4Қаз

Йемен тарихын сақтау

Соғыс миллиондаған йемендіктің өміріне қауіп төндіріп тұрғанда тарихшылар, археологтер ежелгі мәдениет нысандарын сақтау үшін күресуде.

Йемен астанасы Санада жұмысшылар Әл-Джарафи отбасы иелік ететін 350 жылдық саз кірпішті резиденцияны қайта тұрғызды. 2014 жылдан бері көтерілісші хуситтер бақылауындағы қала Сауд Арабиясы мен БАӘ бастаған коалиция күштерінің әуе шабуылдарына ұшырап тұрады. 2015 жылы болған бір шабуылда 150 жыл Әл-Джарафи отбасының иелігінде болған үйге зақым келді.

Шаңды аңғардың түбінде тұрып, асқақтаған алып құрылысты көру үшін мойнымды создым: шамамен 2500 жыл бұрын теп-тегіс жонылып, балшықсыз қаз-қатар қаланған, шөл даланың зеңгір көгіне қарай 15 метр созылған тастар.

Қазіргі Йемен жерінде осы Ұлы Мариб бөгеті салынған кезде оның топырақ-тасты қабырғалары Хувер бөгетінен екі есе дерліктей үлкен аумақты алып жатты. Сақталып қалған зор шлюздер Йеменнің биік тауларынан 9600 гектардай бос алқапты алатын ауылшаруашылық оазисін нәрлендіре отырып, шығыстағы күн күйдірген шөлге қарай ағатын жаңбырлы маусымдардың су ағынын бақылауда ұстайтын күрделі жүйенің бір бөлігі болған. Соның барлығының ортасында гүлденген экономикалық орталық – Сабаның астанасы Мариб қаласы бар еді. Бұл патшалықтың атақ-даңқы Құран мен Інжілде аты Шеба патшайымы деп аталатын, әйгілі көшбасшы Билкистің атымен көбірек танылған. Марибтің ең дамыған шағында, б.д.д. 8-ғасырдан бастап осы бөгет Сабейдің астана әрі шөлдеген түйелер мен ашыққан саудагерлер үшін азығы мен суы мол аялдама ретінде гүлденуінің себепкері болды.

Кәдесый сататын жас саудагерлер туристер көп жиналатын Кавкабан алдындағы қиыршық тас үйілген кіреберісте келушілерді күтіп, ойнап жүр. 2016 жылдың ақпанында жасалған әуе шабуылында мыңжылдық рабат қирап, жеті адам опат болды.

Патшалық Арабияның оңтүстігінде гүлдей жайнады, Үндістаннан Жерорта теңізіне дейін созылған жұпар иісті сауда жолының қақ жүрегі саналатын осы жерде қарамай, мирра және басқа да хош иісті шайырлар саудаға түсетін. Саба да керуендік экономиканың аса маңызды нүктесі болды. Мұнда Шығыс пен Батыс арасында тасымалданатын піл сүйегі, інжу, жібек мата және құнды ағаш түрлері тәрізді бағалы заттарға салық салынатын.

Марибтің қазіргі байлығы – осы аттас провинцияның құм-топырағы астындағы мұнай-газ қоры. Бұл қаланы йемендік хусит көтерілісшілері мен хуситтер экспансиясына қарсы жергілікті күштерге қолдау көрсететін Сауд Арабиясы мен БАӘ басшылық ететін коалиция арасындағы соғыстың стратегиялық нысанасына айналдырды. Йеменде осы соғыстың тұтанғанына 8 жыл болды. Ежелгі астана 2020 жылдан бері басты майдан алаңы әрі Йеменнің халық­аралық мойындалған үкіметінің соңғы астаналық бекінісі болып келеді.

Хуситтердің басқыншылығы салдарынан үй-жайынан айырылған балалар Марибтің шетінде, шөлдегі босқындар лагерінде ағаш айналасында уақыт өткізіп жүр. Бір кездері дүркіреген ежелгі Саба патшалығының астанасы болған Мариб мүлгіген мұнайлы қаладан азамат соғысының алғы шебіне айналды.

Бөгеттің тоспа желісінің сақталған қабырғалары бойымен алып құрылысқа тамсана, мыңдаған жыл бұрын Арабияның оңтүстігіндегі гүлденген шаһардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге керекті кешенді логистикаға таңырқай серуендеп келемін. Артынша таяу маңдағы таулардан артиллериялық атыстың таныс дауысы аңғарды жаңғырта естілді.

«Естідіңіз бе?» Йемендік көмекшім әрі аудармашы Аммар Дервиш сыбырлай сұрады. Келесі жарылыс шамалы қаттырақ естілді және сұрақ қайталанбай тұрып жауап қаттым. «Иә, естідім».

Жергілікті тайпаластардың тойына қатысушылар шамамен 3000 жылдық Аууам храмының орнына келді. Ежелгі сабалықтар мұнда суландыру және жер игеру құдайы Алмақаһқа табынатын. Марибтегі храмдарға қауіп төніп тұр, өйткені хуситтер қаланы жаулап алуға тырысуда.

Йемендегі қазіргі соғыс оның тарихи қазыналары үстінде жүріп жатыр. Оның ежелгі патшалықтары – Саба, Катабан, Майн, Хадрамаут, Химьяр, Аусан – Араб түбегіндегі өркениеттің қайнаркөзі. Бұл тарих гидравликалық инженерия ерлігінен егжей-тегжейлі жазбаларға дейінгі көпес халық пен кешенді, отырықшы өркениет туралы баяндайды.

Соғыс 2014 жылы солтүстіктегі көтерілісші хуситтер бұрынғы президент Али Абдалла Салехтың жақтаушылары көмегімен ел астанасы Сананы басып алған кезде басталды. Оның ізбасары Абдраббух Мансур Хади үйқамаққа алынды. Хади Сауд Арабиясына бас сауғалап қашып, бұл Саудия корольдігінің АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің демеуіндегі өңірлік коалиция қолдауымен әуе шабуылдарын бастауына әкелді. Барлық тарап өздеріне тәуелді 30 млн тұрғынды ойлап жатқан жоқ, йемендіктер мен олардың тарихи мұрасына да қауіп төніп тұр.

СОЛ ЖАҚТА: Хувер бөгетінен екі есе ұзын Ұлы Мариб бөгеті б.д.д. алғашқы мыңжылдықта салынған және Йеменнің шығыстағы шөлінде мың жылдан астам тіршілік нәрін берген. Бүгінде тек биік әктастан салынған шлюздер қалған; Солтүстік шлюз 2015 жылы коалиция күштерінің әуе соққысынан бүлінген. ОҢ ЖАҚТА: Осы маңдағы Әл-Равдах босқындар лаге­рінде өмір сүріп жатқан жас жігіт қазіргі Мариб су қоймасының жағалауында тұр. Соңғы соғыс оты тұтанған 8 жыл ішінде коалиция күш­терінің әуе соққыларынан 19 000-нан астам йемендік жарақат алған не ажал құшқан. 4 млн-нан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Әуе соққыларынан музейлер жермен-жексен болған. Бірнеше буын ұрпақ өмір сүрген жүздеген көпғасырлық отбасылық үйлер, Исламға дейінгі храмдар бомбаның астында қалды, суфилік қасиетті жерлерді әскери содырлар қиратты. Осындай жағдайда аз, бірақ өз ісіне адал йемендік тарихшылардың, археологтер мен басқа да ел тарихына бейқам қарамайтын жандар ұлттық музейлерде, қоймаларда және әлі де топырақ астында бүркеніп жатқан Йемендегі көненің көзі саналатын ата-баба жәдігерлерін сақтап қалу бойынша астыртын миссияны орындауда. Олар өз жерлестерінің және қақтығыс салдарынан қоныс аударған миллиондаған адамдардың мүддесін есте ұстай отырып, бүгінгі ең өзекті мәселе – соғыс өртінен аман қалуды ойлаған йемендіктердің келешегі үшін күш жұмылдырған.

Автор: Иона Крейг, фото: Мойзес Саман

Мақаланың толық нұсқасын 2022 жылғы қыркүйектегі журналдан оқи аласыз