6Мау

National Geographic Qazaqstan Маңғыстауға экспедициясын бастады

6 маусым күні Ақтауда National Geographic Qazaqstan журналы редакциясының ұйымдастыруымен «Марс пейзаждары» экспедициясы басталды. Алты күнге жоспарланған фотосапар Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отыр.

Экспедицияның негізгі мақсаты – Маңғыстау өлкесінің көз тартар табиғаты мен бірегей ландшафтын жан-жақты көрсететін фотоматериалдар дайынау, сол арқылы ішкі туризмді дамытуға атсалысу.  

Сондай-ақ сапардың қорытындысы бойынша Ақтау қаласында «Марс пейзаждары» деп аталатын фотокөрме ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл жоба аясында National Geographic Qazaqstan редакциясы таңдаған үздік 25 жұмыс көрмеге қойылып, көпшілікке ұсынылмақ.

Айта кетейік, экспедициялық топ құрамында National Geographic Qazaqstan журналының өкілдері, отандық кәсіби фотографтар мен видеографтар, сондай-ақ саяхатшы блогерлер де бар.

Экспедицияның негізгі бағыттарына Тамшалы, Қапамсай, Торыш, Бозжыра, Қызылкүп секілді туристік нысандармен қатар, Бекет Ата, Сұлтан Епе сынды Маңғыстаудың киелі орындары да кіреді.

Фото: Ерболат Шадрахов