14Нау

География олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

Астана қаласында «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен және «National Geographic Qazaqstan» журналының қолдауымен география пәнінен өткізілген ІІІ Ұлттық олимпиада өз мәресіне жетті.

7-8 сынып оқушылары арасында өткен олимпиада оқушылардың географиялық зерттеулерге ден қоя отырып, пәнді тереңдетіп оқуға деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен. Осыған орай, «Астана дарыны» орталығы директорының міндетін атқарушы Жанар Бейсенбаева іс-шараға арнайы қатысып, олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.

Сонымен, №72 мектеп-лицейінде өткен Ұлттық олимпиаданың соңғы кезеңіне 116 оқушы өтіп, білімдерін сынады.  Нәтижесінде, 32 оқушы үшінші орын алса, 17 оқушы – екінші, ал 13 оқушы жүлделі бірінші орынға ие болды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы мен «National Geographic Qazaqstan» журналының атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Автор: Әлия Құлахметова

Фото: Ерболат Шадрахов