6Мам

Рапс жапырақжемірі (видео)

Сәуірдің ортасында Алматы облысы Кеген ауданы егістіктерін жаппай қара құрт басқаны туралы бейнежазбалар әлеуметтік желі арқылы біраз дүрліктірді. Аяқ басар жер қалдырмай жыбырлаған, өсімдік атаулыны жаппай жеп жатқан құрттар шынымен де үрей шақыратындай еді. Қарабұлақ, Жалағаш, Жылысай, Ұзынбұлақ ауылдық округтерінің бос жатқан егістіктерін, жайылым мен  шабындықтарын қоса алғанда, 2132 гектар жерді құрт басқан. Жұрт бұрын-соңды көзге түсе қоймаған оның қайдан шыққанын білмей дал болды. Әйтеуір көп ұзамай, мамандар қандай құрт екенін анықтап, тиісті зарарсыздандыру шаралары қолға алынды.

Бұл зиянкес бұрыннан бар ма еді? Әлде сырттан келді ме? Неліктен биыл осыншалық көбейіп кетті? Осы сауалдардың жауаптарын іздеп, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының энтомологі Ізбасар Темрешевке хабарластық. Ол бізге 2024 жылғы 19 сәуірдегі зерттеу негізінде зиянкестің рапс жапырақжемірі екені анықталғанын айтты. ҚазӨҚКҒЗИ мамандарының мәліметіне сүйенсек, бұл зиянкес Еуропада, Ресейдің еуропалық бөлігінде, Кавказ, Түркия, Сібір, Қытай, АҚШ елдерінде және  Қазақстанның батыс, солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында тіршілік етеді екен.

Рапс жапырақжемірі крестгүлді дақылдар жапырағымен қоректенеді. Мұндай өсімдіктердің қатарында рапс, қыша, қырыққабат, зімбір және Brassiceae (қырыққабат тұқымдасы) бар. Жәндік жұмыртқа кезінде топырақта қыстайды. Сәуірдің аяғы мен мамырдың басында құртқа айналып, жер бетіне шығады. Жапырақтардың өзегінен өзге бөлігін түк қалдырмай жейді. Рапс пен қышаның кештеу егілетін сұрыптарының ғана бұл зиянкестен зардап шегу ықтималдығы төмен.

Ізбасар Исатайұлының айтуынша, температура жоғарылағанда қоңыздардың дамуы диапаузаға түседі. Ал тамыз-қыркүйек айларында орташа температура төмендеп, белсенділігі артады. Сол кезде қайтадан крестгүлді дақылдардың тұқымын, жапырақтары мен жас бүршіктерін жей бастайды. Бір аналық жапырақжегіш 180-250 жұмыртқа салады. Егер күз жылы болса, олар қоңызға айналып үлгереді. Қыстан тірі шыққан дернәсілдердің үлесі жоғары болса, көктемде рапс жапырақжегішінен келетін зиян көп. Жапырақжегіш жылусүйгіш жәндік. Құрғақшылық оның таралуы мен көбеюіне ықпал етеді.

Қауіпті шегінен 300-500 есе асып түсті

1 шаршы метрде үш ересек құрттың болуы оның экономикалық зияндылық шегіне жеткенін білдіреді. Мұндай жағдайда рапс жапырақжегішімен химиялық күресті бастау керек. Кеген ауданындағы зерттелген учаскелерде зиянкестердің саны қауіптің шегінен 300-500 есе асып түскен дейді энтомолог. Зерттеу барысында 1-4 жас аралығындағы құрттар мен ересек құрттар анықталған. «Болжам бойынша ауа райы мамыр айында 40 градусқа дейін ысиды. Температураның жоғарылуы термофильді зиянкестің дамуы мен көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Құрттың жаппай көбеюі мен таралуы облыстың басқа аудандарында рапс тұқымдастары егістігінде болуы мүмкін. Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер тізімінде зиянкестің дәл осы түріне қарсы тіркелген препараттар жоқ. Жапырақ қоңыздары тұқымдасына жататын (колорадо қоңызы, пьявица, нан бүргелері және т.б.) зиянкестерге қарсы тіркелген пестицидтерді қолдануға болады», – дейді энтомолог Ізбасар Исатайұлы.

Құрттың жаппай шығуына не себеп?

Рапс жапырақжегіші биыл ғана пайда болды ма? Бұл туралы ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Кеген аудандық филиалының басшысы Болат Манатұлынан сұрадық. Оның айтуынша, бұдан бұрынғы жылдары да Кеген алқаптарында рапс жапырақжегіш құрттары болған. Бірақ биылғыдай шектен тыс көбеймеген. «Рапс жапырақжемірінің қоңызы мен жұмыртқасы қыстап шыққан соң, ерте көктемде балаң құрттары крестгүлді өсімдіктерді жеп, зиянын тигізеді. Балаң құрттар 3-4 жасқа толған соң қайтадан топырақ қабатына еніп, 15-20 күн қуыршақтану кезеңінде болады. Осыдан кейін қоңызға айналып, топырақтан шыға келе өсімдіктермен қоректене бастайды. Қоңыздардың дипауза кезеңі жазғы ыстыққа тура келеді. Олар бұл уақытта топырақ қабатына енеді. Күзде, шамамен қыркүйекте жұптасуға шығып жұмыртқалайды», – дейді Болат Манатұлы.

Маманның сөзіне қарағанда, биылғы ауа райы зиянкестердің қыстап шығуына қолайлы болған. Ерте көктемде де ауа райы жылы болды. Ал рапс жапырақжемірі жылусүйгіш жәндік. Сондықтан оның жаппай шығуының басты себебі ретінде күннің жылынуы қарастырылып отыр.

Зиянкесті улау шаралары

Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімовтің айтуынша, зиянкеске қарсы алғашқыда қолда бар «Би-58», яғни колорадо қоңызына қарсы препарат қолданылған. Сосын фитосанитар мамандардың нұсқауымен Қытайда өндірілген «Карат супер» инсектициді себіліп, қауіп айтарлықтай сейілген.

Автор: Жазира БЕКБОЛАТОВА