ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының ғылыми қызметкерлері, Іле-Балқаш резерватының қызметкерлері ресейлік мамандармен бірлесіп, WWF Қазақстанда жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында «Іле-Балқаш» резерватында жануарлардың ауыру қатерін бағалау жұмыстарын жүргізді.
Жыртқыш аңды жерсіндіру бірқатар ветеринарлық процедуралар мен зерттеулерді қажет етеді. Өйткені сырттан әкелінген аң жергілікті аңдар ауырмаған ауруды тасымалдаушы болуы немесе керісінше өзі жергілікті аңдар арасында таралған ауруларға дайын болмауы мүмкін. Сондықтан, Халықаралық табиғат қорғау одағы (ХТҚО) мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының (OIE) ұсынымдарына сәйкес жерсіндіру қарсаңында Іле-Балқаш резерватында тіршілік ететін жануарлар мен жолбарыстың өзі де ауру таралу ықтималдықтарына зерттелуі керек. Осы жұмыстың нәтижесінде жыртқыш тіршілік ететін жерде және ол жерсіндірілетін жаңа аумақта қандай аурулар бар екенін анықтап, ауру қатерін төмендету бойынша ұсынымдар әзірлеуге болады.
Осы мақсатта қазақстандық мамандар үшін сынама алу бойынша тренинг өткізілді. Оқыту барысы аңды қалай қауіпсіз аулау, сынаманы дұрыс алу, анестезия және сынамаларды зертханаға жөнелтер алдындағы өңдеу жұмыстарын қамтыды.
Бірінші кезеңде аңдар жүретін жерлер зерттеліп, іздері мен сүрлеулері ізделді. Мамандар сынама алу үшін аңды ұстауға темір торды пайдаланды. Бұл – аңды мертіктіруі мүмкін басқа амалдарға қарағанда әлдеқайда тиімді әрі қайтадан босатып жіберуге де ыңғайлы, ізгілікті тәсіл.
Экспедиция үш аптаға жуық уақыт алды. Дала мысығы, түлкі, борсық, қасқыр сияқты аңдарда қауіпті аурулардың бар-жоғын тексеру жоспарланған болатын. Бұл тізімге түрлі дертке бейім үй жануарлары да кірді. Бірінші экспедиция барысында екі борсық пен бір түлкі ұсталды.
Тренинг жетекшісі, ветеринар, Михаил Гончарук осынша қысқа мерзімдегі нәтиже күткендегіден де жоғары болғанын айтады. «Әдетте аңдар торға айлап жуымай қояды, әбден бойы үйренгенде ғана кіреді. Мысалы, Қиыр Шығыста 13 жыл бойы жүргізілген осындай жұмыстар кезінде бір-ақ рет түлкі ұсталған. Өте сақ түлкі торды айналып өтуі не төңкеріп тастауы да мүмкін. Қу түлкі деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан, қысқа уақыт ішінде жүргізілген Іле-Балқаш резерватындағы жұмысты табысты болды деп айта аламыз», дейді Михаил Гончарук.
Жұмыс барысында ҚР БҒМ ҒК Зоология институты, Іле-Балқаш резерваты және WWF мамандары торларды күн сайын тексеріп отырды. Торға аң түсе қалған жағдайда оның күйзеліс алу мүмкіндігін барынша азайту үшін жұмыс толық тыныштықта жүргізілуі керек. Анестезия бұлшық етке салынып, жаунар толық ұйқыға кеткен соң ғана мамандар тексеруге кіріседі. Сосын қан және басқа да сынамалар алынады. Біткен соң аңның наркоздан дұрыс оянғанын, тордан шыққанын, оған ешқандай қауіп төніп тұрмағанын алыстан бақылайды.
«Толыққанды және мықты популяция қалыптасуы үшін жолбарысты әкеліп жібермес бұрын жағдайдың қалай өрбитіндігінің барлық нұсқасы саралануға тиіс. Ол үшін бізге ықтимал аурулар туралы ақпарат қажет. Бұл жұмыс жыртқыштар мен Іле-Балқаш резевартындағы тұтас фаунаның саулығын қорғау үшін айрықша маңызды», – дейді WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц.
Дала жұмыстары аяқталған соң алынған сынама үлгілерінің бәрі тиісінше өңдеуден өткізіліп, сақтау үшін сұйық азоты бар ыдысқа салынды. Оларды әрі қарай тестілеу Қазақстанның сертификатталған зертханаларында жұзеге асырылады.
Жануарлардың ауру қатерлерін бағалау – ресейлік WWF пен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті бірлесіп жүзеге асырып жатқан Жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасының маңызды бөлігі.
Дереккөз: ҚР Зоология институты, https://zool.kz/; wwf.ru
Фото: https://zool.kz/