14Мам

Қазақстанда жыл құстарының қанша түрі мекендейді?

14 мамыр  – халықаралық жыл құстары күні.  Бұл табиғат жанашырларының көңілін аулау үшін ғана күнтізбеге енгізе салған дата емес. Ден қойып қарамаған адамға жер бетінде жыл құстарындай уайымсыз тіршілік иесі жоқ болып көрінуі мүмкін. Ұшары мен қонарын күннің райы біледі, қай жердің климаты жайлы болса, жыл құстары сонда жүреді дегендей. Алайда ғаламшар эволюциясындағы антропогендік фактордың үлесі шарықтау шегіне жетіп, құс жолының бойында  гибридті соғыс нүктелерінің көбейіп кетуі жыл құстарының да ұшып-қонуын қиындатып отыр. Аспаннан тыныштық кетсе, тіршілік біткеннің берекесі қашатынын Украинадағы соғыс айқын көрсетіп берді. Қақтығыс басталғанына 4 күн болғанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайты Қара теңіз өңірінен Қазақстан аумағына бағытталған транзиттік әуе рейстерінің саны бір тәулікте 257-ге жеткенін жазды. Ұшақтың үйреншікті жолы жабылса, аэронавигациялық жетек бар. Технологияның арқасында апатқа ұрындырмай діттеген жеріне аман қондырады. Ал ғасырлар бойы бір ғана жолмен қатынап үйренген құстардың инстинкті технологиямен шендесе алмайтыны анық. Таяу Шығыстағы тоқтаусыз соғыстар құстардың популяциясына зор шығын келтіріп жатқанын айтып, дабыл қағып жүрген ғалымдардың уайымы бекер  емес деген сөз.

Жыл құстары да азайып барады

Алты құрлықтың арасын кезіп жүріп ұрпақ өрбітетін жыл құстарының басындағы бүгінгі күрделі жағдайды көшпелі өркениеттің мұрагері болған қазақ халқы жақсы түсінсе керек еді. Осы бізде «қанатты көшпенділердің» ресми есебі жүргізіле ме? Зайсан-Ертіс бассейні мен Алтай-Тарбағатай тау жүйесін мекен еткен құстардың жоқшысына айналған 83 жастағы орнитолог Борис Щербаков ешбір ресми статистикасыз-ақ жыл құстарының қатары жыл сайын сиреп бара жатқанын көзімен көріп, жан жүрегімен сезіп жүргенін айтады.

«Менің шамалауымша, өзім өмір бойы зерттеп келе жатқан Шығыс Қазақстан облысының аумағында жыл құсының 350-ге жуық түрі бар. Соның 150 түрінің қатары тым сиреп кетті деуге болады. Бұрын көктем сайын көлдерді қойып тоқтау су мен көлшіктердің бәрі жыл құстарының айлағына айналатын. Қазір қарапайым тырнаның өзін сирек көретін болдық. Адамнан ынсап кетті дегеннен гөрі, қоғамнан тәртіп кетті деген дұрыс шығар. Совет заманындағы заңның қаталдығы ғана табиғатты бізден арашалап тұрған екен. Электр сымдарының өзінен ғана бүркіт сияқты сирек кездесетін құстар ондап қырылып жатыр. Құсбегілік дами бастағаннан бері жабайы бүркіт көру мұңға айналып барады. Көк патшасын қоя тұрайық, кәдімгі құтан, жабайы үйрек, шымшық, тоқылдақ, жапалақ, қара торғай көзге тым сирек ұшырайтын болды. Қазір аққу  мен бірқазан ғана көзіме жұбаныш болып жүр.  Суқұзғынның көбейгенін балық жанашырлары жиі айтады. Басқа құстардың көбейгенін кейінгі 30-35 жылдың ішінде байқай алмадым», – дейді құстанушы.

Борис Щербаков айтып отырған Шығыс Қазақстанда кейінгі жылдары елді мекендерге аю мен сілеусіннің келгіштеп кеткенін жергілікті жаңалық сайттары жиі жазып жүр. Орнитолог бұл да құстардың азайып кеткенінен хабар беретінін айтты. Өйткені, әсіресе, сілеусін жабайы құстармен де қоректенеді. Яғни, жабайы табиғатта азық базасы азайған соң жыртқыштар қорадағы тауыққа түсетін әдет тапқан.

«Бір сағаттың ішінде  150 мың қарғаны санап үлгердік»

Дегенмен, Қазақстанда жыл құстарының ресми есебі жүргізіледі екен. Оны ғалымдар ҚР Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттары аясында іске асырып келеді.

Сондай гранттың бірі – «Қазақстанның оңтүстік-шығысында көшіп-қонушы құстар мен олар тарататын вирус инфекцияларының мониторингі» дейтін жоба. ҚР Зоология институты Құстарды сақиналау орталығының директоры,  биология ғылымдарының кандидаты Андрей Гаврилов  жыл құстарының есебін жүргізу негізінен қорықтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мамандарына жүктелгенін түсіндірді.  Сондай-ақ, аңшылық шаруашылықтар жыл сайын есеп жүргізіп, сирек және құрып бара жатқан құстардың популяциясын бақылап отыратын көрінеді. Солардың қатарында жыл құстары да зерттеу нысанына айналып отыр. Қарапайым тілмен айтсақ, ғалымдар қатары сиреп бара жатқан құстардың балағына сақина салып, бақылаумен айналысады,  сол арқылы жыл құстарының популяциясын да зерттейді.

«Спутник технологиялары құстардың есебін жүргізуді біршама жеңілдетті. Десек те, негізгі әдістеме өткен ғасырдың 70 жылдарындағы тәртіпке негізделген. Яғни, үлкен аумақтарды бірнеше көршілес елдің мамандары бірлесіп бақылайды. «Орталық Азия және Батыс Сібір аумағындағы құстардың көші-қоны» деген сияқты ірі жобалардың маңызы осында. Интернет пен радиожиілік бүкіл жерде ұстамайтындықтан, дүрбі немесе телескоп салып қарау, құстың балағына сақина тағып, «ен салу» сияқты уақыттың сынынан өткен тәсілдер әлі қолданылады», – дейді құстанушы.

Оның айтуынша, Қазақстанда құстың 500-ден астам түрі бар. Оларды құстанушылар  20  отрядқа топтастырып зерттейді. Осы 500-дің ішінде 60-тай түрі маусымдық көші-қонға қатысады. Ал 250-ден астам түрі кәдімгі жыл құстарына жатады. Бірақ олардың нақты есебін шамалап жүргізудің өзі қиын көрінеді.

«Мысалы Шақпақ асуында бір сағат бойы есеп жүргізіп көрдік. Бір ғана ұзақ қарғаның 150 мыңнан астам өкілі ұшып өтті. Ал қарға тұқымдастарының түрі бізде көп-ақ. Яғни, құс санағы оңай-оспақ шаруа емес», – дейді маман.

Айтуынша, кейінгі жылдары испан торғайы (Passer hispaniolensis)  дейтін бейкүнә құстың түрі күрт азайып кеткен. Өйткені дәстүрлі егіс дақылдарының орнын әлдеқайда тиімді делініп жүрген дақылдар басып, алқаптарға пестицидтер көбірек себілетін болған.

«Тоқсаныншы жылдары ауылға үйірсек қарлығаштар (Hirundo rustica) азайып кеткен болатын. Қазір саны қалпына келе бастады. Қазақстан аумағында құстар популяциясына антропогендік фактордың кері әсері 1960-70 жылдардан бастап қатты сезілді. Ол кезеңде құс біткен егістің жауы болып есептелетін. Қазір қалалардың кеңірек етек жаюы, электр желілерінің көбеюі, биік ғимараттардың қаптауы құстардың табиғи тіршілік аясын тарылтып жатыр. Тіршілік аясы тарылған соң саны азая түсетіні заңдылық», – дейді Андрей Гаврилов.

«Біздің құстар» әлемнің 63 еліне ортақ

Қазақстан  «Биологиялық алуандықты сақтау Конвенциясы», «Сулы-батпақты алқаптар туралы Рамсар конвенциясы», «Көшіп-қонып мекен ететін жануарларды сақтау Конвенциясы», «Жыртқыш құстарды сақтау келісімі, «Сүйріктұмсықты  шалшықшы жөніндегі өзара түсіністік меморандумы» сияқты түрлі халықаралық құжаттарды ратификациялаған.

«Қазақстанның аумағы арқылы құстардың небір көші өтеді. Жылына екі рет миллиондаған құс еліміздің алып аумағын мекен етеді. Кейбірі ұя салып, балапан өрбітсе, кейбірі айлақ ретінде ғана пайдаланады. Ресейдің Шығыс Еуропаға жататын бөлігінен,  Батыс Сібірден, Қазақстаннан жылы мекен іздеп ұшатын құстардың бір бөлігі Оңтүстік-шығыс Азияға, Шығыс Азияға, тіпті Африкаға дейін ұшады.   Кейінгі жылдары көрші елдердегі жыл құстарының көші-қоны туралы деректер бізге жетпей қалып жүр. Бұл құстар популяциясы үшін ғана емес, әуе рейстерінің қауіпсіздігі мен құс қанатымен тарайтын вирустардың, паразиттердің таралу ауқымы туралы мәліметтерді өзектендіріп отыру үшін де маңызды», – дейді Андрей Гаврилов.

Ғалымның сөзіне қарағанда, кейбір құстардың кемуі де, көбеюі де оңай. Сондықтан, жыл құстары азайып барады деп дабыл қақпай тұрып, олардың табиғи өсім қабілетіне мән беру керек.

«Антропогендік фактор туралы айта отырып, кейбір түрлердің табиғи тұрғыда саны қатты құбылмалы екенін ұмытпау керек. Мысалы, торғай тұқымдастарының саны табиғи фактордың әсерінен-ақ 45 пайыз азайып, көбейе береді», – деді құстанушы.

Андрей Гавриловтың мәліметі бойынша, Қазақстанның табиғат жанашырлары көктем сайын қуана қарсы, алып, күз сайын қимай-қимай көзбен ұзататын жыл құстары әлемнің 63 еліне ортақ табиғи ресурс болып есептеледі екен.

«Біз Қазақстанда ұстап балағына сақина тағып қоя берген құстар Ұлыбритания мен Якутияға дейінгі, Малайзиядан Африкаға дейінгі аралықтағы 63 мемлекетте құтснашуылардың көзіне, фототұзақтарға түскен. Яғни, бұл құстар осынша елдің ортақ ресрусы болып саналады. Оны ешбір ел өзіне меншіктей алмайды. Сәйкесінше қауіпсіздігіне, құрып кетпеуіне де бірдей жауапты», – дейді ғалым.

Ал өскемендік орнитолог Борис Щербаков «ХХІ ғасырда құс атуды саяткерлік те, мұқтаждық та емес, рухани мүгедектік» деп есептейді. Қойнына мылтығын жасырып, қайтқан құстың жолын тосқан әрбір қазақстандық көк тағысына қару кезенер алдында әлемнің 63 еліне ортақ ресурсқа заңсыз қол салғалы жатқанын түсінетін күн тезірек келсе екен деп ойлайсың…

Авторы: Есжан Ботақара