11Мам

Зәу биікті зерттеу

Амазонканың тропикалық ормандарынан биікте тұрған төбесі жазық шыңдар ғалымдарға жаңа түрлерді анықтауға және эволюция құпияларын ашуға мүмкіндік береді. Бірақ оларға жету Мұң.

Рорайма тауы Гайана, Бразилия

Рорайма тауы Гайана, Бразилия және Венесуэла шекаралары түйісетін тропикалық орман үстінде көтеріліп тұр. Жергілікті тұрғындар оны және осы тектес тауларды «тепуйлер» немесе «қылтия өскен тастар» деп атайды. Олар миллиондаған жыл бұрын бүлінген байырғы платоның қалдықтары.


Ақпан айының қою қараңғы түнінде Брюс Минс Гайананың солтүстік-батысындағы Пакарайма тауларының түбінде жападан жалғыз тұр. Маңдайшамымен ылғалды тау орманын көзімен сүзе отырып, тұманданған көзілдірік астынан көгерген мүк басқан ежелгі ағаштар теңізіне көз тастады. Ыдыраған өсімдіктер мен ағаш иісі мүңкіген ылғалды ауа бақалардың әуенді симфониясымен сыңғырлап, тәтті ән құшағында тербеткендей оны джунгли түбіне терең тартып кеткені соншалық, ол жерден қайтып шыға алам ба екен деп ойлай бастады.

Теңгерімін сақтау үшін бір қолымен ағашқа жармасқан Брюс алға қарай бір қадам жасады. Сазға аяғы батып бара жатып, 79 жасқа келген денесіне нәлет айтып қояды. Осы экспедиция басында Брюс маған жәймен бастап, ормандағы өмірге біртіндеп бой үйреткен сайын екпін қоса беретінін айтқан.

Қалай дегенмен де, қоршаған ортаны сақтау биологы ретіндегі еңбек жолында ол бұрын осы өңірге 32 экспедиция жасаған. Оның жас күніндегі фотосын көрдім: екі иығына екі кісі мінерліктей орман тұрғыны.

Ол маған 1980 жылдары Венесуэланың Гран­Сабана жазық даласында тозығы шыққан автобуспен жасаған саяхатын, артынша тауға барып, қосмекенділер және бауырымен жорғалаушылардың жаңа түрлерін іздегенін әңгімеледі. Бір жолы табиғатпен барынша етене өмір сүре отырып, әлдебір белгісіз шың басында бір өзі бірнеше күн өткізген. Мұның барлығы оның бала күнінде Оңтүстік Калифорнияда Санта-Моника жоталарында жортып жүріп аллигатор-кесірткелер мен тарантул аңдыған зерттеулерінің жалғасы болатын.

Осы жерге әкелген де сол пәлсапа еді. Әрине оның 129 кг салмағы өз бойынан әлдеқайда асып түседі, бірақ ол әлі де бойында жалын бар екенін айтып сендірді. Көп ұзамай ол өз ритмін табады.

Бірақ құжынаған жәндікке толы, толассыз жауын мен жұтып алу қаупі бар саз-батпақты джунглидің адамды қалжырататын қасиеті бар. Бұталар арасымен жүруге, өзендерді сан мәрте кешіп өтуге тура келген бір аптадан кейін экспедиция мүшелеріне Брюстің күн санап әлсіреп бара жатқаны түсінікті болды. Гуиана таулы алқабының ну орманы сексенге таяп, бойынан қуат кеткен шалға арналмаған жер еді.

Дегенмен Брюстің қайта қуат жинағанын бұрын көргенмін. Амазонка тропикалық ормандарының солтүстік қиырындағы Пайкуа өзенінің бассейні деп аталатын биоалуандықтың қашықтағы қайнар көзі саналатын осы өңірге бұрын үш рет саяхат жасағанбыз. Брюсті бәрінен бұрын бақалар көп қызықтыратын. Егер жер бетінде бақалар жұмағы бар болса, ол сөзсіз осы жер.

Бақалар әлемдік экожүйеде аса маңызды рөл атқарады. Алайда осы жер сияқты экваторлық-тропикалық ормандардан басқа ешбір жерде олар соншалық ұзақ уақыт тіршілік етпеген. Бақалар мұнда миллиондаған жыл бойы эволюциялық жолдан өтіп, түрлі пішіндегі, өлшемдегі, түстегі, таңдай қақтырар бейімделушілік қасиеті бар көп түрлері пайда болған.

Тек Амазон су бассейнінің өзінде қосмекенділердің мыңнан астам түрі анықталған. Олардың көбі медицинада үлкен ашылым­дарға, антибиотик пен ауру басқыш дәрінің жаңа түрлерін, қатерлі ісік пен Альцгеймер дертінің әлеуетті емін іздеуге себеп болған.

Ғалымдар әлемдегі бақа түрлерінің тек бір бөлігін ғана анықтадық деп есептейді. Ал бұл уақытта олардың бізге белгілі түрлері дабыл қағар қарқынмен жойылып барады. Кейбір есептеулер бойынша 1970 жылдардан бері 200-ге тарта бақа түрі жойылып кеткен болуы мүмкін. Брюс пен басқа да биологтар бақалардың көптеген түрі олардың бар екендігін біліп үлгергенше ғайып болады деп қорқады.

Брюс осы тропикалық ормандарда әлі де сақталған биологиялық қазынаны меңзеп отыр. «Пайкуада болашақ ашылымдардың әлеуеті шексіз», – дейді ол маған өзіне тән энтузиазмға толы даусымен. Бірақ ол, сондай-ақ, уақыт межеден асып бара жатқанын да біледі: бақалар үшін ғана емес, өзі үшін де!

Атаро өзені

Топ Кукии және Атаро өзендерімен бойлай Гайананың тропикалық ормандарының ішкі жағына қарай тереңдеп енгенде гид экспедиция каноэларының бірін құлаған ағаштар арасымен бастап келеді.


Гайана – Оңтүстік Америкадағы ағылшын тілінде сөйлейтіндігімен ерекшеленетін жалғыз ел. Елдің көп бөлігін адам аяғы баспаған тропикалық ормандар алып жатыр. Қиыр солтүстік-батыстағы Пакарайма таулары Гайананың Бразилия мен және Венесуэламен шекарасы бойында орналасқан. Мұнда бірнеше тегіс төбелі тау Пайкуа өзені бассейнінің қою жасыл жамылғысы үстінде аспандап тұрады. Ғасырлар бойы осы таулардың баурайында өмір сүріп келген жергілікті пемон халқы үшін осы өзгеәлемдік тау шыңдары tepuis (тепуйлер) немесе «қылтия өскен тастар» деген атаумен белгілі – кейде оларды «құдайлардың үйлері» деп те атайды.

Көбіне өзара байланысты тізбек құрайтын қалыпты тау жоталарына қарағанда, тепуйлер әдетте тұманды мұхиттағы аралдардай тропикалық ормандар арасында серейіп жалғыз тұрады. Олардың кейбірінің басына жаяу маршрутпен шығуға болады, бірақ көбі тік жартастармен қоршалған. Кейбірінің биіктігі 900 метрге жетеді және көп жағдайда асқан көрікті сарқырамалармен көмкеріледі.

Геологтардың айтуынша, тепуйлер – бір кездері Гондуана делінген суперконтиненттің жүрегі болған Гуиана қалқаны деп аталатын ежелгі үстірттің қалдықтары. Жүз миллиондаған жыл бұрын Оңтүстік Американың осы бөлігі Африкамен қосылып жатқан.

Гондуана мыңдаған жыл бұрын бөлініп кеткен. Бірақ Оңтүстік Американың осы бөлігі оның Африкамен ортақ тарихының көп сырын бауырына басып жатыр. Бүгін тепуйлердегі эндемикалық жараты­лыс түрлерінің кейбірі Батыс Африкадан табылатын өсімдіктермен және жануарлармен тығыз байланысты, ал Сьерра-Леоне мен Гуинеяда өндірілетін алмас бірдей.

Мен осы өзгеәлемдік тау жынысының құрылымдары туралы бала кезімде сэр Артур Конан Дойлдың 1912 жылы жазған классикасы – «Жоғалған әлем» кітабынан оқып білгем. Осы ғылыми-фантастикалық әңгімеде бір ғалым Амазон джунглиінің түбінде жасырынған, оқшауланған платода тіршілік ететін динозаврлар мен прото­адамдарды табады. 2001 жылы National geographic қоғамындағы ортақ достар арқылы Брюспен алғаш танысқанда сол кітап пен басты кейіпкері бірден ойыма келді. Ол тепуйлер бойынша өзінің кейбір зерттеулері туралы әңгімелеп, оларды аспандағы аралдар – эволюция үшін бөлек бір зертханалар ретінде сипаттаған. Олар осыншама көп уақыт оқшау қалғаны соншалық, бақалардың кей түрі тек бір тепуй шыңында тіршілік етіп, Жер бетінде басқа ешбір жерде кездеспейді.

«Тепуйлер Галапагос аралдарына ұқсайды, – деген бір жолы ол, – бірақ әлдеқайда көне әрі зерттеуге қиындау».

Ол тепуйдегі және оның айналасындағы қол жетпес жазықтарға жетуіне көмекте­сетін адам іздеп жүр екен. Кәсіби тауға өрмелеуші ретінде мен дәл сол іске қабілетті едім. Осылайша 2003 және 2006 жылдары біз Рорайма астындағы джунглиде апталар бойы жаңа бақа түрлерін іздедік. Екінші сапардан кейін үйге тікұшақпен ұшып бара жатып, картамызда болмаған шағын бір тепуй үстінен өттік. Оның қазаншұңқыр тереңдігі 180 метрлік құзбен кесілген, ал түбін ну орман басқан. Брюс менің көйлегіме жармасып, тікұшақ шуынан дауысын асыра: «Марк, мен анау шұңғылға түсуім керек», – деп бетіме қарап айқайлады.

Брюс Минс

Брюс Минс ғылымға беймәлім бақа, т.б. мақұлықтарды іздеуде. 79 жасар биолог көптеген сулы тіршілік орталарын зерттеді. Бір тоғанның өзінде тіршіліктің титімдей ғаламы, еш жерде кезікпейтін түрлер болуы мүмкін дейді ол.


Алты жылдан кейін 2012 жылы Брюс екеуміз тікұшақтан Уейассипу тауы деп аталатын тепуй төбесіне түсіп, мен оған әлгі шұңғылға түсуіне көмектестім. Брюс өзі «жоғалған әлемдегі жоғалған әлем» деп атаған табиғатта тау баурайындағы бес күн кэмпинг пен түнгі жорғалаудан кейін титімдей бір бақа тауып алды. Ол мұны тепуйдің эволюциялық биологиясындағы «жетіспейтін буын» деп сипаттады. Oreophrynella weiassipuensis деп аталған осы түрдің жалғыз үлгісін 2000 жылы спелеологтар тобы тауып алғанмен, дұрыс сақталмай, ол туралы және оның малтатасты бақалар деп аталатын тұқымдағы басқаларымен байланысы жөнінде тым аз мәлімет қана бар еді.

Брюс «Орео» деп атаған, бас бармағының тырнағындай ғана, шоколодтай қоңыр түсті бұл бақаның маған Микки Маустың мультфильмдік қолдарын еске салған төрт башпайлы табаны – басқа бақаларда жоқ өрмелеу мүмкіндігін беретін эволюциялық бейімделу. Бұл Oreophrynella тұқымындағы ғылымға белгілі болған жетінші түр. Бұл түрлердің әрқайсысы басқаларынан бөлек тіршілік етеді; алты түрі тек өз тепуйында кезігеді, біреуі Пайкуа өзені бассейніндегі тұманды ормандардан табылады.

Олардың әрқайсысы өз эволюциялық жолымен жүрген, алайда кемінде екі түрінде жыртқыштардан қашуға мүмкіндік беретін ерекше бейімделушілік байқалады. Бұлар тарантул не шаян шабуылынан жұмыр тас сияқты жиырылып алып, ағаш бұтақтарынан, жапырақтардан, тасты беткейлерден шоршып, қауіптен құтылғанша домалай жөнеледі.

Уейассипу шыңында тағы да бір бақа болды, Брюс оны ұстап, фотоға түсіріп алса да зерттей түскісі келді. Оның классикалық ағаш бақасына тән, өрмелеуге арналған аяқтары бар еді. Өлшеміне, қоңыр түсіне және ішіндегі ақ секпілдеріне қарап, Брюс мұның Stefania тұқымының жаңа түрі екендігіне шүбә келтірмеді.

Брюс пен оның әріптесі, белгиялық биолог Филипп Кок Stefania тұқымдастарының эволюциялық шежіресін құрастырумен жылдар бойы айналысып келеді. Басқа Stefania бақаларының ДНҚ-ларын зерттегеннен кейін олар жетіспей тұрған түрлер бар деген қорытындыға келеді. Егер Брюс осы бақаны Уейассипу төбесінен тауып, ДНҚ талдауының көмегімен оның арғы тегі басқа әлемнен ажырап қалған осы экожүйеге бейімделу үшін миллиондаған жыл эволюцияланғанын дәлелдей алса, тепуйлерде тіршілік қалай өрбитінін тереңірек түсінуге бір қадам жақындар еді.

Сондықтан Брюс осы Stefania бақасын табу және Пайкуа өзені бассейнінде басқа қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушы түрлерін зерттеу үшін Гуиана таулы алқабына ақырғы экспедицияға шығуға ұсыныс тастады. Біз қонатын жер талғамайтын ұшақпен барып, ойылып жасалған каноэмен жүзіп өтіп, әрмен қарай Уейассипуге дейін адам аяғы баспаған джунглимен 64 км жүріп, таудың солтүстік құз беткейімен шың басына өрмелеуіміз керек. «Бұл бойымдағы соңғы қуат шығар, – деді Брюс, – сонда да барамын. Еңбектесем де».

Менің алдымда Брюске ешбір ғалым ешқашан зерттемеген тепуй табиғатының бір бөлшегі – жартастарда жаңа жаратылыс түрлерін табу мәселесін шешу міндеті тұрды. Бірақ экспедиция барысында жасы 80-ге келетін шалды биік жартаста қауіпсіз алып жүру мүмкіндігімнен асып түсетін қабілетті талап ететін еді. Сондықтан екі керемет адамды: тауға өрмелеудің жұлдызы, «Free solo» фильміне түскен 35 жасар Алекс Хоннольд пен тепуйге шығуда әлемдегі ең тәжірибелі альпинистердің бірі 46 жасар Федерико «Фуко» Писаниді жалдадым.

Уейас­сипу тауы

Мачете және таяқпен қаруланған Беннетт Моррис пен жергілікті акауайо гидтері 64 шақырымдық сапарда экспедиция тобын Пайкуа өзені бассейнінің жоғарғы жағындағы қалың джунгли ішімен Уейассипу тауы деп атала­тын тепуйге қарай бастап барады.


Брюс бар күш-қуатын жинап, бақа іздеу жолында джунглимен алға қарай қозғалды.

Бірнеше күн толарсақтан балшық кешіп, етігімізді суырып ала жаздаған батпақты алқаптан өттік. Жауын толассыз жауды, тіпті бұлттар арасынан күн көрінгеннің өзінде төбеміздегі қалың орман шымылдығын ешқашан тесіп өткен емес. Төменде, тұманды аласа ағаштар арасында маса мен шыбын-шіркей патшалығы үстемдік құрған. Біздің тер сіңген, лайдан жылтыраған, тікенек жыртқан киімдеріміз бөртіп кеткен терімізге жабысып қалды.

Бұл жағдай тіпті Алекстің өзіне ауыр тиді. Ал Брюс үшін бұл жол азапты сынаққа айналды. Ол жиі әрі оңбай жығылып қалып жүрді. Көптеген ағаш көпірден өтерде дене теңгерімі мен сенімділік жетіспей, ол құз үйінділермен сырғанап, өзенді кешіп, жүзіп өту жолын таңдады.

Топ үшін Брюстің қауіпсіздігі үздіксіз алаңдауға себеп болды.

Ақыр соңында бір аптадан кейін Брюс «Дабл-Дроп» деп атаған 60 метрлік арқыраған сарқыраманың төменгі ағысында базалық лагерь құрдық.

Топ мүшелері жағдайды талқылау үшін брезент астында жиналды. Брюс үстел үстіне картаны жайып, біздің тұрған жеріміз бен Уейассипу арасында жатқан әлі жүруге тиіс маршрутты сызып көрсетті. Біздің тобымыздағы байырғы акауайо халқынан шыққан гидтердің айтуынша, оңтүстікке қарай зерттелмеген алқап созылып жатыр. Арқыраған сарқырама үстінде Уейассипу массивтік тепуйі мұнарлайды – ол қалың орман шымылдығы мен будақтаған бұлттар арасынан көзден таса боп тұрған.

Тепуй

Әлемдегі ең тәжірибелі тепуй альпинистерінің бірі Федерико «Фуко» Писани Уейассипу учаскесінде Алекс Хоннольдті жоғары бастап барады. Олар ғалымдар бұрын ешқашан зерттемеген тепуйдегі жартастардың құзды беткейлерінен бақалардың жаңа түрлерін табуға үміттенген еді. МЭТЬЮ ИРВИНГ


Алекс тауға жетіп, өзі айтқандай «балшық әлемнен» құтылып, жоғары өрмелеу үшін алақанын ысқылап тұрды. Фуко менің жанымда тыныш отырды. Өткен 27 жылда ол тепуйлерге 20 экспедицияны бастап апарған, алайда бұрын тепуйге жасалған ғылыми экспедицияда болмаған еді. Ол баяғыдан ғалым болғысы келген, тіпті бір уақытта биология бойынша докторлық қорғауға тырысқан.

Алекстің артында тұрғандар экспедициямызға гид және жүк тасушы ретінде қолғабыс етіп жүрген жергілікті 70 адамдық акауайо тобының басшылары. Эдуард Джеймсон мен Трой Хенридің 2019 жылы британдық экспедиция құрамында 460 метрлік Рорайма маршрутымен тауға өрмелегендіктерімен акауайолар арасында аты шыққан.

Бойы аласа, бұлшықеті мығым және екі езуі күлімдеуден жиырылмайтын 55 жасар Эдуард Брюс екеуміздің осы өңірге жасаған алдыңғы экспедицияларымызда да қасымызда болған. Ол орманда өскен және өзімен алып жүретін сенімді серігі – мачете көмегімен мұнда қанша уақыт болса да тіршілік етуге қауқарлы. Ол соңғы экспедициямыздан бері ауық-ауық кен барлаушы (гайаналықтардың терминінде доңызбен қоректенушілер деп те айтады) болып істегенін айтты.

Эдуардты 2006 жылы соңғы рет көргенімнен бері Гайананы алтын «безгегі» баурап алған. Ел аумағының ішкі аудандарында бірнеше мың кішігірім шахталар қазылып тасталған. Көптеген акауайолар сияқты Эдуард та өмірінің көп бөлігін ауылшаруа­шылығымен және аңшылықпен өткізген. Алайда қолма-қол ақша табу ләззатына қарсы тұру мүмкін емес еді. Ол кеншілердің саз қабаттарын қалай қазып, артынша балшықты суспензияға айналдыру үшін қуатты су ағынын айдап, оны жер бетіне шығарып, алтынға жабысып қалатын сынаппен араластыратынын айтып берді. Брюсті ерекше алаңдатқаны осы химиялық процесс еді.

«Сынаптың бір шай қасығындай мөлшері тұтастай бір өзен жүйесін ластай алады», – деді ол маған.

Денвер Хенри есімді акауайо маған Пайкуа өзенін қоршаған, тропикалық ормандағы шашыраған ондаған кен учаскелерінің орналасқан жерлерін картадан көрсетті. Кен іздеушілерге кедергі болып тұрған нәрсе – жазықтардың қолжетімсіздігі. Алайда Эдуардтың айтуынша, өткен жаңбырлы маусымда төменгі алқаптарды су алғанда сырттағы алтын іздеушілер осы учаскелерді барлау үшін қайықпен жүзіп келген. Жыл сайын осы шахталар Пайкуа өзені бассейніне біртіндеп жақындап барады.

Біз Брюске қалпына келуі үшін уақыт керек екеніне келістік, сондықтан екіге бөлінуді ұйғардық. Брюс пен акауайолар тобы Дабл-Дроп сарқырамасы маңайында зерттеу-үлгілерін жинап жатқанда, альпинистер тобы шамамен 8 шақырым­дағы Уейассипудің солтүстік беткейінің іргесіне жол салады.

Эль-Капитан шыңы

Йосемит паркіндегі Эль-Капитан шыңына арқансыз өрмелеуі­мен аты шыққан Хоннольд Уейассипудің кварцтық беткейіне шығуға көмектесу үшін экспедицияға қосылды. «Бұл мен өрмелеген ең керемет жартастардың бірі», – дейді ол. Бұл шамамен 1,7 миллиард жыл бұрын бастапқы теңіз түбінде қалыптасқан өте кәрі жыныс.


Келесі күні таңертең Брюс гамагынан шыққанда оны акауайо тобы шамамен төрт литрлік «Зиплок» қаптарымен қарсы алды. Саяхат басында ол био­алуандықты зерттеу үшін жиналатын сынама-үлгілерге ақша төлейтінін, ал Stefania тұқымдас бақалар үшін қосымша бонус беретінін айтқан.

Эдуард кезекте бірінші еді. Оның қабы­нан төрт бақа шықты. Салиио ­Чиуа­кенг келесі тұрған, оның олжасы бес кесіртке мен алты бақа болды. Маркенсон Джеймс сенімді түрде Tityus obscurus – үлкен қара шаянды тапсырса, оның досы Стивен Кинг фильміне түсіруге болатындай өрмекші берді. Қойын дәптеріне керекті нәрселерін түртіп алған соң Брюс оны төбесіне қойып, жүруіне мүмкіндік берді.

Ал бұл уақытта Алекс, Фуго және мен үшін азық пен тауға өрмелейтін құрал-саймандарымызды, соның ішінде 300 метрлік арқан мен жартастың беткейінде кемпинг жасауға арналған, платформа деп аталатын үш аспалы төсегімізді арқа­ланып алдық. Екі акауайо гид Харрис Эрон мен Франклин Джордж тар өткел арасымен төбе асып, қалың орманға қарай бастады. Олар мачетемен қаруланған.

Кез келген түс пен алуан түрлі тікенді бромелиялар жерді жауып, ағаштарды да бойлай өскен. Қарашірік арасында орхидеялар өсіп тұр. Ақ қоңыраулар, кемпірқосақты тотықұстар және титімдей жайнаған колибрилер жапырақтар арасында алас ұрып, пыр-пырлаған, ысқырған дыбыстарымен ауаны толтырады. Бұлттар қысқа уақытқа көтерілгенде орман жамылғысының арасынан түскен күн сәулелері тұманды орманның табанын жарықтандырады.

Уейассипу төбесіне бет алған арпалысқан жолдың екінші күнінде таудың мұнарланған солтүстік беткейін үзіп-жұлып көре бастадық. Көп ұзамай мүк басқан тайғанақ қойтастар лабиринтіне кірдік. Қатты жер бедері біртіндеп, аяқ астымызда ауық-ауық сырт-сырт сынған қураған шөмшек жынысқа ауысты.

Күн соңында артымнан қатты дауыспен біреудің «уф» дегені естілді. Бұрылып қарағанымда Алекстің қолтығымен тірене салбырап тұрғанын көрдім. Оның бір аяғы ағаштың шіріген торы арасымен екі тас арасындағы қисық саңылауға кіріп кетіпті. Босап шыққаннан кейін ол балағын түрді. Балтыры қан мен балшық аралас қойыртпаққа малынған. Фуко екеуміздің жанарымыз түйісті. Не ойлап тұрғанын түсіндім: «Осы жерден Брюсті қалай алып өтеміз?»

Ақыр соңында күн батар алдында Уейассипу етегінде орманнан шыққан кезде өзімізді қайта өмірге келгендей сезіндік. Бұлт сейіліп, алакөлеңкеде тау қабырғасы жарқырады. Алқапқа көз сүзіп, ұзындығы 14 шақырым Рорайманың шығыс беткейіне қарадық: он шақты сарқырама бейнебір алтын жібектің желпілдеген ленталарындай таудан төмен құйылып жатты.

Франклин назарымызды ең көз тартар сарқырамаға аударды, ол қиырдан шамамен 60 метр төменде жартас қап­талындағы тесіктен ағып жатыр екен.

Бұл алмасты сарқырама, аңыз бойынша оның түбінде су жұдырықтай гауһартастармен жарқырайды дейді.

Писани бромелия

Уейассипу төбесіндегі тоғай ішінде Писани бромелиялар арасында бақа іздеп жүр. Әрбір тепуй эволюцияны зерттеудің бірегей мүмкіндігін ұсынады, өйткені олардың шыңындағы көптеген өсімдік пен жан-жануарлар басқа түрлерден мыңдаған жыл оқшау қалған.


Келесі күні таңмен таласа Уейассипуге өрмелей бастадық. Жоспарымыз жол бойы тауға байланған арқандар қалдыра отырып, қолайлы болатын кез келген маршрут арқылы жармен жоғары шығу еді. Жартас дайын болған кезде, Брюсті платформалардың біріне байлап, көтеріп шығару. Ол аспалы платформада отырып тік жартаста жаратылыстың жаңа түрлерін іздеуге тиіс.

Алға ілгерілеуіміз тым баяу еді және кешке қарай Фуко екеуміз қабырғадан шамамен 50 метрдегі жарқабақта жабысып тұрдық. Төбемізде балшық арқан жартастың 8 метрлік көлденең бөлігінде – альпинистер мұны шатыр деп атайды – ирелеңдеп тұр, арқан ол жерде жарғанаттай салбыраған Алекске байланған. Ол «Шығайын ба?» деп айғайлады. Шатырдың соңғы бөлігі суға секіру трамплины тәрізді жардан шығып тұрған тас кесектен кейін еді. Қаншалықты беріктігін кесіп айту қиын. «Ертеңге қалдырған жөн болар, – деді Фуко, – бірер минутта қараңғы түседі».

Басқа ешнәрсе айтпастан Алекс тас жақпардың шетіне созылып, бос кеңістікте ілініп тұрды. Артынша тасқа бекітілгеніне нық сеніммен тас жақпар арқылы қолмен жылжыды. Шамамен бес метрден кейін бір қолын босатып, екінші қолын борға салды.

Джунглиден 60 метр биікте бір қолымен бейқам тұрған қалпына қарап, бірнеше күн бұрын Брюстің саусағына жармасқан малтатас бақасымен таң қаларлық ұқсастық көрдім. Бірнеше секундтан кейін Алекс төбесіндегі басқа бір саңылауға тартылып жетті, тауды қараңғылық басқанға дейін соңғы көргенім – оның жарқабақпен сырғыған аяқтары болды.

Сол түні жартас бөктеріндегі импровизацияланған гамагымызда Алекс, Фуко және мен жоспарды жүзеге асыруға қатысты пікірталастырдық. Бағдарды жасай отырып, Брюсті жартаспен жоғары көтеру күткенімізден гөрі қауіптірек екенін түсіндім. Мені қатты алаңдатқаны – Брюс жүрегіне байланысты қан сұйылтатын дәрі ішетін. Жолға шыққанға дейін мұнысын айтпаған еді. Егер әлдеқалай жарақат алып, қанын тоқтата алмасақ ше?

Сол сәтте төменде джунглиде саңылаудан жарық көрінді – базалық лагерьден берілген белгі. Радионы қосып, Брюстің дауысын естідім. Ол біздің ессіз жоспарымыздан экспедициямыздың дәрігері Брайан Ирвиннің бас тартуға көндіргенін айтты.

«Бұл мені қаншалықты қатты қынжылтатынын айтып жеткізе алмаймын, – деді Брюс. – Фуко герпетофаунаны ерекше жақсы біледі. Мен өзім салған Stefania суретін жіберемін, оның ғылым үшін жаңалық екеніне сенімдімін».

«Жарайды, Брюс, – деді Фуко, – мен бақытты Stefania бақасын табу үшін қолымнан келгенді аянбаймын».

Келесі күні таңда Уейассипудің түбіндегі алқап толықтай біз бірнеше күн өмір сүрген сұр тұманға оранды. Брюстің осы аймақты тұманды орман деп неліктен атағанын енді түсіндім. Кез келген бағытта 30 метрден арғыны көруіміз қиын болды. Жаңбыр сағаттап жауды, абырой болғанда қабырға біз су боп қалмайтындай жарлауыт еді.

Алекс алда келеді, Фуко екеуміз артынан ілесе, жолай саңылау-жарықтардың ішіне үңіліп, кезіккен кез келген топырақты жерді қаза жүріп бақа іздеумен болдық. Тау бөктеріндегі бірнеше күндік тіршілікке керекті заттар салынған ауыр жүктерді әрбір текшеге шыққан сайын, шығыршықты арқанмен тартып алып отыр­дық. Бұл бір болдыртқан күн болды, бар тапқанымыз – арқасында алқызыл жолағы бар қырықаяқ пен етқоректі болуы ықтимал шегіртке ғана. Джунгли үстінде 200 метр биіктікте тар жарқабаққа таяу бекітілген платформаларымызға күн батқан соң ғана діңкелеп жеттік.

Бақалар

Экспедиция кезінде кезіккен бақа түрле­рінің кейбірі:

СОЛ ЖАҚ ШЕТТЕ: Oreophrynella macconnelli бақасы орман жанындағы Дабл-Дроп сарқырамасында тіршілік етеді. Тепуй шыңында тіршілік етпейтін малтатас бақасының ғылымға мәлім екі түрінің біріне жатады.

ЖОҒАРҒЫ ОҢ ЖАҚТА: Stefania бақасының ат қойылмаған түрлері Уейассипу тауының етегіндегі тропикалық орманда табылған.

ТӨМЕНГІ СОЛ ЖАҚТА: Boana roraima ағаш бақасы бромелия жапырақтары арасында тіршілік етеді.

ТӨМЕНГІ ОҢ ЖАҚТА: Nesorohyla kanaima ағаш бақасының көзі ерекше қара болып келеді. «Көз қабықшасы қара болғаны соншалық, сол сияқты қарашығы көрінбейті бақа түрі аз», – дейді Брюс. Бұл түрлі түстіге қарағанда қандай артықшылық беретіні түсініксіз.


Келесі таңда күн шыға платформа есігін ағыттым. Бұлт сейілген, көк аспанда күн жайнап тұр. Төменде бұлттар мұхиты алқапты көмкеріп алған.

Бір шыны-аяқ кофе ішіп, бірнеше энергетикалық батон жеп алған соң, шыңға апарар деген үмітпен текшелермен алға тарттық. Өрмекші торы басқан қалың бұталар арасымен 800 метр жоғары жүріп, бұрыш айнала тепуйдің төбесінен бірақ шығып, үстіртке көз салдық. Бірнеше метрден кейін ауада қалқыған бұлтты орманнан венералық шыбын ұстағышты (Dionaea muscipula) еске салатын етқоректі флорасы бар, юкка және шықшөп жамылған батпаққа шықтық. Брюс екеуміз 2012 жылы зерттеген шұңқыр үстінде екі жартасты төбе алыстан мұнартады.

Жаңбыр басталды. Алқапты жапқан бұлттар шыңның шетіне жиналып, бізді орап алды. Фуко екеуміз саңырауқұлақ пішіндес жартас астынан тасалайтын жер тауып, сол жерге менің панчомды үстімізге брезент қылып жауып, суымыз сорғалай, дірілдей барып паналадық.

Фуко радиобайланыс арқылы Брюске хабарласып: «Осы бақытты Stefania бақасын табуға болатын ең жақсы жер қайсысы?» – деп сұрады. Фукоға жаным ашып кетті, өйткені барлығы күткен жауапкершілік салмағы соның мойнында екенін білемін. Брюс оған аласа ағаштардың бұтақтары мен бұталарға қара деді. Сонымен бірге Stefania бақалары күндіз мүк қопалары ішінде тығылғанды ұнататынын және оларды әдетте түнде, бақа көздері маңдайшам жарығымен түйіскенде табатынын еске салды.

Фуко екеуміз күнді тұман мен жаңбырда өткіздік. Бар олжамыз – бақалардың белгілі түрлерінің бірнеше бақашабағы. Фуко сол түні нөсерге қарамай іздеуге шыққанымен, құр қол қайтты. Бұл бір ірі жеңіліс іспетті еді. Экспедиция фауна өкілдерінің кең ауқымын зерттеу үшін ұйымдастырылса да, басты назар осы тепуйдегі бақаларды, әсіресе, Stefania-ның жаңа түрлерін іздеуге бөлінді.

Рорайма тауы

Гайананың ең биік нүктесі болып саналатын Рорайманың он төрт шақырымдық шығыс беткейі Пайкуа өзені бассейні үстінде мұнартады. Оның төбесіне жиі жауатын жаңбыр суы Оңтүстік Американың басты өзені – Эссекуибо, Амазонка және Оринокоға барып құяды.


Екі күннен кейін азық қорымыз таусылып, таудан түсуге мәжбүр болдық. Брюс Дабл-Дроп сарқырамасының үстіндегі бір күндік жердегі жаңа орынға – «Жайбасар лагеріне» көшкен. Ол темір табақта жатқан резеңке қоңыр бақаның суретін салып, үстелде отыр екен. Далалық зертханасы бақа, кесіртке және жыландар салынған формальгидті әйнек банкаларға толы. Бізді көргенде жайнап сала берді, бірақ көздері қызарып, ісіп кеткен. Сафари жейдесі жыртылып, балшық дақтарына боялыпты.

«Өкінішке қарай, Stefania бақасын таба алмадық», – деді Фуко Брюске қырықаяқ пен шегіртке салынған пакетті ұстатып.

«Ештеңе етпейді, жоғарыдан ешқандай бақа таппағандарыңның өзі ғылыми нәтиже», – деді Брюс. Жүзінен мысқыл байқадым. Ол қоңыр бақаны алып, бізге көрсетті. Аяғына сандар жазылған ақ құлақша іліп қойыпты.

Брюстің бізге жіберген Stefania суретін танып: «Мынау сол ма …?» – деп сұрадым. «ДНҚ талдауын жасамайынша оны біле алмайтын шығармын, – деді Брюс, – бірақ бұл Stefania бақаларының жаңа түрі екеніне 95% сенімдімін». Ол мұның Уейассипу шыңында көп жыл бұрын көрген бақадан өзгеше екенін айтты. Дәл сол бақаны табу үшін Фуко, Алекс үшеуміз жанымызды шүберекке түйіп келгенбіз. Бұл, шамасы, Брюс пен Филипп Кок жылдарын арнаған Stefania эволюциялық ағашындағы жетіспей тұрған тағы бір буын болар.

Брюс бақаны орнына қойып, басқа үлгілерді шығара бастады. «Тауға шық­пағанымның да өзіндік ғажабы бар екен, – деді ол, – бұрын ешбір ғалым зерттемеген мына тұманды орманды мұқият зерделеуге мүмкіндік туды».

Жалпы Брюс ғылым үшін 6 жаңа түр, соның ішінде улы емес сарыбас жылан мен көздерін жұмғанда да көруге мүмкіндік беретін төменгі қабағы бар, көзілдірікті кесірткені ашқанына сенімді еді.

Кешке Брюстің жағдайын талқыладық: ол кері қайта алмайтындай күйде. Жалғыз шешім – апаттық құтқару тікұшағын шақыру.

Дабл-Дроп сарқырамасы

Минс 35 жыл зерттеген тропикалық орманнан кетер алдында бір сәтке Дабл-Дроп сарқырамасы жанында кідірді. 2021 жылғы экспедиция оның Пайкуа өзенінің жоғарғы ағысына жасаған 33-ші және соңғы ғылыми миссиясы болатын, әлі де ашылмаған жаңалықтар көп-ақ. Минстің айтуынша, өңірдегі бақа түрлерінің шамамен тек жартысы анықталған. «Мен тоқтаған жерден басқа біреу жалғастыруы керек», – дейді ол.


Келесі күні тікұшақ Дабл-Дроп сарқырамасының етегіндегі шағын алаңға қонды. Ол бізбен қоштасып, тікұшаққа бет алды. Тік­ұшақ джунгли үстіне көтерілгенде Брюстің терезеден қарап отырғанын көрдім. Оның тұманды орманнан көтерілетін Уейассипу мен Рораймаға, кемпірқосақ пен алмас төккен сарқырамаларға қарағанын сездім.

Кері қайтатын ұзақ жолға дайындалу үшін бұрылғанымда Эдуард мені бір шетке тартты. Ол ішкі қалтасынан өлшемі бұршақтай өңделмеген гауһартас салынған кішкентай пластик құты шығарды. Экспедициямыз біткен соң осы тасты сатып алады деп үміттенсе керек. Титімдей тасты саусақтарым арасында ұстап тұрып, оны табу үшін шахта қазғысы келген кен іздеушілер мен олардың өз отбасыларына бере алатын ақша туралы ойладым. Кіп-кішкене тастың Пайкуа өзені бассейні мен оны қоршаған тепуйлер сияқты соншалық ежелгі әрі әзелгі қалпындағы тұмса табиғатқа қауіп төндіре алатынына таңдай қақтым. Әрі кәрі досымның енді бұл жерді көре алмайтынын, аяқтары арасына қойған су өткізбейтін қапқа салған жаңа жәндік түрлері туралы ойладым.

Егер тепуй құдайлары күлімдеп тұрса, осы жаратылыстардың бірі сирек кездесетін және ерекше мақұлық болғанын әлем Брюс Минстің бұрыннан білетінін ақыр соңында түсінер еді: Эльдорадоның нағыз қазынасы алтын мен алмас емес, ол – осы сиқырлы жерді үйі санайтын өсімдіктер мен жан-жануарлар.

 


Автор: Марк Синнотт, фото: Ренан Өзтүрк

Мақала авторы Марк Синнотт, фотограф Ренан Өзтүрк Эвересте Джорж Маллоридің камерасын іздеу жобасында бірге істеген. Мақала 2020 ж. шілдеде жарияланған.

Толық нұсқасын журналда оқи аласыз.