Микропластик деп аталатын осыған ұқсас ұсақ пластик бөлшектер тері күтіміне арналған кейбір қабыршақтануға қарсы гельдерге қосылады. Одан әрі олар қоршаған ортаға түсіп, әрі қарай біздің денемізге енуі мүмкін.
Фото: Александр Штейн, Joker/Ullstein Bild/Getty Images
Пластик қалдықтар әлемнің әр бұрышына таралып кеткендіктен, көкейдегі бір сұрақ әзірге жауапсыз қалып тұр: мұның адам денсаулығына зияны бар ма және болса қандай?
Бірнеше жыл бұрын балықтар мен ұлулардың ішегінен микропластик табыла бастаған кезде назарымыз теңіз тағамдарының қауіпсіздігіне қарай ауды. Әсіресе ұлулар айрықша алаңдаушылық туғызды, өйткені, біз оны балық секілді емес – асқазанымен және ондағы пластикпен қосып түгелдей жейміз. 2017 жылы бельгиялық ғалымдар теңіз тағамдары әуесқойларының мидияны жей отырып жылына 11 мыңға жуық пластик бөлшек тұтынуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Алайда сол шақтарға таман ғалымдар пластмассаның қоршаған ортада үздіксіз ыдырап, уақыт өте келе тіпті адам шашының бір талынан да жіңішке талшықтарға бөлінетінін және әлгі талшықтардың майда болғаны сонша – ауа арқылы тез таралатынын түсінді. Ұлыбританиядағы Плимут университетінің бір топ ғалымы Шотландиядағы ауруға шалдыққан жабайы мидияларды ас-ауқатқа пайдаланудың қаупін кәдімгі үйдегі ауаны жұтудың қаупімен салыстырып көріп, мынадай қорытындыға келді: адамдар мидияны жеген кездегіден гөрі айналасындағы ауада ұшып жүрген немесе өздерінің киімінен, кілемнен, я болмаса төсеніштен бөлінетін көзге көрінбейтін кішкентай пластик талшықтарын ішке сіңірген кезінде көбірек пластик жұтады екен.
Биылғы көктемде Нидерланд пен Ұлыбритания ғалымдары тірі адамдардың екі жерінде – ота жасатқан пациенттер өкпесінің терең тұсы мен аноним донорлардың қанында (бұрын-соңды бұл жерлерден пластик табылмаған-ды) кішкентай пластик бөлшектерді анықтағанын мәлімдеді. Екі зерттеудің бірде-бірі пластиктің ықтимал зияны туралы сұраққа жауап бере алмады. Бірақ оның екеуі де пластик жайлы алаңдаушылыққа келгенде біз өмір сүретін ортадағы ауада таралған пластик тозаңдарына көбірек назар аударуымыз керектігіне көз жеткізді: әлгі пластик тозаңдарының майда болғаны соншалық – олар ірі микропластиктерге қарағанда денеміздің, тіпті жасушаларымыздың ішіне дендеп ене алатын болып шықты.
Амстердам Vrije университетінің экотоксикология бойынша құрметті профессоры және жоғарыдағы зерттеу авторларының бірі Дик Ветхак мұндай қорытындыны аса қорқынышты деп санамайды: «Бірақ, иә, біз бұған алаңдаушылық танытуға тиіспіз. Пластик біздің қанымызда болмауы керек», – дейді ол.
«Біз әртүрлі бөлшектерден тұратын әлемде өмір сүріп жатырмыз, – дейді ол бұдан соң адамдар күнделікті тыныстайтын шаң, тозаң, күйені меңзеп. – Мәселе соның ішіндегі пластиктің көлемі мен оның нендей зияны барын анықтауда болып тұр».
Гавайи жағалауынан жиналған мына үлгіде тірі ағзалар мен пластик бар.
Фото: Дэвид Литтшвагер, Nat Geo
Зиянын анықтау – күрделі шаруа
Ғалымдар ені бес миллиметрге жетпейтін бөлшектер ретінде анықталатын микроластиктерді ширек ғасыр бойы зерттеп келеді. Плимут университетінің теңіз астындағы тіршілікті зерттейтін ғалымы Ричард Томпсон 2004 жылы Англия жағажайындағы судың көтерілу шегінде көлемі күріш дәніндей пластик бөлшектерді тапқаннан соң осы терминді қолданысқа енгізді. Одан кейін ғалымдар микропластикті Жер шарының түкпір-түкпірінен – Мариана шұңғымасының түбінен бастап, Эверестің ұшар басына дейінгі жерлерден тапты.
Микропластик тұзда, сырада, жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністерде, сондай-ақ ауызсуда кездеседі. Ауа құрамындағы пластик бөлшектер санаулы күннің ішінде Жер шарын айналып, аспаннан жаңбырша жаууы мүмкін. Мұхит суындағы микропластиктерді санаумен айналысатын теңіз экспедициялары олардың тым көп екенін анықтап жатыр; мұхитқа түсіп, ыдырап кететін пластик қалдықтар көлемі жылма-жыл артқан сайын әлгі көрсеткіш одан әрі өсе түсуде. Сарапшылардың 2014 жылы жариялаған есебінде оның жалпы саны 5 млн-ды құрайды. Ал былтырғы есепте Кюсю университетінің жапон ғалымдары әлемдік мұхиттың беткі қабатында 24,4 трлн микропластик бар екенін анықтады: түсінуге оңайлау болуы үшін айтсақ, бұл шамамен 30 млрд жарты литрлік су бөтелкесімен пара-пар.
Германиядағы Рейнмайн қолданбалы ғылымдар университеті жанындағы Экологиялық және технологиялық процестер институтының ғылыми қызметкері Феликс Вебер пластик бөлшектер бейнеленген үшөлшемді микроскоп суретіне қарап отыр.
Фото: Арне Дедерт, Picture Alliance/Getty Images
«2014 жылы мен осы жұмыспен айналысуды бастағанда, жүргізілетін жалғыз зерттеу – әлгі пластиктердің қайда барын іздеу ғана-тұғын, – дейді Ұлыбритания ұлттық мұхиттану орталығының микропластиктен ластану саласына маманданған ғалымы Элис Хортон. – Енді іздеуді тоқтата беруімізге болады. Біз қайда қарасақ та табуға болатынын білеміз».
Бірақ олар зиянды ма, жоқ па – оны анықтау әлдеқайда қиын. Пластик химиялық заттардың күрделі қосылысынан, оның ішінде пластикке беріктік пен иілгіштік қасиет беретін қоспалардан тұрады. Пластик те, химиялық қоспалар да улы болуы мүмкін. Жуырда жүргізілген зерттеу кезінде пластик жасауда қолданылатын 10 мыңнан аса бірегей химиялық зат бары анықталды, оның 2400-ден астамы қауіп туғызуы ықтимал, – дейді Калифорния штаты су ресурстарын бақылау кеңесінің ғылыми қызметкері Скотт Коффин. Зерттеулерде әлгілердің біразы көп елде «тиісті түрде реттелмейтіні» және олардың ішінде кейбір юрисдикцияларда азық-түлік қаптамасында қолданылуы мақұлданбаған 901 химиялық зат бары айтылған.
Химиялық қоспалар суға сіңіп те кете алады, бір зерттеуде көрсетілгендей, әртүрлі факторларға, оның ішінде күн жарығы мен уақыт ұзақтығына қарай олар 88 пайызға дейін суға сіңіп кетуі мүмкін. Дәл сол зерттеуде бір пластик бұйымнан 8681-ге дейін бірегей химиялық зат пен қоспа табылған. Мұндай сусындағы нақты қайсы химиялық қосылыстар қауіпті екенін және оның зиянды әсерінің деңгейі мен ұзақтығын тап басып айту оңай емес.
«Сіз олардың арасындағы өзара байланысты табуыңыз мүмкін, бірақ күнделікті өмірде бетпе-бет келетін химиялық заттардың тым көптігінен олардың арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау қиынға соғады», – дейді Аустралияның ғылыми және қолданбалы зерттеулер мемлекеттік бірлестігінің ғалымы, пластик қалдықтарды 15 жылдан бері зерттеп келе жатқан Дениз Хардести.
Юта мемлекеттік университетінің биохимигі, шаң-тозаңның қоректік заттарды, патогендерді және ластаушы заттарды қалай тасымалдайтынын зерттеумен айналысатын Дженис Брани микропластик жайлы көп дүние әлі белгісіз кезде пластик өндірісінің қарқын алып бара жатқанына алаңдаулы. 2020 жылы 367 млн метрикалық тонна пластик шығарылған, ал 2050 жылға қарай бұл көлем үш еселенеді деп болжанып отыр. «Бұл – алаңдатарлық жайт, өйткені біз оған белшемізден батып кеттік және әлі күнге дейін оның салдары қандай болатынын білмейміз. Егер күндердің күнінде бізге бұдан бас тарту керек болса, ол өте қиынға соғады», – дейді ол.
Америкалық химия кеңесі (American Chemical Council, қысқаша – АСС) салалық бірлестігі өзінің уеб-сайтында әртүрлі пластиктердің химиялық құрамын түсіндіретін мәлімдемелер жинағы мен кейбір пластиктерді улы деп тұжырымдайтын зерттеулерді теріске шығаратын контр-аргументтерді шығарып тұрады.
Аталған кеңес: «Жоқ, микропластик дегеніміз «қышқылды жаңбырдың жаңа түрі» емес. Тіпті оған үш қайнаса сорпасы қосылмайды», – деп мәлімдеген болатын Бранидің 2020 жылы Science журналында жарияланған мақаласына жауап ретінде. Бұл мақалада 2025 жылға қарай қоршаған ортада 11 млрд метрикалық тонна пластик жиналады деп есептелген (Бранидің есебінше, АҚШ-тың батыс бөлігінің өзінде жыл сайын 1 мың метрикалық тонна пластик бөлшек желмен тасымалданып, ауадан түседі).
АСС бұл жаңалықты да сынға алып: «Қоршаған ортадағы микропластик көлемі жиналған бөлшектердің орташа есеппен небәрі 4 пайызын құрайды… Қалған 96 пайызы минерал, балшық пен құм, жәндіктердің қалдығы, өсімдіктердің тозаңы секілді табиғи материалдардан тұрады», – деген мәлімдеме жасады.
Осы тұста ACC микропластиктер, оның ішінде тұрмыстық шаң-тозаң туралы шешімі жоқ сұрақтарға жауап табуға, сондай-ақ университеттер, зерттеу институттары және өнеркәсіп арасындағы микропластиктер туралы зерттеулер алмасу жұмысын ретке келтіруге көмектесу үшін өзінің зерттеу бағдарламасын іске қосқанын хабарлады. Бұл бағдарлама аясында қоршаған ортаның ахуалы мен оған микропластиктің әсер ету жолдары зерттеледі, ықтимал қатерлер анықталады және қауіпті бағалаудың шеңбері жасалады. Оның нәтижесі алдағы бірнеше жылда жарияланады.
Хардестидің айтуынша, бұл мәселенің күрделі әрі екіұшты екені соншалық, кейде тіпті әлгі зиянның анықтамасының өзі пікірталас тақырыбына айналады. Біз микропластиктің адам ағзасына ғана әсері жайында алаңдауымыз қажет пе? Ал оның жануарлар мен экожүйелерге тигізуі мүмкін кері ықпалы жөнінде не деуге болады?
Жануарлар ағзасындағы пластик
Пластиктің ықтимал зиянын іздеу жұмысы негізі осыдан 40 жылдай бұрын жануарларларды зерттеуден басталған болатын: бұл кезде теңіз құстарының рационын зерттеумен айналысатын теңіз биологтары олардың асқазанынан пластик бөлшектер таба бастаған еді. Пластиктің әсеріне (мейлі пластикке шырмалып қалсын, мейлі жұтып қойсын) ұшыраған жабайы теңіз жануарлары көбейген сайын зерттеу ауқымы тек құстарды емес, енді теңіз жануарларының өзге де түрлерін, сондай-ақ егеуқұйрықтар мен тышқандарды қамти бастады.
2012 жылы Монреалдағы биологиялық алуантүрлілік туралы конвенция теңіз тасбақаларының барлық жеті түрі, теңіз сүтқоректісіне жататын түрлердің 45 пайызы және теңіз құсы саналатын түрлердің 21 пайызы пластикті жұтып немесе оған шырмалып, зиян шеккенін мәлімдеді. Сол жылы 10 ғалым әлем елдерін ең зиянды пластикті ресми түрде «қауіпті» деп жіктеуге шақырды, бұл мемлекеттердің реттеуші органдарына «зиян шеккен қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша құзірет» берер еді.
Содан бергі он жыл ішінде жануарлардың саны азайып, оларға төнер қауіп күшейе түсті. Жануарлардың 700-ден астам түрі пластиктің ықпалына ұшырады. Ғалымдардың сөзінше, жүздеген млн жабайы құс пластик жұтқан болуы мүмкін және осы ғасырдың ортасына таман планетадағы теңіз құстарының барлық түрі пластик жейді деген болжам бар. Қазірдің өзінде құстардың кейбір түріне пластик құрамындағы эндокринді жүйе жұмысын бұзатын химиялық заттар үлкен қауіп төндіріп тұр. Балықты зертханада зерттеу барысында пластик оның репродуктивті жүйесіне зиян келтіріп, бауыр жұмысын нашарлататыны белгілі болған.
Микропластикпен қоректендірілген жапон бөденелерінің балапандарында (зерттеудің нәтижесі осында көрсетілген) өзге балапандарға қарағанда дертке шалдығу, өлу немесе көбеюдегі проблемалар бойынша айырмашылық байқалмады, тек өсіп-дамуында сәл-пәл тежеліс болды.
Фото: Лорен Роман
Жануарларға жүргізілген зерттеулер пластик қалдықтардың барлық жерде таралғанын көрсетіп, олардың адамға тигізуі мүмкін физиологиялық және токсикологиялық әсерін негіздеуге көмектесті.
Мәселен, пластик құрамындағы токсиндер құстардың денсаулығына кері ықпал етуі мүмкін десек те, 2019 жылы жүргізілген аустралиялық зерттеу басқаша нәтижені көрсетті: ғалымдар зерттеу барысында жапон бөденелерін әдейі осындай токсинмен қоректендірген болатын, балапандардың өсуі мен дамуы сәл-пәл кешеуілдегенімен, өзге құстарға қарағанда олардың ауруға ұшырау, өлу немесе көбею проблемаларында айырмашылық байқалмады. Алынған нәтижелер ғалымдарды таң-тамаша қылды, олар мұны асқазанында аздаған пластик бар миллиондаған құс үшін пластиктің токсикологиялық және эндокриндік әсері анау айтқандай қауіпті еместігін дәлелдейтін алғашқы эксперимент деп атады.
Зерттеу авторларының бірі Хардестидің айтуынша, бөденелерді зерттеу микропластиктің ықпалынан туындайтын қауіпті бағалау оңай еместігін еске салды. Әсіресе бөденелерге келтірілген зиянның нақты дәлелдерін іздеу барысындағы қиындықтар пластикті жұтудың адам ағзасына әсері қандай екендігі туралы сұраққа нақты жауап беруге әлі дәрменсіз екендігімізді айқын көрсетті.
Адам ағзасындағы пластик
Пластиктің адамдарға тигізуі мүмкін қолайсыз әсерін өлшеу оның жануарларға әсерін зерттегеннен гөрі әлдеқайда қиын: адамдарды бөдене мен балық секілді әдейі пластикпен тамақтандыруға болмайды. Зертханалық сынақтар барысында микропластиктің адам жасушаларын зақымдайтыны, оның ішінде аллергиялық реакция туғызатыны және жасушалардың өлуіне алып келетіні анықталды. Алайда адамдардың үлкен тобында микропластиктің әсері мен оның денсаулыққа әсері арасындағы байланыс барын дәлелдейтін бірде-бір эпидемиологиялық зерттеу жүргізілген жоқ.
Зерттеулерге адамдардың аздаған тобы ғана қатысты, бұл микропластиктің әртүрлі дене мүшесінде бар екенін анықтаудан бөлек жасауға болатын тұжырымдарды шектейтін фактор еді. 2018 жылы жүргізілген зерттеуде микропластик сегіз адамның нәжісінен табылды. Енді бір зерттеу микропластиктің жатырдағы нәрестелердің плацентасында бар екенін көрсетті.
Ветхак пен оның әріптестері жүргізген жуырдағы зерттеуде 22 дені сау қан донорының 17-сінің қанынан пластик табылды; өкпені зерттеу кезінде 11 пациенттен алынған 13 өкпе үлгісінің 11-інен пластик анықталды. Екі зерттеуге қатысты да пластик әсерінің деңгейі мен ұзақтығын (бұлар пластиктің зиянын анықтайтын екі маңызды белгі саналады) анықтауға көмектесетін еш мәлімет жоқ.
Екі зерттеуде де анықталған пластик бөлшектер көбіне көлемі бір микрометрге жетпейтін нанопластиктер болды. Қанды зерттеу кезінде анықталған пластик бөлшектер адамның тыныс алу жолы арқылы ене алатындай кішкентай еді, бірақ Ветхак олардың ауыз арқылы да ішке түсуі мүмкін екенін айтады. Мұндай бөлшектер қаннан басқа органдарға, әсіресе қалқан секілді жасушалардың бірегей тығыз тобымен қоршалған миға өте ала ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.
«Біз пластик бөлшектердің адамның өне бойына қан ағысымен таралуы мүмкін екенін білеміз», – дейді Ветхак. Бұл – Голландияның денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер мен жаңалықтар жөніндегі ұлттық ұйымы жүргізген микропластиктер туралы 15 зерттеудің бірі.
Ұлыбританияның Халл университетіндегі өкпені зерттеу ауадағы пластик бөлшектердің ішке жұтылуға қаншалықты бейім келетінін көрсетті. Ғалымдар отаға кірген пациенттердің (мұның алдындағы зерттеуде олар өлген адамдардың өкпесінен табылған-ды) өкпесіндегі пластик талшықтарды іздеп іске кіріскенде, олар өкпенің ішкі тұстарына еніп кеткен әртүрлі форма мен көлемдегі көп пластикті көріп таңғалды. Әлгі талшықтардың бірінің ұзындығы екі миллиметрге дейін жететін.
«Өкпенің кішкентай бөліктерінде диаметрі кішкентай микропластиктер табылады деп ешкім де ойламаған еді», – дейді эколог Джаннет Ротчелл. Оның сөзінше, бұл зерттеу оның командасына мәселенің келесі деңгейіне өтіп, табылған микропластиктердің әсерін анықтау үшін өкпенің жасушаларын немесе тіндерін қолдана отырып зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
«Әлі шешімі белгісіз біраз сұрақ бар, – дейді ол. – Мен біздің өмір бойы пластик әсерінің қандай деңгейіне ұшырайтынымызды білгім келеді. Күн сайын үйде жұмыс істегенде, кеңсеге барғанда, көшеде, велосипед теуіп жүргенде, жүгіргенде және басқа да жағдайларда қандай микропластиктерді жұтамыз? Әлі біз білмейтін талай дүние бар».
Пластиктің зияны туралы мәселе
Ғалымдардың білетіні де баршылық. Пластик құрамындағы токсиндер, сондай-ақ жыл сайын миллиондаған адамның өмірін жалмайтын және өзге де улы заттардың әсерімен байланысты деп саналатын демікпе (астма) мен өкпенің созылмалы обструктивті ауруынан бастап қатерлі ісікке дейінгі дерттер туралы ауқымды зерттеулер жүргізілуде. Америкалық өкпе қауымдастығы (American Lung Association) өзінің ең соңғы есебінде созылмалы қабынудың нәтижесі болып саналатын өкпенің созылмалы обструктивті ауруы АҚШ-та өлімге соқтырар себептердің ішіндегі маңызы жөнінен төртінші орында тұрғанын мәлімдеді.
Адамдар күн сайын көптеген бөгде бөлшекті жұтады және өнеркәсіптік төңкерістің ең басынан бері солай болып келеді. Ағзаның бұған алғашқы реакциясы – одан құтылудың жолын табу. Тыныс жолдарындағы ірі бөлшектерді әдетте адамдар жөтеліп, қайта шығарып тастайды. Төменірек тұста тұрып қалған бөлшектердің айналасына шырыш жиналып, одан шырышты «лифт» түзіледі де, ол әлгі бөлшектерді жоғары тыныс жолдарына қайта шығарады. Ал бұдан кейін қалып қойған бөлшектерді иммундық жасушалар қоршап алып, оқшаулайды.
Уақыт өте келе бұл бөлшектер ағзаны тітіркендіруі мүмкін, ол қабынудан бастап инфекциялар мен қатерлі ісікке дейінгі бірқатар ауру белгісін туғызады. Немесе кейде сол күйі орнына жылжымай қалып қоюы да мүмкін.
Өкпені зерттеу барысында табылған бөлшектер адам ағзасына улы әрі өкпені тітіркендіріп, басты айналдыратын, бас ауру, демікпе және қатерлі ісікке әкеп соқтыратын пластиктен жасалған, – дейді Стэнфорд университетінің аллергия мен демікпені зерттеу тобының директоры әрі дәрігер Кари Надо. Ол зерттеуде жарияланған пластик талшықтар тізімін қарап отырып, аталған симптомдар жанына белгі соғып отырды.
«Адам полиуретанды бір минут бойы жұтса болды – тамағы қырылдай бастайды. Біз мұны бұған дейін жарияланған өзге мақалалардан білеміз», – дейді ол.
Ал адам өкпесіндегі пластик бөлшектер зияндылық деңгейі мен ұзақтығы жөнінен шекті көрсеткіштен аспайтындай қауіпсіз бе? Бұл жағы ғалымдарға әзірге белгісіз.
Кари Надоның айтуынша, мұндай бөлшектердің қандай да бір адамда өмір бойы астма туғызған-туғызбағанын дәлелдеу қиынға соғар еді. «Біз бұл заттардан қорқуымыз керек демеймін. Біз олардан абай болуымыз керек. Денемізге дендеп еніп, онда жылдар бойы қалып қоюы мүмкіндігін түсінуіміз қажет».
Америкалық өкпе қауымдастығының бас дәрігері Альберт Риццо әлдебір тұжырым шығаруға әлі ғылымның шикі екенін айтады. «Пластик бөлшектер жай ғана инертті зат ретінде денеде қалып қоя ма, әлде оған ағза иммунды жауап қатып, ол өз кезегінде тыртықтың, фиброздың түзілуіне немесе қатерлі ісікке алып келе ме? Біз бұл микропластиктердің бүкіл жерде бар екенін білеміз. Бірақ ағзаға түскенде қандай да бір проблемаға соқтырар-соқтырмасын білмейміз. Оның ағзада қашаннан бері бар екені маңызды. Яғни сіз оның әсеріне қаншалықты ұзақ уақыт бойы ұшырап келгеніңіз маңызды».
Оның айтуынша, үкіметті шылым шегу қатерлі ісікке соқтыратынына иландыруға жұмсалған ондаған жылдық талпыныс ең тиімді балама амал бола алды. «Саясатты өзгертуге жеткілікті дәлелді жинағанға дейін де бұл ақиқат онсыз да белгілі-тұғын, – дейді ол. – Меніңше, пластик те тура сол сияқты. Біз қырық жылда өкпедегі микропластик өкпенің ерте қартаюына немесе эмфиземаға әкелерін білеміз бе? Білмейміз. Ал әзірге біз пластикті әлдеқайда қауіпсіздеу етіп жасай аламыз ба?».
Авторы: Лаура Паркер
Ағылшын тілінен аударған Ботагөз Икрамова