28Мау

Тянь-Шань қоңыр аюы

Тянь-Шань қоңыр аюы (Ursus arctos isabellinus) – елімізде кездесетін екі аю түрінің бірі.


Қазақстанда сирек кездесетін түр ретінде «Қызыл кітапқа» ІІ санатта енгізілген. Десе де кейінгі жылдары Тянь-Шань қоңыр аюының ел аумағында көбейіп келе жатқандығы айтылады. Қызыл кітапқа енгізілгенге дейін оларды лицензиямен аулау рұқсат етілетін. Аюдың еті мен майы тағам ретінде, терісі аңшылық олжа ретінде құнды болды. Ал аюдың өті халық медицинасында дәрі ретінде пайдаланылды. 1978 жылдан бері Қазақстанда аулауға тыйым салынған.
Әлемде саны тұрақты басқа кіші қоңыр аюлардай емес, дәл осы Тянь-Шань қоңыр аюының саны сирек. Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «қызыл» тізіміне «жойылу қаупі аса жоғары» деген санатпен енгізілген.

Олар дүниежүзі бойынша Непал, Тибет, Батыс Қытай, Солтүстік Үндістан, Солтүстік Пәкістан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанда және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда мекендейді. Біздің елдің аумағында негізінен Жоңғар Алатауында, Тоқсанбай жотасында, Қояндытауда, Алтынемелде, Қайқанда және Тянь-Шань жотасында таралған. Өткен ғасырдың ортасына қарай Қаратаудан жойылып кеткен.
Түгі қалың, өзі ірі, көбіне сары қоңыр немесе қызыл қоңыр түсті. Басы үлкен, мойны жуан, ал аяғы қысқа. Еркектері аналықтардан үлкенірек, салмағы 400 кг-ға дейін, ұзындығы 150-ден 230 см-ге дейін жетеді, ал кірекейінің салмағы 220 кг-ға дейін, ұзындығы 137-183 см шамасында болады. Тянь-Шань аюы қазан айында қысқы ұйқыға кетіп, наурыз-сәуір айларында оянады. Олар апандарын кішігірім үңгірлерден, жартас тауашалары мен ойықтардан, көбінесе таулардың жоғарғы аймақтарынан табады. Ішіне шөп, бұталардан өздеріне «демалатын» орын жасайды. Қыстық апандарын олар бірнеше жыл пайдалануы мүмкін. Күзде қоңданып үлгермеген аюлар қысқы ұйқыға жатпай, жидектердің қалдықтары мен тышқандарды жеп, кейде малға шауып күн көреді. Жазда ағаш не үлкен тастардың саясында қазылған орларда жатады.


Өзге аюлар секілді көру қабілеті әлсіз, әйтсе де иіске сезімтал. Аггресив емес, басын төмен салып жүреді. Қозғалысы баяу, бірақ қажет кезінде 50 км/сағ жылдамдықпен жүгіре алады. Ағашқа жақсы өрмелейді.
Қорек талғамайды: шөп, шөп тамырларымен, басқа да көптеген өсімдік түрімен, шақылдақ, суыр, тоқалтіс сынды кішкентай сүтқоректілермен қоректенеді. Күзде алма, ырғай, итмұрын, таңқурай, өрік, долана, арша, шырғанақ секілді жеміс-жидектерді жеу үшін төменге түседі. Қой-ешкі сияқты ұсақ малды аулағанымен, бұғы, қабандарға тиіспейді. Десе де олардың өлексесі кезіксе жей береді.
Негізінен теңіз деңгейінен 4500-5000 метр биіктікте мекендейді. Таудағы қылқан жапырақты және жапырақты ормандарда, ағаш-бұтасы қалың өскен құздар мен тасты жерлерде жүреді. Әдетте жалғыз тіршілік етеді, тек жұптасу маусымында екі-үш аптадай бірге болуы мүмкін. Еркек аюлар өз аумағында кірекейлерді аңдиды, басқа аталықтармен таласқа түседі. Аналықтың жүктілік мерзімі 4 айдан 6 айға дейін; қысқы ұйқы кезінде 1– 4 қонжық туады. Балалар апаннан шыққанша анасының сүтімен қренктенеді. Әбден жетілгенше, 3-4 жасқа дейін, анасымен бірге тіршілік етеді де, кейін өз аумақтарын құрып дербес өмір сүре бастайды. Тұмса табиғатта 20-30 жыл жасайды.

Фото авторы: Салтөре Сапарбаев