9Нау

Неандертальдар шынымен қандай болды және олар неге жойылды?

40 000 жыл бұрын жоғалып кеткен бұл ежелгі гоминидтер бір кездері қатыгез деп саналды. Бірақ соңғы жаңалықтар олардың бізге өзіміз ойлағаннан да көбірек ұқсайтынын көрсетті.

Неандертальдық әйелдің бұл реконструкциясы ежелгі ДНҚ-ның дәлелдерін қолдану арқылы жасалды. Біздің ежелгі неандертальдар қазіргі адамдарға ұқсас келген, бірақ қабақтары айқын көрінетін, тістері мен көздері үлкен болған. Ғалымдар оларды біз ойлағаннан да ақылды болды деп есептейді.
ДЖО МАКНЕЛЛИДІҢ СУРЕТІ, NAT GEO СУРЕТТЕР ЖИНАҒЫ

1856 жылы Германияның Неандер алқабындағы әктас карьерінің жұмысшылары тасқа айналған сүйектерді тапқанда, аю қалдықтарын таптық деп ойлады. Шындығында, олар тарихты өзгертетін нәрсеге тап болды: ежелгі адамның арғы тегі саналатын, кем дегенде 400 000 – 40 000 жыл бұрын Жер бетінде өмір сүріп, жойылып кеткен түрдің дәлелі.

Көп ұзамай зерттеушілер 19-ғасырдың басында табылып, қате анықталған бұрынғы қазбаларда адамның осы туыстарын кездестіргенін түсінді. Бұл жаңалық эволюцияның жаңа теорияларын зерттеуге ұмтылған ғалымдарды ынталандырып, дүниежүзінде осындай қазба іздеу үдерісіне түрткі болды әрі жұртшылықты бір кездері Еуропада үстемдік еткен жұмбақ туыстық түрдің болу мүмкіндігімен қызықтырды.

Геолог Уильям Кинг атағандай, қазір неандертальдар деп аталатын Homo neanderthalensis – адамның ең жақын туысы. Адамның арғы бабалары туралы білуіміз керек нәрселер, соның ішінде олардың қалай өмір сүргені және неге жойылып кеткені туралы осы жерден біле аласыз.

Горхам үңгірінен табылған басқа неандертальдық қалдықтардың жанында Неандерталь әйелдің бас сүйегі жатыр. Гибралтар жартасының шығыс жағында орналасқан бұл археологиялық орын неандертальдықтардың өмірі туралы маңызды ақпарат берді.
КЕННЕТ ГАРРЕТТІҢ СУРЕТІ, NAT GEO СУРЕТТЕР ЖИНАҒЫ

Неандерталь деген кім?

Бір қарағанда, неандертальдың тасқа айналған сүйектері адамға ұқсас болып көрінеді. Бірақ мұқият қарасақ, біздің ежелгі ата-бабаларымызды қазіргі Homo sapiens-тен ерекшелендіретін сипаттамалары бар.

Неандертальдықтар адамдарға ұқсас, бірақ қабақтары айқын көрінетін, тістері мен көздері үлкен болған. Зерттеушілер неандертальдықтардың миы сопақтау келген болса да, үлкендігі біздікі сияқты болды деп санайды. Неандертальдықтардың миының мөлшері мен құрылымы туралы пікірталастар әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанымен, зерттеушілер олардың орташа бойы шамамен 160 см (5 фут 4 дюйм), ал әйелдің бойы шамамен 150 см (5 фут) болғанына келіседі.

(Сізде неандертальдық ДНҚ сіз ойлағаннан да көп болуы мүмкін.)

Бұл гоминидтер бір кездері бүкіл Еуразияда өмір сүрген. Зерттеушілер түрдің аймақтағы суық климатқа бейімделуіне байланысты неандертальдықтар шағын, массивті бұлшықетке ие болған және өмір сүру үшін күніне 4480 калорияға дейін қажет еткен деп санайды.

Зілдер, пілдер және жүнді мүйізтұмсықтар сияқты мегафауна аңшылықты неандертальдық өмірдің маңызды аспектісіне айналдырды. Шағын топтарда өмір сүріп, көше жүріп, олар етке бай диетаны қанықтыру үшін найза сияқты құралдарды пайдаланды. Сондай-ақ олардың өсімдіктермен де қоректенген. Массачусетс технологиялық институтының геобиологі Айнара Систиаганың айтуынша, бұл неандертальдықтар «әртүрлі жағдайларда, жыл мезгілдері мен климатқа қарай қолжетімді нәрсені жегендігіне» дәлел.

Кейде олар өздерін де жеген: 2016 жылы қазіргі Бельгиядағы үңгірден неандертальдардың қалдықтарын зерттеген ғалымдар «Солтүстік Еуропада неандерталь каннибализмінің айқын дәлелдерін» тапты.

Неандертальдар ақылды болды ма?

Зерттеушілер бастапқыда неандертальдарды тек қарадүрсін ойлау мен аңшылыққа қабілетті қатыгез, түкті бұзақылар деп болжады. Бірақ кейбір ғалымдар олардың адамға өте ұқсас сипаттарына дәлелдер көптеп жинақталғаннан кейін өз ойларын өзгертті.

Неандертальдар қару-жарақ, қырғыштар мен балталар жасау үшін тастарды жарып, үй шаруашылығына және аң аулауға құралдар қолданды. Ағаш өңдеу де кең таралған – олар қазу немесе найза жасау үшін қолданылатын таяқтарды кесіп, жонған.

Неандертальдар шақпақ тас сияқты материалдарды қару, балта және т.б. ретінде қолданылған құралдарды жасау үшін пайдаланды. Бұл құрал үлгісі Испанияның Мадрид маңындағы Лозоя алқабындағы Пинилла-дель-Валледегі қазба жұмыстарынан алынған. 2000 жылдардың басынан бастап мұнда неандертальдардың бірнеше сүйегі табылды.

СУРЕТ: МАРКО АНСАЛОНИ, SCIENCE PHOTO LIBRARY

РОББИ ШОУН, NAT GEO СУРЕТТЕР ЖИНАҒЫ

Неандертальдардың суыққа төтеп беру қабілетіне қарамастан, олар сондай-ақ жануарлардың терісін өңдеп, денесінің 80 пайызына дейін жаба алатын киім жасаған деп саналады. Адамдар сияқты, олар да аяқтарын және дененің басқа сезімтал бөліктерін жапқан деп есептеледі, бірақ киім әлдеқашан ыдырап кеткендіктен, зерттеушілер неандертальдардың қалай киінгенін тек болжай алады.

Неандертальдар символдық ойлауға қабілетті болуы мүмкін деген жаңалық тағы бір жетістік болды. Бірнеше археологиялық орындардан безендірілген бүркіт тырнақтары мен жерлеу рәсімдерінде қолданылуы мүмкін заттар табылды. Кейбіреулердің пікірінше, бұл дамыған ойлау жүйесі мен дәстүрлердің дәлелі. Содан кейін, 2018 жылы зерттеушілер 65 000 жыл бұрынғы жартастағы суреттердің дәлелдерін – осы түрдегі ең көне өнер туындыларын тапқанын хабарлады. Бірақ бұл өнердің абстрактылы табиғаты олардың ақыл-ой қабілеттерінің күрделілігі туралы ғалымдар арасындағы пікірталасты өршітуде.

Неандертальдар қашан және неліктен жойылып кетті?

Олардың танымдық қабілеттері қандай болса да, неандертальдар ақыры жойылды. Бірақ жойылуы да өмірінің басқа аспектілері сияқты даулы әрі ғалымдар оларды шамамен 40 000 жыл бұрын не жойып жібергені туралы әлі дауласып жатыр.  

Зерттеушілерге неандертальдардың Африкада шамамен 300 000 жыл бұрын пайда болған Homo sapiens-пен кей жағдайларда қатар өмір сүргені, тіпті жұптасқаны белгілі. Түрлердің араласуы кейбір заманауи адамдардың неандертальдан шыққанын білдіреді, дегенмен адамдар генетикалық тұрғыдан жеңді. Кейбіреулер неандертальдардың жойылуына адамдармен тамақ пен баспана үшін бәсекелестікке түсуі немесе адамның оңтайлы қасиеттерін таңдаған эволюция ықпал етті деп болжайды. Басқалары неандертальдар шағын топтарда өмір сүргендіктен, олар адамдармен салыстырғанда азшылықта болды деп ойлайды.

Тағы бір гипотеза климаттың өзгеруіне байланысты: ғалымдар Орталық Еуропада шамамен 40 000 жыл бұрын неандертальдардың жойылуымен сәйкес келетін және бұл түрдің жойылуына әкелуі мүмкін мыңжылдық күрт суыту болғанын анықтады. Homo sapiens қоныстанған аудандарда суық азырақ болды деп есептеледі және бұл теорияны ұстанатындар неандертальдық популяция азайғаннан кейін, адамдар сол жерлерге қоныс аударып, ақырында бүкіл әлемдегі басым түрге айналды деп санайды.

Тағы бір теория қарумен байланысты: мүмкін, ежелгі адамдардың қаруы жақсырақ болып, неандертальдарды жеңген болар.

Ардалестегі Андалусия үңгірінде 65000 жыл бұрын салынған Неандерталь үңгірлерінің суреттері. Зерттеушілер мұндай суреттерді Испаниядағы үш үңгірден, соның ішінде осы үңгірден тапты.
ХОРХЕ ГЕРРЕРОНЫҢ СУРЕТІ, AFP/GETTY IMAGES

Қазіргі адамдар және неандертальдық ДНҚ

Олардың жойылып кеткеніне қарамастан, бүгінгі адамдардың кейбірінің генетикалық материалынан неандертальдардың таңғажайып қалдықтарын табуға болады. Арғы тегі Homo sapiens-тің бесігі – Африкадан тарамайтын адамдардың ДНҚ-сының 4 пайызы неандертальдарға тіреледі. Бұл сәйкестік неандертальдардың шынымен адамдармен араласқанын көрсетеді.

Тарихтың бастауын зерттейтін сарапшылар Питер К. Кьергаард, Марк Маслин және Трине Келлберг Нильсен: «Тағдыр тәлкегі сол – әлемнің қазіргі халқы шамамен 8 миллиард адамды құрайды. Бұл Жерде неандертальдық ДНҚ ешқашан көп болмаған дегенді білдіреді», – деп жазады.

Неандертальдар Еуразияны мекендегеннен бері қанша уақыт өткенін ескере отырып, олардың қалай өмір сүріп, қалай жойылғанын дәл айту мүмкін емес. Бірақ адамзаттың арғы бабаларының осы құпиясы мен олардың бізге қатты ұқсағанына меңзейтін нәрселер зерттеулер мен даулы пікірталастарға  күні бүгінге дейін тамызық болып отыр.

Авторы: Эрин Блэйкмор

Ағылшын тілінен аударған Әлия Құлахметова