27Апр

Бәрі де ән үшін

Кубалықтардың сайрауық құстарға деген аса қатты қызығушылығы оларға қауіп төндіреді.

Авторы: Дина Файн Марон фото: Карин Айгнер

Куба

Кубада сайра­уық құстарды аулау­ға заң тыйым салғанымен, ол ұзақ дәстүрге ие. Сиенфуегос қа­­ласында бәріне сүйік­­ті құс Melopirrha nigra көшеде, үйде көрнекті жерге қойылады. Құс­ сайрату жарысында қоразда­рын қатар қою оларды өз өнерін көрсетуге итермелейді.

Жексенбінің таңында адамдар өздерінің ең жақсы сайрауық құстарын алып келе бастады. Олар Гаванадағы оңаша жерге жиналды. Қыркүйек айы – Кубадағы құстардың көші-қон маусымы, сайрауық құстардың көптеп келуінен заңсыз аулау мен сату өршитін кезең. Passerina ciris, Tiaris canorus (кардинал тұқымдас құстар), қызғылт гросбик тәрізді құстарға сұраныс зор. Жексенбі сайрауық құстар жарысымен танымал.

Мен 2021 жылы шілдеде Facebook-тегі ондаған кубалық сайрауық құстар тобына қосылған едім. Бірнеше күн бұрын солардың

бірінде жарыстың өтетін орны туралы пост жарияланған екен. Коронавирустық шектеу­лерге байланысты Кубаға бара алмадым, бірақ жергілікті бір танысым атын жария қылмау шартымен жасырын жарысқа менің орныма баруға келісті.

Кубаның 2011 жылғы «биологиялық әр­алуандылық» туралы заңы көптеген сайрауық құстарды ғылыми зерттеулерден бөлек, кез келген аулауға тыйым салады. Ең ұзақ, ең әуезді әуендерге салатын құстарға бәс тігу жарыстарын ұйымдастыру да заңсыз. Дегенмен, адамдар байқаулардан түсірген суреттерін ашық жариялайды, ал кейбір сайрауық құстарды сатуға ұсынатын Facebook жазбаларында олардың жабайы табиғаттан ауланғаны нақты айтылады.

Пандемияның ушығуы интернеттегі заңсыз сауданың бұрынғыдан да көбеюіне әкеліп соқты, – дейді Гаванадағы Ұлттық табиғи тарих музейінің орнитологы және құстар жөніндегі кураторы Хочитл Айон Гуэмес.

Куба

Флорида балық және жабайы табиғатты қорғау комиссиясы қызметкерлері торлар мен тұзақтарды алып жүр. Жақын жердегі қоймалар тәркіленген заттарға толы, бұл Майамиде заңсыз құс аулау ауқымын көрсетеді.

Көптеген кубалық құстарды торда ұстауды дәстүр деп санайды, «бұл заң бұзушылық болса да, қоғамда қалыпты жағдай» дейді ғылым, технология және қоршаған орта министрлігінің орнитологы Мишель Каньисарес.

«Бұл хобби испандық жаулап алушылар заманынан бастау алған және қазірге дейін кеңінен таралып келеді, – дейді кубалық зоология қоғамының бұрынғы президенті, қазір табиғатты, ғылымды және мәдениетті насихаттайтын коммерциялық емес Фундасион Аригуанабо ұйымының президенті, биолог Хиралдо Алайон Гарсия. – Көптеген кубалық түрлі-түсті құстарды сайрағаны мен сұлулығынан ләззат алу үшін үйлерінде ұстағысы келеді, бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді».

Кейбір кубалықтар үшін сайрауық құстар бизнестің көзі. Жақында болған азық-түлік тапшылығы, АҚШ саясатының экономикалық қыспақтары қолма-қол ақшаға деген қажеттілікті арттыра түсті, ал жабайы құстарды заңсыз аулау оларды үйде өсіруден гөрі арзан әрі оңай.

Куба

Сиенфуегос саяба­ғында ер адамдар екі құстың сайрағанына қарап отыр. Кейбір құс байқауы мақтаныш не достармен қарым-қаты­нас үшін өткізіледі; ал басқа байқаулар пайда табуды – заңсыз бәс тігуді көздейді.

Флорида университетінің Куба және Кариб тарихы профессоры Лилиан Гуерра: «[сайрауық құстар саудасынан] табуға болатын ақша мөлшері өте шектеулі», – дейді.

Facebook-те кейбір құстарға 20 доллардан аспайтын баға жариялайды. Жарыстарға арналған бәстігулер әртүрлі, кейде мың долларға дейін болады.

Алайда жабайы сайрауық құстарды аулау биоалуандыққа орасан зиян тигізуде. «Бүгінде, – дейді 75 жастағы Алайон, – кейбір жерлерде Tiaris canorus құсын табу мүмкін емес, ал менің бала кезімде олар жиі кездесетін». Алайонның айтуынша, әкесі бұған дейін Tiaris canorus құстарын үйде ұстаған, бірақ соңында әкесін құстарды босатуға көндірген екен. «Қазіргі Tiaris canorus құсына төніп тұрған басты қауіп – оларды заңсыз ұстау мен аулау екеніне еш күмәнім жоқ», – дейді ол.

Passerina ciris құсына да қауіп төніп тұр. Бұл құстар АҚШ-тың оңтүстік-шығысы мен Кариб сулары арасында көшіп-қонып жүреді. Солт.Америка құстарының маусым­дық санағы Кубада, басқа жерлерде бұл құстардың тіршілік ортасының тарылуы мен заңсыз сауданың кесірінен саны соңғы онжылдықтарда күрт азайғанын көрсетті.

“Қанша құстың ауланғаны туралы ақпарат өте аз”, – дейді Джорджия университе­тінің профессоры, Passerina ciris құсының маманы Кларк Рашиң. 2004 жылғы есепке сәйкес, үш аңшы бір демалыс күні Кубаның бір провинциясында шамамен 700 Passerina ciris құсын ұстаған. Мұндай олжа туралы әңгімелер көп, бірақ бұл бір жолғы ма, жоқ ұдайы солай ма, анықтау қиын дейді ол.

Куба

Коронавирустық пан­­демияға дейін адам­дар Гавана сияқты жерлерге құстарды сатып алуға, сатуға немесе құстарды көруге келетін. Онда көрер­мендер сайрай­тын құстың өз үйретушісінің тілінен дән алатын көріністі көруге жиналатын.

Passerina ciris-тің қоныс аударуын бақылау үшін 5 жыл бұрын Рашиң мен оның командасы құстарды Флорида мен басқа Штаттардағы көбейетін орындарында тор құрып ұстады. Команда құстардың аяқтарына ID сақина салып, оларға кішкене геолокаторлар байлап жіберді. Зерттеушілер Кубаға қыстау үшін алыстан келген кардинал тұқымдастарының солтүстікке оралу мүмкіндігі жақын маңнан келетін басқа құстарға қарағанда 20%-ға аз. Олардың азаюын ашық судың үстімен ұзақ сапар жасауы түсіндіруі мүмкін, — дейді Рашинг, – бірақ заңсыз аулау да басты себебі болуы әбден ықтимал.

Фотограф Карин Айгнер Кубада болған кезде құс аулаушылар оған ұсталған құстан алынған геолокаторды сатуға келіскенін айтады. “Біз бұл құсқа белгінің Оңт. Каролинада салынғанын растай алдық”, – дейді Рашинг. Құс аулау­шылар Айгнерге бұл олар ұстаған, белгісі бар жалғыз кардинал тұқымдас еместігін айтты.

Жасөспірімдер заңсыз аулаумен көп айналысады, – дейді Корнелл орнитология зертханасының зейнеттегі аға ғылыми қызметкері Эдуардо Иньиго-Элиас. – Кім көп құс ұстап, ақша таба алады деп жарысады.

Бірақ адамдар сайрауық құсты жарысқа қатысуға үйреткенде оларды күйзеліске де душар етуі мүмкін. Жасырақ аңшылар “қатігездеу” келеді, – дейді Айон Гуэмес. Кейбірі өз құсын күштірек сайрату үшін стероид береді. Аумақ сақтайтын құстарды қарсыласын көрмей, сайрауын жалғастыра беруі үшін көздерін ыстық қасықпен күйдіріп тастайды.

Аулаушы өзінің Melopirrha nigra құсын Тринидад қаласының сыртындағы тау көрі­нісінде ұстап тұр. Ол өзінің құсы басқа құстарды шақырады әрі бұл жер құс аулау­­ға оңтайлы жер деп үміттенеді.

Кубада құс саудасын тоқтатуды талап ететін қоғамдық қысым күшейе түсуде. 2020 жылдың тамызында президент Мигель Диас-Канель Бермудес испан және ағылшын тілінде твиттерде пост жариялады: “Біз флора мен фаунаға қарсы заңсыз әрекеттермен күресуіміз керек. Жабайы құстардың контрабандасына жол жоқ!”

Сайрауық құс аулау АҚШ-та, кубалықтар шоғырланған Америка Майамиінде таралған. Флоридадағы мыңдаған сайрауық құс, соның ішінде Кубадан қоныс аударатын құстар жыл сайын ормандар мен аулаларда ұсталады. Флорида құқық қорғау органдары мәліметінше, аулау­шылардың көбі Кубадан шыққандар.

Сондай-ақ, құстар Кубадан контрабандалық жолмен әкелінеді.

Адамдар табиғатқа жақын болғысы келеді, – дейді Алайон, ал сайрауық құстарды аулау кубалық мәдениетке терең енген. “Кубадағы ең қиын нәрсе – адамдар түсінігін өзгерту”, – дейді ол.