13Мам

Сүйкімді. Сұсты. Өткір

Ителгіні көргенде ойға келетін алғашқы үш сөз осы. Сұңқар тектестер тобына жататындықтан, жұрт оны көбіне сұңқар деп атай береді. Бір кездері Қазақстанның аумағында тура мағынасында көп болған, табиғатта маңызды қызмет атқарған осы бір сүйкімді жыртқыш құс бүгінде мүлдем жоғалудың аз-ақ алдында тұр.

Ителгі (sakar falcon) –  латынша атауы Falco cherrug. Қазақтар да арабтар секілді ежелден осы құсты қолға үйретіп, саятшылыққа пайдаланған. Тұрқы шағын, өте ұшқыр болғандықтан, негізінен үйрек-қазға салған. Бірақ бүгінде сұңқар баптайтын құсбегілер Қазақстанда көп емес, саусақпен санарлық қана. (Жалпы құсбегілік өнердің өзі Кеңес заманында үзілуге шақ қалып, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде ғана қайта жанданды). Осы материалды жазу барысында да сұңқар ұстайтын құсбегі табу қиынға соқты. Сұрастырып жүріп астана маңында сұңқар ұстайтын жалғыз құсбегі – Ерлан Жүсіпбекұлы деген азамат бар екенін білдік.

Біз барғанда Ерлан үйінің ауласында жүр екен. Амандасып, танысып, келген шаруамызды айтып жатырмыз. Негізі, нендей мақсатпен келетінімізді екі апта бұрын айтқанбыз. Бірақ «құсым түлекте отыр, тиісуге болмайды» деп бас тартқан. Сонда да қайта-қайта хабарласып түсіндіріп жүріп, көндірген едік. Бірақ қазір де түрінен онша құлықсыз екенін байқап, фотофграф Ерболат Шадрахов екеуіміз екі жақтап әңгімеге тартып жатырмыз. National Georaphic Qazaqstan журналынан екенімізге, жаман ойымыз жоғына көзі жеткен соң ғана текке мазалайтындар көп екенін айта жүріп, бізді құсы тұрған жаққа қарай бастады. Осы кезде шаңқ еткен өзгеше бір дауыс естіліп қалды. «Бүркіт қой, ана-оу-у сарайда тұр», – деді біздің сұраулы жүзімізді көріп. «А, солай ма?» дескен біздер негізгі шаруамыз сұңқар болғандықтан, бүркіт тұр деген жаққа бір қарап қойып, төбесі жабық шағын күркеге қарай өттік.

 

«Ұшқыр» атты ителгіміз осы, жасы 2-де. Қазір түлек кезі болғандықтан, иесі күрке ішіне бос қойған. Түлек – қыран құстардың қысқы мамығын, қауырсынын түсіріп, жаңартатын кезі. Бұл кезеңде қолдағы құстар кірпияз келеді.

Сонымен, осы материалдың бүгінгі басты кейіпкері – «Ұшқыр» атты ителгіміз күркенің ішіндегі тұғырда ешқандай балақбаусыз, бос отыр екен. Есікті ашқанда бізге жалт бұрылып қарағанда дөп-дөңгелек көздері жарқ ете қалды. Өткір көздері қап-қара.

«Қазір құстардың түлейтін уақыты. Түлек күзге дейін созылады. Сондықтан осы кезеңде оны бос қойып, мазасын алмауға тырысамыз, – деді Ерлан. – Егер мазасы болмай, шошынып қалса, түлемей қоюы да мүмкін». Бұл сөзді естіген фотограф кідіріп қалды.

– Жарық қосып, сыртылдатып суретке түсіргеніміз оған жайсыз тимей ме?

– Алаңдамаңыз, ондай дыбыстарға үйреніп қалды, қанша дегенмен сыртта тұр ғой, – деді Ерлан. Осыдан кейін фотограф күркеге кіріп, «Ұшқырды» суретке түсіруге кірісті. Ал біз есікті жауып, сыртта әңгімелесіп тұрмыз.

 

Ерлан Жүсіпбекұлы – құсбегі, суреттегі «Ұшқыр» атты ителгінің иесі. Құсбегілікпен айналысқанына он шақты жыл болған (жоғарыдағы фотосуреттер Ерболат Шадраховтан)

 

Фото: Дмитрий Ругис


Оның құсбегілікпен айналыса бастағанына он шақты жылдың жүзі болыпты. Бүркіт те, сұңқар да ұстайды. Бірақ біз ойлағандай емес, әулетінде оған дейін ешкім қолда қыран құс ұстап көрмеген екен. «Алғашында досымнан ақыл-кеңес алдым, қалғанын интернеттен оқып, үйрендім», деп күледі.

Көңілі жадырағанын пайдаланып, сұрақтарымды қойып жатырмын. Сұңқар тектес құстардың, әсіресе осы ителгілердің кейінгі кездері елімізде күрт азайып кеткенінен ол да хабардар. «Әрине, азаятындай болды. Қайбір жылдары браконьерлер араб елдеріне сату үшін қаншама құсты ұстап, шетел асырды. Әуежайда, шекарада ұсталып қалғандары бер жағы ғана, іс жүзінде одан көп болғаны анық. Ең сорақысы, ақшаға құныққан олар ителгінің жас-кәрісіне қарамай ұстады, ұядан алды. Ал ұядан бір шошынған құс екінші қайыра ол жерге келмейді», – дейді Ерлан.

 

 5 мыңнан 1 мыңға дейін азайды

Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы Қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренконың айтуынша, 90-шы жылдардың басында республика аумағындағы ителгілердің саны шамамен 5 мыңнан артық жұпты құраған. Алайда бертінге қарай олардың саны күрт азая бастады. Мұны мамандар жыртқыш құстарды жаппай заңсыз аулау фактілерінің көбейіп, оларды Араб мемлекеттеріне сатумен байланыстырады. Себебі Парсы шығанағында сұңқармен аң аулауға қызығушылық өте зор.

«2000 жылдардың басында Батыс Қазақстанда ителгілердің соңғы шоғыры үзілді. Содан бері елде құстың бұл түрі тұрақты түрде азайып келеді. Қазір сарапшылардың бағалауынша, олардың саны шамамен 1000 жұпты құрайды. Яғни, 90-жылдармен салыстырғанда саны бірнеше есеге төмендеген, – дейді Сергей Скляренко. – Осыдан кейін оны сиреп бара жатқан құс ретінде Қазақстанның қызыл кітабына енгізуге тура келді».

Бүгінде ителгіні аулауға заңмен тиым салынып, Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тарту қарастырылған.

Сергей Скляренко

 

Қара нарықта ителгілердің бағасы түр-түсіне, көлеміне, сондай-ақ мезгілдеріне байланысты әрқалай болып келеді. Заң қатайтылғанына қарамастан, Қазақстанда осы сирек құсты заңсыз аулауға қатысты жыл сайын бірнеше браконьерлік оқиға тіркеледі. Пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда қазір олардың бағасы біршама төмендеді. Осыдан 3-5 жыл бұрын Біріккен араб әмірліктерінде ителгінің орташа құны мың долларды құрайтын.

Біз телефон арқылы хабарласып, сөйлескен Борис Щербаков – орнитолог-ғалым, Шығыс Қазақстан облысына ғана емес, тұтас Қазақстан мен бұрынғы кеңестік республикалардың орнитологтарына есімі таныс. Заңсыз құс саудасы бір кездері асқынғанын ол да растайды. «Экспедицияларға жиі шығатынмын. Бірде маған Әзербайжаннан келген азаматтар ителгінің балапанын ұстап әкелсеңіз, 2 мың долларды қалтаңызға салып береміз деп ұсыныс тастады. Сол сәтте бірден қынжылыс білдіріп, мұндай көлеңкелі іспен айналыспайтынымды түсіндірдім. Көрдіңіз бе, мұндай мысал көп», дейді ғалым.

 

 

Сирек құстарға есеп жүргізілмейді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне Қазақстандағы ителгінің ресми статистикасы мен заңсыз аулау деректеріне байланысты сұрау салған едік. Бірақ тұшымды жауап алдық деп айту қиын. Құзырлы органның берген жауабы келесідей:

«Қазақстанда сұңқар мен басқа да жабайы құстардың санына есеп жүргізілмейді. Құстар есебі жүргізілмегендіктен, олардың азайғаны немесе көбеюі туралы ақпарат жоқ. Айта кетерлігі, кейінгі жылдары қоғамдық ұйымдар тарапынан сұңқар тұқымдас құс түрлерінің азаюына қатысты мәліметтер жолданып жатыр. Осыған орай биыл сұңқар тұқымдас құстар санын білу мақсатында қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда.

Ителгіні заңсыз аулауға келсек, Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл салудан бастап, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әрине кейінгі жылдары ителгі құстарына қатысты браконьерлік деректер анықталып тұрады. Мысалы, соңғы рет әуежайлардан ұсталу деректері анықталды.

Әлбетте, ителгі немесе басқа да құстар заңды жолмен әкелінсе немесе сатып алынған жағдайда, онда толыққанды құс өсірумен айналысуға рұқсат беріледі», делінген ведомствоның жауабында.

 

Заң мен дәстүр

Ел аумағында ителгілерді заңды түрде өсірумен Алматыдағы «Сұңқар» тәлімбағы ғана айналысады. Орта есеппен онда жылына ителгінің 170-тей балапаны шығарылады. Ал жалпы тәлімбақ құрылғалы бері табиғатқа 600-ден артық құс жіберіліпті. Десек те арнайы тәлімбақта өсіріліп, бапталған ителгі сынды сирек құстарды ел аумағынан шығару үшін тиісті рұқсат қажет. Өйткені ителгі CITES-тің (Жойылу қаупі бар жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда жөніндегі Конвенция) қорғауындағы тіршілік иесі саналады. Мұндай құжатты тек Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ғана беруге құқығы бар.

С.Скляренко қазір ұлттық аң аулау спортында қолданылып жүрген құстардың басым бөлігі табиғаттан аулап алынғанын айтады. «Әрине бұл заңсыз аулауға жатады. CITES-пен жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жыл толды, – деген ол осы уақыт аралығында бірде-бір адамның құсты табиғаттан аулауға рұқсат сұрап келгенін кездестірмеген. – Демек қазір жарысқа қатысып жүрген құстардың көпшілігі заңсыз ауланып, бапталған деуге болады».

Алайда құсбегілерді де түсіну керек. Өйткені құстарды заңды түрде алатындай жағдай қарастырылмаған. Демек ұлттық аң аулау спортын қолдау үшін құстардың заңды түрде берілетіндей көзі белгіленуге тиіс. Бірақ сонымен қоса қоршаған ортаны қорғауға байланысты заң нормалары да сақталуы қажет. Оның бір жолы – тәлімбақтарда құстардың санын көбейту.

«Иә, біздер тәлімбақтан құс алар едік. Бірақ онда сұңқарлардың бағасы қарапайым құсбегілер үшін қолжетімсіз, яғни тым қымбат», дейді Ерлан Жүсіпбекұлы.

С.Скляренконың ителгі сияқты сұңқар тектес құстарды қалпына келтіру мәселесіне байланысты екі ұсынысы бар. Біріншісі – құстарды өсіру ісіне құсбегілер федерациясы да мүдделі болып, қаражат бөлуі керек. Екіншісі –  құстардың (сұңқар тұқымдас) қалыпты өсімі жағдайында олардың белгілі бір бөлігін федерациялардың табиғаттан аулап ұстауына рұқсат беру мәселесін де қарастыру.

Қазір Қазақстанда ителгінің Үстірт, Қаратау және солтүстік-шығыс (Тарбағатай, Оңтүстік Алтай) шағын популяциялары ғана қалып отыр. Шөлейтті аймақтарда бұл сирек құсты кездестіру мүмкін емес дейді мамандар. Тұтастай алғанда, аталған жыртқыш құсты көбейтуге байланысты Араб елдерінен біраз түрі әкелінгенімен, олардың басым көпшілігі жерсіне алмай, ұшып кеткен болуы мүмкін. Тіпті өліп қалуы да кәдік. Қалай болғанда да, олардың әрі қарайғы тіршілігін бақылау деректері жоқтың қасында. Ешкім нақты еш нәрсе айта алмайды. Сондықтан, ителгінің санын қалпына келтіру үшін жоғарыда аталғандай тәлімбақтардың жұмысын реттеп, репродукцияны жолға қою өзекті болып отыр. Бұл қадам жоғалып бара жатқан сирек құстың тағдырына араша түсерліктей әрекет болары анық. Бұған қоса оларды қорғау шараларын күшейту де артық болмас еді.

 

Жаппай санақ жүргізу қажет

Борис Щербаков

Өскемен қаласында тұратын, жасы 82-ден асқан орнитолог-ғалым, натуралист-жазушы. «Птицы за окном», «Птицы Восточного Казахстана», «Купите себе попугая» кітаптарының авторы Борис Щербаков өткен ғасырдың 60-90 жылдары тұтастай өңірдегі ауылды жерлерде ителгінің ұясы кездесетінін, бүгінде оның бірі де қалмағанын айтады. Ол 1961 жылы Өскемен педагогикалық институтының зоология кафедрасына лаборант болып жұмысқа тұрған кезінен күні бүгінге дейін еліміздегі, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы аң-құстарды түгендеумен айналысып келе жатқан табиғат жанашыры.

Ол Семейдің қарағайлы орманы мен Шыңғыстаудың маңайын есепке алмағанда, Зайсан қазаншұңқыры, Ертіс өңірі, Батыс және Оңтүстік Алтай ителгінің тұрақты қоныстанып жүрген аймағы болғанын айтады. Зайсан қазаншұңқыры мен Шілікті аңғарының арасында Маңырақ жотасы орналасқан. 60-жылдары осы өңірдегі әр ауылда ителгінің ұясы кездесетін. «Қазір мүлдем жоқ. Зайсан қазаншұңқырын да аралап шықтым, бірақ бірде-бір жыртқыш құсты байқамадым. Ертіс өзенінің маңында да дәл осындай жағдай. 70-жылдары бұл өзеннің бойымен жүріп, бір қапты толтыратындай ителгі балапандарын кезіктіруге болатын. Бүгінде бір ұяны табудың өзі керемет олжа, – дейді Б.Щербаков. – Бұл бүркіт пен лашынға да қатысты».

Шығыс Қазақстан дегенде, көпшіліктің ойына тұмса табиғатымен ерекше, алуан түрлі аң-құстарға толы мекен келетін. «Ғалым ретінде айтайын, қазір өңірдің жануарлар әлемі жансызданып қалды. Жидебай жаққа сапарлап қайтсаңыз, бірде-бір бозторғай көрмейсіз, – дейді Б.Щербаков қынжылысын жасыра алмай. – Қазақ даласы осы бозторғайлардың мекендейтін байырғы қонысы емес пе еді?! Ителгі мен лашын сынды сирек құстарды айтпаған күннің өзінде жағдай осындай болып тұр».

Жыртқыш құстардың санын көбейту үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет. Үй жағдайында қыран құстарды асырауға тыйым салу керек. Аң аулауды доғартып, бұл бағыттағы жүйені тәртіпке келтірген жөн. Бұл ретте  Қазақстан бойынша омыртқалылар фаунасын түгендеп, санақ жүргізген артық болмайды», деді Б.Щербаков.

 

 

Бағзыдан жеткен өнер

Қыран құстармен аң аулау дәстүрі Орталық Азия халықтарында, оның ішінде қазақтарға да тән. Бабалардан қалған, Кеңестер Одағы кезінде ұмытыла жаздаған осы дәстүрді жоғалтып алмай, әрі қарай дамыту үшін құс баптап, саятшылық құратын құсбегілер бүгінде қоғамдық бірлестіктерге бас біріктірген. Соның бірі – Тәттімбет Кәпұлы басқаратын «Шығыс-Алтай» бүркітшілер федерациясы. Құсбегілікпен жастайынан айналысатын ол елде  көбіне бүркітпен аң аулауға басымдық беріліп келгенін,  қаршыға, лашын және ителгімен саятшылық құру енді ғана дами бастағанын айтады.

 

Тәттімбет Кәпұлы (фото: Ернұр Манапхан)

«Құсбегілік – бұл ата-бабаларымыздан мирас болып қалған ұлттық дәстүріміз. Оны жалғастырып келе жатқан жастарымыз енді-енді көбейіп келеді. Елімізде құсбегілердің саны 100-ге жетер-жетпес. Көршілес Қырғызстанда олардың саны 400-ге таяу болса, Моңғолияда 500-ге жуықтайды», дейді Тәттімбет.

Қолыңызда бүркіт, ителгі не сұңқар тұқымдас құс болса, оның міндетті түрде құжаты болуы керек.  Өйткені бұлар қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан түрлерге жатады. Сондықтан чип салдырып, құжат рәсімделуге тиіс. Сонымен бірге арнайы санитарлық дәптер де болады, онда құстарға түрлі ауруларға қарсы вакцинаның егілгені жөнінде мәліметтер қамтылады.

Бүркіт пен ителгінің басты айырмашылығы – бүркіт қояннан бастап, түлкі, қасқыр сияқты азулы жыртқыштарға дейін түсе беретін болса, ителгі қоян, қаз-үйрек тәрізді құстарды алады және көбінесе теуіп түсіреді.

Ерлан Жүсіпбекұлы да бүгінгі таңда Қазақстандағы құсбегілік өнер жүзге жетер-жетпес азғантай адамның жанкешті қызығушылығының арқасында ғана сақталып отырғанын айтады. Олардың басым көпшілігі бүркіт баптайды. Сұңқар ұстайтындары өте сирек. Бүркітшілердің өзі 100 қаралы ғана болса, сұңқар ұстайтындардың қатары 20-ға жетер-жетпес.

Біріншіден, құсбегілерге мемлекеттік деңгейде ешқандай қолдау жоқ. Екіншіден, жарысқа қатысудың да түйткілдері көп, соның ең бастысы  – құсты пойызбен, ұшақпен алып жүру мәселесінің заң жүзінде дұрыс реттелмегені. Қазақстан заңнамасында құсты жолаушылар вагонында алып жүруге болмайды. Арнайы тормен жүк вагонына өткізу керек. «Оу, қыста жүк вагоны деген тастай суық болады. Құсымыз ол жерде не суық тигізеді, не қапаста өліп қалады ғой», – дейді ол наразылығын жасыра алмай. Үшіншіден, қыран құс ұстаудың шығыны да оңай емес. Түрлі ауру-сырқауға қарсы егетін екпелерін айтпағанда, жыл бойы жейтін азығының өзі әжептәуір шығын. Мысалы, бүркіт күн сайын 300 г ет жейтін болса, бір жылда бір ірі қараның жарты еті шығады деген сөз. Сондықтан Ерлан жазда қоян мен суырды көбірек аулап, тоңазытқышқа салып қоятынын айтады.

Жалпы, ұлттық федерациялар арқылы жыл сайын түрлі жарыстар болып тұрады. Ерлан Жүсіпбекұлы да ара-тұра сол жарыстарға қатысады. Мысалы, мына «Ұшқырға» дейін ұстаған ителгісі бірнеше жарыста жүлделі болған. «Ұшқыр» қазір 2 жаста. Кейін жасы 6-ға толған соң бостандыққа жібердім. Өйткені есейіп, жыныстық жағынан өсіп жетілген соң, далаға алаңдап тұрады. Жұптасып, ұрпақ өрбітуі керек. Табиғаттың бұл заңына қарсы шығуға болмайды, – деген ол браконьерлік тыйылса, төтенше бір табиғи індет келмесе, ителгілердің қайта көбейетініне сенімді. – Өйткені, бұл құс өсімтал келеді».

Жақсылық СҮЛЕЙМЕН, журналист

Ителгі туралы қызықты мәлімет

Ителгінің салмағы 650-700 гр – 1,3 кг аралығында болады. Ол жемін жер бауырлай ұшып та, көктен құлдилап та аулай береді. Бірақ көбіне соңынан қуып жетіп, кенет шүйлігіп тебу арқылы ұстайды. Ұшу жылдамдығы 150 км/сағаттан 240 км/сағатқа дейін жетуі мүмкін. Дереккөз: http://www.carolinaraptorcenter.org/learn/resident-birds/bird-directory/falcons/saker-falcon/