7Нау

Орманшы арулар

Орман шаруашылығы кейде ер адамдар айналысатын іс секілді көрінеді. Шын мәнісінде, бұл санамыздағы таптаурын түсінік қана.  Оған жиырма жылдай ғұмырын осы салаға арнап келе жатқан Гүлназира, Күлпан және Айгүл ханымдар мысал бола алады.

«Аса құнды орман алқаптары» санатына жататын «Ертіс орманы» табиғи резерваты Шалдай және Бесқарағай деп аталатын орман шаруашылықтарының бірігуінен құрылған. Павлодар облысындағы Шарбақты мен Аққулы аудандарына созылып жатқан резерват көлемі 277 961 гектар аумақты алып жатса, соның 160 538 гектары орманды алқап. Жергілікті жұрттың осынау көрікті табиғат туралы тамсана әрі сүйіспеншілікпен айтатындарына қарап-ақ, қолда бар алтынын ерекше қадірлейтінін аңғаруға болады.  

Табиғатқа жанашыр Гүлназира Қайыртасқызы Ноке осы нулы орманның қауіпсіздігін қадағалап, «Новый Завод» орманшылығының өзіне тапсырылған учаскесіндегі 7140 гектар аумағын қорғап жүрген нәзік жандардың бірі. Осы жердің орман шебері. Орман шаруашылығында 20 жыл жұмыс өтілі бар. Тәуліктің қай сағаты болмасын орманшылықты аралап, табиғатты қорғау заңнамасының бұзылмауын жіті бақылайды. Яғни, браконьерлердің аң-құстарды заңсыз аулауына және ағаштарды заңсыз кесуге жол бермейді. 1967 жылы дүниеге келген Гүлназира Нокенің осы салада қызмет ету бала кездегі арманы болған екен. Әкесі қызының дәрігер болғанын қалағанымен, жүрек қалауы бәрібір өзінікін жасатыпты.

«Маған әкемнің жұмысы бала кезімнен қызық еді, сондықтан оның тәжірибесін бойыма сіңіріп өстім. Ол да орман шебері болды. Ал 5-сыныпта оқып жүріп анаммен бірге орман дақылдарын арамшөптерден тазартуға баратынмын. 10 сыныптан кейін орманшы оқуына түскім келген еді, әкем дәрігер болғанымды қалап, медициналық білім алдым. Бірақ бір жыл жұмыс істегеннен кейін бұл саладан кетіп, Бурабай ауыл шаруашылығы техникумында орман шаруашылығы мамандығын оқып шықтым. Қазіргі кәсібім өзіме қатты ұнайды», – дейді Гүлназира Ноке.

Оның анасы да орман шаруашылығында радист қызметін атқарыпты. Атасы 1947 жылы Шошқалы ауылына келіп, ағаш кесу зауытында еңбек еткен. Жұбайы да мемлекеттік инспектор болған, алайда тағдырдың жазуымен үш жыл бұрын өмірден озыпты. Қазір бір бауыры да осында мемлекеттік инспектор болса, келіні радист болып жұмыс істейді. Яғни, бұл әулет ата жолын осы күнге дейін жалғастырып келе жатыр.

Гүлназира тұрып жатқан Шошқалы ауылы орталық саналатын Шалдайдан 18 шақырым жерде орналасқан. Мұнда бүгінде бар-жоғы 10 шақты шаңырақ қалған. Ауылдықтардың барлығы дерлік орманшы болып жұмыс істейді әрі мал ұстайды. Себебі басқа кәсіп жоқ. Жастар жағы болашағын қаламен байланыстырған көрінеді.

‒ Қатарымыз жаңа кадрлармен толығуы үшін орманшылардың жалақысын көбейткен дұрыс шығар әрі ауылымызды да сақтап қаламыз, әйтпесе аз ақшаға ешкім келгісі келмейді. Биыл еңбекақыға аз-мұз қаражат қосылған, екінші жарты жылдықта тағы өседі деген хабар бар.  Орманшылықтың алдында тұрған міндет – оны сақтап қалу ғана емес, ауқымын да ұлғайту. Себебі елде орманды жерлер аз. Біздің орманшылықтың жалпы аумағы 14 715 гектар, соның 7140 гектары – менің жауапкершілігімде. Орманда заң бұзушылықтардың болмауын қамтамасыз ету ғана емес, орман зиянкестері мен ауруларының таралуына жол бермеу, орманның басты жауы – орман өртінің алдын-алу шараларын белгілеу, жаңа орман өсіру және әлсіз екпелерге күтім жасау жұмыстары да міндетімізге кіреді, – дейді Гүлназира Ноке.     

Расында да, Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттердің қатарына жатады. Орман алқабы ел аумағының небәрі 5 пайызын құрайды. Ендеше жасыл-желектің ауқымы ұлғая түскені барлығымыз үшін де маңызды.

Жалпы, «Ертіс орманы» табиғи резерватында 16 орманшылық бар. Бұл мекен несімен көз тартады дейсіз ғой? 2003 жылы резерваттың аумағында  өсімдіктердің 84 түрі болса, екі жарым жыл бұрынғы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өсімдіктің 226 түрі анықталыпты. Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі мекендейді. Былтырғы санақ қорытындысы резерват аумағында бұланның саны 55 дарақтан 190-ға, еліктер 190-нан 690-ға дейін өскенін көрсетті.

Көркіне көз тоймайтын бұл жерді Күлпан Құрманғалиеваның да қимайтыны сондықтан. Оның орман шаруашылығында 24 жыл жұмыс өтілі бар. Бірінші кейіпкеріміз Гүлназира Нокемен түйдей құрдас, 1967  жылы дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Күлпан Құрманғалиева он жылдан кейін орман шаруашылығына бет бұрған. Алғашында Шошқалы орманшылығының өрт-химиялық стансасының радиооператоры болған ол, кейін мемлекеттік инпектор көмекшісі қызметін атқарған. Бүгінгі таңда «Ертіс орманы» табиғи резерваты Шалдай филиалы Шошқалы орманшылығының аумақты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы.

38 жыл бұрын Ближний Бузулань ауылына келін болып түскеннен бері осы жердің табиғатына ерекше ғашық екенін айтады.

–  Екі балам қалада, бізді де сонда шақырады. Себебі мұнда байланыс болмай қалады, мектеп те, дүкендер де жоқ, 6-7 үй бар (бұрын үлкен ауыл болған), соған қарамастан осы ауылдың табиғатын қимаймын. Зейнетке де осы жерден шығатын шығармын. Бізде жүз жылдық және одан да көп жасаған қарағайлар бар. Бұл денсаулыққа пайдалы. Емдік өсімдіктер де көп. Итмұрын, саңырауқұлақ, құлпынай, қарақат өседі. Аңдардан елік, бұлан, қабан, түлкі бар. Жұмысымыз – осы керемет табиғатымызды қорғау, – дейді.    

Жұбайы Қарағұл Исмаков та бүкіл ғұмырын осы салаға арнаған. 1980 жылдары алғаш рет емен ағаштарын отырғызыпты, 1985 жылы өз қолымен жасанды өзен жасаған екен. Өкінішке қарай, төрт жыл бұрын сал ауруына шалдығып, арбаға таңылып отыр.

–  Негізі Құрманғалиев әулеті осы салада 400 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Ата-енем де, жұбайым да, оның іні-қарындастары да орманшылықта еңбек етті. Бір жылы Астанаға барып, осы салада ұзақ жылдан бері еңбек сіңіріп келе жатқан әулет ретінде республикалық байқаудан бірінші орынды жеңіп алған едік, – деп еске алды.

Жалпы, «Ертіс орманы» табиғи резерватында, баспасөз хатшысы Арайлым Атығаеваның айтуынша, талай жылдан бері ұрпақ сабақтастығын сақтап келе жатқан 100-ден астам орманшы әулеті бар екен. Бұл да адамның сүйікті кәсібіне деген адалдығының көрсеткіші болар деп түйдік.  

1968 жылы дүниеге келген Айгүл Уәлиеваның да орман шаруашылығында 22 жыл жұмыс өтілі бар. Ол 2001 жылдан бері маусымдық өрт сөндіру бригадасының жұмыскері, орманшы, өрт мұнарасының бақылаушысы, орман шебері, Шалдай филиалының Садық-Ащы орманшылығы орманшысының көмекшісі болып жұмыс істеді. Қызмет барысында біліктілігінің, қажырлылығының арқасында Шалдай филиалының Садық-Ащы орманшылығының бас орманшы-мемлекеттік инспекторының орынбасары болып тағайындалған.

–  Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжым тату, көбі жастар. Жасы үлкен орманшылар өзінен кейінгілерге білгенін үйретеді. Жалпы, кез-келген жұмыс қиын, алайда жасап жатқан ісің өзіңе ұнаса, соның өзі адамға қуаныш сыйлайды. Әттеген-айы – жалақы мөлшері аз, талап күшті. Сондықтан еңбекақы жұмыстың ауыртпалығына сай келсе екен деген тілек бар, – дейді Айгүл Уәлиева.   

Садық-Ащы ауылының бойымен өтетін туристер де аз емес екен. Мұнда қонақ күтетін бөлмелері, моншасы, ойын алаңы бар «Қарағай алаңы» деген қонақ үй бар. Туристерге коньки, шаңғы тебу, атқа міну сияқты қызмет түрлері ұсынылады. Алдағы уақытта тұзды және тұщы көл жасау жоспарланып отыр. «Уахит Хазірет» қасиетті орнына Қазақстанның әр өлкесінен ғана емес, шет елдерден де адамдар келіп жатады екен.

– Біз реликті қарағайлы мекенімізге келген қонақтарымызды ерекше қуанышпен қарсы аламыз. Орман – еліміздің байлығы, себебі бізде орманды алқаптар аз. Ал ағаштар мен өсімдіктер біздің жұтатын ауамызды ластанудан, Жерді құрғап кетуден сақтап отырады. Бұл орманымызда тиін, қоян, бұлан, түлкі, сілеусін, қабан сияқты жабайы аңдар бар. Еліктер көбейді. Көктем мен күзде өзенге аққулар ұшып келіп, 2-3 апта бойы осы жерді мекендейді. Емдік өсімдіктердің де түр-түрі бар. Сондықтан қазіргі кезде қаражат пен күшімізді орман шаруашылығын дамытуға жұмсағанымыз дұрыс деп санаймын», – дейді ойымен бөліскен Айгүл Уәлиева.

Бүгінгі баянымыздың кейіпкері болған үш орманшы да биыл құрылғанына да 20 жыл толып отырған Павлодар облысы аумағындағы «Ертіс орманы» табиғи резерватында білек сыбана еңбек етіп жүр.

Біз өз кезегімізде National Geographic журналы атынан орманшы аруларға зор денсаулық, бақ-береке және аса маңызды қызметтерінің жемісті һәм табысты болуын тілейміз.

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ, журналист