6Мам

Жаһанды кезген жолаушы

Саңырауқұлақтар шартарапқа таралып жатыр. Салдары қандай?

Авторы: САРА Гиббенс, фото: БИАГОРАСТОС ПАПАТСАНИС

Laccaria amethystina. Мына уытты сұлулық өзінің күлгін қалпақшасының астына күшәннің көп мөлшерін жинайды.

Энн Приңгл Сан-Францисконың солтүстігіндегі Томалес Бэй мемлекеттік саябағында егістік алқабында саңырауқұлақтарды зерттеп жүргенде, әлемдегі ең қауіпті саңырауқұлақтардың бірі –
бозарамқұлақ (Amanita phalloides) қаулап өскен алапқа тап болды. «Жаппай зақымданған өлім алқабы еді»,– дейді Приңгл.

Бұл 20 жыл бұрын, қазір Уисконсин Мэдисон университетінің микологі Приңгл Берклидегі Калифорния университетінде зерттеу жасап жүрген кезде болған еді. Мұнда өлімге әкелетін саңырауқұлақтың соншалық көп таралғанына қарамастан, оның төркіні Калифорния жағалауларынан емес деген алыпқашпа сөз тарады. Алты жылдан соң, көптеген ДНҚ секвенирлеуінен кейін, Приңгл қауесетті растады: Солтүстік Америкадағы бозарамқұлақтар арғы тегі еуропалық болуы мүмкін бас­қыншы түр болып шықты.

Бүгінде бастапқы диапазоны­нан мыңдаған шақырым қашықтан табылған осы түр саңырауқұлақтарға байланысты улану жағдайларының көпшілігіне жа­­уапты. Оның күшті уыты ағзаға түскен соң, алты сағат ішінде әсер ете бастайды: адамның іші ауырып, жүрегі айнып, құсады. Дер кезінде емдемесе, өлімге әкелетін бауыр жеткіліксіздігіне ұшыратуы мүмкін.

Алайда бозарамқұлақтар адамдарды өлтіру үшін эволюцияланған жоқ. Бұл саңырауқұлақтар микориза саңырауқұлақтарына жатады. Олар топырақта өніп, ағаш тамырларына шырматыла өсетін саңырауқұлақ жіпшелерінің шатасуынан пайда болып, ағаштарға қоректік заттарды сіңіруге көмектеседі. Мұнысы Приңгл секілді ғалымдарды еліктіреді әрі алаңдатады. Олар адамзаттың саңырауқұлақ патшалығы туралы түсінігі таяз әрі біз осы жерасты желілері өзгеріске ұшыраса не болатынын біл­мейміз дейді.

Кейінгі бір ғасырда біздің әлем бір-бірімен тығыз байланыса түсті. Бозарамқұлақ сияқты саңырауқұлақтар да жер-жаһанға жайыла бастады: кейбірі импортталған өсімдіктерге «мінгессе», кейбірін жүздеген километрге жел айдап апарады. Қазіргі климат өзгерісі осы организмдердің көпшілігіне бір кездері тым суық не құрғақ болған экожүйелерде өркендеуіне мүмкіндік береді. Ал біз мұндай өзгерістерге, болашақтың «тосын сыйына» дайын болмауымыз әбден мүмкін.

Oudemansiella mucida. Олимп тауындағы шамшат ағашында өсетін «мұнаралы» фарфор саңырауқұлақтарының биіктігі 2,5-тен 8 сантиметрге дейін жетеді.

Бір жағынан, саңырауқұ­лақтар – біз енді-енді аң­­ғарып жатқан жердегі жасырын әлем. Олар өсімдіктер секілді топырақта өседі әрі жеуге жарамды сабақтары болады, бірақ олардың көптеген сипаттамасы толығымен өсімдікке ұқсамайды. Өсімдіктердің жасуша қабырғалары целлюлозадан құралса, саңырауқұлақтардікі жәндіктер мен шаянтәрізділердің экзоқаңқасында болатын хитиннен тұрады. Оның үстіне, саңырауқұлақтар – гетеротрофтар, олар басқа организмдерді жей алады: арнайы фермент бөліп, көбіне ағаш пен өлі өсім­дік қалдықтарын ыдыратып, өзіне қайта сіңіреді. Саңырауқұлақтар болмаса, өсім­дік қалдықтары мен өлекселер орман табанында үйіліп жатар еді, ал ағаштардың көпшілігіне өмір сүруге қажет қоректік заттарды табу қиынға соғар еді.

Пөрдю университетіндегі саңырауқұ­лақтар кураторы Раберн Симмонс: «Олар жануарларға сіз ойлағаннан да жақынырақ болуы мүмкін», – дейді.

Бір миллиард жылдан астам уақыт ішінде саңырауқұлақтар белгілі бір ортада, кейде бір ғана басқа түрмен се­­ріктестікте өмір сүру үшін дамыған. Бі­­рақ саңырауқұлақ ондаған не мыңдаған шақырымға сапар шексе, осы күрделі қарым-қатынас бұзылып кетуі мүмкін. «Бұл саңырауқұлақ қоздырғыштарының тамаша дауылы», – дейді өсімдік ауруларының таралуын модельдейтін Уоруик университетінің эпидемиологі Стивен Парнелл.

Түрлі репродукциялық стратегиялар саңырауқұлақтың тірі қалуына көмектеседі. Жаңа тіршілік ортасында әртүрлі түрлердің ауадағы споралары араласуы мүмкін немесе саңырауқұлақтар жерасты желілерін құрайтын жіпшелерін біріктіруі мүмкін. Тіпті болмаса, олардың көбі жыныссыз жолмен де көбейе алады.

«Климат пен ландшафт адам сенгісіз жылдамдықпен өзгерген сайын, бұл репродукциялық ерекшеліктері саңырауқұлақтарды бірегей әрі үрейлі бейімделгіш ағза етеді», – дейді Парнелл. Жаңа жағдайларда бөтен саңырауқұлақтар тез таралып, тіпті айналасындағы жер бедерін өзгерте алады.

Аустралия ұлттық университетінің экологі Бен Шиеле: «Біз биологиялық материалды әлдеқашан бөлініп кеткен құрлықтар арқылы санаулы сағаттар ішінде бүкіл әлемге тасымалдаудамыз. Сөйтіп, Пангея құрлығын қайта құрап алғандаймыз», – дейді.

Pluteus cervinus. Келесі ұрпағы мен өсім цикліне жол аша отырып, Олимп тауындағы бұғы саңырауқұлақтың шашылған споралары ауада тербеледі.

Өткен күзде Приңгл мен оның бір студенті апта бойы Ұлыбритания, Мажарстан, Франция мен Польшаның «алтын жалатылған» ормандарынан жүздеген бозарамқұлақ жинады. Қолға түскен үлгілер ғалымдарға осы саңырауқұлақтардың неге кейбір экожүйелерде гүлдеп, кейбіреуінде тіршілік ете алмайтынын жақсы түсінуге көмектесуі мүмкін.

Зерттеушілер саңырауқұлақтардың орман алқабына таралуын тоқтату үшін оларды жоя алатын жыртқышты немесе патогенді іздеп жатыр. Бұл әдіс био­ба­қылау деп аталады. Бірақ Приңглдің айтуынша, саңырауқұлақтарды өз ор­­тасында ұстаудың ең тиімді әдістерінің бірі – алдын алу: импорт түрлерді ба­­қылау және оларда саңырауқұлақ бар-жоғын тексеру.

Қоршаған ортадағы саңырауқұлақ ауруларының алдын алмаса, оларды емдеу үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Америкалық талшынды қалпына келтіру үшін бірнеше ғалым көпжылдық селекция жобаларында жұмыс істеді, олардың біреуі даулы генетикалық модификацияланған ағашты қамтыды. Бақаларды да хитридтен жазып алуға болады, бірақ басқа ортаға енген саңырауқұлақты түбірімен жою мүмкін емес. Бозарамқұлақтың күшті уытын қалай бөлетіні туралы былтырғы жаңа зерттеу ықтимал антидотқа жол ашты.

Кей стартаптар мен коммерциялық емес ұйымдар саңырауқұлақтарды кәдеге жаратудың амалдарын ұсынуда. Мәселен, Остиндағы (Техас шт.) Funga комапниясы ағаштарға көміртекті көбірек сақтауға көмектесетін жергілікті саңырауқұлақтарды анықтап жатыр. Ал SPUN зерттеу ұйымы қорғауды қажет ететін түрлерді анықтау үшін әлемдік саңырауқұлақтардың картасын жасауда.

Симмонстың айтуынша, биоалуандықтың азаюын болдырмау үшін шұғыл әрекет ету адамзат үшін де, саңырауқұлақтар үшін де өте маңызды. «Біз – мейлі ол биоотын, мейлі ол медициналық мақсаттағы қосылыс­тар болсын – әйтеуір адамзатқа пайдалы нәрселерді тауып жатырмыз». Ал қорғауға алынған нәрсе бір күні өзіміз қолдан жасап алатын келесі мәселенің шешімі болуы мүмкін.


Мақалалардың толық нұсқаларын оқу үшін, National Geographic Qazaqstan журналына жазылыңыз.