15Сәу

Технология өлімді кейінге шегере ала ма?  

Күндердің бір күнінде адамның жүрегіне жасалатын операция күретамырларымызды тексеріп, түйнектерді жоя алатын кішкентай роботтардың көмегі арқылы түбегейлі өзгереді.
PIXOLOGICSTUDIO көмегімен салынған сурет, ғылыми фотокітапхана

3D арқылы басып шығарылған ағзалар, алып жүруге ыңғайлы ультрадыбыстық құрылғылар, қан тамырларын тексеріп, түйнектерді жоятын наноботтар – осының бәрі таяу болашақтағы медицина.

Жүрек талмасының қалай болатынын жақсы білетін боларсыз: күретамырлардың қабырғаларында түйнектер пайда болады да, қан жолдарын тарылтып, жол бөгеті сияқты қан ағымын бұзады. Ақырында күретамырлар бітеліп, жүрекке қажетті мөлшерде қан жеткізе алмайды. Соның салдарынан оттегі жетпей, адам жүрек талмасына не инсультке ұшырайды.

Жүрек талмасын емдеудің стент не шунт арқылы күретамырларды тазарту немесе қан бағытын өзгерту секілді бірқатар әдісі бар. Бірақ бұл тәсілдердің сүмбілеу, жүрекке ашық ота жасау, оңалу мерзімінің ұзақтығы, қанайналым жүйесінің бұзылуы сынды ауыр салдарлары болуы мүмкін.  Ал түйнектерді жоя алатын наноботтар сияқты жаңа технологиялар өміріміздің ұзақ әрі саламатты болуына көмектеседі. Олардың игілігін де көп ұзамай көретін боламыз.

Мына компьютерлік симуляцияда наноробот қан тамырындағы түйнекті тауып, оны жойып жатыр.
Володимр Хорбовыйдың иллюстрациясы, ISTOCK/GETTY IMAGES PLUS

Ағзаның немесе ұлпалардың қалпына келуі

Харвард профессоры адамның тізе буынын ұстап тұратын сіңірдің алдыңғысын өзге адамның, жануардың немесе сол адамның басқа дене мүшесінің сіңірімен алмастыру арқылы емес, өздігінен жазуға мүмкіндік беретін әдіс табуға жұмыс істеп жатыр.

Бұл әдіс бойынша, науқастың қаны, өсу факторлары және қайта белсендірілген діңгекті жасушалары толтырылған құмсағат тәрізді губка енгізіліп, ол үзілген бөліктерді жалғайтын көпірдің рөлін атқарады. Көпір бөліктері өсіп, үзілген тұстарды біріктіреді. Осылайша, басқа жұмсақ ұлпаларды қолданатын инвазивті әдіске жүгінудің қажеті болмайды.

Мұндай жолмен емдеу спорт көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, көбіне егде жаста осы жарақатты қазіргідей тәсілмен емдеуден туындайтын артриттің даму жиілігін төмендетуге көмектеседі.

Мына тізе буыны бірнеше рет қалпына келтірілген. Бірақ трансплантат хирургиялық бұрамалар көмегімен байланысып тұр. Күндердің күнінде, біз имплант қолданбай-ақ, жаңа сіңір өсіру үшін өз денеміздің бөлшегін пайдаланатын боламыз.
Питершорт түсірген сурет, GETTY IMAGES

Жасанды дене мүшелері

Біз ұзақ өмір сүрудің алтын стандарты деп санауға болатын нәрсеге – генетикалық қалпына келтірілген немесе жасанды жүрек жасауға жақындап қалған сияқтымыз. Кливленд клиникасының зерттеушілері егер қаражаттан шектелмесе, үш жылдан аз уақыт ішінде жүрек өсіріп, оны адамға енгізе  алар едік деп есептейді.

Біз мұны 3D арқылы басып шығарылған дене мүшелерінен – ұлпа сияқты қызмет ететін механизмдер мен материалдардан (тіпті covid-19 кәдімгі өкпедегі сияқты дамитын тіндерді басып шығарады, сондықтан оларды ықтимал емдеу мен вирусқа қарсы препараттарды зерттеу үшін қолдануға болады) көріп отырмыз.  Жақында аустралиялық компания жарадан не күйіктен зақымданған теріні қалпына келтіру үшін қолдануға болатын, адамның тері жасушаларын басып шығаратын робот-құрылғы жасады.

Денеңіздің барлық бөлігінің бұлтты жүйеде сақталатын компьютерлік кодын елестетіп көріңізші: сіз бұл ақпаратты қажет болған жағдайда 3D басып шығаруға қолдана аласыз. Қатерлі ісікке шалдыққна сүйек бөлігін кесіп тастап, орнына пішін, өлшемі мен беріктігі тура сондай жаңа нұсқасымен ауыстыра аласыз. Бұған алдағы 10 жыл ішінде қол жеткізуіміз мүмкін.

Протеинмен жасалатын айла-шарғы

Егер сіз ағза немесе дененің бір бөлігінің қайта өсуін жобалай алсаңыз немесе дененің қалай жұмыс істейтінін басқара алсаңыз не болар еді? Мысалы, Кореяда зерттеушілер жұмыр құрт жасушаларындағы ақуыздардың белсенділігін өзгертетін, қартаюға қарсы препараттарды сынап жатыр; олар жасушалық энергия аз болған кезде, қантты энергияға айналдыру үшін, денеге әсер ету арқылы жұмыс істейді. Бұл технологияның арқасында, жолы болғыш құрттар өз өмірін ұзартты деуге болады.

Қалпына келтіру құралдары

Технологиялық жетістіктер ұзақ өмір сүруге қалай пайдасын тигізетіні туралы ойлаудың жақсы жолы –  уақыт өте тозатын жүрек қақпақшаларына қатысты қаншалықты алысқа жеткенімізді қарастыру. 85 пен 95 жас аралығындағы адамдардың шамамен 10 пайызы жүрек қақпақшаларын жөндеуге немесе ауыстыруға мәжбүр, ал 65 жастан асқан адамдардың 25 пайызында жүрек қақпақшалары қызметі қандай да бір өзгеріске ұшырайды.

Жүрек қақпақшаларын ауыстыру емшарасы бұрын ашық жүрек операциясын қамтитындықтан, жүректі мәжбүрлі түрде тоқтатуды және қан айналымын қамтамасыз ету үшін сорғыны пайдалануды қажет ететін. Ал мұның тәуекелі жоғары еді. Жүрек қақпақшасына ашық операция жасатқан пациенттердің 17 пайызында психикалық функция нашарлағаны байқалған.

Бүгінде аз инвазивті хирургия қақпақшаны жүрекке қан тамырлары арқылы беру жолымен ауыстырылады. Әрине, бұл да жүрекке жасалатын операция болғандықтан, әлі де қауіпті болуы мүмкін.  Бірақ ол адамның әлдеқайда жылдамырақ қалпына келуіне мүмкіндік береді.

Жоғары технологиялық ойыншықтар

Жасанды интеллект, виртуалды шындық, жаңартылған технологиялар, дерек жинаудың жақсаруы сияқты нәрселер біздің денсаулық туралы ойымызды өзгертіп жатыр. Бізде COVID-19 карантині кезінде өте қажет болған дәрігермен дереу байланыстырып, кеңес алуға көмектесетін телемедицина сияқты қосымшалары бар. Бұл қосымшалар бұрын мүмкін болмаған қашықтықтан медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Ал келесі буын технологиясы шыққанда не болады?

Деректерді жақсырақ жинау әдісі дәрі-дәрмек әзірлеуді жақсартуы мүмкін. Алып жүретін (тағып алатын) құрылғылар іс-әрекетіңізді бақылап қана қоймай, болашағыңызды да болжай алады. Жасанды интеллект жүрек қақпақшасының тоза бастағанын ол сізге қандай да бір қиындық тудырмай тұрып айтады. Қолжетімді диагностика болашақта осындай түйткілдердің тууын кейінге шегеруге болатынын білдіреді.

Йель университетінің зерттеуші-генетигі алып жүруге ыңғайлы ультрадыбыстық құрылғы ойлап тапты. Онысы 100 000 долларлық ультрадыбыстық аппарат сияқты жоғары жоғары айқындылыққа ие болмаса да, 2000 доллар тұратын құрылғы сауықтыру орындарына барған адамдар үшін сканерлеуді қарапайым әрі үйреншікті нәрсеге айналдыра алады. Мұндай сканерлеу дәрігерлердің кімге профилактика ұсынып, кімді әлдеқайда саламатты өмір салтына бағыттауы керек екенін жеңілдетуге тиіс.

Өлімді кейінге қалдыруды ақшаға сатып алуға бола ма?

Біз технология индустриясының барлық салада қарқынды өскенін  көретін боламыз. CNBC-дің таяудағы есебінде «өлімді кейінге шегеру» нарығы үлкен деректер, жасанды интеллект, ген өңдеу, тамақ өнеркәсібі және ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек сияқты нәрселерге баса назар аудара отырып, 600 миллиард долларға дейін өсетіні айтылған.

Әрине, «өлімді кейінге шегеру» жетістіктерінің бастапқы құны алғашқы инновациялар сияқты жоғары болады.  Бірақ уақыт өте тез төмендейтіні анық. Бір кездері ғылыми фантастика болған зат бірте-бірте қымбат шындыққа айналып, көп ұзамай кең таралған, қолжетімді нәрсеге (тәжірибеге) айналады.

Бұл өзгерістер орта жастан-ақ біздің сау-саламатты өмірімізді ұзартып, өмір сүру сапасын жақсартады, ең жақсы жылдарымызды кемінде екі есе арттырады. Сірә да ұзақ өмір сүру үшін бір ғана сиқырлы дәрі не әмбебап шешім бола қоймас. Алайда осы жетістіктердің жиынтығы ұзақ өмір сүруге кешенді ықпалын тигізетін болады. Бірақ қандай жаңа технология немесе әзірлеме өміріңізді сақтайтынын не өзгертетінін, бүгін де, ертең де жас болып қалуға қайсысы көмектесетінін ешқашан тап басып біле алмайсыз.

Авторлары: Майкл Ф. Ройзен және Питер Линнеман