15Нау

Су проблемасын түсінуге көмектесетін көрме

Нидерланд Корольдігі мен Тәжікстан Республикасының елшіліктері ұйымдастырған «Water=Life» көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен келген фотосуретшілердің 19 үздік туындысы қойылған.

Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Су конференциясы қарсаңында Нидерланд пен Тәжікстан елшіліктерінің өкілдіктері климаттың өзгеруі туралы ақпар тарату үшін Maqsut Narikbayev University-де су мәселесіне арналған көрме ұйымдастырды.

Нидерланд Корольдігінің елшісі Андре Карстенстің айтуынша, теңіз деңгейінің көтерілуімен бірге Орталық Азияның көптеген аймағына қауіп төндіретін қуаңышылық да кейінгі жылдары жиілеп барады. Осы мәселелерді шешу үшін барлығымызға бірлік пен ынтымақтастық қажет. «Біз адамдар мен экожүйенің климат өзгерісіне бейімделуі мен төзімділігін бірлесіп күшейте аламыз. Судың тапшы ресурс екенін де түсінуіміз керек», – деді Нидерланд Корольдігінің елшісі Андре Карстенс көрменің ашылу рәсімінде.

Су тапшылығы Орталық Азия елдері үшін аса өзекті проблемалардың бірі. Арал теңізінің құрғауы салдарынан туындайтын экологиялық-әлеуметтік проблемалар бір ғана өңірдің емес, тұтас әлемдік қоғамдастықтың назарында.

«Орталық Азия аймағы да БҰҰ Су конференциясына дайындыққа  белсенді қатысып жатыр. Біздің елдеріміз жаһандық және халықаралық кездесулер аясында түрлі сессиялар, іс-шаралар, көрмелер ұйымдастырды. Олардың нәтижесінде Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының шешімімен бекітілген БҰҰ Су конференциясына бірлескен мәлімдеме әзірленді», – дейді Тәжікстан Республикасының елшісі Хайрулло Ибодзода.

Ал университеттің басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозованың айтуынша,  су адам денсаулығы, экономикалық даму мен экологиялық тұрақтылық үшін өте маңызды. Оның жетіспеуі не ластануы бәрімізге ауыр зардабын тигізуі мүмкін. «Біздің университет SDSN мүшесі ретінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын қолдайды», – деп атап өтті. А.Кәрібозова.

«Water=Life» көрмесіндегі фотосуреттер су алаптарының сұлулығын паш етіп, адамзаттың Жердегі экологиялық ізі туралы ойландырады. Су мәселелерін тереңірек түсінуге көмектеседі. Көрменің ашылуына Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Испания елшілері және Украина елшілігінің уақытша өкілі қатысты. Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің, Мемлекеттік қызмет академиясының өкілдері, Италия, Португалия, Франция елшіліктерінің дипломаттары мен басқа да сарапшылар қонақ болды.