қасымыздағы жаратылыс иелерін зерттейтін ғалымдар көбейген сайын жаңалық та көбеюде: жануар­лардың қала өміріне бейімделуі тіпті ерекше. Шибөрілер көшеден өтерде айналасына қарайды. Қара аюлар қоқыс шығатын күнді біледі. Жанаттар қоқыс жәшігінің бауын шеше алады. 2020 жылы алты құрлықта қалалық жабайы табиғатты зерттеген 83 зерттеуге шолу қалалық сүтқоректілердің 93%-ы өздерін далалық туыстарынан өзгеше ұстайтынын көрсетті. Осы аңдардың көбі – еуропалық орқоян, жабайы қабандар, резус-макактар мен шамшат сусарлары тәрізді сан алуан түрлер адамға ұшыраспау үшін түнде белсенді болады. Олар табиғи коректерін адам азығымен кеңейткен, ал тұратын жерлерінің аумағын әлдеқайда кішірейткен. Экологтер айтады: арамызда тіршілік етіп жатқан жануарларды жақсы білген сайын, осы қалалық келімсектермен де қарым-қатынас дұрыс болады.

Сан-Францисконың Голден-Гейт паркінде жанаттар аңдарды тамақтандыруға тыйым салатын заңға қарамастан, оларға үнемі азық әкелетін бір тұрғынға назар аудара тік тұр. Қолдың азығына тәуелді болып бара жатқан жанаттардың ауру тарату, көлікке соғылу және тамақ беру тоқтаған кезде өлу ықтималдығы жоғары.

Эшвилдегі фаст-фуд мейрамханалар мен қонақүйлер қатарының артындағы орманды алқапта Дженнифер Струлс пен екі әріптесі қара аюды гуманды әдіспен аулауға арналған қақпанды қонақүйдің көлік тұрағы жанындағы орынға сүйреп келеді. Олар осы ауданда тұратын үш қонжығы бар кірекейді ұстап алудан үмітті.

Солт. Каролина штаты университетінің балық кәсіпшілігі, жабайы табиғат және табиғат қорғау биологиясы бойынша Ph.D студенті Струлс кеше пісірілген нан қорабын ашты – бұл иісшіл иттен де артық иіссезгіш жануарды шыдатпайтын жем. Аңдыған аңы түссе, кірекейді ұйықтатып, бұдан бұрын таққан радио-­қарғысын ауыстырады.

Жабайы табиғат биологі Николас Гулд жетекшілік ететін қала және қала маңындағы аюларды зерттеу жобасының 1-кезеңі радио-қарғы тағылған жүзден астам аюдан алынған деректер қалалық және далалық аюлар арасындағы қызықты айырмашылықтарды көрсетті. Бір-бір жарым жастағы қалалық кірекейлер далалыққа қарағанда, екі есе дерлік ауыр тартқан. Кейбір екі жасар қалалық кірекей қонжық туса, сол жастағы дала аюларының ешбірі тумаған. Алайда қалалық аюлардың 40%-ы төрт жылдық зерттеу кезінде көз жұмған, өлімнің негізгі себебі – көлікке соғылу. Зерттеушілер айтқандай, бұл кезеңде аюлар үшін Эшвилдегі өмір жақсы ма, жоқ па, белгісіз. Басқа зерттеулер әлдеқайда екіұшты картинаны көрсетеді. Эшвилдегі аюлар секілді Коларадо штатының Дуранго мен Аспен қалаларындағы, сондай-ақ Невада штатындағы Тахо көлі маңындағы аюлардың да салмағы әлдеқайда ауыр және қонжықтары да көбірек, бірақ қонжықтарының аман қалу көрсеткіші төмен, сондықтан таза популяция­лары қысқарып кеткен. Қонжығы көп семіз аюды көру қала мен қала маңының ұлғаюы аңдарға жақсы болғандай әсер беруі мүмкін, бірақ шындық басқаша. Адам мен аюдың үй­­лесімде тіршілік етіп жатқаны да ақиқаттан алыс. Эшвилде де олай емес. Соңғы жылдары мұнда аюлар үй жануарларын өлтіріп, кемі бір адамды жарақаттаған.

Айналадағы таулардан аю ағылған Солтүстік Каролинаның Эшвилл қаласында биологтер дәрімен ұйықтатқан аюды тексеруде. Аюлармен қақтығыстарды барынша азайту үшін тұрғындар зерттеуді бақылауға шақырылады.

Халықтың жабайы көршілерімен қалай қауіпсіз бірге тұра алатынын білу үшін Струлс бір сынақ өткізуді жоспарлап отыр. BearWise танымдық жобасы бойынша қаланың екі орамы зерттеу нысанасына алынады. Жуырда ел бойынша жүзеге асырылатын бастама үй жануарларын жетекпен алып жүру, қоқысты дұрыс орнату, құсқа арналған жем-астауларды алып тастау, аңға жақындамау, тамақ бермеу тәрізді әрекеттерді ынталандырады. Басқа екі орамға ешқандай танымдық материал берілмейді, олар эксперименттің бақылау тобы болады.

Струлс барлық 4 аумақтағы радио­қарғылы аюларды бақылау арқылы BearWise жобасы ұсынған тиімді әдістер халықтың мінез-құлқын өзгертіп, шағымын азайта ма, жоқ па, білгісі келеді. Дуранго қаласында зерттеушілер бір қадам алға озып, аюдың қауқарына төзімді мыңнан аса қоқыс контейнерін таратты. Осы қоқыс контейнерлерін пайдаланған үйлерде проблемамен қақтығысу 60%-ға азайған. Бірақ кей адамдар аюлардың артқы аулаларына келгенін қалайды. Мәселен, Дженис Хусебо аюларға отбасы мүшесіндей қарайды. 22 жыл бойына ол Эшвилдің орталығынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан үйінің террасасына құстың астауына жем салып, аш аюларды тамақтандырып келеді. «Мені аюдың тілін біледі деп атайтын достарым бар», – дейді Хусебо есік алдында екі қонжығымен жүрген кірекейге аңтарыла қарап тұрғанымызда.

Эшвилдік Кей және Дэвид Картердің артқы ауласында қонжықтар ойнап жүр. Үй иелері оларға әткеншек жасап қойған. «Эшвилл аюларға үлкен толеранттылық­пен қарайды, – дейді жабайы табиғат биологі Колин Олфенбюттель, – бірақ мен олар аюларды өлгенше жақсы көре ме деп қорқамын».

Бірақ жабайы табиғатты қорғаушылар аюларға тамақ беру жарақат алу тәуекелін күшейтіп, бұл осы жануарларға деген төзімділікті төмендететінін ескертеді. Осы екі себеппен жергілікті округ мұндай практикаға тыйым салатын қаулы шығарған. Струлс те Хусебо сияқты эшвилдіктер аюларды жақсы көретінін мойындайды және өзінің зерттеуі бұл жануарлармен бірге өмір сүрудің олар үшін де, өзіміз үшін де ең тиімді жолын ұсынады деп үміттенеді. «Жабайы табиғат бәрімізге ортақ, бірақ біз аюлардың жабайы болып қалғанын қалаймыз», – дейді Струлс.

АВТОР: КРИСТИН ДЕЛАМОР
ФОТО: КОРИ АРНОЛЬД

Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы шілдедегі санынан оқи аласыз.